Жанболат БАШАР. «Қос боз» аңызы

9335

Екі боздың соқаға жегілгеніне аптадан асты. Қол соқаның жалғыз тісі қара жердің төсін таспаша тіліп келеді. Шәушік те соқаның тісін барынша батыруда.
Әуелгіде екі ат соқаға түспей, әйда, талай тулады ғой. Бірақ киіз қамыт мойынға түскен соң, тырп етуге шама кәне? Қазір бастапқыдай емес, көп жуасыды.
– Қытығы басылып, Қанжирен қалыпқа келсе…
– Қасекеңнің талайын соғамыз, – дейді ол екі бозға сүйсіне қарап. Содан түс ауа екі ат табандап жүрмей тұрып алды. Алғашқыда Шәушік жануарлар барлығып қалды ма деген оймен – дем алайық онда, – деп алақанына қаракөк насыбайды шошайта үйіп, онысын лезде ұртының астына жасырды. Сүт пісірімдей уақыт өткенде Шәушік орнынан тұрып, белінің ұйығанын жазды. Сонан соң кешкі салқынмен қимылдап тастағанды жөн көрген ол делбені қағып: «Шу, жануар», – деді. Бірақ аттар қозғалар емес.
– Шіркін-ау! Бұларға не болды?
– Шу-шу! Артынша ұзын бишік үлкен боздың сауырын ала шып еткізіп осып өтті.
Бейқам тұрған екі ат селт ете түсіп, бір сәт ұйқыдан шошынғандай ұзын мойындарын бұра жалт-жалт қарасты. Өзіне тесіле қараған бейкүнә көздер құдды адамның жанарындай-ау, иә… иә… адамның жанарындай. Бұны жазғырып тұрған секілді. Екі аттың өзіне тесіле, үрке қарағаны Шәушіктің тұла бойын дір еткізіп өтті.
Осы оқиғадан соң ол бөтен бір күйге түсті. Неге екенін қайдам, ол екі атты босатқысы келді. Ал, санасында екі ұдай ой таласып жатты.
– Не дейді? Құдай-ау, күні кеше сүліктей мінсіз екі боз тақымға тисе деп арман қылдық емес пе?
Иә, онда неден шошыды? «Оның, тегі мал, үйренеді», – деп өзеурейді бірінші ой.
Екінші ой – ол да Шәушік. Ол кимелеген тентек ойды әзер тежеп, санамен сырласып, жүрекке ырық береді. Оның есіне сонау ақ пен қызыл алма-кезек қуысқан аласапыран жыл түсті. Сол жылы осы өзіміздің Ақтан байдың боз биесі егіз құлындап, екеуі бірінен-бірі айнымайды десіп, ел іші гуілдеп жүрді. Әлі есінде, дәл сол жылы шілденің аяғында Шәушік Ақтан байдың егіз құлынын көрді ғой. Кереге жал боз биенің екі жағынан таласа еміп жатқан меңсіз ақбоз құлындарға қатты қызыққаны бар.
Керемет-ай десейші, жылқы баласы егіз туады дегенді кім естіген? Кейін білді. Екі құлынның үйір басы бір, енелері басқа екен. Біреуінің енесі қолды болып, жетім құлынды мама биеге теліген.
Сол екі құлынның мына соқадағы екі боздың болмасына кім кепіл? Бұл Шәушіктің долбары.
Бесін кезінде төбелері шошайып екі жолаушы қайқаңнан түсіп келе жатты. Шәушік алыстан жыға таныды. Анау тайпалтақ құладағы аудандық милицияда істейді, аты-жөні қалай еді?.. Қасындағы өзіміздің колхоз бастығы ғой, – деп ойлады ол. Жүргіншілер жақындап келіп аттан түсісті.
– Ассалаумағалейкүм! Шәке, іске сәт, – деді милиция формасындағы адам.
– Саламат болыңдар, қарақтарым. Ел-жұрттарың аман ба, жолдарың болсын?
– Рахмет, Шәке. Маңдай тірегеніміз өзіңіз. Кеше мына Түсекеңнен естідім, «Аңызға айналған екі боз соқа сүйреп жүр», – деп. О, ғажап! Бұныңыз ғажап болды, Шәке! – деп аттарға қарай жүрді.
