Сенаға ат жалдаған қазақтар

4126

«Білім және еңбек» журналының 1982 жылғы №9 санында тарихшы Нейла Ермаханқызы Бекмаханованың Қалыбек Қобыландинмен бірге жазған «Сенаға ат жалдаған қазақтар: 1812 жылғы Отан соғысына қатысқан қазақ жасақтары туралы тың деректер» атты мақаласы жарық көрген екен. Бұл жылдары басылымның бас редакторы, танымал көсемсөзші, қазақ тарихын зерттеушілердің бірі Бейбіт Қойшыбай болатын. Ұлттық кітапхананың архивінен алған сол ­материалды газетіміздің 3-бетінде еш сөзін өзгертпестен қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

Соңғы уақыттарда 1812 жылғы орыс-француз соғысына қатысты мәліметтер оқырманды көп ­қы­­зық­тыра бастағаны рас. Алайда қандай дүниенің де бұрмаланбай, анық, дәл қалыпта берілгенін құп көреміз. Осы орайда бізге мәлім  деректер былай сөйледі: Ресей мемлекетін қорғау үшін Орынбор өлкесі соғысқа 31 атты әскер полкін аттандырды. Олардағы солдаттар әртүрлі халықтардың өкілдері: Орынбор казактарының 5 полкі, Жайық казактарының 5 полкі, башқұрттардың 19 полкі, тептяр­лардың 2 полкі еді. Иә, сол уақыттағы келісімге сәйкес, қазақтардың дербес әскери құрамасы болған емес. Бірақ қазақтар бұл соғысқа башқұрт және тептяр полктерінің құра­мында қатысқаны анық. Қазақтардың едәуір бөлігі Орынбор полктерінің құрамында болға­нын Нейла Ермаханқызы да өз ма­қаласында айтып өтеді.

Одан бөлек, бұл соғыс кезінде әскерге керек жылқы мен азықтың едәуір бөлігі де Батыс Сібірдегі қазақ даласы арқылы келгені туралы айтылады. Ішкі Орданың, Кіші жүз бен Орта жүздің қазақтары орыс армиясына майдан қажетіне жылы киімдер, қыруар көп жылқы бергені туралы мәліметтер сақталған.

Әрине, ол уақытта қазақ халқы өзін патшалы Ресейдің бір бөлшегі деп, ал Ресейді отаным деп санай қоймағаны да рас. Қалай болғанда да бұл соғыс жаужүрек халықтың батырлығын, ерлігін көрсетуге бір себеп те болған шығар. Бізге белгілісі сол соғысқа қатысқан қазақтардың дерегі.

Орыс-француз соғысында ұшқыр жебелерімен есте қалған дала сарбаздарын Еуропада «солтүстік амурлары» деп атап кеткені белгілі.  Сол соғысқа қатысқан француз генералы, әскери тақырыпта шығармалар жазған барон де Марбо башқұрттар (сол соғысқа қатысқан орыс емес әскерлерді жаппай осы атпен атағаны да белгілі) туралы оларды қуып жету қиын болғанын жазады, олардың «қызық снаряды» өзінің де аяғын жеңіл жарақаттағанын айтады. Сондай-ақ жебе унтер-офицер Маленнің кеудесінен кіріп, арқасынан бір-ақ шыққанын, соның кесірінен офицердің бірден өліп кеткенін де мемуарларында жазып қалдырған.

Наполеонмен соғысқа қазақтар да барғанын архивтік құжаттар мен естеліктер ғана емес, суретшілердің еңбектері де дәлелдейді. Мәселен, сол заманның белгілі суретшісі А.Орловскийдің бірнеше картиналарында қазақ жауынгерінің бейнесі бар. Мысал үшін оның бірнеше шығармасын атап өтсек (ол уақытта қазақтарды қырғыз деп атағаны­нан оқырманымыз таныс деп ойлай­мыз): «Атты қырғыз» (1807 ж.), «Найза ұс­таған аттылы қырғыз» (1807 ж.), «Қырғыздар» (1808 ж.), «Аттылы қос қырғыз» (1809 ж.), «Қырғыз» (1810 ж.), «Атқа мінген қырғыз» (1810 ж.), «Қырғыз патрулі» ­(1807 ж.), «Аттылы топ қырғыз» (1811 ж.), «Бөрік киген сақалды қырғыздың басы» (1812 ж.), «Қырғыз отряды» (1813 ж.), «Қырғыз лагері» ­(1815 ж.), «Қырғыздардың казактармен әңгімесі» (1817 ж.) және басқалар.

