Ақан сері ҚОРАМСАҰЛЫ. Құлагер, шешең сұңқар, әкең тұлпар

24046

Торыны таңға байлап мінген қандай

Торыны таңға байлап мінген қандай!
Үкілеп, әсемдетіп жүрген қандай!
Тұсынан қызды ауылдың әнге салып,
Сыбанып ақ білекті түрген қандай?!
Сөз салып қалқажанға жеңгесінен,
Құрбымен сыпайы ойнап күлген қандай!
Ишарат әзілменен сөз қатысып,
Қыр-сырын жеңгесінен білген қандай!
Күнінде уәделі қалқажанның,
Сылантып сал торыға мінген қандай!
Ауылы қыз қалқаның қайда екен деп,
Жүгіртіп сайлау жермен желген қандай!
Бір сайға торышаны байлап тастап,
Тұсына ақбоз үйдің келген қандай!
Алаңдап алабұртып тұрғаныңда,
Алдыңнан қарсы шықса ақша маңдай.
Келдің бе ебін тауып, қалқашым, деп,
Боз үйге есік ашып енген қандай!
Жамылып екеу ара бір шапанды,
Айқасып тар төсекте жатқан қандай!
Сол жерде айтылмаған сыр қалмайды,
Мысалы әбдіре ашып ақтарғандай.
Ақырын үйден шығып таң алдында,
Баяғы сайдағы атты тапқан қандай!
Ойласаң бұл дүниеде не қызық бар,
Қасынан қалқажанның аттанғандай?
Торыны жүгіртесің көңілің тасып,
Өлтіріп бай көпесті ақша алғандай.
Аулыңа өлеңдетіп сен қайтасың,
Бәйгеден атың келіп шаттанғандай…

Маңмаңгер
(Әні бар)

Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда,
Байлаған сені сылап қалқатай да.
Жүрісің желмаядай, жануарым,
Көрейін қызығыңды осындайда.

Қайырмасы:

Ахау, жігіт ері,
Дерсің мені.
Деп салған
Маңмаңгерге
Ақан сері.

Маңмаңгер ән қосайын жүрісіңе,
Дер екен қалқа қалай келісіме.
Сыдыртып Маңмаңгермен келе жатып,
Осындай ән құйылып түсті есіме.

Қайырмасы:

Маңмаңгер кекілің келте, жалың майда,
Бал татыр қант қосқанда қағаз шайға.
Кісіден анау-мынау жалтару жоқ,
Ақ көйлек, дүрия бешпент сәулем қайда?

Қайырмасы:

Құлагер

Жел соқса қамыс басы майда деймін,
Атыңды, ат айдаушы, айда деймін.
Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды,
Жығылмаса, Құлагер қайда деймін?!

Түбінде дәйекшінің тұрдым тосып,
Алушы едім бәйгеңді талай қосып.
Отыз ат уәделі өтіп кетті,
Сол жерде тұра алмадым денем шошып.

Міндім де Сарыалама тұра шаптым,
Бәйгі алам деп бұл істен залал таптым.
Намазшам, намаздыгер арасында,
Баланы жылап жатқан әзер таптым.

Құлагер, айналайын шабысыңнан,
Атағың елге шыққан дабысыңнан.
Біліп ем өлеріңді. Құлагерім,
Шыңғырған түсімдегі дауысыңнан.

Құлагер, шешең сұңқар, әкең тұлпар,
Соғып ең дөненіңде сегіз арқар.
Сен өлсең орның басар Көкбесті бар,
Болады Құдай қосса о да тұлпар.

Құлагер, жаз жайладым, күз жайладым,
Тұсына қызды ауылдың көп байладым.
Өлді деп Құлагерді естігенде,
Бір тұрып, бір отырып ой ойладым.

Құлагер, құлыныңнан керім едің,
Нағашым сұрағанда беріп еді.
Жылқымды Жылашыққа айдағанда,
Бір сыншы көзің шыққыр, көріп еді.

Құлагер, топтан озған жүйрігім-ай,
Жарасар келте жібек құйрығың-ай.
Түбіне Ерейменнің айдап келіп,
Құдайдың қарай қойшы бұйрығын-ай.