Қимылы, жүріс-тұрысы маңғаз, елдің айтысына қарағанда осы аудандағы нәшендік милицияның орынбасары дейді. Болса болар, талтаңдауы келісіп тұр, – деп ойлады бұл.
– Шәке, сіз аттарға обал жасап жүр екенсіз, – деді ол қос бозға жұтына қарап.
– Бұлар соқа сүйрейтін жылқы емес. Ауыздығымен құс тістейтін, нағыз қасқыр соғатын жүйріктер.
Осыны айтып аз-кем үнсіз тұрған ол:
– Мені танисыз ғой, – деді жүзін шұғыл бұрып. Манағыдай емес, өңі ызбар шашып, қабағы қатайып, даусы салқын естілді.
– Е, қарағым, сыртыңнан естіп жатырмыз.
– Бәрекелді, ақсақал! Ол таныстық емес. Таныстық деген былай болады, – деп болбырлау саусақтарын Шәушікке ұстата салды. Артынша қимылы лезде қоразданып:
– Ал, Шәке менің келген шаруам – мына екі аттың бірін аудандық милиция бөліміне алу. Міне, бастықтарыңызбен келісілді, деп манадан сөзге араласпай тұрған Түсіпке бұрылды.
– Иә, иә… — деп басқарма да басын рабайсыздау изеп, — келісім солай болды, Шәке. Енді сіз мәселені онша қиындатпай… мына Мәкең өзімсініп келіп қалған екен…
Одан арғысын Шәушік ести алмады. Көз алдынан өткен бір оқиғаның үзік елесі жылжып жүре берген еді.
… Өзінің тайынан тақымына басқан Қанжиренін қаншырдай жаратып барып, қанжілік қылып қайтқанда екі бозға тіпті де маңайлай алмасын зердесіне мықтап түйген болатын. Содан келесі күні ол екі аттың үйездейтін жеріне қыл арқаннан жетім тұзақ құрды. Сөйтіп аптаға жуық шілденің ыстығына шыжып, тұзақ аңдыды. Құдай сәтін салып бір күні үлкен боздың алыңғы аяғы қыл шашадан тұзаққа іліксін. Ақбоз ат та адамның бұзақы ойын сезгендей, аспанға шапшып, атқи жөнелген. Бірақ қыл шашаны қысқан қыл арқаннан енді құтылу жоқ еді. Сонда оның үрейлене шұрқырап кісінегені, үрке қашып біраз жерге ұзап кеткен кіші боздың арқырап кісінеп қайта оралғаны, осы қазірге дейін көз алдынан кетпейді. Өмірі кісі қолы тимей тағы болып кеткен аттар сол жолы шаппай-желімей ақ көбік терге түскен еді. Бақса, сол тер жан қысылғандағы үрейден шыққан тер екен.
Шәушік бұларды ұстағанына бұған дейін де өкініп жүрді. «Обалына қалдым ба?» деп қорықты да. Мына жағдайдан кейін мүлде жер болып қалған еді.
Бір ауданның милициясы тұрмақ, одан зорғысына бергісі жоқ. Бірақ бұдан сұрар ма? Соны білген ол тіс жармай, сіресіп тұрып қалған.
– Өңкиген неме, қитығып қалды ғой, – деді Мыңбай милиция кіші бозды жетелей жөнелгенде. Жетекке жүрмей тартыншақтап аспанға шапшыған ақбоз арпалысып бара жатыр. Соқада қалған үлкен боз бірер мәрте ышқына кісінеп, артынша жиі-жиі оқыранып, қамыс құлақтарын қайшылап серігінің соңынан ұзақ-ұзақ қараған еді. Соқаға арқасын сүйеп отырып қалған Шәушіктің іші уылжып салды. Жанары бұлдыр тартып, жас іркілді.
Сол күні ымырт үйіріле сіркіреп жауған жауын тоқтаусыз ұзақ жауды. Шәушіктің үй-іші кешкі астарын ерте ішіп, ерте жатқан. Тек Шәушік қана талайға дейін ұйқысыз дөңбекшіп ұзақ жатты. Тыстан жаңбырдың тырсылдаған дыбысы естіледі. Жаман үйден тамшы біліне ме деп қауіп қылған еді, әлі сыр беретін емес. Ақбозды ойлады. Ақбозды ойласа-ақ ішін от қарып өткендей жайсыз күйге түседі. Содан қанша жатқаны белгісіз, көзі ілініп кеткен екен, үлкен боздың кісінеген дауысынан оянды.
