Ермек Жәпішев: Аттың өзі аударыспақтың азартына кіріп кетеді

7070

Аударыспақ бір қараған адамға білектің орасан күшін ғана қажет ететін спорт түрі болып көрінуі мүмкін. Бірақ мүлдем олай емес екен. Аударыспақтан Азия чемпионы атағын жеңіп алған жерлесіміз Ермек Жәпішев ат құлағында ойнаған аударыспақшыға қажет ең негізгі қасиеттер жөнінде айтып берді.

Қазақстанға танымал әйгілі спортшы, атбегі Жұмабек Жәпішовтің ұлы Ермек Жәпішев – әке жолын жалғап келе жатқан чемпион. Оның айтуынша, аударыспақ ең алдымен ат пен адамның ойыны, сол себептен де аттан ауып түсу немесе аударып тастау үшін адам мен жануардың арасында ерекше байланыс болуы қажет. -Дыбысқа үйрету деген бар, кәдімгі шартты дыбыстарға аттың назарын аудартамыз. Тұра қалу, жұлқи жөнелу, жалт бұрылу сияқты шұғыл қимылдарға ат осы дыбыстық белгілер арқылы көндігеді. Үйреніп алған жылқы сенің қас қабағыңды, дыбысыңды, тақымыңды сезініп тұрады. Аттың өзі осы ойынның азартына кіріп кететіні бар. Әкем айтады: «Ат – бала сияқты, оған қалай қарасаң, оның да саған деген көзқарасы солай болады»,-деп.

Бұл наурызда ғана киіп, қайта шешіп қоятын шапан емес.

1Ермектің айтуынша, астыңдағы атыңды қарсыластың атынан қорықпауға үйрету көп дүниені шешеді екен. Құр тебініп қалудың өзі әртүрлі сигналдардан тұрады екен. Әбден машықтанған ат иесінің не ойлап тұрғанынан тебініп қалғанынан-ақ сезініп тұратын көрінеді. Сосын оны баптаудың да көптеген қыр-сыры бар. Әкеден балаға мирас болып келе жатқан осы өнер Жәпішевтер отбасының бойтұмары десе де болады. Ермек айтады: -Өткенде біздің бір зиялы жерлесіміз Италияға барыпты. Ол жақтағылар әдетте қандай ұлттық құндылықтарың, ойындарың бар деп сұрайды емес пе?! Жерлесіміз мақтанып айтқан көрінеді: «Аударыспақ, көкпар, қыз қуу осылай да осылай атпен ойнаймыз, керемет жауынгер халықтың ұрпағымыз»-деп. Шетелдіктер де өздерінің ұлттық ойындарының қандай екендігін мақтанышпен түсіндіріпті. Бірақ, қандай атақты ойыншыларың бар, олар мінетін атақты жылқылар қандай, жарыстар қаншалықты жиі өтеді, оларға спорттық ставкалар қалай қойылады деген сұрақтарға әлгі ағамыз жауап бере алмай қалған көрінеді. Біздегі ат спорты ойындарының, оның ішінде аударыспақтың қазіргі жағдайы осындай. Ұлттық ойын деген аты дардай болғанмен, халыққа кең танымал емес. Құдайға шүкір, соңғы кездері көкпарды «Қазақстан» ұлттық телеарнасы арқылы қалың көпшілік тамашалап жүр. Аударыспақты да бұқаралық деңгейге көтеріп, ел ішінде кеңірек насихаттаса. Әйтпесе, бұл – қазақтың өзіне керек спорт. Наурызда ғана киіп, сосын қайта шешіп қоятын шапан секілді қылмай, көшпенділер ойынын әлемдік деңгейге көтерсе.

Халықтық ойын халықтық ойындар тізімінен неге алынды?

