Боранбай бидің ат сынау үлгісі

12077

(XIX ғасыр)

Боранбай би Қабанбай батырға мінгізетін тұлпар іздеп өзінің замандасы атақты бай Бұланбайға хат жазып Үмбетай жырауды жіберді. Сондағы Боранбай айтқан жүйріктің сыны:

Ат болсын ат болғанда елден ерек,
Мүсін-сыны ерекше болсын бөлек.
Өзі айтып Үмбетайға хат жаздырды,
Тапсырды осындай ат тауып бер деп.

Биіктігі өзіңдей болсын,
Местігі өзімдей болсын.
Шапқанда екпінінен жел есіп,
Жүрісі Қазыбек бидің сөзіндей болсын.

Құлағы қамыстай болсын,
Еріні талыстай болсын.
Екі көзі ботаның көзіндей болсын,
Екі шекесінің арасы қарыстай болсын.

Қабағы бүркіттің қабағындай болсын,
Шықшыты бураның сағағындай болсын.
Жылқыңызда осындай бір тай бар шығар,
Мүсіні менің талабымдай болсын.

Жалы жібектей болсын,
Қасқа тісі күректей болсын,
Мойыны сұңғақ қаздай болсын,
Жігері бабына келген түлектей болсын.

Белдемесі қанатты болсын,
Жаясы жалпақ алапты болсын,
Бір көргендер үш көрерлік,
Ерекше сұлу жарақты болсын.

Сауыры құлындай болсын.
Кекілі балаға қойған тұлымдай болсын,
Егесте ердің серігі болар,
Өңі-түсі бірыңғай болсын.

Тұяғы жұмыр болсын,
Денесі шымыр болсын,
Қуғанды құтқармайтын,
Қайыспас тұғыр болсын.

Құйрығы төгіліп тұрсын,
Талданып сөгіліп тұрсын.
Самсаған қалың жорықта,
Мүсіні жұртқа көрініп тұрсын.

Тілерсегі төмен,
Екі бұты алшақ болсын,
Артынан қарағанда,
Алдыңғы төс сүйегі көрініп тұрсын.

Beken K.Бекен Қайратұлы, «Қазақтың атбегілік өнері» кітабынан

3 comments

  1. окырман 8 Наурыз, 2016 at 18:57 Ответить

    Араб, ағылшын қанды жылқыларына бет ауған кезде, біздің қазанаттар арасынан ат таңдап алу ұмытылып кетпесе жақсы болар еді

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.