Нәбидолла КИКЕБАЕВ, Жанұзақ АЯЗБЕКОВ. Кие мен ие (Соңы)

10642

Жанұзақ: Сіз зауытқа келгелі күрт бетбұрыс жасалды. Ғасыр бойы тек мініс және жүк тартатын жылқы өсіріп келген Қостанай зауытының бағытын өзгерттіңіз. Қазақтың қазанатын шығаруға бел байладыңыз. Бір сұхбатыңызда биелерді қолдан ұрықтандырудың нәтижесі жақсы, 47 құлын алынғаны, соның бірі Талисман құнан шығып, қазір бәйгенің алдын бермей жүр дегенсіз. Жылқы жарықтықтың ең далада қазақ деген халықтың бүткіл болмысымен біте қайнасып өскен, сырласып, мұңдасып өскен ішкі түйсігі, қазақтың рухына суарылған «жыл-қы жаны» жоқ пробиркадан шыққаннан Талисмандарға (атының өзінде де қазақтың иісі жоқ) қасиет-құдіретті сіңіре алар ма екенбіз?! Жарайды, қолдан ұрықтандыру баяғыдан келе жатқан дәстүр. Хайуандарды қойып адамды да қолдан ұрықтандырып, қолдан туғызып жатқан заман. Осының ақыр аяғы неге соғар екен? Алланың әміріне қайшы әрекеттен, алланың сүйген құлы осындай қылығымен Алланы сүйіндіре алар ма?

Нәбидолла: Селекциялық-тұқым асылдандыру жұмысын жүргізгенде алға қойылатын ең негізгі мақсат: малдың нәсілдік және өнімдік қасиеттерін адам өз тілегіне қарай өзгертіп, дамытып отыруы, өзіне қажетті мол өнім беретін малды дұрыс таңдап алуы, солардың ішінен дұрыс аталық және аналық жұп құруы, сонымен бірге аталық малдарды тиімді пайдалануы арқылы өнімі бұрын-ғыдан да мол жаңа ұрпақ алуы.
Қазіргі кездегі биотехнологиялық озық ғылыми жетістіктерге сүйеніп, асыл тұқымды, жоғары өнімді аталық малдарды өндірісте пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында, қолдан ұрықтандыру әдістерін игеру және өндірісте кеңінен қолдану, болашақта жоғары өнімді және қазіргі заман талабына сай келетін, ат спортының (ұлттық, классикалық) түрлеріне арналған жоғары сапалы жылқылар өсіруге, зор мүмкіндік береді. Біздің жылқы зауытында бұған мысал болатындай, қолдан ұрықтандырылғаннан алынған төлдер көп. Соның бірі – Талисман атты айғыр, қолдан ұрықтандырудан алынған малдардың табиғи жолмен алынған малдардан ешқандай айырмашылығы жоқтығын көрсетті.

аязбековЖанұзақ: Голливуд киностудиясы түсірген «Идальго» көркем фильмінің өзегі (2004) осыдан бір ғасыр бұрынғы арабтардың ұлан шөл даласындағы ат жарысы. Фабуласы америкалық үндістердің испан мустангісімен буданы Идальго жылқысының аламан бәйгегеге түсіп, небір оқиғаларды бастан кешіп, ақыры мәреге бірінші болып жетеді. Атты рөлде ойната білген режиссер Д.Джонстонға тәнті боласың. Бірақ мені қызықтырған сондағы үндістердің туындағы таңба біздің киіз үйдің шаңырағынан аумайды. Сондай-ақ Гомердің «Иллиада» поэмасының желісімен түсірген Д.Петрсонның әйгілі «Троя» (2004) картинасында да ахгейлердің қосыны ретінде теңіз жағалауына жағалай қазақтың киіз үйінің керегелерін құрып қойған.
Американ киногерлері мұнда қандай мақсат көздегенін әл әзір естігеніміз жоқ, бірақ. Жалпы осындай ұқсастықтардың астарында төрткіл дүниедегі адамзаттың тіршілік-тірлігінің туатүбі бір ме, жоқ әлде…