1813-1814 жылдардағы соғысқа қа­тысқан неміс суретшісі ­Петер фон Гесстің «Березиндегі шайқас» атты картинасында да француз әскеріне шүйліккен далалықтардың киіміндегі сарбаздар да бейнеленген. Осы шайқаста ­Наполеон тұтқынға түсуден әрең аман қалғаны да ­тарихтан белгілі (Осы картинаның бір бөлігін коллажда пайдаландық).

Француз армиясының полков­нигі Робер келтірді деген дерек былай дейді: «Орыстар бізге қарсы моңғол ордасын жіберді. Күллі дәуір бізге қарсы шыққандай. Тері мен тон жамылған бұл адамдар не аяуды, не қорқуды білмейді. Ащы айғаймен ортаға жетіп келеді. Ақылға қонымсыз. Шыңғыс хан ­ордасы қайта тіріліп кеткендей».

Әрине, тарихи оқиғалар туралы сөйлеу, тарихтан дерек келтіру оңай іс емес. Бұл орайда тарих­шыларымыздың да пікірі біз үшін маңызды. Тарих ғы­лымының ­докторы Зиябек Қабыл­динов ­орыс-француз соғысында Дала халқы ­жауынгер­лік рухының қан­шалықты күшті екенін көрсеткенін айтады. «Астана ақшамы» газе­тінде жария­лаған мақаласында автор бұл соғыс және соғысқа қатысқан қазақтардың дерегі туралы былай дейді:

Мәселен, ­генерал М.Платовтың казак корпусына кірген I тептяр полкінің құрамындағы қазақтар француз басқыншыларымен атақты ­Бородино шайқасында ерлікпен шайқасқан: осы шайқасқа қатысқаны үшін қазақ жауынгері Майлыбайұлы күміс медальмен марапатталған, ал ­старшина Қарынбай Зындағұлы көгіл­дір ленталы медаль алған, батыр жауынгер Мұрат Құлшаранұлы мен Ерік Азаматұлы чин хорунжи атағын алған. Француз басқыншыларымен болған шайқастарда ­жауынгер ­Боранбай Шәушбайұлы мен ­жасауыл Ықсан Әубәкірұлы ерлік көрсетті. Вязьма түбіндегі шайқаста I Тептяр полкінің жасауылы Сағит Хамитұлы 3-ші дәрежелі Қасиетті Анна орденін алды. Башқұрт құрамасында шайқасқан Нарынбай Жанжігітұлы Георгий орденінің кавалері болды. Осы полктерде басқа қазақтар да шайқасты. Мысалы, Әмен Байбатырұлы Лейпциг және Глогау түбіндегі шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін күміс ­медальмен марапатталды. Көптеген қазақтар орыс әскерлерінің шетелдік жорықтарына қатысты. Соғысқа қатысқандардың арасында шоқынған қазақтар да аз болған жоқ. Мысалы III Орынбор полкінде қызмет еткен Яков Беляков орыс қолбасшысы М.Кутузовтың қолынан марапатқа ие болды. Кейін ол зейнетке шығып, туған ауылына оралып, мұсылман дініне қайта оралды… …Қарапайым есеп бойынша, француздарға қарсы соғысқа қатысушылардың саны 5 мыңнан 10 мыңға дейін болуы мүмкін. Бұл үшін қосымша зерттеулер қажет, француз мұрағат қоймаларында да зерттеу жүргізу қажет.

«Ана тілі» басылымы осы деректерді ары қарай зерттеуін жалғастыра береді. Алдағы уақытта шетелдердегі Қазақстан елшіліктерімен байланыс орната отырып, осы тақырыпқа орай бірнеше материалдар легін ұсыну жоспарда бар.

