Руслан НҰРБАЙ. «Әскер торы»

10356

(Тыл ардагері Тілеубек Баданұлынның балалық шағынан бір үзік сыр)

Байбалам шақ, батысыңды шоқ шалған,
Шоқпар ұстап, шомбал ұлдары аттанған…
Ана-бала, қарекетте қарттар жүр,
Ойлы үмітпен ошақ қалған, от қалған.

Солғын тартқан шалдарға соқа айдатқан,
Балғын шақта балаға от ойнатқан.
Ат айдатқан сол бала алтыда еді…
Сұм соғыс-ай, тақымы босай ма аттан?!

Ботақара, Ақбел мен Шешенқара,
Сарыарқадай сағымды, көшем-дала.
«Бекем қара!
Соғысқа жылқы аламыз!»
— деген жарлық шығады бөтен, дара.

Әке, көке соғысқа ұлдар кеткен…,
Содан бері айлар мен жылдар да өткен.
Жалын күзеп жіберген жануар-ай,
Шоқтығын самал сипап, қырлар да өскен.

Жоңғардың жойқынына шыдап берген,
Қалмақтың қырғынында құлақ керген.
Бір ат берген жомарттың жолы болып,
Жылқы мінсе жан-жағын жұмақ көрген.

Ат ойнатқан сол бала алтыда еді…,
Атойлатқан соғыстың салқын-лебі.
Бар жылқыны Ақтастың бекетінен,
Жарқын реңі жабығып, артып еді.

Талай тұлпар тиеліп тағы мұнда,
Тағы мұңда…
Көз жасы ағылуда.
Тақымдардан тыс кеткен топ жылқының,
Торы бие болатынын табынында.

Билеп тұрған бие-тін күш қашпаған,
Байталында бір-екі іш тастаған…
Үш басқарма; парторг, хатшы, бастық,
Торы биеге тоқталды ұстатпаған.

Торы бие, тұсаусыз вогонға артты,
Бедеуліктің көзінде ғалам жатты.
Артполктің арасы жайлым емес,
«ЛСА-12» таңбалап, «погон» тақты.

Tory bie1Ат ойнатқан сол бала алтыда екен,
«Бәрі де майдан үшін!», халқы-бекем.
Торы бие жер тарпып, түске кірсе,
Жақсылыққа жоритын салты ма екен?!

Әрбір түстің орыны, оры-кие…,
Бұл өмірдің бағы мен сорына ие.
Байғыз-түнде боз айғыр кісінесе,
Сен естиді дей ме екен торы бие!

Ай дүние-ай, бірер жыл дөңгеледің,
Өзіңді оққа айдаған елге көндің.
44-тің күзінде қырғынды өтіп,
Туған жерге, торы бие, сен де келдің.

Жершілім-ай, жігерін құм етпеген,
Азаттығын алысқа құл етпеген.
Тып-тыныш туған жерін аңсап, сүйіп,
Сезімі қара тер боп сүмектеген.

Туған жер!
Жүрек, бауыр, бүйрек те ерен,
Тектілікті тереңінен үйрет! — дер ем.
Жылқы мінген жандарға сый жетпеген,
Сарыжайлаудан санамада күй көктеген…

44!
Венгрия, Польша ма екен…
Атпен барған Атилла сонша мекен.
Әскерторы — арғымақ, ардагерім,
Жер жастанып жатқанда қанша көкем…

Тірі жанға — тіршілік, кім тынығар,
Жұртым ұғар жайлыған жылқыны бар.
Оң жамбаста соғыстың тыртығы бар…
Сол жағында жүректің сыртылы бар.

Жаныңның садақасы — малың дағы,
Арыңның садақасы — жаның дағы.
Отанын сатты деген озбыр сөзбен,
Ошағына жетпеді нар ұлдары…

Қалың елі қазақтың, қабырғалы,
Қабағының қатпары қалыңдады.
Тыныштықты тілеген тылдағы елде,
Хайуаннан шықпады «халық жауы».

Әскер торы санатқа кірген де жоқ,
Кірсе дағы жоспарға ілген де жоқ…
Ардаторы белгісіз қайда кетті,
Оны ешкім ешқашан білген де жоқ.

Тұлпар түйсік, тартылып далаға, айға,
Сырт елде сұлы берсең қарамайды, ә?..
Шет елге қашып кеткен аға қайда,
Шекара асып кеткен бала қайда?!

Не десем екен анау шала байға,
«Неге сен қайтпайсың?» деп қалам ойға…

Ruslan NurbaiРуслан Нұрбай, ақын. Қарағанды

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.