Нәбидолла: Қазақ жылқы мәдениетіне ұқсастықтардың болуы негізді де, себебі ата-бабаларымыз алғаш жылқыны қолға үйретіп, кейін келе оны мініс көлігіне айналдырудың арқасында көне қоғамның мәдени-тарихи көкжиегінен айтарлықтай ұзап шыққандығы тарихтан белгілі. Алтын тұяқты тұлпарлардың көмегімен адамдар құрлықтар мен кеңістіктерді игерді. Аттылар қай кезде де жаяулардан жоғары тұрды және өмірдің көп салаларында әлдеқайда алда болды.
Ең бастысы, адам жылқыға мінген сәтінен бастап өз заманындағы күшті қаруға ие болды.
Халықтардың ұлы көші деп аталатын Орталық Азиядан шыққан б.з.д. ІІ мың жылдықтарда арийлер бастаған жаулап алушылық, сақ-скифтер, ғұндар, түркілер, қыпшақтар болып 3 мың жылдай жарты әлемді тітіретіп тұрды. Аттылардың шабуылы ХІІІ ғасырда моңғолдармен аяқталды. Тарихшы ғалымдарымыз бұл кезеңді Жылқы дәуірі деп орынды баға береді.

Жанұзақ: «Қубас айғыр құнанын қажылайды». Білетіндер бауырынан еркек құлын ермеген айғырды «Қубас» деп атапты. Қубас қызғанып, үйіріндегі бөтен айғырдан туған тай-құнандарды маза бермей қуалайды екен. Осындай қазақы айғырдың өз үйіріне шаппайтыны, бөтендерге қызғаншақтығы хайуани инстинкт пе, жоқ әлде, тектілікке телиміз бе?

Нәбидолла: Қазақы айғырдың өз үйіріне шаппайтындығы, үйірдегі өз ұрпағын қуып шығатындығы, басқа айғырдан шыққан биені қуып жүріп ағызып жіберуі, басқа айғырдан туған тай-құнандарды үйіріне кіргізбеуі, бұл жылқы жануарының тектілігін көрсетеді. Аристотельдің өзі, скиф жылқысы жөнінде былайша суреттейді: «Скиф патшасының үнемі құлындайтын жақсы мама биесі болады, құлындарының бәрі жақсы жетіледі, құлынның біреуін айғыр қылып қоя беріп, бұдан жақсы құлын туар деген оймен енесіне салмақшы болады. Айғыр көнбейді. Биенің үстін жауып айғырды жібереді, айғыр шабады, шапқаннан соң биенің басын ашып көрсетеді. Енесін көрген айғыр шапқылай жөнеліп, жартастан құлап өледі».

Жанұзақ: Жылқы Алла Тағаланың пайғамбарға берген жануары. Сүтін от жағып пісіріп жүрмес үшін желініне пісіріп берген екен дейді. Тіпті оның тезегін де дәрі ретінде пайдалануға болады. Жылқыны сойған кездегі қанынан түрлі вакциналар жасайды. Жылқы қалдықсыз өнім өндіретін ғажайып жануар.