– Апыр-ай! – деді ол басын жастықтан көтеріп алды. Сосын апыл-ғұпыл басып далаға шықты. Түн көбесі сөгіліп аспан төсіне бозамық нұр жүгірген. Байлаудағы боз шиыршық атып тұр. Жер тарпып Алаайғыр сілеміне осқыра қарайды. Кенет, әлдеқайда тым алыстан, жылқының кісінеген дауысы құлаққа талып үзіліп, талып үзіліп жетті. Дыбыс шыққан жаққа елеңдеп, шұрқырай кісінеп, жер тарпыған ақбозды Шәушік, – «Құр жануар, құр-құр!», – деп аттың алқымын сипап, өзі де түн қараңғысына жанарын сүңгітіп, тесіле қарады.
Жер төсі бозала таңның сүт сәулесіне орана түскен шақ. Кенет, ат тұяғының дүбірі мен арқырап кісінеген кіші Ақбоздың даусы естілді.
Жануардың даусын-ай, мұндай таза болар ма!? Күмбірлеген күміс кісінес көмейден үздік-создық төгіліп, таңғы ұйқыдағы Алаайғыр жоталарын дүр сілкіндірді. Қоңыр белден ақ тиынша жарқ еткен ол, жиі-жиі кісінеп ауылға, үлкен Ақбозға заулап келеді. Ауылға жақындаған сайын ат тұяғының дүбірі күшейіп, кей арада жаңбыр суын кешіп өткені, іркінді судың шалпылдаған дыбысы да құлаққа анық естіледі. Байлаудағы үлкен боз аспанға шапшыды, құлын күнінен екі боз арқан бойы бөлек жайылған емес еді. Тумысында мұндайды көрмеген қос жүйрік шұрқырап табысты.
Сәлден кейін олар пүліштей майда еріндерімен бірін-бірі түрте иіскелеп, талайға дейін оқыранып тұрды.
Кіші боз келісімен Шәушік Қанжиренге ер салды. Күн сәулесінің күміс кірпігі көкжиекті ұяла ашып, аспанның шығыс жақ етегін шымқай қызыл нұрға бояп, Арқа даласының тағы бір ару таңы атып келе жатты. Таңға салымның жұпар иісі аңқып, мұрын жарғандай.
«А, Құдай, жол бере гөр!», – деп таң сәулесімен таласа атқа қонған Шәушік суыт жүріп кетті. Үлкен боз жетекте кіші боз еріп келеді. Бет алысы – Қызылқайнар. Екі ат бір тоқтаса осы маңға тоқтар, суы мол шүйгін өлке. Әрі, елсіз мекен, ит-құсы бар демесе…
Е, тәйірі, ол деген сөз бе?! Бұлар деген қасқырдың өзін қуып жүріп шайнайтынын қайтерсің, ал, жүйріктігі Құлагер тақілеттес. Менің Қанжиренімнің өзі қасекеңнің адымын аштырмайды. Осының өзін он оттатып, жүз жаратқанда маңайлай алмады-ау. Дүние-ай десейші! Соған қарағанда екі боз даңғайыр жүйріктер. Әгәрәкім бұлар Қызылқайнарды жерсінбесе, қайтадан Қарашоқыға айналар. Ол деген Мыңбайдың тұзағы ғой, – деп екі атқа кезек қарады. Суыт жүріп отырған Шәушік мезгіл сәскеге тырысқанда межелі жерге маңдай тіреді.
Келісімен Қанжиреннің ерін алып бос жіберді, маңайын жасыл шалғын көмкерген Қызылқайнардың бастауынан еңкейіп су ішті. Екі бозды да суарып болған соң бұлақ басынан ұзаңқырап барып, таңдайын қағып «құр-құрлап» жүріп кіші бозды ұстады. Аттың тамағынан, алқымынан сипай қасып тұрып, кекілінің түбіне тұмар байлады. Осындай үшкіл тұмар үлкен боздың да кекіліне байланды.
