Жылқы шаруашылығымен айналысатындарға кеңес

22133

Жылқы өнімдеріне деген ынта-ықылас бүкіл әлем бойынша артып келеді. Осы уақытқа дейін жылқы етін жеп көрмеген кейбір елдер енді оны өздерінің ас мәзіріне кірістірді. Еуропа халықтарының кейбірі қымыздың адам денсаулығына аса пайдалы екендігін сезініп, оны дайындаудың технологиясын меңгеруге ұмтылып отыр. Соның жарқын бір мысалы Германия, Израиль елдерінің кейбір азаматтары қымыз өндіруді өздері ойлап шығарған технология ретінде патенттеп алып та қойған секілді. Оның үстіне жуықта ғана Интернетте бір компанияның Еуропаны қымызбен қамтуды жоспарлап отырғандығы белгілі болды.
Ал жылқыны өсіру мен оның өнімдерін бабына келтіріп дайындау және пайдалану – атам қазақтың ежелгі ісі. Еліміз өз тәуелсіздігіне ие болып, нарықтық қатынасқа көшкеннен бері жылқы өсіруге деген ынта-ықылас барынша күшейе түсіп отыр. Себебі, жылқы етінің бағасы ішкі рыногымызда жылдан-жылға шарықтай түсуде. Сондықтан жылқы өсіру біздің халқымызға ежелден мәлім десек те, бұл мәселенің кейбір қырлары туралы газет оқырмандарына баяндай кеткенді жөн көрдік.
Әлемде жылқының ұсақ та, ірі де түрлері кездеседі. Жалпы алғанда, оның бойы 50 сантиметрден бастап 185 сантиметрлік аралықты қамтиды. Ал салмағы 60 килодан бастап 1 мың килоға дейін жетеді. Өзінің есту қабілетінің ерекше дамуына, адамға деген жақындығына және есте сақтау қабілетінің жоғары болуына байланысты жылқы малы үйретіп, мінуге және түрлі жағдайларға жаттықтыруға жедел көндігеді.
Жылқы етінің адам денсаулығы үшін пайдалы жақтары көп. Оның етінде май аз кездеседі. Ал жылқы сүтінен дайындалатын қымызда қант аз да, сүт қышқылы, спирт, әртүрлі қош иісті заттар мол. Осыған байланысты қымыз адам тәбетін ашып, асқазан мен бауырдың жұмысын жақсартады. Оны көптеген аурулар үшін ем ретінде пайдалануға болады.
Жылқының 200-ден астам түрі бар. Сондықтан жылқыны ұстамас бұрын оны не үшін өсіретіндігіңізді біліп алғаныңыз жөн. Егер сіз оны сапалы еті мен сүті үшін өсіретін болсаңыз онда қазақ, көшім, ресейлік, мұғалжарлық жылқы тұқымдарына назар қойғаныңыз жөн. Сонымен қатар, жылқыны өсіретін өңіріңіздің табиғи климаттық жағдайын да ескеріп, соған сәйкес тұқым таңдағаныңыз абзал.
Жылқы жыл он екі ай бойы жайылыста болатындықтан көп күтім мен бапты қажет етпейді. Дегенмен, қысқы уақытта аяздың күшейген кезінде оны қораға кіргізген жөн болады. Қораны ағаштан жасаған жөн. Ағаштан салынған қора жылуды жақсы сақтайды және құрғақ болады. Қораның ішін ұстайтын жылқы санына байланысты бірнеше бөліктерге бөлгеннің артықтығы жоқ. Себебі, жылқы тебінгіш келеді. Қора ішінде тебінген жағдайда буаз биелер іш тастауы мүмкін. Ал едені қатты заттан болғаны жөн. Бірақ буаз биелердің астына жұмсақ сабан мен сағдар төсеген жөн. Әрбір жылқының алдына шөп салатын орын лайықталады.