IMG_9413Нәбидолла: «Жазда қымыз ішіп, қыста қазы-қарта жемеген адамнан ақыл сұрама» деген нақыл сөз де бар. Шығыс ғұламасы Ибн Сина (Авицена) осыдан мың жылдай бұрын «Дәрігерлік ғылыми жинағында» несеп жүретін қуық түтігі бойындағы жараны емдеуге биенің саумал сүті пайдалы екендігін жазған. Ботай заманындағы қыш құмыраларды зерттегенде, оның ішінен бие сүтінің қалдығы сақталғанын Англия ғалымдары осыдан бес жыл бұрын (2009 ж.) дәлелдеп шықты. Сондай-ақ, ХІІІ ғасырда саяхатшы монах-миссионер Вильгелм Рубрук пен венециандық Марко Поло қазақ жерінен өткен кезде керемет дәмді, жұғымды сусын ішкендіктерін айтып, қымызға тәнті болыпты. Жылқы еті диеталық азық, оның құрамында организмге аса қажетті заттар көп. Орыс дәрігері Г.Архангельский 1869 жылы: «Жылқы етінің сапасы жоғары, оны өте арзан дәрі ретінде қарауымыз керек» деп жазған.
Н.Моисенко өзінің жазбаларында мынадай мәлімет келтіреді: «Көшпелі халықтар өздерінің өмір тұрмысында адамға ерекше күш-жігер беретін, рухын қатайтатын, жауынгерлердің бойына ерлік пен өрліктің буын қалыптастыратын сусынды пайдаланады».
Иә, жасыратыны жоқ, қымыз – денсаулық пен ұзақ ғұмыр сүрудің, кепілі. Ол түрлі қауіпті кеселдердің, жазылмас аурулардың емі ретінде халықтық медицинада кеңінен қолданылып келеді.
Айта берсе мысал көп. Тоқ етері, жылқының сүтінен асқан құдіретті дәрі жоқ.
Алғаш рет қымызбен емдеу мәселесін XIX ғасырдың ортасында қызу қолдаған ғалым-дәрігерлер С.П.Боткин, Г.А.Захарин, Н.В.Склифосовский және басқалары болды.
Тарихтан белгілі, Қазақстанда қымызбен емдейтін алғашқы емхана 1910 жылы Бурабайда ашылды. Оны дәрігер П.Н.Емельянов ашқан. Бурабай емханасы үшін қымызды қазақтар дәстүрлі әдіс бойынша сабаға ашытты. Ал сабаға ашытқан қымыз ең сапалы қымыз болып табылады.
Қазіргі кезде, медицина саласындағылардың айтуынша, қымызда адам ағзасына керекті барлық элементтердің барлығы расталды. Сонымен бірге, бие сүтінің құрамында витаминдер мол. Қымыз жүйке ауруларына бірден-бір ем. Өйткені, оның құрамында В витаминімен бірге В2, В12 витаминдері де бар. Ал өкпе ауруымен ауыратын адамдардың ағзасында витамин алмасуының бұзылатындығы да дәлелденген жайт. Олардың қымызбен емделгенде сауығып кететіндігі де сондықтан.
Қымыз ағзаға жан-жақты әсер етеді. Ол ас қорыту органдарының, жүрек-қан тамырлары аппаратының, жүйке жүйесі мен басқа да органдардың қызметін жақсартады.
Сондықтан да, қымыздың қадір-қасиеті әрқашан өз құндылығын жоймақ емес. Қымыз – ең біріншіден ұлтымыздың саулығы.
Жалпы жылқы өнiмдерi – ет (қазы-қарта), қымыз құнарлылығы жоғары, құрамы толыққанды, бүгiнгi таңда үлкен сұранысқа ие тауарлар.

Жанұзақ: Қазақта қамшыгерлік дәстүр болған.

Нәбидолла: Қамшыгерлік қазіргі уақытта ұмытылып қалған ұлттық өнердің бір түрі, қамшымен соғудың, ұрудың көптеген әдістері болған. Қамшылау әдістері: 1) Қамшы үйіру; 2) Қамшы білеу; 3) Қамшымен жасқау; 4) Сипай қамшылау; 5) Батыра қамшылау; 6) Орап тарту; 7) Оса тарту; 8) Шықпырту; 9) Тіле тарту; 10) Баса тарту; 11) Көсіп жіберу; 12) Серпе тарту; 13) Көстите тарту; 14) Салып қалу; 15) Сілтеп қалу.
1950 жылдары Қазанбай қамшыгер 80 асқан шағында дүкенге ұнға келіпті. Сонда моңғол сатушысы: Сені қамшыгер дейді ғой, ана бір қанар 100 кг ұнды қамшымен тартып, екіге бөлсең, мен тегін берейін – депті. Қазанбай қартайғанына қарамай қамшымен тартқанда екіге бөліп түсіпті. Моңғол сатушысы бір қанар ұнды қайта қаптап, қанжығасына бөктеріп беріпті. Қазанбай қамшыны үлкен басбармақпен басып тұрып тартады екен. Құнан өгіздің терісін қамшымен тілген кездері де болған екен.