Бірақ жеме-жемге келгенде екі атты босатуға көзі қимай, көңіл түпкірінен көтерілген әлдебір қимас сезімнің жетегінде тұрып қалды. Тым болмаса мініске үйретпегеніне өкінді. Ер үстінде дауыл тұрғызып, ереуілдеп шабатын, хас тұлпардың қолдан шығып бара жатқанына деген өкініш өзегін өртегендей болды.
Сонсоң үлкен боздың алқымынан сипап, аттың дене бітіміне сүйсіне қарап тұрып: «Қайран қос жүйрік! Иесіз дала, елсізге еркіңе қоя бердім», – деп үлкен боздың маңдайынан сүйді. Артынша өрмелі ноқта аттың басынан сыпырылып түсті.
10333705_282342898593439_3327437100263136355_oСол күні іңір қараңғысында Шәушіктің үйіне екі жолаушы келді. Өткен түні шала ұйықтағаннан ба, оның басы жастыққа тиісімен қор ете түскені сол-ды, әлдекімнің жұлқылағанынан оянды. Көзін ашқанда көрді, алакөлеңке үйде состиып-состиып екі адам тұр екен.
– Бұл қайсысың, – деді ол беймезгіл мазалағандарға қыжылы келіп. Жолаушылардың біреуі жарығы бәсең тартқан майшамның сәулесіне төніп келіп:
– Әй, Шәке, ұйқыңды аш, мен жоқ іздей келдім, әлгі екі ат қайда? Қай қуысыңа тықтың, оларды? – деді. Дауысы өктем, әрі жайсыздау естілді.
Төсектен кеудесін еңсеріле көтерген Шәушік, «Е, мынау әлгі талтаңдауық Мыңбай милиция ғой, атаңның басы саған ат», – деді ол ішінен. Сонсоң ұйқы тығылып қанталаған көзі Мыңбайға қадала қарап:
– Әй бала, сен осы кімді иектеп жүрсің? Кім болсаң да атамнан аулақ, шырағым. Ертеден кешке дейін соқа сүйреп, сорам ағып жүргенде мазамды алма, шырағым. Кеше алам дедің, бердім, айырылып қалған өзіңнен көр. Есепте жоқ екі атты есі бар адам менен даулар ма? Мен де айырылып қалдым, қайда екенін итім білсін, – деді. Өзін қанша сабырлы ұстайын десе де жүрек түпкіріндегі ашу-ыза сыртқа теуіп, дауысы қату естілді. Одан әрі ол «дау бітті» дегендей келгендерге жотасын беріп жатып қалған. Мыңбай милиция колхозшының мына қылығына қатты ызаланып: Мен сені қамауға аламын дүлей неме, – деп дереу тапаншасын суырып алған ол, қасындағы адамға қарап: – Сержант, тұтқынды тұрғызыңыз, қолын байлаңыз, – деп бұйырды. Осы мезетте Шәушік те орнынан, жолбарысша атып тұрды, сол бетте ол қарсы алдында қару кезеген Мыңбайды бүріп түсетіндей тап берді, бірақ шалт қимылдаған сержант жігіт мұны іргеге тықсыра қысып:
– Сабыр етіңіз, – деді. Сосын мұны қапсыра құшақтаған қалпы, «басыңызға бәле тілеп қайтесіз», деп құлағына ышқына сыбырлады.
Бұлай болар деп Шәушік мүлде ойламаған, даланың арқары секілді тағы болып кеткен жылқылар үшін жауапты боламын деу кімнің есіне келген? Жеті түнде қатын баласы да үрейленіп, естері шығып кетті. Осы жағдайды жіті аңғарған Мыңбай милиция:
–Міне көрдің бе, Шәке осының бәрі сенің білместігің, колхоздың малын жойып жібергенің үшін, заң адамына қоқан-лоқы жасап сыйламағаның үшін түрмеде шірисің, қарай гөр мұны, есепте жоқ мал дейді. Осы жердің бетінде жүрген жәндік екеш жәндікке дейін өкіметтікі екенін сен білесің бе? – деп Шәушіктің бүйірін тапаншаның ұңғысымен түртіп-түртіп қалып, «тұтқынды алып жүріңдер» деді.

