Қымыз өндірушілерге мемлекеттік тұрғыдан көмек керек

5921

Таяуда еліміздің бас газеті, қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Егемен Қазақстан» халқымыздың киелі асы – қымыз туралы екі үлкен мақала жариялады. Алдымен, үстіміздегі жылдың 27 қаңтарында берілген «Қымыз өндіруде жетістік қандай, кедергі неде?», деген проблемалық әңгіме туралы болмақ. Әңгімені жүргізген газет қызметкері, белгілі журналист Сүлеймен Мәмет. Ал, қымыз өндіру проблемасын көтеріп отырған заң ғылымдарының докторы, зейнеткерлікке шыққан соң өз еркімен тағы бір бейнеткер шаруаны тауып алған профессор Бекет Тұрғараев екен.
Әңгіме аяқталар тұста Бекет мырза мынандай дәлелді цифр­лар келтіреді. «Ғалымдардың зерттеуінше, мұнай өндіруге жұмсалған 1 доллар 7 доллар пайда әкелсе, қымызға кеткен бір доллар 25 доллар табыс түсіреді екен».
Мамандығым журналист болса да, мен табаны күректей 35 жыл бойы бие сауумен айналысып келе жатырмын. Осы жылдар қысы-жазы күбімнен қымыз үзіліп көрген жоқ. Әрине, өзімнен артылғанын сатып, биенің жем-шөбін айырамын. Биемен алысып, шаршаған сәтімде хакім Абайдың «Осы қымыз қазаққа» деген өлеңін бір қайталап оқып қоямын. Ұлы Абай осыдан бір жарым ғасыр бұрын, алды бес мыңнан жылқы айдап, қымызды көл қылып ағызған заманда бір аяқ қымыздың екі аяқ желігіне мас болған қазаққа:
«Осы қымыз қазаққа,
мақтаның ба, асың ба.
Қымызды басар артынан.
Ет даяр ма қасыңда», деп ой сала толғанды. Рас, Абай заманында жылқылы елдің жауы көп. Барымта-сырымтаның бәрі «ысқырса желдікі, айдаса жаудікі» жылқының кесірінен болды. Елдің тыныштығы мен береке-бірлігін ойлаған хакім Абай желікшіл қазаққа:
«Жуасты мін де айран іш.
Ойсыздарға қосылма», деді. Себеп, оған тағы хакім бабамыздың өзі жауап береді.
«Жылқыны аңдып ұры жүр,
Әр төбенің тасында.
Ұры зәлім қуларға,
нысанаға шаншылма». Сонымен, Абай заманынан бері бір жарым ғасыр уақыт өтті. «Күпі киген кемеңгер өзің ғана. Макентожды миғұла жетіп жатыр», деп Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, кемеңгер Абай атамыз жоқ болғанымен, ұры, зәлім, қулар жетеді. Абай заманының ұры-зәлімдерінің көлігі тек ат қана болса, бүгінгі заманның ұры-зәлімдері техникалық прогрестің не ғажайыптарымен жарақтанған. Қазір үйірімен жылқысынан айырылып, ноқтасын қолына ұстап, жер сипап қалған ауылдар Қазақ елінің түкпір-түкпірінде жетеді. Мұндай жағдай өз басымнан да сан мәрте өтті. Ертеде шешелеріміз қасқырдың атын атауға қорқып «ит-құс» деуші еді. Бізде аты шулы көкжал ұрылардың атын атауға қорқамыз.