Тұлпардың аунағаны туған жерің,
Биеден туа бермес сендей құлын.
Жүз қой мен он төрт құр ат, төрт тайтұяқ,
Бір жолда әперіп ең ердің құнын.

Шынымен өлгенің бе, Құлагерім,
Салбырап саптаяқтай төменгі ернің.
Баспа-бас қызға бермес жануарым,
Басылмас бір шырқамай менің шерім.

Құлагер, нұрың қандай, даңқың қандай,
Тұрушы ең тоғыз шелек суға қанбай.
Бәйгеге жүз шақырым айдағанда,
Жүруші ем ауыздықпен тоқтата алмай.

Құлагер, жерді жарған дабысың-ай,
Өлгенше бұзылмаған шабысың-ай.
Өлімің адамзатпен бірдей болды,
Кетті ғой қалың елге дабысың-ай.

Адамзат даңқыңды естіп қайран қалған,
Атағың Орта жүзге мағұлымданған.
Құлагер, мен қайтейін қайғыланбай,
Шырқатып пластенка әнге салған.

Құлагер, құлыныңнан жайлатқаным,
Басыңа ноқта-жүген сайлатқаным.
Тартыншақ жаман әдет қыла ма деп,
Артыңнан бір балаға айдатқамын.

Құлагер, айналайын, тұлпарым-ай,
Бір көрмей тұра алмаймын, сұңқарым-ай.
Даңқыңа бүкіл адам ғашық болып,
Бір көрсек деп тұратын, іңкәрім-ай.

Қапыда өліп кеттің, жануарым,
Жібектей күлтеленген құйрық, жалың.
Өлді деп, жануарым, естігенде,
Шықпады уақыт жетпей шыбын жаным.

Құлагер, саған келген оқыс өлім,
Толғантып наз айтады Ақан серің.
Сібірден егіз дуан қоймай озған,
Қой мойын, қоян жақты, сандал керім.

Күйдірдім отқа салып ашудасты,
Не көрмек әлі де болса басым жас-ты.
Тұсында ешбір жүйрік оза алмаған,
Күйігі Құлагердің басылмас-ты.

Құлагер, сені өлгенше міне алмадым,
Өлгенше сайран етіп жүре алмадым.
Өлді деп Құлагерді естігенде,
Ойбайлап орынымнан тұра алмадым.

Бағаңа ділдә беріп алдым сатып,
Ойнатып қызығыңа жүрдім батып.
Бәйгеден жалғыз дара алда келіп,
Жүріп ем, бар хылықты таңырқатып.

Аузыңа қос ауыздық салып едім,
Сені алып ел шетіне барып едім.
Бір жолы бәйгесіне Құлагердің,
Он жылқы, екі жамбы алып едім.

Қолымда ақ қағаз бен қалам, сия,
Кетуші ем сен барыңда елден қия.
Артыңнан тағы шығар бір аягөз,
Көзімнің шүкір қылдым жасын тыйя.

Сұрасаң менің атым Ақан серің,
Хазірет Ғали Дүлдүлі тұлпар керім.
Дүниеде оған жетер ат бер ма еді,
Өлді ғой мен қайтейін Құлагерім?!

Ауылым жер төресі сылқым белде,
Жүруші ем сайран салып, жүйткіп төрде.
«Барма өзің, дұшпаның көп» деп еді ғой,
Көрінем қалай ғана үлкендерге?

Ауылым Сырымбеттің жел жағында,
Кездесті ауыр қайғы дер шағымда.
«Жер шалғай, атсыз бар» деп қақсап еді-ау,
Не дермін Құлагерсіз ел алдында?..

Сенемін ағайынның бірлігіне,
Әр үйдің құт тілеймін түндігіне.
«Мал бітер басы есенге» деген сөз бар,
Өзімнің тәуба қылдым тірлігіме.

Ор болып қалушы еді шапқан жерің,
Шаттанып тұрушы еді қосқан елің.
Атығай, Қарауылға олжа салған,
Бота тірсек, қыл сағақ, сандал керім.

Әркімнің Тәңірім берген несібесін,
Құлагерді өлтіргендей алдым несін?
Қас қылған жануарым Құлагерге,
Жауызға, бар тілегім, өлім берсін!

Akhan seriАқан сері Қорамсаұлы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.