* * *

Қыркүйек айының жуан ортасы. Күн шырқау төбеге көтерілген кез. Қарашоқы жақтан үп еткен майда леп, сай табанындағы бала құрақты баяу тербейді. Заматта бір шырылдаған шегіртке даусы болмаса, дала төсі бөтен дыбыстан ада. Осы тыныштықты күн екіндіге ауғанда гүрс етіп атылған мылтық даусы бұзды. Тосын дыбыс тыныштық құшағында мүлгіген өңірге әлдебір жайсыз хабарды паш еткендей болды. Екі боз сай табанындағы төрт құлақты үлкен мазардың көлеңкесінде үйездеп тұрған.
Қос жүйрік осы бейіттің қасында тұрып талай рет соққы жеді. Қақпанға да, Шәушіктің тұзағына да осы арада түсті. Сөйте тұра екі ат күндердің күнінде үйреншікті орындарына айналып соғатынын осы өлкенің көнекөз қарттары жақсы білетін.
Тосын естілген мылтық даусынан екі ат солқ-солқ оқыранып, бұл маңды қайта көрместей дала төсін құрыш тұяқтарымен аяусыз пергілеп, үрке жөнелген. Тек кіші боз ғана екі домалап тұрды. Осқырынған аттың көріктей кеудесі көтеріліп түсіп, тынымсыз демігіп, екі танауы делдиіп кеткен еді. Аяғы кібіртіктеп жүрмейтін сияқты. Айналшықтап барып құлаған ол тұмсығымен жер тіреп тұрды. Артынша арқырап аспанға шапшыған ат артқы екі аяғымен қаз тұрды. Даладай алқымынан сыздықтап қан ақты. Үлкен боз үрке қашып ұзап кеткен еді. Мына дауысты естіген ол ағындап барып орағыта бұрылды да, сол екпінін тоқтатпай жиі-жиі оқыранып, кері салды. Бұл шақта кіші боз жерге шаншыла құлаған қалпы, денесін діріл буып, қайта тұра алмады. Даланың жыртқыш бөрілеріне құйрық тістетпейтін құйма тұяқ, желаяқ жануар жер тіреп тұра алмай, ышқына тыпыршыды. Қасына оралған үлкен боздың тұмсығын пүліштей жұмсақ еріндерімен жыбырлата иіскеп, болар-болмас оқыранды.
Содан ол қашан жан тапсырғанша оқырана кісінеп жер тарпыған үлкен боздың алқымына тұмсығын тіреп басын көтеріп жатты. Тек өлер алдында ғана ышқына солқ-солқ оқыранып, тәует басы жерге сылқ түсіп, бота көздері кеңейіп тұяқ серіпкен еді. Аясы кең айна көзі алыс аспанның шырқау төріне қадала қарап, қозғалыссыз қалды. Әлдеқайдан құзғын қарғаның барқыраған даусы естілді.
– Өй, мына пәле қайдан шықты? – деді аумағы үлкен қорым шиге бұқпалап отырған Мыңбай. «Құзғындар» деді көзін шүйіре аспанға қадаған ол.
– Бауыздау қажет емес, қан шықса адал ғой… Осы сәтте жаралы аттың қасында тұрған үлкен боз ышқына шұрқырап кісінесін-ай, келіп. Құлақ тұндырарлық дауыс. Мыңбай милиция бұған қатты таң қалды, өзі өз болғалы мұндай гәпті естімеген еді. Үздік-создық кісінеген үлкен боздың ащы даусымен мұқым Қарашоқының құз жотасы, оның азудай ырсиған жақпар тастары жаңғырығып, қоса күңіренгендей еді. Үнемі жауын мен жел өтінде тұрып, уақыттың дауылы мүжіген ескі мазар да, ақбоз аттың азалы дауысын талайға дейін қайталап жатты.
Осы көріністен кейін Мыңбайдың күдігі күшейді, ол «азалы ат беталды құла түзге лағып кете ме» деп қауіптеніп, мылтықтың суық ұңғысына тағы да оқ салды. Сөйтіп орнынан сиырқұйымшақтап тұрып, өзі отырған қорым шилеуіттің өзек жағымен бүгжеңдеп еңіске енді-енді көтеріле берген де, табан астынан шылбырдай қара шұбар жыланның ирелең ете қалғаны. Қатты тіксінген Мыңбай ыршып кеткен-ді. Сол бір қас қағым сәтте, жылан да мұның аяғына шап етіп орала кетті.