 

СЕНАҒА АТ ЖАЛДАҒАН ҚАЗАҚТАР

1812 ЖЫЛҒЫ ОТАН СОҒЫСЫНА ҚАТЫСҚАН ҚАЗАҚ ЖАСАҚТАРЫ ТУРАЛЫ ТЫҢ ДЕРЕКТЕР

 

1812 жылғы Отан соғысы біздің елі­міз тарихында француз басқыншыла­рына қарсы Отанымыздың тәуелсіздігі мен азаттығы үшін шайқасқан халықтың өшпес, мәңгі ерлігі болып тарихқа алтын әріптермен жазылады. Бұл соғыс алғашқы кезеңнен бастап-ақ бүкілхалықтық сипат алды. 1812 жылғы Отан соғысына қатысқан жазушы, журналист С.Н.Глинка: «Тек Россияның ұлдары ғана емес, солармен бірге тілі, әдет-ғұрып, діни, тұрмыс-салты мүлде басқа халықтар да, тіпті көшпелі халықтар да байырғы россиялықтармен бірдей орыс жері үшін жан қиюдан тайынбады» деп жазған еді.

1812 жылғы Отан соғысы совет тарихнамасында кеңінен зерттелген. Алайда осы соғыстың кейбір мәселелері, атап айтқанда, қазақ халқының Отан соғысына қатысуы туралы деректер жоқтың қасы. Бұл соғыста қазақ халқы француз басқыншыларына қарсы башқұрт, тептяр, Орал, Орынбор, Сібір атты казактар әскерінің құрамында шайқасты. Сондықтан да авторлар Мемлекеттік Әскери-тарихи архивінің (ЦГВИА СССР) және Мемлекеттік Тарихи музейдің (ГИМ) архив қорында сақталған документтер негізінде және казак  политарын бейнелеген сол замандағы суретшілер шығармаларын пайдаланып, қазақ жігіттерінің көрсеткен ерліктерін қалың жұртшылыққа таныстыруды мақсат етіп қойды. ХVІІІ ғасырдың соңы – ХІХ ғасырдың бас кезінде орыс казактарының шекаралық жерлері кіші және орта жүз қазақтарының көшіп-қонып жүрген жайылымдарымен шектесіп жатты. Қазақ ­ауылдары бай-шонжарлардың өзара тартыс-қақтығыстарынан, езгінің, құлдық қамыттың тарыла түсуінен, сондай-ақ әлсін-әлсін болып тұрған кезекті «жұттан» тігерге тұяқ, ішерге ас қалмағаннан кейін шаруашылықтың жұтап, құлдырап төмендеуінен, олар бірте-бірте ішкерілей еніп, қазақтардың шекаралық жерлерін жайлай бастады.

Қазақтарға, сондай-ақ Орал, Орынбор, Сібірдің казак әскерлерінің жерлеріне қоныстануына да рұқсат етілді. Бұл үшін қазақтар православие дініне еніп, орысша есім, фамилия қабылдап, казактар әскері сапында қызмет атқаруға тиіс болды.

Бұларды «шоқынған қазақтар» деп атады. Сондай-ақ Астрахань, Тобыл, Саратов, Орынбор губернияларында және Алтай таулы округінің кішігірім қыстақтарында, қалаларда орналасқан қазақтар мемлекеттік шаруалар ­мещан көпес сославиелеріне жазылып, тұрақты әскери қызмет атқарды. Кіші жүз қазақтарының бір бөлігі көршілес башқұрт жеріне қоныстанды. Бұл ­туралы Р.Кузеевтің «Башқұрттардың шығу тегі» (М.,1979) деген кітабында көптеген қызықты деректер келтірілген. Орынбор шекаралық комиссиясының мәліметі бойынша, 1799-1815 жылдар аралығында «башқұрттардың» қатарына 1226 қазақ (863 еркек, 363 әйел) қосылған. Ал 1812 жылғы Отан соғысы кезінде 20 мың қазақ Орынбор казак әскерлерінің жерлеріне қоныстанып, казак әскерлерімен бірге әскери қызмет атқаруға тиіс болды.

1-сурет

Орынбор губерниясының көптеген станцияларында, – деп жазды Шоқан Уәлиханов, – атап айтқанда, Ямышевск, Чистая, т.б. шоқынған қазақтар тұрады.

Қазақ халқының тарихын зерттеуші, белгілі ғалым А.И.Левшин өзінің «Орал қазақтарының тарихын, статистикасын баяндау» (СПб., 1829) деген кітабында:

Орынбор, әсіресе Орал казак әскерлерінің Илецк қалашығында көптеген шоқынған қазақтар тұрады — деп жазды.

Сондай-ақ ХІХ ғасырдың бас кезінде тек қана орта жүз қазақтарынан Орынбор, Тобыл губерниясының қазақ жерлеріне 12 мыңнан астам үй қоныстанған.

