17 мың жылқы біткен Сапақ бай

12002

…Өткен ғасырдың басы. Колхоздың қара жұмысынан қажыған бір топ қара шаруа өткеннен әңгіме тыңдап отыр. Соқаға жеккен өгіздің мимырт аяңы жалықтырып, жүрісі желдей ескен жылқыны аңсаған ақсақал сөз бастайды.

         – Естулерің бар да шығар. Осы өңір Арқаға әйгілі Сапақ байдың жері. Жеті атасынан байлық арылмаған тұқым еді. Сапақтың тұсында тек жылқысының өзі он жеті мыңнан асып, малы мына Нұраның бойына сыймай кетті.  Қыс қатты жылдары жылқысын сонау Шуға дейін қыстатып қайтатын. Дәуірледі ғой Сапақ бай. Көңілі қалағанын орындатып тұрды. Қырық жетісін матап беріп, тоқалдан соң тоқал алды. Есесіне ұрпағы да аз болған жоқ. Әрқайсысы бір-бір ауыл. Той-думаны үзілмей шалқып жатқаны күні кеше ғана еді.

    Сапақтың қызыққан дүниесіне қолы жеткенше малын аямайтын шашпа әдеті бар. Мақтансүйгіш кісі ғой. Сол сырын білетін бір қу оған сырт сұлулығы болмаса, алып бара жатқан жүйріктігі жоқ бір атты мақтап-мақтап жүз жылқыға айырбастап кетіпті. Сапекең сол атты  «Ақмоншақ» деп атандырып,  аламан шабысқа салмай-ақ  ел арасына «Ақмоншақ лақпа жүйрік екен» деген дақпырт таратып қойып, мақтан үшін мініп жүретін еді. Еріккенде маңайындағы мешкейлерді жинап, әрқайсысына тұтас бір қойдың құйрық майын шикідей жегізіп қарқ-қарқ күліп жататыны тағы бар.

    Құдайдың құдіретіне қараңыз, сол Сапақ қартайғанда тақыр кедейшілікпен күн өткізді. Қанша діндар арнайы келіп шариғат айтқанда дінге мойын бұрмаған кісі еді. “Мал бір жұттық” деген. Зекетке берер ұсақ жандығын қимай жүргенінде  бір қыстың қатты боранында ығып барып, бар малы сорға түсіп қырылды. Сапақ жалғыз-ақ күнде жүген ұстап қалды. Сонда бір апта соққан боран ашылғанда мыңғырған малынан тірі табылғаны баяғы “Ақмоншақ” ат қана екен. Оның өзі көктем шыға жамандатып өлді.

     Содан кейін-ақ, Сапақтың басынан бақ тайды. Сапақтың өзі кедейліктің тақсіретін татып өтті. Ақар-шақар болып жататын қалың әулеті аз уақытта тоз-тоз болды. Енді міне арада өткен жиырма шақты жылда мыңды айдаған Сапақ бай бұл өңірде мүлде болмаған сияқты. Жастайымнан асаудың құлағында ойнаған менің өзім осы жасымда өгіз жетелеп, өлмес күн кешемін деп ойлаппын ба? Еске түскен соң, жастардың құлағында жүрсін деп айтып жатқан ғой менікі.  Сол Сапақ байдың бел баласы міне отыр. Өтірік болса өзі айтсын, – дегенінде жұрттың бәрі үнемі қос басындағы қазан-ошақ маңайынан ұзамайтын  жүдеу өңді, жұтаң киімді мосқал кісіге жаңа көргендей аңтарыла қарап қалыпты. Сапақ байдың ұрпағында не жазық. Таңданған көздерден жанарын тайсақтатып, ақсақалға өкпелі жүзбен тұқырайып төмен қарап отыра берді…

         Қайырсыз дүниенің біз оқыған бір мысалы осы еді. Біздікі де сол, жадыңызда жүрсін деген ғой…

Tolegen ZhakitaiТөлеген Жәкітайұлы,
namys.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.