Мыңбайдың жаны бұл жолы жаман түршікті, құлындағы даусы құраққа жетіп: «А-а-а, а-а… а… а..» деген айқайы беймәлім жыраққа сіңіп жатты. Ал, жыланның кегжиген басы былғары етіктің ұзын қонышының тіземен тістескен тұсына жетіп асылған.
Бұл кезде үлкен боз жаңа ғана жан тапсырған серігін өлдіге қимағандай ернімен түртіп иіскеп, пыр-пыр оқыранып тұр еді. Оқыс дауыстан, адам даусынан ақбоз ат басын жұлқа көтергенде байқады, өзіне тіптен жақын жерде екі қолы ербеңдеп, айқайлаған адамды көрді.
Âèòðàæíàÿ ðåïðîäóêöèÿ "Áåëûå ëîøàäè"Кісі көрсе, шаң тастап аға жөнелетін тағы жүйрік тумысында тұңғыш рет мына көрініске марғау, сүлесоқ кейіп танытты. Қашпады…
«А-а, а…» деп ышқына айғайлаған адам даусы мына үлкен Көксайдың жіңішке өзегін қуалап Қарашоқы тауына да, қол созым жердегі ескі молаға да жетті. Бірақ, неге екенін қайдам, олар оның даусын іліп әкетіп сақ-сақ күлкіге айналдырып, қайталап жатқандай еді. Мыңбайдың даусы қарлығып барып тынды. Онда да қара шұбар жылан аяғын босатып, көзден ғайып болғанда ғана. Бір ғажабы, жылан оны шақпады. Былғары етіктің биік қонышына басы асылып, кегжиіп тұрды. Кірпіксіз қозғалмайтын жалаңаш сұр көз, оның жадына еніп жоқ болғандай. Мыңбай жыланнан аман құтылғанына қуанып, аяғын, тізесін сипап көрді, шаққаннан аман. Бірақ, сұр пәленің қайда кеткенін ол түсінбеді. Аулаққа барып етіктерін шешіп, киімдерін қағып-сілкіп қайта киді. Әйтеуір аман екеніне көзі жеткендей болды.
Екі боздың бірін Мыңбай милиция атып алыпты деген хабар аудан жұртына тез тарады. Атып алған аттың етінің біразын елге таратып берген болды, біразын арбаға салып өзімен бірге ауданға алып кетті. Бірақ сол етті көпшілік ел жей алмады, себебі біреулер оны арам өлген десе, енді біреулер киесі бар мал еді десті. Екі айдан астам қамауда отырып босап келген Шәушік мына оқиғаны естігенде өзін-өзі тоқтата алмай еңіреп жылады.
– Отағасы-ау, оныңыз не, тәубә келтір, – деп басу айтқан әйелінің бетіне жас тұнған жанарын тіктей қараған ол:
– Аттардың екеуінен де айрылдық, енді үлкен боз да мал болмайды, өліп қалады, – деді ол күйзеле сөйлеп.

Күз. Аспан ашық болғанымен, ауада дымқыл сыз бар. Шатырша тауының дулығалы басы қабағын түйіп, тұнжырай түксиеді. Жаз бойы қыздай жасанған Тоқырауын өзенінің бойынан да әр тая бастаған. Батыстан күздің қытымыр салқыны баяу еседі.
Үлкен боздың ағаш лапасқа қамалып мерез мелшигеніне де айға жуықтаған. Содан бері сөлбір-сүлесоқ тұрыс. Селт етер белгі жоқ, жарытып оттамайды да. Әбден ашыққаннан болар, қос бүйірі ішке сұғынып, арса-арса болған қабырға сүйектері ырсиып қалған.
Байлаулы тұрған ақбозды көргенде Шәушік:
– О, жануарым! Не күйге түскенсің, жүйрігім-ай! – деп күңіреніп қоя берген. Ақбоз ат осынау қапсағай денелі ірі кісіні жазбай таныды білем. Пүліштей майда еріндері жыбырлап, оның алақанын, өңірін иіскеді.
Шәушік күректей алақандарымен аттың алқымын, жотасын сипағанда ақбоздың көзінен тарам-тарам жас ағып жылап тұрғанын білді. «Есіл жануар-ай!» деді ол іштей күйзеле күрсініп. «Мал болуы екіталай ма, қалай?» деген қауіп те, жанын мазалап, қорадан біртүрлі күйзеліп шықты.
