Биенің сүті — сары бал

7454

Шұрқыраған қалың жылқы — қазақ ауылының сәні мен шырайы. «Жесең — ет, ішсең — сусын, мінсең — көлік». Қамбар ата түлігі-қылқұйрықтыны қалай мақтасаң да жарасымды. Шідерті өзенінің сағасында орналасқан Зеленая роща ауылы — жылқылы ауыл. Мұндағы үлкен-кіші жылқының қадірін біледі, жігіттер жүйрік жаратып, көкпар ойнайды, келіндер бие сауып, балалар күбі піседі. Көшпелі қазақ тұрмысының бір заманда жұқара-жұқара жұқанағы ғана қалып еді, қазір сол жұқанақ қайта көктеп, жапырағын жая түсіпті. Сері де палуан жігіттері, ісмер қыз-келіншектерімен аты төңірекке жайылған ауыл енді бал қымызымен де елді елеңдетіп тұр. Ауылда бие байлау үрдіске айналып, қымыз дайындау құпиясын меңгерген жас келіншектер қатары жылдан жылға көбею үстінде. Ал сабасынан қымызы үзілмегелі жарты ғасыр болған Бәт апа дәстүр сақтаушысы, кейінгі буынға жеткізуші алтын көпір іспетті.
Ауыл тегіс Бәт апа дейтіндіктен, біз де солай атап отырмыз, әйтпесе азан шақырып қойған есімі — Бәтима. Биыл күз жетпіс бес жасқа толғалы отырған сарқарын бәйбіше Қабікен шаңырағына келін болып түсіп, Қабдікәрімнің етегінен ұстағалы осы үйдің құты мен ырысын шашау шығармай келеді. Отағасы Кәбдікәрім өмірден мезгілсіз өткен соң да, қайратты әйел ошарлы баланы ер жеткізіп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере-жиендерді айналып-толғанып, ордалы әулеттің алтын қазығы, ақылшы дариясына айналған. Жол үстіндегі ауылға қонақ таңсық емес, босағадан аттаған бізді көргенде бәйбіше ықылас танытып, «тізе бүгіп, дәм татыңдар» деген ишара жасады. Асүйдегі жиылмайтын дастархан үстіне жеделдете сары май мен қаймақ, құрт пен қоспа келтірілді. Аткөпір қол наны туралып, зерен кеселер бетінде қарақошқыл майы жүзген қымызға толтырылды. «Бисмилла» деп сыздықтата ұрттап, дертке дауа, дәтке қуат сусынмен шөл басып, Бәт апаның әңгімесін мұқият тыңдап отырмыз.

Batima apa— Сонау 1974-77 жылдары Жәдікте кеңшар жылқысын бақтық. Төрт жігіт: Кәбдікәрім, Тұрлыбек, Тұрмыс, Қайролла құрық ұстап, иен даланы жайлады. Қысы-жазы ауыл бетін көрмейміз. Әсіресе, қыста қатынас ауырлайды. Тек шынжыр табан трактор ғана қыстауға әрең жетеді. Әйтсе де, ол уақытта жас та жігерліміз, тұрмыс қиындығына мойымай, бақытты өмір сүрдік. Жылқышылар қосына келген адамға қымыз ұсыну-атадан келе жатқан дәстүр. Жаз бойы бие байлаймыз. Сонау 1964 жылы қайыңнан жасалған майшелек — анам Күләш Нұралықызынан қалған көз. Әлі күнге сол қалпы, күтіп ұстап келемін. Әр үш күнде бір рет қайың мен тобылғының күлімен ыстап отырамын. Қымыздың бабы пісуге байланысты, неғұрлым көп пісілсе, соғұрлым жуаси түседі. Өткен жылы денсаулығым келіспей, биені ағытып жібердік. Ал биыл балалардың қарсы болғанына қарамастан, жылқыдан үш бие алдырттым. Саба толы қымызды көргенде жаным жай тауып, рахаттанып қаламын. Бала күнімнен саумал ішуге дағдыланған едім. Асқазанға жақсы, қазір де саумал ішемін. Келімді-кетімді кісі бар, артылған қымызды алушыға сатып, шай-пұл айырамыз. Балалар қалаға шақырады, бірақ қара орманды қалай қиясың?

— Бәт апа, ауылда тағы кімдер бие ұстап отыр?
— Е, қарағым, мына көршім Талғаттың келіншегі Айжан келін, Мараттың келіншегі Саяжан, Нартайдың келіншегі Райхан, Қанаттың келіншегі Айгүл, Аспандиярдың келіншегі Самал, Рафхаттың келіншегі Сандуғаш, бәлкім арасында ұмыт қалғаны да бар болар.
Қымыз үстіндегі әңгімемен бие сауымы да келіп қалыпты. Бәт апамыз шелегін алып албарға жүрді. Ақырға байланған жирен қасқа мен тор бие, қаракер бие апаны көріп оқыранды, желідегі құлындар бізге сүзіле қарады.

Бәт апамен қоштасып, «Табыс» шаруа қожалығының жылқышысы Марат Ақышевтың еңселі үйіне бет алдық.
— Отағасы жылқыда. Он шақты бие ұстап отырмыз. Біреулер машақат көреді, ал біз үшін үйреншікті шаруа. Бие сауғаныма он жылдан асты. Рас, пісуі-ауыр. Алты жылдан бері жұмыс жеңілдей түсті, электр құрылғының күшімен пісіп келеміз. Көрші Төртүй ауылының бір адамы жасап берген. Осы шамалас құрылғыны қазір Павлодар қаласынан да сатып алуға болады. Апта сайын қымызды литрін 440 теңгеден «Табыс» шаруа қожалығына тапсырамыз. Жалпы, алушы да, сұраушы да көп. Ұқсата білген адам жылқыдан пайда таба алады.
Саяжан келін ибалы қалыпта сыпайы сөйлей жүріп, мән-жайға қанықтырды. Қымыз ұстайтын үйдің отанасының қабағы қашанда ашық. Саяжан келіннен де соны байқадық. Өйткені қасиетті қымыз — көптің сусыны, әңгіме-дүкеннің дуы, ырыздық-берекенің бұлағы. Таза дәм көңілі таза үйге ғана құтаяды. Көпті көрген Бәт апамыз айтпақшы, «Жазғытұры бие байлаған соң көрші-қолаңды «көтен» жеуге, күзде «сірге ағытарға» шақыру да қасиетті қымыздың жұртты бірлік пен ынтымаққа ұйыту құдіреті! Ендеше, қымызы да, көңілі де көл-көсір мұндай ауыл төңірегіне үлгі шашып, «биенің сүті-сары бал» екенін жалпақ елге жая түссін дейік.

Ж.Жәлелұлы
otarka.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!