Ілияс ЖАНСҮГІРОВ. Құлагер (поэмадан үзінді)

13889

Ат шаңы

Айнадай мөлдіреген Қусақ көлі,
Осы еді Ерейменде жердің сөлі.
Ел жайлап, мал жайылып, думан болған,
Жайдырған жасыл кілем, жұмақ жері.

Төбесі осы көлдің биік жері,
Кусақтың мөлдірі еді көкше көлі.
Бәйгесі Балуанның тарқағанда,
Асықты атты тосып астың елі.

Айдалған астың аты алыс жерге,
Болар ма Қызқашқанды жақын дерге.
Шықты шаң көз құшында ақ шүйке боп,
Құлдырап ат ойысты Қусақ көлге.

Кім жетсін тау бауырынан соққан желге,
Дәл сондай аңқыды аттар жазық жерде.
Тау төсін дүсірлетіп, дүбірлетіп
Таласты осы төрт ат Ерейменге.

Жанына еліміздің жылқы жаққан,
Жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан.
Мінсең ат, ішсең қымыз, жесең қазы;
Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан.

Атты артық көрген елміз мінген тақтан,
Қызық-ақ біздің бәйге қырда шапқан!
Шыдар ма қазақ жаны ұшып кетпей,
Аттарға шаң шығарып келе жатқан.

Ұзақ жол, талай қырқа, талай қабат,
Тауысып шыққан жоқ па келатқан ат!
Қайта ма Қызқашқаннан шауып жылқы,
Жетпесе, тегі бұған, ұшып қанат!

Қадалып шыққан шаңға үңілді көз,
Өзара дауылдасқан басылды сөз.
«Кім де кім атқа мінсе жазалы!»-деп,
Жарлықты және берді үңірек ояз.

Жарқырап жатыр Қусақ көлі сайрап,
Жас қайың жағасында желмен ойнап.
Шаң қылаң көз ұшында берген кезде,
Қобырай бастады жұрт көзі жайнап.

Тыйды ояз «Тыныштал!» деп қатты айғайлап,
Қазақты қауызға айдап, жіпсіз байлап.
Қусақтың кер жол асқан кезеңіне,
Қылт етіп келе жатқан ат шықты қайнап.

Бұрқ етті кезең асып шұбалған шаң,
Қобалжып қозды құрты астағы жан.
Ойысты үш-төрт қара үздік-создық,
Алдыңғы ат бірі — қылаң, бірі — баран.

Көргенде көз ұшында келе жатқан,
Қараны қоя ма көз күн-түн баққан?
Жасаурап екі көзі тұра алмады,
Құласын құлдыраған танып Ақан.

Созылды осы төрт ат көл айнала,
Алдына екі ат шықты жеке дара.
Өтетін ат қылт етіп Жыланды өзек,
Суы жоқ, бұтасы көп – жыра ғана.

Күткен көп қайтқан аттан көрсе қара,
Жынданбай жанды қазақ тұра ала ма?
Деп тұрып: «Тоқта! Тоқта! Шаппа! Шаппа!»
Топалаң болмаушы ме ед тұра-бара?

Сорғалап сол өзекке ат та құлап,
Жоғалды жұрт көзінен келе жатқан ат.
Өзектен үздік-түйдек үш ат шықты,
Алдында қылт еткендей болды бір ат.

Елде жоқ осы кезде ұшар қанат,
Қайтсін-ау қазақ көңіл құмарланат.
Ақанның не болғанын білгеміз жоқ,
Алдыңғы ат баранданбай, қылаңданат…

Жұрт көрді: ат үшеу-ақ, бірі қалды,
«Баран жоқ бағанағы!»-деп шулады.
Тырмысқан төске таман үш желді аяқ,
Дегенше әні-міне келіп қалды.

Көктұйғын келе жатқан екен алды,
Жануар, қанат қағып өрге салды.
Талассыз керешіден кемел өтіп,
Қайқайып қарақшыға кете барды.

Алтайдың қосқан аты асып аруақ,
Көк аты Батыраштың келді заулап.
Дауысы баласының азар шығып,
Шырылдап өте шықты «Бегайдарлап»!

Аяғы бұраң қағып, бота маймақ,
Айтпақтың күреңі өтті: «Төлебайлап».
«Шормаңдап» көр, шораяқ бурыл өтті.
Лап ұрып, қозып кетті, жұрт айқайлап.

Ел шіркін бұл аттарды қанша күтті,
Ат қайтты алып бар қызық, бар үмітті…
Жүгірді аттарына қаптап жаяу,
Енді ұстау осыларды қылмыс тіпті…

Ұрандап мың үш жүзден үшеу өтті,
Қара жоқ өзгесінен, қайда кетті?
Аспан шу, жердің бетін шаңыт борап,
Біреуді біреу тіпті білмей кетті.

Қысылған бағанадан қысталаң боп,
Тәртібін ояздың ел ұстаған жоқ.
Алуға атын әркім жолдан іздеп,
Жарысып ат алдынан ұшпаған жоқ.

Тек Құла астың алдын шайқаған жоқ,
Бәйге алып, жиын жарып, жайқаған жоқ.
Айрылып Ақаннан да қалдық, міне,
Кеткенін қалай қарай байқағам жоқ.

Zhansugirov-IlyasІлияс Жансүгіров

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.