Сол күні Шәушік Ақтоғайдың өзен жақ қапталындағы бажасының үйіне қонып шығып, ертеңгі елең-алаңда жүріп кетпек еді, бірақ қайта алмады. Сонау Кенеліден ат сабылтып келген шаруасы – Мыңбайдың сырқат екенін естіп, ақбоздың аужайын білу еді. Жақында ауданнан келген бір өкіл жігіт, Мыңбай айтыпты деді: – «Осы аттар маған пәле болып жабысты» деп. Осының бәрі Шәушіктің ақбоз атты іздеп шығуына қамшы болған-ды. Егер ат түбі мал болып кетер нышан танытса, мақсаты – алып кету. Әрине, оған Мыңбай келісе ме, жоқ па, ол жағы белгісіз.
Ақбоздың мал болмасына көзі жеткен Шәушік елең-алаңда Кенелідегі ауылға аттанғалы жатқаны сол еді, «өткен түнде Мыңбай милиция дүние салды» деген тосын хабар жетті. Осыдан кейін Шәушік тізгінін тежеді. Ондағысы Мыңбайдың рухына жасаған мезіреті емес, көзі көріп көңіліне орныққан, ақбоз күлікті сұрасам берер, кім біледі, күтуін тапсам, күні ертең оңалар. Оның бер жағында сойып жейтін жілігі татитын мал емес деп ойлаған-ды.
Сонау үлкен Көксайда кіші бозды қалай атқанын, қара шұбар жыланның аяғына қалай оралғанын, тіс жарып тірі пендеге айтпаған Мыңбай, сол оқиғадан соң оңалмады. Өз-өзінен шошып, киімдерін сағат сайын шешіп, қағып-сілкіп киетін әдет пайда болды. Сөйтіп жүргенде оның осы әдеті елірме ауруға ұласты. Түн баласында кейде кірпік ілмей шығады. Ұйықтап кетсе біреу буындырып жатқандай айғайлап оянатын болды. Кейінгі кездерде ауруы асқынған ол, өткен түнде таң алдында қатты шошып, жантүршігерлік дауыспен айғайлап жатып көз жұмды. Күйеуі осындай ауруға ұшырағаннан бері әйелі балаларымен басқа бөлмеде жататын еді. Таң алдында күйеуінің қорқынышты дауысын естіп, отағасы жатқан бөлмеге жүгіріп жеткен әйелі, үлкен төсектің үстінен сырғып түсіп бара жатқан қара шұбар жыланды көріп сілейіп тұрып қалған екен.
Кейін мәйітті жуған адамдар өліктің денесінен шаққан, тістеген белгі көрмедік, әйелдің көзіне елестеген бірдеңе шығар, болмаса асты-үсті еденделген мынадай үйдің қай жерінен жылан кіреді, «қорыққанға қос көрінедінің» кері шығар деп тоқтасқан.
Келер күні Мыңбайды соңғы сапарға шығарып салған жұртшылық сол үйдің алдында тағы да ошарылды. Бұл үш айға жуық лапас қораға қамалып, от пен судан қалған үлкен боздың өлімі-тін.
– Жануар өлетінін білген ғой, сірә, – дейді қаумалаған жұрт. Қорада тұрып қатты кісінеген екен, үй маңында жүрген адамдар есікті ашса, ақбоз ат шылбырын жұлқып, сыртқа шыққысы келген сыңай танытады. Қорадан шыққан ат басын жерге салып иіскеп келіп осы жерге жатып екі бүйіріне кезек аунап түседі. Жануар содан қайтып тұрмаған дейді.
Осы кезде қаумалаған жұртты-киіп жарып келген ірі денелі кісі: «Қайран ақбоз, күйіктен күйреп өлді-ау!» – деп аттың басын құшақтап шөкелеген қалпы отырып қалған еді. Бұл қос жүйрікті жоқтап жүрегі егілген Шәушік болатын.
Ақбоз ат Тоқырауын бойының қара бұйра топырағын жамылып, мәңгілікке тынышталды. Тұлпарлар тұяғы кеудесін күйге бөлеген дүбірлі Арқа жерінің тағы бір таңы атып келе жатты.

orig_blog_13387_0Жанболат Башар, «Жұлдыз» журналы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.