51 шақырымдық аламанда «Шамалдың» шашасына шаң жұқпады

10367

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының бас демеушілігімен, «Нұр Отан» партиясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен, «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған «Алтын тұлпар» дәстүрлі республикалық турнирі өз мәресіне жетті.
Астана қаласынан 35 шақырым қашықта орналасқан «Қабанбай» ауылының маңында өткен турнирдың ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархат Қуанғанов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Денешынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовтар қатысты.
Спорттық шараның беташар сөзін айтқан ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан мырза, аталмыш шараның Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылуы кешегі бабалар арманының бүгінгі көк тулы тәуелсіз Қазақ елінде жалғасын табуы екенін атап өтіп, мұндай ауқымды оқиға тек Ұлы даласын тұлпармен қорғаған ұрпаққа ғана жарасатын дүние дегенге тоқталды.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы ат спорты ойындарын дамытуда Орта Азия аумағында көшбасшылық деңгейге көтерілді. Өйткені, біздің елде тұрақтылық пен тыныштық бар, әрі экономикалық күш-қуаты жеткілікті.
Сонымен биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған аламан бәйгенің басты ерекшелігі жарыс жолы 51 шақырымға ұзарды. Ол ұзақтығы 12.5 шақырымды құрайтын үлкен шеңберді 4 рет айналып шабу арқылы жүргізілді.
Жарыс жолына шығуға өтінім берген 90-ға жуық сәйкүліктер мәреге қаз-қатар тізіліп тұрған соң, ақсақал атбегі Нәркен Қалыбеков шабандоздарға батасын беріп, соңынан даңғара соғылды.
Даңғара дауысымен жарыс жолына шыққан сәйкүліктер бірінші айналымды аяқтағанда 31 және 59-шы нөмірлі жүйріктер топ бастап өтті. Екінші айналымда 31 жүйрік жұп жазбай түйдегімен шапса, үшінші айналымда осы 31 жүйріктен 18-і түйдегін жазбай тізгін таласып мәре бұзды. Соңғы айналымның жартысынан кейін шын тұлпарлар бауыр жазды. Мәреге 5 шақырымдай қалғанда жамбылдық 2, Алматы облысынан қосылған 3 жүйрік сурылып шықты. Бұлардың құйрығын тістеп қарағандылық екі ат қылаң берді.
Alaman1Осы жеті тұлпардың тартысы көпке созылмады, мәреге бір шақырымдай қалғанда жамбылдық «Шамал» есімді жүйрік арқан бойы алға шықты. Екпіндей ұмтылған бұл жүйрік аламанның

Бас бәйгесіне ие болды. Ат иесі – Жұматай Ақжол.

Екінші орын: керекулік «Бейбарыс» атты тұлпарға бұйырды. Ат иесі – Дәулетов Мейірхан.

Үшінші орын: «Жаннұр» атты Алматы облысының жүйрігі. Ат иесі – Олжас Қойшыбек.

Төртінші орын: қарағандылық тұлпар «Бақторы» (бұл жүйрік өткен жылы Бас бәйгені жеңіп алған болатын). Ат иесі – Еркебұлан Ермағанбетов.

Бесінші орын: жамбылдық «Трактор» атты жүйрік. Ат иесі – Берік Қуатбеков.

Алтыншы орын: қарағандылық «Аққағаз» атты жүйрік. Ат иесі – Думан Жанша.

Жетінші орын: жамбылдық «Айтұмар» атты жүйрік. Ат иесі – Нұрболат Айдарлы.

Сегізінші орын: Алматы облысынан «Найзағай» атты жүйрік. Ат иесі – Диас Тұрғанов.

Тоғызыншы орын: Алматы облысынан «Қасқалдық» атты жүйрік. Ат иесі – Асылжан Бекішев

«Алтын тұлпар» аламан бәйгесінде топ жарған жүйрік 10 млн. теңге жүлдені жеңіп алды. Мәреге алғашқы жеткен 9 тұлпарға диплом және қаржылай жүлде берілді. Жалпы жүлде қоры – 23 млн. теңге.
Аталмыш шара аясында «Ат сыншысы» байқауы ұйымдастырылып, «Толыбай сыншы» атындағы жүлдеге атақты атбегі Нәркен Қалыбеков ие болды. Сондай-ақ, «Күреңбай сыншы» атындағы жүлде ағадырлық ат сыншысы Жолкен Кенжеғұловқа, «Шоқай сыншы» атындағы жүлде Қалилла Жазғыбековке, «Киікбай сыншы» атындағы жүлде Алшынбай Ахметбайұлына бұйырды.
Турнирдің екінші бір ерекшелігі «Ат тағалау» сайысына оншақты үміткер қатысып, төрешілердің шешімі бойынша бірінші орын – Бақытбек Жабар (Ақмола облысы), екінші орын – Мәдет Самұлы (Астана қ.), үшінші орын – Бақытбек Бөлекбайға (Астана қ.) тиеселі екендігі анықталды.
Жарыс барысында концерттік бағдарлама, қол өнер көрмелері және тойшы қауымға арнап қымызмұрындық, ұлтық тағам түрлерінен фестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

ҚР ҰСТҚ Баспасөз қызметі

Аламан бәйгенің фоторепортажын күтіңіздер.

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.