Бекболат ТІЛЕУХАН: Қазақ атқа мінсе, намысын ешкім таптай алмайды!
Кеше «Қазанат» атшабарында 30-тамыз күні Елорда төрінде байрағын көтерер қос бірдей бәсекенің баспасөз мәслихаты өтті. Спорт саласында қалам тербеп жүрген бірқанша БАҚ өкілдерінің басын қосқан жиынға бүгінгі ұлттық спорттың жанашырлары — ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, «Нұр Отан» партиясы бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұлттық спорт түрлері басқармасының жетекшісі Мақсат Қойшыбаевтар қатысты.
Кең көсіліп, келелі сөз, кесімді ой айтып отыратындай уақыт болмаса да ұлттық спорттың төңірегіндегі негізгі мәселелер талқыланып, алда өтетін қос бірдей сайысқа дайындықтың сайма-сай жасалып жатқандығы, қанша ел, қанша спортшы қатысатындығы, жүлде қоры қанша болатындығы нақты-нақты айтылды.
Бұлардың барлығы Теңге ілуден І ашық Азия чемпионаты және Асау үйретуден І республикалық турнирінің көпшілік көкейіндегідей дәрежеде өткізілуі үшін жасалып жатқан шара.
Баспасөз мәслихаты барысында сөз алған Бекболат Қанайұлы осыған дейін ұлттық спорттың дамуына қолдау көрсетіп, ынтымақтастықта бірлесе жұмыс жасап келе жатқан «Нұр Отан» партиясына, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, ұлт мүддесі үшін қызмет қылып, демеушілік жасап отырған «Самұрық-қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына алғысын білдіре келіп:
— Қазақ ат үстінде өскен ұлт! Бұған дейін өздеріңіз білетіндей Көкпардан, Құсбегіліктен, Аударыспақтан Азия біріншілігін өткізгенбіз. Ал енді Теңге ілуден өткізуді қолға алдық. Бұл заңды. Қазақтың ұлттық ойындары, әсіресе ат үсті ойындары күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылатындықтан тіршілік машығына айналған әрекеттер. Мысалы Көкпар мен Аударыспақ жігіттерді шабандоздыққа, ат үстінде еркін қимылдайтындай мықтылыққа тәрбиелесе, Теңге ілу ойыны жаугершілікте жаудың ортасында қалған атақты адамдардың, тума-туыстарының денесін шауып келе жатып іліп әкетуге машықтандырған. Тіпті жерге түсіп кеткен қамшыңызды іліп алу үшін де бұл қарапайым әдіс болып саналады.
Ал Асау үйрету сайысы кез келген уақытта көшпелі өмірдің ажырамас бір бөлшегіне айналған машық. Және бұл ат жалында өскен қазақтың кез келгенінің қолынан келеді. Дей тұрғанмен бүгінде өнердің, спорттың бір түріне айналып барады. Ал осы алыстап бара жатқан тіршілік машығын, жақындап келе жатқан спорт ретінде көрерменге ұсыну, былайша айтқанда, қазақтың адреналинін шығару.
Жалпы қазақ атқа мінсе басқаға кеудесін бастырып, намысын таптатпайды. Бұны әрбір қазақ білгені дұрыс – деді.
Теңге ілу сайысында бірінші орынға 1 000 000 теңге берілмек. Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Түркия, Венгрия, Әзербайжан республикаларының спортшылары ептілігін сыңға салатын сайыста Қазақстандық шабандоз Бәшімбаев Әліхан өнер көрсететін болады.
Еліміз тарихында тұңғыш рет өткізіліп отырған «Теңге ілу» сайысымен қатар байрағын көтерген «асау үйретуден» ел чемпионатының бірінші орын жүлдесі де Азия біріншілігінен кем емес – 1 000 000 теңге. Біреуі құрлықтық, біреуі республикалық болса да жүлде қорының бірдей болу себебін түсіндірген Бекболат Тілеуханның айтуына қарағанда «асау үйрету» сайысының қауіптілігі басым, қанша дегенмен адам өмірі сынға түседі, жігіттер тәуекелге барып отыр.
Теңге ілуден І ашық Азия чемпионаты «Нұр Отан» партиясының қолдауымен және «Самұрық – Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының бас демеушілігі, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен ҚР Конституциясының 20 жылдығы және Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылуда.
Арғымақ.кз
Асау үйретуге баруға болар еді үйдегілер жібермей жатыр.