21Алдыңғы жылы Азияның ашық чемпионатының жалауы алғаш рет Астанада желбіреді. Қытай, Ресей, Түркия, Венгрия, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Моңғолия және Қазақстанның білекті жігіттері балуандары қатысқан бәсеке биыл Қытайда жалғаспақшы. Ермек осы бәйгеде алдына қара салмай 70 келі салмақта Азия чемпионы атанған болатын. Қазір ол Қытайда өтетін аударыспақ чемпионатына қызу дайындық үстінде. Өскемен қаласындағы жасөспірімдер спорт мектебінде ат спортынан жаттықтырушылық қызмет атқаратын ол аударыспақтың алдағы тағдырына алаңдайтынын айтады.-Біздің облыстық деңгейдегі ат спорты мектебін қысқартып, оны Өскемен қалалық жасөспірімдер спорт мектебіне қосып тастады. Маған: « қаладан атқа мінетін балаларды тап та, дайында» дейді. Сіз білесіз бе, аударыспақ – атқа міне сап, алыса кететін спорт түрі емес. Бұл – ауылда туып, құлын-тайдың шылбырына жабысып өскен тас тақым ұлдардың ойыны. Бала кезінен жылқы жануарының жанында өскен бала ғана ат спортына шексіз махаббатпен келе алады. Әйтпесе бұл – ақша табатын спорт емес. Аударыспақ – халықтың ойыны, бірақ сол халықтың ойыны биылғы облыстық халықтық ойындар қатарынан да алынып тасталыпты. Ең қиыны сол болып тұр, -дейді ат спортының жанашыры.

32

(Ермек әкесі Жұмабек Жәпішевпен бірге)

Аударыспақ облыстық халықтық ойындар тізімінен сызылып қалса да, ұлттық санамыздан сызылып қалмауы қажет. Ол үшін қыруар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл аударыспақтан Азия чемпионаты өтеді. 2014 жылғы жарыстың жабылу салтанатында ІІ ашық Азия чем¬пио¬натының өткізу кезегі Қытай Халық Республикасына табысталған болатын. Аударыспақ жалауын қабылдап алған ҚХР командасының жетекшісі Алмас Бай¬дәулет келесі Азия чемпионатын ұйым-дастыру Қытай қазақтары үшін үлкен құрмет екенін білдірген. -Алдағы чем¬пионаттар біздің дайындаған ереже¬міз¬дің негізінде өтетін болады. Сондықтан біз ойын ережесін жасау барысында ауғанның да, өзбектің де, қырғыздың да шарттарын барынша ескердік. Бірақ бір ерекшелігі – ойынның термині қазақ тілінде болады. Алғашқы Азия чем¬пио¬натын өткізген алаң иесі ретінде осын¬дай құрметке ие болып отырмыз, – деген еді Ұлттық спорт түрлері қауым¬дастығының президенті Бекболат Тілеу¬хан жалауды тапсырып тұрып.

Ұлан ауданының Алғабас ауылында Ермек Жәпішев өзінің дайындап жүрген шәкірттерінің бар екендігін айтты. Астындағы аты да, заты да мықты жігіттер ауылда күн сайын жаттығу өткізеді. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде ас пен тойдың барлығында көкпар тартысып, аударыспақ сынасу дәстүрге айналған. Бұл дегенің спортшылар үшін тұрақты жаттығу. Ал біздегі аударыспақ жылына бір рет өтетін халықтық ойындар сияқты жоспарлы іс-шараларда ғана ұйымдастырылады. Сол себептен де Ермек өз шәкірттерімен күн сайын білек сынасып тұруды әдетке айналдырған.

Бекболат Тілеухан, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті: – Бұл – ат үстіндегі көшпелі бабаларымыздың соғыс өнеріндегі бүгінгі күнге дейін жеткен айрықша дәстүрі, бір саласы десек те болады. Білесіздер, ат үстінде жүрген көшпелінің баласы – ешкімге алдырмайтын тас қамал сияқты. Бірақ аттан түсіп қалғанда, ол мүгедек адам сияқты болып қалады. Сондықтан, ат үстінен бір-бірін аудару – бұл өнердің өнері. Аударыспақта күшке ғана байланып тұрған ештеңе жоқ. Кейде салмағы аз, бірақ шеберлігі мықты жігіт салмағы ауыр адамды аударып тастайды. Бұл – ат пен адамның арасындағы үйлесім. Бұл – адам адамды, ат атты сезінетін жарасымды гармония. Жануар мен адам арасындағы тығыз байланыс. Осының бәрін түсінген адамға аударыспақ ойыны – үлкен өнер.

DarynДарын Нұрсапаров
“Дидар газеті”

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.