ХІХ ғасырдың бас кезінде Франция тарапынан Россияға шабуыл жасау қаупі төнгенде, патша өкіметі өзінің армиясын күшейтіп, әскери дайындығын арттыруға мәжбүр болды. 1811 жылдың апрель айында патша өкіметінің жарлығы бойынша Орынбор өлкесінде 2 башқұрт және 1 қалмақ атты әскер полкы құрылды. Башқұрт полкы 500 адамнан құралып, әрбір бесжүздіктің басшысы болып ру басылары, старшиналар тағайындалды. Қатардағы жасақ жылына 12 сом күміс ақша жалақы алып, әр адамға 2 жылқыдан мініс көлігі берілді.

2-сурет

Жалпы 1812 жылғы Отан соғысында және соғыс қарсаңында Орынбор өлкесінде 40 атты әскер полкы, оның ішінде 28 башқұрт, 5 Орынбор, 5 Орал, 2 тептяр және 2 мишар казак атты әскер полктары құрылды.

Осы полктардың қатарында француз басқыншыларымен соғысқан кіші және орта жүз қазақтары жаумен арпалыста ерлігімен, қаһармандығымен ерекше көзге түсті.

Отан соғысының алғашқы кезеңінде 1-ші Башқұрт және 1-ші тептяр полкы 1-ші Батыс армиясының құрамында соғысқа қатысты. Ал 2-ші башқұрт полкы генерал Тормосовтың армиясы қатарында, 1-ші, 2-ші Орынбор және Орал казактарының атты әскер полк­тары Дунай армиясының құрамында шайқасты. 1-ші башқұрт полкы атаман Платовтың атты әскер корпусының құрамында Гродно қаласының түбінде шайқасты. 1812 жылы 27 июльде ­Малево Болото және Левия деревнясының ­жанында болған ұрыста көрсеткен ерлігі үшін қазақ жігіттері Мұрат Құлшоранов пен Еріш Азаматов хорунжый атағына ұсынылды. Ал Романов деревнясы үшін болған ұрыста қатардағы әскер Боранбай Шуашбаев, есаул Ықсан Әубәкіров ерекше көзге түсті. ­Вязьма қаласы үшін болған ұрыста 1-ші ­тептяр полкының есаулы Сағит Хамитов ұрыста  көрсеткен қаһармандығы мен ержүректігі үшін 3-ші дәрежелі Қасиетті Анна орденімен наградталды.

Француз басқыншыларын Россияда талқандағаннан кейін башқұрт, тептяр, т.б. казак полктары Орыс армиясының құрамында 1813-1814 жылғы Европа жерінде болған шайқастарға қатысты.

1813 жылғы 21 мартта Люксенбург қаласының түбінде болған ұрыста қазақ жігіттері Мардан Арапов, Мәулен Азыбаев, Кенжеғұл Халықов, жүзбасы Дәулеткелді Әжібаев, тағы басқалар көзге түсті. Ал Дрезден қаласы үшін болған ұрыста көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін 14-ші башқұрт полкының есаулы Назарбай Таяпов 4-ші дәрежелі Қасиетті Анна орденімен наградталды. Сондай-ақ Штербах түбінде  болған ұрыста 2-ші башқұрт полкының урядниктері Әзімбай Махамбетов, Жұмамырза Беркінбеков, Үсен Әубәкіров ержүректілігімен көзге түсіп, қолбасшысының атынан алғыс жарияланды.

1813 жылы 4-7 октябрьде Лейпциг түбіндегі болған «Халықтар шайқасында» француз әскерлері толығынан жеңіліс тапты.

Осы шайқаста башқұрт және орыс-казак атты әскер полктары ерекше көзге түсті. Француз генералы де ­Марбо өзінің естелігінде башқұрт, қалмақ полктарының соғыстағы ерлігін өте жоғары бағалауға, мойындауға мәжбүр болды.

Лейпциг түбінде болған ұрыста тек қана садақ, жебемен қаруланған башқұрт және татар әскерлері бізге қарсы тобымен лап қойды. Олар біздің әскердің айналасында араша үймеледі. Олармен соғысу өте қиын болды, сондықтан біздің әскерлер оларды «амурлар» деп атады — деп жазды.

