Ілияс ЖАНСҮГІРОВ. Құлагер (поэмадан үзінді)

27995

Жалғыз қазық

Біз енді айналмаймыз астағы елге,
Аты көп, әңгір қағып жүргендерге.
Би Оқас, кәрі оязға түкіреміз,
Жатқанда сері түсіп сергелдеңге.

Шапқан ел жетті қаптап Қусақ көлге,
Әлгі өзек, ат көрінбей кеткен жерге.
Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болып,
Айталық не болғанын Құлагерге.

Ызғытып ат келе жатты көл айнала,
Ат күткен көмбедегі көрді қара.
Жібермей Құлагерді тізгін тежеп,
Кезеңнен ойысқанша келді бала.

Сырдесте Сері атына шапқан бала,
Бәйгені шапқан сайын қаққан бала.
Құланың құлағында ойнап өскен,
Серіге сенімді боп жаққан бала.

Шаң қауып, желді жұтып, шөліркеген,
Қаңсытып, құрғап таңдай, күн де жеген.
Қалжырап келе жатты үні бітіп,
Ат қағып, шөл меңдетіп, шабу жеңген.

Көргенде көп кісіні Ерейменнен,
Орғытып айналғанда Қусақ көлден.
Қалықтап қобылардан құстай ұшып,
Асқанда бұлдырықтай безіп белден.

Құлагер жеткізсін бе жекпе-жекке,
Келеді басын тартып, қорқып текке.
Көк атты қағып, соғып омыраумен,
Ағындап келіп түсті Көкөзекке.

Қара жоқ, мыңдаған ат қалды артта,
Өзге аттар әлдеқайда бұл мезетте.
Құланың басын қоя бермек еді,
Кезікті бір тосқауыл осы өзекте.

Қусақтың осы қылта мойнында,
Аттардың шауып өтер жолы мұнда.
Кек кернеп, жасырынып тұрды біреу,
Бір жаман осы өзекте ой қылуға.

Айбалта ырғай сапты қойынында,
Сол еді мылтығы да, сойылы да.
Алтайдың ақылынан ашуы көп,
Арғынның ес болмайды дойырында.

Ақ мылтық – ұшқыр боз ат бар астында,
Жау тұрды жасырынып жар астында.
Жол үсті тасқа біткен қарағанның
Әлгі тұр атты күтіп дәл астында.

Мінгені боз, кигені қара үстінде,
Құлагер тізгіндеген бала үстінде.
Мылтықтың ауызына ұшқан құстай,
Ағызып жетті жаудың дәл үстіне.

Көрінді ат, келе жатыр Көк ат алда,
Қалшылдап шырылдайды бала зорға.
Төбелеп басқа, көзге Тұйғын келед,
Шайқалып, шарқ аяқтап, түсті жарға.

Сияқты Көкті соғып, Құла аларға,
Тосқауыл мұны көрген тұра алар ма?
Көмбеге көрінім жер қалған кезде,
Құла алса қорлық қатты мұнан бар ма?

Кетіпті тер шүмектеп Көкті жуып,
Құлагер құйысқандас, қылды қауіп.
Терлемей қабағы да Құлагердің,
Келеді іркіп бала, еркін шауып.

Көк атты омыраулайды Құла қуып,
Жендетті ыза ап кетті, ашу буып.
Қанталап екі көзі көрмей кетті,
Қан мұздап сала берді, бойы суып.

Осы өзек – Ақан айтқан мөлшерлі өзек,
Кел деген осы араға тізгін тежеп.
Қайқайып осы өзектен өткеннен соң,
Ұрандап қоя бермек бала безеп.

Қамшылап екі жаққа алма-кезек,
Баласы Көктұйғынның қақты безек.
Көк атты осы арада артқа тастап,
Жөнелер Құлагерге осы кез ед.

Нән, жуан, менмен кеуде, намыс ері,
Суық қол Батыраштың жібергені.
Жалт етті жайдың оғы жүрегінен,
Кек қайнап, мұз құйылып жүре берді.

Жаудырды көңіліне аспан селді,
Көк дауыл соқты шайқап Қусақ көлді.
Мергеннің бір маралға көзі түсіп,
Секірген бір киікті қасқыр көрді.

Басынан Ерейменнің соқты боран,
Түйілді қара бұлттай қара қыран.
От болып екі көзі көрмей кетті,
Жауды сел – қар ма, қан ба қабағынан.

Қылуға хауіп-қатер бала мұнан,
Аман ғой ақ көңілдің арамынан.
Бөріні бөрік астынан білмей қалды,
Ойнақтап өте берді жау алдынан.

Суық қол, оқтан ұшқыр, тастан қатты,
Ол өткір Аспаһанның көк болаты.
Қызғаншақ, қиқар кесел, ұрыншақ, өр,
Қаскүнем, қара көңіл жаман таты.

Тұрғаны тығырықтау жердің шаты,
Ақ мылтық – астындағы ақбоз аты.
Ұрымтал жерден оқтай ұмтылғанда,
Бала да білмей қалып, болды қапы.

— А, құдай-ай! Бере көр! – деп ұмтылды,
Ұйытқып кеп соқты өкпеден жел сықылды.
Қыспақ жол, Жыландының жырасында
Қақтығып бір-біріне ат тығылды.

Caп етіп бердеңкедей кеп ұрынды,
— Бере бар, балам, бері шылбырыңды!
Жанасып Құлагерге қалғанында,
Сақ етіп айбалтасы Құланы ұрды…

Шапшып қан шекесінен шыр айналды,
Сылқ етіп Құлагер ат құлап қалды.
Білген жоқ не болғанын, ес қалған жоқ,
Тек бала жерге доптай домаланды.

Құлагер шапшытқанда көкке қанды,
Тек бала шыр-шыр етіп аттан салды.
Жоқ болды ақбоз атты, қара киім,
Тұйғынкөк шыға шауып кете барды.

Zhansugirov-IlyasІлияс Жансүгіров

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.