Жылқы тазалықты сүйетін мал. Сондықтан оның жататын орнын тазалап отырған жөн. Сондай-ақ, бір уақыт жылқы малының денесін де тазалап отырған дұрыс болады. Бұған киім тазалайтын щетканы пайдалануға болады.
Жылқы сұлымен, арпамен, басқа да азық-түлік қосылған жүгерімен, бұршақ тұқымдас шөптермен, сәбізбен, картоп және сүрлеммен, құрама жеммен азықтандырылады.
Жазғы уақыттарда жылқы өз қажетін жайылымдықтардан алады. Ол шалғынды шөпті сүйсініп жейді. Сонымен қатар, оған күніне бір рет тұз жалатуды да ұмытпау қажет. Жылқыны күніне үш рет суарған дұрыс.
Жылқы бір жарым жасында жыныстық тұрғыдан жетіледі. Бірақ көбінесе 3-3,5 жасынан бастап құлындай бастайды. Бие құлынды 11 айға тақау уақыт бойы көтереді. Әдетте, бір биеден бір құлын туады.
Құлын енесінің сүтін еміп жетіледі. Бие сүтін сауып, одан қымыз алатындығын жоғарыда айттық. Бір бие күніне 11-15 литр аралығында сүт береді. Кейбір биелерден күніне 25 литрге дейін сүт алуға болады. Мұндай сүтті мол беретін биелерді қымыз үшін пайдаланған орынды. Өйткені, ол өз сүтімен құлынын ғана азықтандырып қана қоймай, иесі үшін де әжептәуір пайда әкеле алады.
Жылқыны 2 жасынан бастап үйретіп, мініске және көлік ретінде пайдаланады.
Жылқыны 1,5 және 2 жасынан бастап сойып, етін тұтынуға болады. Бұл жастағы жылқының еті өте дәмді келеді және сапалық қасиеті де жоғары болады.
Жылқы 25-30 жылға дейін жасайды. Осы уақыт аралығында ол кемінде 14-15 жыл бойы шаруашылық үшін пайдаланылып, иесіне қызмет етеді. Жылқының осы қасиетін ата-бабамыз «жесең – ет, ішсең – қымыз, мінсең – көлік» деп жан-жақты бағалай білген. Осы қасиетінің арқасында жылқы қазіргі нарық заманында нағыз түлік төресіне айналып келеді.
Жылқы өнімдерін өткізу. Жылқы өсіруден пайдаға кенелу үшін ең алдымен оның өнімдерін өткізудің қалыптасқан рыногын зерттеп алу қажет. Жылқы өнімдерін өткізудің әртүрлі жолдары да бар. Оның еті мен қымызын базарларға апарып, топтап немесе бөлшектеп өткізуге болады. Немесе газет пен интернетке хабарлама берсеңіз тұтынушылар сізді өздері-ақ іздеп табуы әбден мүмкін. Ең дұрысы, сіздің өніміңізді тұрақты түрде пайдаланатын бір делдалды немесе сатушыны тауып алып, сонымен іс жүргізгеніңіз орынды болады.
Жылқы өсірудің шығындары. Бір жылқының рыноктағы бағасы 70 мың теңгеден бастап 150 мың теңге аралығында шарықтайды. Шөп, сұлы, арпа сатып алу үшін екі жылға орта есеппен 100 мың теңгедей қаржы жұмсалады. Сонда сіздің жұмсайтын жалпы шығыныңыз 170 мың теңгеден бастап, 250 мың теңгеге дейінгі аралықта болуы мүмкін.
Жылқы өсіруден алынатын кірістер. 1 килограмм жылқы еті базарларда 1800-2000 теңге аралығында. Бір жылқының сойыстық салмағы 250 килограмға дейін жетеді. Сонда сіз бір жылқы сатудың өзінен ғана кемінде 350 мың теңге, әйтпесе 450 мың теңге пайда қарата аласыз. Мұның сыртында қымыз өндіріп, қосымша табысқа кенелуіңізге болады.

Әзірлеген
Sungat A.Сұңғат Әліпбай,
«Егемен Қазақстан». 2013 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.