Жұматай ЖАҚЫПБАЕВ. Кенежирен

12420

Көкпар

Адуын қайсар мінез, темір білек,
Шыдамай кей жігіттер шайқас тілеп.
Додаға тайсақтаман тез кірсін деп,
Ысқыртып атты бұтқа алды білеп.

Қағысып астындағы жылқы малы,
Көкпарға тебініп жұрт ұмтылады.
Тақымға орай басып тартқан кезде
Көк еті көк серкенің жыртылады.

Жұлқынып пырақтар да күш қылады,
Келгендей ту аспанға ұшқылары.
Сатырлап сауырынан қамшы тисе,
Тұлпарлар тұяқ тіреп ышқынады.

Жігіт пе атқа топты жарғызбаған,
Әнеки, көкпар кетті андыздаған.
Дүркіреп тартып берді қуып соны,
Қала ма мұндай кезде қан қызбаған.

Жайлаудың айқай басып ойы, көгін,
Бұл көкпар алып кетті той ілегін.
Пысқырып адам өлсе қарамаған,
О, көкпар, өр халқымның ойыны едің.

Дода боп әдет жанды қысты ма екен,
Қасиет қанға сіңген ыстық екен.
…Көкпарда қазақ өзін сынайтұғын,
Әйтпесе, тышқақ лақ ныспы ма екен?!

Көк жорға

ElbasyСен үшін өкпеңді айтар сан,
Жанымнан шашылған жыр-әндер.
Көк жорғам, күлтілдеп тайпалсаң,
Жарқылдап барады құранды ер.

Ертеңгі қазақты біл бүгін,
Біз жайлы сонау бір сырттағы ән.
О, менің шәлкестеу дүлдүлім,
Ұрттаса, мен құсап ұрттаған.

Қамшылар жағыңа, жел жаққа,
Қарайсың көзіңе толып мұң.
Жем бермей қойды ма мен жоқта,
Жоқ әлде орынсыз зорықтың?

Жаныңа салып бір мол қайғы,
Көрсеткен екен ғой сый маған.
Айттым ғой, бұл түге, оңбайды,
Ақырғы тұлпарды қинаған.

Пырағым, ай тұяқ, ақ табан,
Көрдің сен Жоңғарда сан жарыс.
Сынасса жокейлер баптаған,
Чемпион көп бие қалды алыс.

Бостан бос кетер ме мол күшің,
Соңыңнан жете алмай ерді жел.
Әлемдік жарыс жоқ жорға үшін,
…Бәйгеңді шаппай-ақ бергізем.

***

ZhirenАлаяқтарға құранды ер, жабу салдырып,
Гүлді пішенді ауыздықтарымен шалдырып.
Бел будық тойға асабаларға қосылып,
Жүгірер деп сеніп, бойында өнер бар күлік.

Жүйрікке міну – жігіттік ата салтында,
Жабулап күндіз, суытып қоңыр салқында.
Жаратушы едік қасқа бас сонау қос атты,
Жал-құйырықтарын малынтып кешкі алтынға.

Артында талай асу да асу жар қалып,
Тілеуін тілеп тұрғанда қос қыз зарланып,
Құлақасқа атың құйқылжып жазғыз келгенде,
Қуанғаннан құнан өгізін де алмадық.

Ат жетер жерден аңқылдап топтар келгенде,
Аттарын байлап мама ағаш, тасқа, белдеуге.
Құтты болсын деп қол қысты келіп, біздерді
Миықтан күліп, мысқылдап жүрген ерлер де.

Құйрығын майла дегендер үйге күнде кеп,
Түнімен темір пеш отындай да гүрлеп ек.
Желекті жермен жирен жұлдызша заулайтын,
Жирен қасқаның абыройы да бір бөлек.

Қос күлік тері үгілмей түнде таң асса,
Ән қосушы едік әкеден қалған ағашқа.
Сар тісті шалдар сусар бөркін шалқайтып,
Саумал ішкендей жұтынды қатын-қалаш та.

Кенежирен

Kenezhiren1Алдынан сөре, артынан қиқу таялса,
Бұзаутіс қамшы бұтынан шақса шаянша,
Құлажирен ат құйқылжып шығып баянша,
Құла бір дөңнен құйқылжыр еді қоянша.

Арқасы қозса, ылди ма, өр ме, елемей,
Зымырар еді сындарлы сырлы жебедей,
Ауаны тасып аспанда ұшқан кемедей,
Немесе безіп түрмеден қашқан немедей.