Жанұзақ: Әлемдегі айдарынан жел есіп тұрған жылқылардың алдыңғы қатарында Ағылшын, араб будандары бар. Міністі, ұшқыр, көнбіс, сымбатты, қағылез сияқты сегіз қырлы, бір сырлы қасиеттері жетерлік. Бір кездері француз әскері де пайдаланған.
Арабтардың көнбістік, сымбаттылық, ағылшынның ұшқырлығы, қағылездігі, Араб жылқысының негізі солтүстік Африка мен орта Азия жылқыларынан шыққан дейді ғалымдар. Тік таулар мен шөл далада бар ауыртпалықты көтерді. Төзімді, көнбіс. Басқа тұқымдардан бір артықшылығы мейірімді де сүйкімді, әйелдер мен балаларға лайық.
Кресшілер жорыққа мінген араб жылқысының ағылшын мен француз рыцарларының аттарына қарағанда жылдамдығы мен шаршамайтын артықшылықтарын көрген Еуропада содан бері араб жылқысы құнды.
Басы шағын, сұлу, маңдайы кең, мойыны иіліп келген ұзын, шоқтығы анық, арқасы мен қолтығы тегіс, кең, кеудесі дөңгеленген, қабырғалары қолмен қойғандай.

Нәбидолла: Қазіргі уақытта, әлемдегі айдарынан жел есіп тұрған жылқылар қатарына ағылшын және араб таза қанды жылқы тұқымдарын жатқызып жатады. Дегенмен, бұл жылқылардың да артықшылығы мен қатар кемшіліктері де жетерлік. Мысалы, таза қанды ағылшын жылқыларының басты артықшылығы – ұшқырлығында, онда да жақын қашықтықтарға ғана, ал кемшілігі – шыдамдылығы мен көнбістігінің төмендігінде. Аламан бәйгелерде (24-30 км жоғары) ұшқырлық қасиеті кеміп, шыдамдылығы төмендейді. Араб жылқысының жетістігі – дене мүсінінің сұлулығында. Әрине бұл артықшылықтарға олар көп жылғы мақсатты селекциялық іріктеу-сұрыптау жұмыстарының арқасында қол жеткізген. Ал, қатаң табиғи сұрыптаулардан өткен біздің қазақ жылқыларының да өзіндік артықшылықтары бар, жергілікті қатаң ауа-райына төзімділігі, ұшқырлығы жоғары болмаса да алыс қашықтықтарға (40-120 км) шыдамдылығы, табиғи жайылымды жыл бойы, әсіресе қыста тебіндеуі, қандай жағдай болмасын көнбістігі.

Жанұзақ: Жаугершілік заманда ақалтекені жауынгерлер мініп, ұшқырлығымен қуғанда жеткен, қашқанда шаң қаптырған. Әрі құмның қойнына тез жасырына қоятын ептілігі де болған. Шөл дала, аңызақ ыстықта. Алайда түркімендердің бойтұмарына айналған осы тұқым қазір тарихта аты қалғанымен әлемдегі ат бизнесінде, сән-салтанат жарысында да беделі төмен, сұранысы жоқтың қасы. Бұл кешегі кеңес шеңгелінен біткен можантопайлығымыз немесе маргиналдығымыз ба?

Нәбидолла: Кеңес мемлекетінде де, одан бұрынғы Ресей колониясы болған кезеңде де дүниежүзілік бәсекеге сәйкес бола алмағанымыздың нәтижелері екенін мойындамасқа болмас.

Жанұзақ: Флорида университетінің ғалымдары ұшақтар мен ғарыш кемелерін жасағанда жылқының тұяқ сүйектерін зерттеп, жылқының жүргендегі бар салмағының ауыртпалығын көтеріп алатын алақан сүйегіндегі бұршақ дәніндей дөңгелек тесігін, сол арқылы қан тамырлары сүйекті қоректендіріп отыратын қызметін мұқият зерттеген. Соның нәтижесінде ұшақ пен ғарыш кемесі салмағының жеңіл әрі мықты болу тәсілдерін ойлап тауып, жасап шығарған екен. Жылқының ұшқырлығы мен сын-сымбаты да конструкторлардың аэродинамиканың үздік құрылғылары мен ұшудағы асқан тиімділігін ойластыруға шабыт берсе керек.

