Ілияс Жансүгіров. Құлагер (поэмадан үзінді)

24560

Ат айдау

Ақан да алып шықты Құлагерін,
Салпитып саптыаяқтай төменгі ернін.
Жай тастап төрт аяғын келді тұлпар,
Оңаша жұрттан аулақ тұрды Серің.

Талтайтып жимай тастап тілерсегін,
Салпитып тұрды Құла үлпіршегін.
Күреңбай Ақанға кеп сөз айтады:
— Аласың астың алдын, Ақан серім!

Құлаң бір дүлдүл екен, жануар-ай!
Жүйрікке қолы жеткен жарығандай,
Саған да ішім ырза, жолың болсын,
Жылқыны жігітімсің танығандай…

— Күткен бір атым еді күнінен тай,
Жолдасым осы ат менің неше жылдай…
— Ендеше бас бәйгені алып тұрсың!
— Айтқаның келсін, сыншым, аузыңа май!

Батыраш танушы еді бұл да малды,
Құлагер Көк атқа ажал сықылданды.
Алғаш-ақ Құлагерді көрген күні,
Ауырып, ұйқы көрмей ыңқылдады.

Көмбеде Құлагерге тағы барды,
Шықты да алды-артына көзін салды:
«Арқаның албастысы бұл шығар»,-деп,
Ішінен Құлагерден қауіптенді.

Батыраш бала жастан атқа құмар,
Айқайшыл, ат әперген баққа құмар.
Арам ой, ата намыс ұр-шоқпары,
Кір көңіл, сарайының батпағы бар.

«Осы ма даңқы шыққан Құла тұлпар?
Сүйегі бөлек екен, сұмдық шығар!
Арқаның алдын алған Көктұйғынның,
Алатын әзірейілі осы шығар.

Жануар, бітісің де ерек екен!
Сүйегің алқа-салқа бөлек екен!
Көргем жоқ көріп жүріп мұндай атты,
Жүгірсе шаба ма екен, желе ме екен?

Бұл кәпір жылқы ма екен, немене екен?
Осы аста алдымен-ақ келе ме екен?
Алдына ат салмаған Көктұйғынға,
Бір пәле Көкшетаудан келген екен!

Жылқыдай селт етпейді, не мінезі?
Жай, салаң, мінезі ме — бойкүйезі?
Естуші ем сұмырайдың сырттан даңқын,
Жайлы емес, не қылса да келген кезі.

Отты екен жануардың екі көзі!
Перінің пырағы ма мұның өзі?»
Түтігіп, қап-қара боп тұрды Батыраш
Жалғыз-ақ «Қап! Қап!» болып айтқан сөзі.

Осылай айтпағанмен ішінен сыр,
Томсарып Батыраш кеп толғатып тұр.
Кек қайнап, ыза кернеп, жауыққандай,
Қалып тұр қаны қашып, сүлдесі құр.

Шетсіз көп шегіртке жан қыбыр-қыбыр,
Уда-шу, айқай-сүрең, ыбыр-жыбыр.
Аттырып Ақан атын оқты көзге,
Тұрғанын білсін қайдан ажал құрғыр.

He қылсын, Ақан оған қарасын ба?
Жау, мейлі, жүре берер жар астында.
Тұмарын Құлагердің шешіп алып,
Сипап тұр аясы мен жаясын да.

Қызыл шыт тартып беріп баласына,
Көп аттың қоя берді арасына: —
«Алдыңа бір-екі-ақ ат салып отыр,
Келгенше сонау жердің шамасына.

Бұл айдау — қырғын жорық, байқап отыр,
Барғанша бұлаң құйрық, шайқап отыр.
Жел жақта шаң қаптырма, ұрма, қалқам!
Тек қана тізгін қағып, жайқа да отыр.

Қайтарда тізгініңді тежеп отыр,
Тақымды қамшы салмай безеп отыр.
Бол да отыр бірдің соңы, ызаң озба,
Тек қана бір мөлшерді көзде де отыр.

Көрдің бе, сонау жатқан көк өзекті?
Өткенде сол өзектен салшы тепкі.
Қоя бер басын сонда, қарғатайым!
Өзі алар онан кейін қалған бетті.

Ал, күнім, сен де жөнел, аттар кетті,
Шаң басты, жел жаққа тарт, жер мен көкті.
Ажырап мен сендерден қалдым жалғыз,
Алла, өзің аман келтір екі ермекті!»

Қалың ат, көп баланың арасында,
Құшақтап Ақан сүйді баласын да.
«Қош, аман келгеніңше күтемін», — деп,
Мойнынан құшақтады Құласын да.

Алуан ат — торы осында, қара осында,
He саңлақ, сәйгүліктің бәрі осында.
Күңірентіп, кең даланы дүбірлетіп,
Төгілді ат Ерейменнің саласына.

Екі атты екі айдаушы мінген жайлап,
Аттарды дүркіретіп жөнелді айдап.
«Дау-дамай ат келгенде айрылсын», — деп,
Төреші келер жолға қойды сайлап.

Сүзілген құйрық, жалы өңшең жайдақ,
Балалар бәйшешектей шыттар байлап.
Бәйгеде бәсекемен бақ сынасқан,
Қалың ат көлді айнала кетті қайнап.

Атқа еріп ел төгіліп алыс кетті,
«Қайт!», «Қайттап» елге әңгірлеп шабар жетті.
Көруге ат қайтқанша өзге ойынды,
Теңіз топ толқып, қалғып, бұрды бетті.

Шулатып, маңыратып қойдай көпті,
Қасына қарақшының айдап жетті.
«Ел түссін, енді балуан болады», — деп,
Кәрі ояз тор қасқалы арс-ұрс етті.

Zhansugirov-IlyasІлияс Жансүгіров

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.