Ақсуаттың қос жиренінің тағдыры

13068

Ат айналып қазығын табар
Ер айналып елін табар.

Жылқы! Осы бір ғана қасиетті де қастерлі сөз жүрегімізді жылылық сезімімен жадыратып, көңілімізді көкке көтеріп және қиялымызды шартарапқа жетелейтіндігіне ешкім де күмән келтіре қоймас. Өйткені, қазақ халқының басынан өткізген барлық тарихи тұрмыс-тіршілігі және шаруашылығы тікелей жылқы жануарының тарихымен әрі тамырласып, әрі тағдырласып жатқандығы тарихтан белгілі.
Біз қазақ халқы, «тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп өскен елміз. Осы бір қасиетті түліктің қазақ халқы үшін орны өте-мөте ерекше. Жылқы – қазақтың ұлттық сана-сезімі, рухани болмысы, тұрмыс-салты, әдет-ғұрыпы, мәдениті.
Жылқы – біздің халықтың жаны. Елік жирен десе, Елік жирен еді ғой деп, Ақсуат өңірінің қарттары әлі күнге шабысын майын тамызып айтып, естеріне алады. Ұлы Отан соғысынан кейінгі ел-жұрттың енді-енді ғана ес жиып, етегін жауып, жағдайлары түзеле бастаған кезі де, дәлірек айтқанда, бейбіт күнмен кешегі сұм соғыстың зардабы ұмыт болып, жан жарасы жазыла бастаған уақытта елдің еңсесін төтеруге жаратылған тұлпар Елік жиреннің де бағы жанып, даңқы алты қырды асатын кезі, осы – 1950 жылдардың басы, 1960 жылдардың аяғы болған екен. 1948 жылдың қарашасында алғаш Елік жирен бес жасында Қазан төңкерісінің 31 жылдық мерекесіне байланысты облыстық жарысқа апарылып, бәйгеге қосылады. Сол кезде-ақ ол бас жүлдені қанжығаға байлаған. Сөйтіп, ендігі жерде Елік жирен Ақсуат ауданының Көкжыра ауылының ұлы дүбір аламан ат жарыстарына үкілеп қосатын жүйрік сәйгүлік тұлпары атанды. Ал, бәйгенің бапкері – ел ішінде дүлдүл айтыскер ақын атанған Қуанышбай Сатпақұлы болған. Білгір бапкердің баптауындағы бұл Елік жирен, жалпы, 1954 жылдан бастап 11 жыл бойы ұдайы облыстық және республикалық ат жарыстарында 11 рет бас бәйгені ешкімге бермей иеленіп келген шашасына шаң жұқпайтын хас жүйріктің нағыз өзіне айналды!
Қуанышбай Сатпақұлы өзінің хас тұлпары Елік жиренге арнап өлең қалдырған :

Елік жирен

Тұлпарым ойлап туған ел мүддесін,
Шапқанда шаршы топтан қара үзесің.
Аузымен құс тістеген жүйріктердің,
Тигіздің бүгін жерге сан тізесін.
Семейге осы жылы тойға арналдың,
Өзіңдей бәрі тұлпар барған малдың.
Бас қосқан он төрт аудан бәсекеде,
Елігім, есе бермей бәйгеңді алған.
Семейді осыменен екі көрдің,
Алдына көпшіліктің екі келдің.
Атағын Ақсуаттың көтеруге,
Жануар шапқан сайын екілендің.

Елік жиреннің өмірінде 1960 жылдардың аяғына қарай сәтсіздіктер орын алады. Облыстық жарысқа апара жатқан есті жануар үйде ауырып қалған Қуанышбай ақсақалды іздеп қашып келеді. Сол сапардан бастап хас жүйріктің бағы қайта бастайды. Он бір жыл бойы дүйім жұртты дүрліктірген сол алтын тұяқ Елік жирен әбден қартайған шағында Семейдің ет комбинатына апара жатқанда машинадан қарғып түсіп, елге қарай қашып, көп ұзамай Шар өзенінің жағасына жете бере жығылып. Ақтық демі сонда бітеді.
Қазақ халқы – жылқы түлігін баға да білген, бағалай да білген және өз қажетіне пайдалана да білген халық. Ел аузында «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген қазақтың нақыл сөзі бар. Бұл – жылқыны өсіре білгендік пен оны баптап бәйгеге қоса білгендіктің философиялық түйіні.
Ендігі сөз Ерке жирен тұлпары жайында, осы жылқыға арналған Тұрсынғазы Рахимовтың «Ерке жирен» әні де бар. Бұл ән Тарбағатай ауданының Қызылкесік ауылында ұзақ жылдар бойы алдына қара салмаған Хамза қарттың Ерке жирен деген атына арналып шығарылған екен. Жақсы ат иесінің серігі, көңіл қуанышы, мақтанышы, қашса құтылады, қуса жетеді. Жылқы – өз иесінің қара басына теңеген байлығы, абыройы мен атақ-даңқы. Жылқыны қазақ халқы «Ат – адамның қанаты», «Құнан – атқа жеткізер, ат – мұратқа жеткізер», «Қымыз – адамның қаны, еті – адамның жаны» деп те дәріптеген.
Ерке жиреннің жүйріктігі 1987 жылы Жидебайда, нақты айтқанда Қарауылтөбеде Мұхтар Әуезовтың 90 жылдығына арналған астың аламан бәйгесінде өзге аттардан оқ бойы ұзап шығып, сол бойы алдына ат шығармай, 40 шақырымды айналып өтіп, мәреге біріші боп келген еді. Сол кезде толқымаған жан қалмаған. Бұл – Еркежиреннің соңғы шабысы емес. Екі жылдан кейін Баянауылда Қаныш Сәтбаевтың 90 жылдық тойында Ерке жирен қайта бәйгеге қосылады. Сол тойда болғандардың айтуынша, Ерке жирен тағы да қара үзіп бәйгеден бірінші келіпті. Сөйтсе, Хамза ақсақал мен Бошай Кітапбаев атамыз бәстесіпті. Бошай атамыз «Құланқара, Бұланқара, Желмаяны» (Ғ.Мүсіреповтің осы үш ат туралы очеркі бар) баптаған атақты атбегі емес пе? Бошай ақсақал мен Хамза ақсақал аттарын елден ерек 45 шақырымға жіберткізіпті деседі. Сол 45 шақырымдық бәйгенің көмбесінен өте бергенде, Еркежирен аяғын кесе басыпты. Омақасып құлаған екен. Кейін аяғы шор болып бітіп, ауылда, Майлышатта жүрді. Қабанбайдың 300 жылдық тойы қарсаңында үш аяқпен шапқан сәтіде болды. Бәйге десе елеңдеп тұрады екен, жануар! Елге көрсету үшін ғана бір айналым шапқанда, тағы да қара үзіп келеді. Ерке жирен өмірінің соңына дейн Майлышатта жүреді. 1997 жылы қасқыр жеп өмірден озады. Ерке жиреннің басы қазіргі Майлышаттағы биік төбеге қойылған.