Нәбидолла: Техника күші қолғанат болғанға дейін де, кейін де сәйгүлігін сайлап, тарланды таңдап міне алған елдің ойы оңынан туып отырған. Ғылыми техникалық жетістіктерге орай көлік малын бірте-бірте автомобиль, поезд, ұшақтар ығыстыра бастады. Сөйтіп техникалық көлік түрлері қоғамдық даму сатыларын айқындайтын көрсеткіштердің біріне айналды. Менінше, әу баста дөңгелекті ойлап тапқан кезде адамзат үлкен қателік жасаған сияқты. Өйткені, дөңгелекті көліктерге арнайы жолдар салына бастады, техниканың дамуы дөңгелекке тәуелді болып, сол бағытта дамыды. Жылқының төрт аяғының қозғалысына және басқа да жәндіктердің (дәуіт, қосаяқ, қырықаяқ, т.б.) қозғалысына қарай отырып, көліктердің жол талғамайтын техникалық формаларын жасаса дұрыс болар ма еді?

Жанұзақ: Сіздің іздеп жүргеніңіз, тапқыңыз келгені көп. Өз сөзіңізбен айтқанда: «Қазақтың дархан даласында батырларымыздың мінсе – көлігі, жауға шапса – серігі, ашықса азығы болған, шаршаса – жалын төсеген қазанаты, шапқанда шашасына шаң жұқтырмас тұлпарлары қайда?! Сері жігіттер алты қанат ақ ордалардың арасына ат үстінде жүріп табақ таситын, халқымыздың сән-салтанатын асырған жорғасы қайда?

Нәбидолла: Әр салаға өзіндік жылқы тұқымы керек. Қазақта жорғаны: екі аяқты жорға, шалдыр жорға, үш аяқты жорға, төрт аяғы тең жорға, қой жорға, жол жорға, кекірек жорға (жортақы), шапқын жорға, түйе жорға, көташар жорға, бес құлаштық жорға, он құлаштық жорға, су жорға, су төгілмес жорға, табақ тартар жорға, төкпе жорға, айдама жорға, шайқалған жорға, тайпалған жорға деп бөледі. Жорға аттары негізінен бүкіш бел, бота тірсектеу болып келеді. Жорға – туа біткен қасиет.

Жанұзақ: «Құлыным-ай», «Айғыр» деген жаңа қоспа жем түрлерін жасап шығарыпсыздар. Нәтижесі неден көрінді?

Нәбидолла: Айғырлардың физиологиялық күйін қалыпты жағдайда қамтамасыз ету үшін, олардың шағылысқа түсетін және түспейтін кезеңдеріндегі қажетті азық элементтерінің мөлшерін ескере отырып, жылқы өсіру және селекциясы бөлімімен бірігіп жаңа құрама жем азығын жасадық. Осы жаңадан жасалынған «Айғыр» құрама жемін және зауыттағы бұрыннан қалыптасқан азық мәзірін салыстырмалы түрде зерттедік. Ондағы басты мақсат, осы азық мәзірлерімен азықтандырылған өндіруші-айғырлардың ұрығының сапалық көрсеткіштеріне: шәует көлемі, ұрық жіпшелерінің тығыздығы және белсенділігіне, қайсы азық мәзірі тиімді әсер еткендігін анықтау болды. Құрамы: 607 гр. — сұлыдан, 120 гр. — арпадан, 120 гр. — бұршақтан, 130 гр. — акардан, 5 гр. — құрғақ сыра ашытқысынан, 10 гр. — бордан, 3 гр. — кальфостониктен, 5 гр. — ас тұзынан тұратын «Айғыр» құрама жемінің айғырлардың ұрығының сапалық көрсеткіштерін көтеріп, физиологиялық күйін қалыпты жағдайда қамтамасыз ететіндігі дәлелденді.
Сонымен қатар, жас құлындарға арналып дайындалған «Құлыным» құрама жемі де өзінің артықшылығын көрсетті. Әсіресе, енесінен айырғаннан кейін жас төлдердің қарқынды өсіп-жетілуіне, оларды сапалы да құнарлы азық мәзірімен азықтандырудың маңызы зор. Себебі, жас организм енесінен айырғанға дейін, бар қажетті қоректік заттарды ана сүтінен алып тұрса, енді сол қоректік макро, микроэлементтер мен минералдық заттарды толық алып тұратын азық керек болды, міне сол бағытта жасалған осы құрама жем, құнарлы азық мәзірі екендігін толық дәлелдеді.

