Мұхамет-Салық Бабажанов. Ішкі Орданың атбегілері

4717

Әйгілі Мұхамет-Салық Бабажановтың бұл мақаласы 1871 жылдың қаңтарында Ресейде жарық көретін «Журнал охоты»-дың 1-2 нөмірінде басылған еді. Түпнұсқада орыс тілінде жазылған мақаланы қазақшаға аудардық.

Осы орайда, оқырман қауымға ескерте кететін бір жай бар. Ол – мақалада «киргиз» деп берілген ұлт атауын argymaq.kz редакциясы «қазақ» деп беруді жөн көрді. Себебі, 19 ғасырда орыстар қазақтарды «киргиз» деп атаған болатын.

Argymaq.kz

Жылқы бойындағы жүйріктік қасиетін байқау өте қиын. Жылқының мұндай қасиетін анықтай алатын адамдар бүкіл ішкі Ордада саусақпен санарлықтай аз. Жылқы малының қасиетін анықтай алатындардың аздығы мұндай ат ұстауға қызығушылардың аз болуынан деуге келмейді. Бұл аталған қасиетке ие жылқыны анықтап, дөп баса білудің өте-мөте сұңғыла-даналықты қажет ететін қиындығы бар міндет.

Жүйрік атты анықтау үшін аттың дұрыс тұрпатын білу аздық етеді. Оған үлкен тәжірибе мен атбегілік өнер қажет. Жүйрік аттың білгірлері мен атбегілер қазақтар қоғамында ерекше құрметке ие болғандықтан, олардың бұл біліктерін үнемі қолдап отырған.

Біздің Ордада нағыз сыншы, атбегі Ауқатым деген қазақ болды. Әрі әлі күнге дейін абылойлы, мықты атбегі санатында. Оның есімі әлі күнге құрметпен аталады.

Ауқатым аттың сынын мықты білгені сонша, әрбір бәйге кезінде қай аттың бірінші келетінін алдын-ала дөп басып айтатын.

Ауқатымның жылқы малының табиғатын терең білетін сыншылығы дәлелденген оқиғалар өте көп. Ол талай мәрте сыртқы тұрпаты нашар аттарды арзан бағамен сатып алып, олардан желмен жарысқан жүйрік шығарған. Аттардың болашағын құлын кезінен-ақ болжайтын. Яғни, тай-құнанында-ақ болжап, болжамы дәл келетін.

Ауқатымнан кейін атбегілік атағы елге жайылған шеркеш руынан шыққан Айдабол деген қазақ болды. Оған жалғыз мысал – Айдабол өсірген құнанның 30-40 шақырымға шапқан бәйгеде ішкі Орданың ғана емес, бүкіл кіші Ордадағы үлкен аттардың ішінде бірінші келіп, бас бәйгені алуы еді. Оның Замрық (Мақалада «Замырық» деп бірілген. Және қасына «екі басты бүркіт» деп анықтама жазылған – ред.) атты құнаны үлкен аттармен өткен бәйгеде бірінші келіп, жүлдеге 100 қой алған.

Орданың соңғы ханы Жәңгір Бөкеевтің тұсында сұлтандардың арасында тәжірибелі атбегі ретінде өзгелерден ерекшеленген Әбілғазы деген болды. Бірде, бір қазақ ханға соғымға деп бір құнанды әкеледі. Ханның қасапшылары құнанды соямыз деп жатқанда Әбілғазы келіп тоқтатып, ханға барып, бұл құлыннан жүйрік ат шығатынын айтып, өзіне сұрап алады. Бұл құнан қасқа әрі қарақұйрықты және ақкөз, яғни туғаннан шағыр еді. Нәтижесінде, «сол құнан шынымен алдына жан салмаған жүйрік еді» деп көзкөргендер әлі күнге дейін айтып жүр. Өкінішке қарай артында тұяқ қалмаған.

Ал Айдаболдың дәстүрінде ондай болмаған, оның үйреткен жүйріктерінен елге белгілі жүйріктер шыққан. Айдаболдың мұрагерлері Шүкіман мен Жанәлінің де аттары елге мәшһүр болған. Әсіресе Шүкімәннің өмірінде бәйгенің алдын бермеген жүйрік биесі болды.

Естеріңізге сала кетейік, мақаланың басын мына жерден оқуға болады. Сонымен қатар, бұған дейінгі жалғасы мына жерде. Одан бөлек Бабажановтың «Арғымақ — Түркістан жылқысы» атты мақласын да біздің сайттан таба аласыздар.

Мұхамет-Салық Бабажанов,

«Журнал охоты» 1871 жыл

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!