Ерке жирен

Сөзі: Мерғали Ибраев
Әні: Тұрсынғазы Рахимов

Шабандоз тақымдарын қатты қысып,
Ат кетті тұрған жерден атқып ұшып.
Артынан ақсақалдар салды ұран,
Тұмақты оңды-солды лақтырысып ей-ей.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!
Қаршадай тізгін берген жас балаға,
Қазақта бәйге десе ес қала ма?!
Хамза қарт тәуекел деп күбірледі-ау,
Бұл тойға бір жиренін қосқан о да.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!
Майлышат, Майлыаяқшат медет бер деп,
Жерінде ұлы Мұхтар жебеп көр деп.
Бұл тойға келіп қалған Ақсуаттан,
Баптаған Ерке жирен себепкер боп.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!
Ерке еді-ау құнанында қолында өскен,
Тас қия Тарбағатай төрінде өскен.
Жануар мені жерге қаратпа деп,
Хамза қарт қала берді көрінбестен.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!
Бар мұнда Өскеменнен Киік қара,
Көп аттан бітімі өзге биік дара.
Бар мұнда Шұбартаудың Шаңтимесі,
Ат екен жал-құйрығы сұйық қана.
Бар мұнда Керекудің Кертөбелі,
Ат емес өз елінде ертегі еді.
Жылмиған кілең жүйрік елу төрт ат,
Ауданнан озып келген ең төмені.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!
Бапкердің атқа шапқан кенже ұлы,
Бар мұнда Қарағанды Нар қызылы.
Топ жарған Топай көгі Балқаш жақтан,
Бұл тойға қосылыпты ең қызығы.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!
Күлтелеп кекіл жалын баптамаған,
Секілді Сарыарқада ат қалмаған.
Шаң борап шабысынан шапқан аттың,
Бейне бір дауыл күні өрт қаулаған.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!
Дүркіреп селдей жосып келеді аттар,
Бәрінде ел намысы аманат бар.
Бір шоғыр құстай ұшып таяп қалды,
Ішінде қылаң ат бар, баран ат бар.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!
Келерін көкірегіне ерте түйген,
Шорт қылып жал-құйрығын келте түйген.
Алыстан көрген көзді сүйсіндіріп,
Алдында келеді, әне, Ерке жирен.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!
Қалады шама жетсе кім егеспей,
Қашықтық жүрген үшін сын еместей.
Тұлпарлар бәленше жер, түгенше жер
Деген сөз жирен үшін түк еместей.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!
Жұлдыздай соңғы айналым ағып келді,
Келгенін Ерке жирен халық көрді.
Көзіне жас іркілген Хамза қартқа,
Қалың жұрт «Сүйінші!» деп шауып келді.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!
«Өзінше жүйрігі бар әр даланың,
Қызғанса озған аты — таңданамын.
Бұл жолғы бас бәйгем де халықтікі,
Мұхтардай ұлы жанға аранағанмын- ей,
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!
Деп бапкер көзін сүртті жеңіменен,
Қуанып балаша мәз еліменен.
Құшақтап Ерке жирен мойынынан,
Иіскеді моншақ-моншақ теріменен,
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!!!

Халқымыз жылқыны құндылығы мен қадыр-қасиетіне қарай түрлендіре атағанына қарасақ, жүйрік те, сәйгүлік те, тұлпар да, дүлдүл де, тарлан да, тіптен қазанат та ешқайдан келмеген. Қолда өсірілетін жылқының ішінен таңдалып және бапталып шығатыны белгілі. Бұрындары қазақ халқы өзінің жергілікті жылқысын жаратып ат бәйгесіне қосқан.
Ерке жиреннің бас бәйгелері: 1) 1986 жылы 8-шілде айында Ақсуатта 15-шақырымдық бәйгеде 1-ші орын. 2) 1987 жылы 15-маусым айында Төл тойда аламан бәйгеде 1-ші орын. 3) 1987 жылы Қазан айында Абай ауданы Қарауылда М.Әуезовтің 90 жылдық мерейтойына арналған аламан бәйгеде 1-ші орын. 4) 1988 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында спартакида 1-ші орын. 1988 жылы күз айында Ақсуат ауданының құрылғанына 60 жыл мерейтойында бас бәйгені жеңеді.

Khairat I.Ауыл шаруашылығы ғылымдарының
кандидаты, доцент Қайрат Жәлелұлы Исхан

argymaq.kz (Екі жирен туралы басқа да мақалаларды мына жерден оқи аласыздар)

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.