Жанұзақ: Енді қайтып келмейтіні: қазақтың бұрынғы аламан бәйге дәстүрі. Қазақтың таза қанды тұлпарларының дені ұзақ шабысқа, өр мен ылдиға, от пен суға дегендей шыдас беретін кемі 50-60 шақырым күншілік жерден шабатын бәйгелерге лайықты болған. Ал, бүгінгі жарыстың ең ары дегендегі қашықтығы 30 шақырым. Бұған қазақы жылқылар жарамсыз, еркін көсіліп, бой жаза құлдырамайтындықтан жүрісінен жаңылады.

Нәбидолла: Қазақ халқы қашанда, жылқыны спорттық ойын-сауықтарда (Аламан бәйге, Құнан бәйге, Жорға жарыс, Тай жарыс, Көкпар, Аударыспақ, Ат омырауластыру, Ат үстінен тартыс, Жамбы ату, Қыз қуу, Күміс (теңге ілу, т.б.) азаматтың мерейін асыратын, сал-серілік пен сәнділіктің шырайын келтіретін текті жануар деп есептеген.
Ат спорты ойындарының ең көп таралған ортасы да қазақтар іші. Алайда, ат десе ішкен асын жерге қойған қазақтан, бұл күнде ат десе селт етпейтін қазақты да табуға болады. Оның еш әбестігі де жоқ. Ал бізде болса, балаларымыз, құлынды көріп бұзау деуге, бұзауды көріп, бота деуге айналды. Көп заман бұрын алты жасар қазақ баласы шу асауды жалынан тартып мінуші еді деген енді ертегідей естіледі.
Заман солай болған соң, қоғам ыңғайына қарай солай тәрбиеленеміз. Өйткені, біз үшін, бүгінгі заман ұрпақтары үшін «ер қанаты – ат» емес тәйірі, ұшақ не болмаса машина. Сондықтан да біз атқа, жылқыға басқаша, техника көзімен қараймыз. Сонда бізде қайдан ұлтық рухани түйсік болады. Біздің түйсік те модернизацияланған.
Шынын айту керек, қазақта жылқыны жақсы баптай білетін адамдар да аз қалды. Аламан бәйгеге (25 шақырымнан жоғары) шабатын аттарды баптау үшін де көп білім мен тәжірибе қажет. Кейінгі 10-15 жыл көлемінде осы ат спортының жақсы қарқынымен жанданып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұрындары көкпар тартуға тиым салынып, аттарды ұзақ қашықтыққа жарыстыру жойылған еді. Есесіне Еуропалық мәдениетке бейімдеп, тұлпарларды қысқа қашықтыққа жарыстыру кең етек жайды. Осының өзінен біздің ұлттық мәдениетімізді құлдыратудың бір мысалын көруге болады. Күндік шабысқа шыдайтын Құлагер, Қазанаттай аттарымыздың құрып, жоғалуының себебі де осы. Жылқының жақсы тұқымы қай кезде де қажеттіліктен, мұқтаждықтан пайда болып отырған. Ал, аламан жарыстар жойылып, көкпар ойнау тиылған соң, ұзаққа шабатын, төзімді тұлпарларға деген қызығушылық та төмендеді. Нәтижесінде жылқының жақсы тұқымдары жоғалып, малдың сапасы нашарлады. Бұған жат жердің жылқыларын әкеліп, жергілікті малдарға араластыру да әсер еткенін айта кеткен жөн.

Жанұзақ: Нәке, айта берсек, жылқы тарих сияқты таусылмайтын сыры мен қыры, жыры мен мұңы бар тақырып. Сіз бен біз азды-кем шолып көрдік. Қазақ жылқысының қадір-қасиеті, қатпар-қатпар қалыс-қалтарысы жөнінде оқырманның да айтары болары хақ.
Әңгімеңізге рақмет!

Нәбидолла Кикебаев,
Жанұзақ Аязбеков.

«Қостанай таңы» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.