Зырқырар еді сүрінем деп те қорықпай,
Тоқтатар оны кедергілер де жолықпай.
Сөрені бетке ап үш күндік жерден зорықпай,
Құйындар еді құланын көрген қодықтай.

Ән болып біткен Құлагер әлгі күліктей,
Бәйгеден келсе керінейшілер де ілікпей.
Алшаңдар еді ала аяқтары бірікпей,
Қылықты қыздың қасынан келген жігіттей…

Кенежиренді Шора сатып жібергенде

kenezhiren2Жирен тұлпар – іштен туа қасқа бас,
Молла мінсе, дұғасынан тастамас.
Бермейтін-ақ атым еді, қайтейін,
Бес моторлы самолетке баспа бас.

Таңда өзі ашып тақтай қақпа есігін,
Шыбынға да тигізбейтін кесірін.
Жабағыдай жатағандау болған соң,
Кенежирен қойып едім есімін.

Шоңайнаның мөрін жалға басып ап,
Бақша кірсе, қумайтын ел тасын ап.
Қорықшы да қамамай-ақ жүретін,
Өзін өзі беделімен асырап.

Митыңдатып мінгенім бе енді есек?!
Бүйтер болсақ бұл өмірге келмес ек.
Жұбымызды неге жаздың, бауырым,
Екеуміз де бәйгеміз де теңдес ек.

Жер бетімен жирен жұлдыз ағарда,
Жұрт жаутаңдап иесіне қарар ма?
Сал Қуандық сан жырлаған Сарноқай
Енді мені есті жігіт санар ма?

Құбыладан қайтқан атты тосарда,
Қуаныштан көңіл енді босар ма?
Аламанға ат қосқанда жігіттер,
Жиренім жоқ, қара итті енді қосам ба?

Көрмегенің жұрттан қалған мал білем,
Жиренім жоқ, енді менің қалды нем?
Жұрт ағасын айырбастай бастаса,
Шөке, сені өткізер ем алдымен.

Ат туралы

at turalyСуық тер төккізетін,
Тау жаман қияметтен.
Аттар бар өткізетін,
Қорым тас қия беттен.

Жол барда ор табылар,
Тұяққа жүгіретін.
Аттың да қорқағы бар,
Сақсынып сүрінетін.

Қиқулап жар салдың ба,
Тағдырдай даралайтын –
Аттар бар қарсы алдында,
Құз тұрса қарамайтын…

Жыр елі, күй еліне,
Ат болған алғаш арман.
Мұсаның сүйегіне
Жаяулық таңба салған.

Барына ат алдырған
Атама мұрагермін.
Ақанды Ақан қылған
Тағдыры Құлагердің.

Тайында жыр қып түге,
Мәпелеп жастан баққан.
Атының жүйріктігі,
Жігітті аспандатқан.

Айтамын жақындарша,
Тұрса да дәтім бармай.
Тұлпардай ақын болса,
Тұлпар бар ақындардай.

***

LeilaКөмкеріп маусым біткенде қырқаны гүлмен,
Көк суы – қымыз
Көп ішіп жұрт әрі кірген.
Сарноқай тауда той болды –
Жиренім менің
Кермеде тұрды қалмақтың Бұрқаны мінген
Сетері құсап, көзге ілмей жердегі майда
ит пенен құсты. Қайтейін, көрмедің, Ләйлә.

Айғайдан зеңгіп ақ бұлттар
Күнде өткен аспан,
Ат қайтты-ай, шіркін! Бұрқ етіп
Бір беттен ақ шаң.
Зулады бәрі, заулады жалғыз ат шаңы,
Тұтанған бикфорд шнурының жүрдек те шапшаң
Түтіні құсап, көрсетпей жердегі майда
қозғалыстарды. Қайтейін, көрмедің, Ләйлә.

Аршалы таудан естіді самалды далам,
Құшақтап сүйді осынау хабарды ғалам!
Ала аяқ жирен бәйгеден алдымен келді,
Өткен ғасырдан жолдаған бабамның маған
Сәлемі құсап, елетпей жердегі майда
Күңкіл-шүңкілді. Қайтейін, көрмедің, Ләйлә.

Аспаннан сүйіп жүрсе егер қырқаны қыран,
Оны да сонау атамның ұрпағы қылам.
Ақшамда келіп аулына, атыңды айтып,
Киіз туырлықты қазақтың
Шырқадым бір ән
Ақаны құсап елемей жердегі майда
Поп-музыкаларды. Қайтейін, көрмедің, Ләйлә.

Zhumatai Zh.Жұматай Жақыпбаев

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.