Көнек — көнеден қалған жәдігер

14343

Халқымыз бұрындары бие сауарда теріден жасалған көнек ыдысын істеткен. Кейін келе заманның ағымына қарай бұл ыдыс ағаштан басқа да материалдан істеліп шелек аталып кетті. Бүгін біз оқырмандарымызға әжелерімізбен апаларымыз істеткен көнек ыдысы жайлы тоқталмақпыз.

Көнек – шикі теріден жасалған бие сауатын ыдыс, онымен бие сауғанда бауын білекке іліп алып, түбін тізеге тірей сауады. Көнек жеңіл, әрі металл ыдыстар сияқты даңғырлап дыбыс шығармайды. Қазақта«Көнектен шошыған бие оңбас, көптен бөлінген үй оңбас» деген сөз бар. Сол себепті, көнекке сауғанда мал мазасызданбай жақсы иіп, сүтті мол береді.

konek

Көнекті көбінесе жылқының жон терісінен және түйенің мойнағынан бітеу сою арқылы жасайды. Ол үшін жас терісін түгінен арылтып, мойнақтың кең жағын түптеп тарамыспен тігеді де, бір бүйірінен теріден шүмек бекітеді. Көнектің ауыз жағына жас тобылғыдан иіп шеңбер салып, оны сыртына қарай терімен көмкереді. Содан соң көнектің ішіне құм толтырып, жас тері көлеңкеде әбден кеуіп, көнге айналған соң ішіндегі құмды төгіп тастайды. Тері кепкенде мүйіз сызғышпен батыра өрнек салады. Іші-сыртына тұздалмаған жылқы майын сіңіре жағады да, тобылғы, арша тәрізді ағаштардың жас бұтақтарын жалындатпай бықсытып жағып, түтініне ыдыстың аузын төңкере іліп, бірнеше сағат ыстайды. Ыс сіңген соң тері қызыл қоңыр түске еніп, әрлене түседі, әрі құйылған астың иісі мұрныңды жарып бабына келеді.

Көнектің екі бүйірінен (ауыз жағына таяу) металл шығырықтар орнатылады да, оған қайыстан өрілген бау тығылады. Жақсы ысталған көнекке бір-екі күн ашыған айран құйып, шикі дәмін кетірген соң пайдалана беруге болады. Теріден жасалған ыдыстар өңезденіп, көгеріп кетпеуі үшін айына бір не екі рет майлап, ыстап отырған жөн.

namys.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.