1-ші тептяр полкының құрамында қазақ жігіті Нарынбай Жанжігітов Парижді алуға қатысты. Ұрыстарда көрсеткен қаһармандығы мен ержүректілігі үшін ол орденмен және 2 медальмен наградталды. Кейіннен ол отставкаға шықты. Орынбор әкімдері жөнінде: «Нарынбай қазір қырда тұрады. Оны бүкіл ел құрметтейді, бірақ ол кедей, әсіресе қазір көмекке өте мұқтаж» деп хабарлаған. 1-ші башқұрт полкіне қатысушылардың қатарында қазақ жігіті Әмен ­Байбатыров Лейпциг пен Глогау қаласында шабуыл жасағанда көрсеткен ерлігі үшін күміс медальмен наградталды. Талантты ақын, әнші Әмен Байбатыров өзінің өлең жырында орыс солдаттары мен қазақ жігіттерінің жауынгерлік ерліктерін мадақтады. Ол саяси жер аударылып келген петрашевшіл ақын А.Н.Плещеевпен дос болған. Осы соғыста Дон казак әскерлерінің құрамында «шоқынған қазақ» ­Александр Иванов ержүректілігімен ерекше көзге түсті. 3-ші орынбор қазақ полкын басқарған «шоқынған қазақ» Яков Беляков Лейпциг түбінде болған ұрыста көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі үшін 4-ші дәрежелі Қасиетті Анна орденімен наградталды. Соғыс аяқталғаннан кейін ол денсаулығына байланысты отставкаға шығып, Орынбор түбіндегі туған ауылына қайтып оралды. 1812 жылғы Отан соғысына қатысқан қазақ жігіттерін  сол ­заманда өмір сүрген белгілі суретші А.О.Орловский ­(1772-1832 жж.) және батыстың суретшілері Колбэ, ­Десрэ, Н.Финар, ағайынды Суралар өз шығармаларында бейнелеп кеткен еді. Бұл суреттер Мемлекеттік Тарихи музейде И.Х.Коподеевтің коллекция­сында сақтаулы. Ағайынды К. және Хр Сураның «Башқұрт полкы Гамбург маңында» деген суретінде башқұрт әскерлерімен бірге бір топ қазақ жігіттері де бейнеленген. Олар қысқа шекпен киіп, беліне асынған белдіктерінде тапаншасы бар, түлкі тымағымен, ұзын найзаларымен бейнеленген. Суретші Н.Финардың және белгісіз суретшінің «Қырғыз» (қазақ) деген суреттерінде қазақ жігіттері толық әскери жорық киімдерімен бейнеленген. Әсіресе белгісіз суретшінің салған суреті өзінің мазмұнымен өте қызықты, арқасында тымағы бар атты қазақ бейнеленген. Аттың жанбасындағы салынған таңба – кіші жүздің бестаңбалы – табынның ру таңбасы екендігін дәлелдейді. Ал Н.Финардың суретінде басында сәлде тәріздес үкілі бас киім, садақ пен жебе салынған қорамсақ асынған, қысқа шекпенді, ала шалбарлы, атқа жалбағай тері жапқан атты жауынгер қазақ ­бейнеленген.

Қорыта айтсақ – 1812 жылғы Отан соғысында қазақ жігіттері башқұрт, гептяр, казак атты әскерлер полкының қатарында болып, орыс, украин, белорус, башқұрт, қалмақ, т.б. халықтармен бірге француз басқыншыларын талқандауда өз үлестерін қосты. Бұл соғысқа қазақ жігіттерінің қатысуы халық есінде терең із қалдырды.

 Нейла Бекмаханова,

тарих ғылымының докторы

Қалыбек Қобыландин

МОСКВА, «Білім және еңбек», 1982 жыл, қыркүйек.

 Суреттерде: Көне архив қазынасынан табылған 1812 жылғы Отан соғысына қатысқан башқұрттар мен қазақтарды бейнелеген үш картинаны назарларыңызға ұсынып отырмыз. Алғашқы екеуі (1-2-суреттер) «Толық қаруланған қазақ атты әскері» деп аталады. Бұл суреттер И.Х.Колодес коллекциясынан алынды. ­3-суретте «Гамбург түбінде дем алып жатқан башқұрт полкі» деп аталады.
Авторлары К. және Хр Суралар (ХІХ ғасыр).

Мақаланы дайындаған Қарагөз Сімәділ,

«Ана тілі» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.