Ал енді жоғарыдағы Бекет Тұрғараев мырзаның «қымызға кеткен 1 доллар 25 доллар табыс әкеледі» деген пікіріне тоқталар болсақ, бір долларыңыз біздің ақшамен 350 теңге. Бұған бір литр түгіл бір кесе қымыз өндіре алмайсыз. «Сиырдың сүті – тілінде», демекші, биенің сүті тілімен қоса асқазанында. Бие жем-шөпті сиырдан екі есе көп жейді. Бұл ретте Бекет мырзаның «бие – комбайн» деген теңеуі өте дұрыс. Жем-шөпке бөгіп тұрмаған бие сауғызғанды қойып, емшегін ұстатпайды. Зорлап саумақ болсаң, сүтін ішіне тартып бедірейіп тұрып алады. Заты жылқы мінезі кіді мал. Өзінен мысы басым адамға ғана не өзі жақсы көргенге ғана мекіреніп жібиді. Жалпы, атамыз қазақ биені қыста өте сирек сауған. Сол себептен де «қысқы қымыз» деп езілген қойдың құртын айтқан. Қазір қой сауу әлдеқашан ұмытылған. Біздің құрт деп малданып жүргеніміз сиырдың сеператорға тартылып май мен маңыздан жұрдай болған көк сүтінен жасалған тас құрттар. Оның тісті құртқаннан басқа пайдасы шамалы.
Негізі, өмірі аттың жалында, түйенің қомында өскен қазақ тәжірибесінен артық ештеңе жоқ. Атамыз қазақ биені жасыл желек толысқан маусым айынан бас­тап сауып, шөп сарғайған күз басы қыркүйекте құлынды ағытып, желісін жинаған. Міне, осы үш ай ішінде ішілген қымыз нағыз дертке – дауа, жанға – шипа. Алты ай қыстың суығынан байланған барлық дерттен үш айғы биебау айықтырып отырған. Қазақтың жыл сайынғы шипажайы да осы болған. Бекет мырза аталған әңгімесінің тағы бір жерінде «Ал жеке «батыр» болып шапқылап жүрген шаруалар не бітіре қойсын», депті. Бұл біз секілді көзсіз қазақтарға айтылған орынды сыни сөз. Мәселен, арақ сататын саудагерлер бас-аяғы 4-5 жылдың ішінде ғана шаруасын дөңгелетіп шыға келеді. Егер, кәсібін он жыл үзбей жалғастырса, екі қабатты үйлерге, шетелдің қымбат көліктеріне қос-қостан ие болып шыға келеді. Кеңес өкіметінің кезінде автодүкендер таудағы шопандарды жиі аралайтын. Әсіресе, жазғы жайлау кезінде шопандар ауылынан автодүкендер үзілмейтін. Ол заманда да ең өтімді тауар – арақ. Шопандарының бәрі удай мас болып қалғанын көрген бір совхоздың директоры ауданның басшыларына «анау авталовка у сеуіп кетті-ау», деп зар жылапты. Сол директор айтқандай, өзінің пайдасы үшін өзгеге у себетіндер әлі де көп. Өкінішке қарай, арақ бүгінде өтімді тауар болып тұрғанын қайтерсіз.
Аға газетіміздегі қымыз жайлы екінші әңгіме 2 ақпанда қозғалыпты. Бұл жолы Қайрат Әбділдиновтың «Құрғақ қымыз» деген мақаласы жарияланыпты. Алыстағы Германияның Баден-Вюртемберг қаласында Ганс Цольман деген неміс бие сауып, қымыз ашытады екен. Бие сүтін құрғатып, одан ұнтақ алатын көрінеді. Қымыз ұнтағын біздің ғалымдар бұрын ойлап тапқан. Құрғақ сүт алу жолын ертеде қазақтар да меңгерген көрінеді. Серкенің терісін жүнінен арылтып, оны қажетті мөлшерде тіліп, сүтке салып баяу отқа ұзақ қайнатады екен. Содан әлгі сүт сіңген теріні көлеңкеде кептіріп алып, кебежеде сақтаған. Қажетті кезде қайнаған суға сала қойса сүт дайын. Бұл жайында марқұм Ақселеу Сейдімбек майын тамыза жазған еді.
Қазақ жаралғалы жылқымен бірге жасасып келеді. Қымызды қазақтан бұрын ішкен халық кемде-кем шығар. Бірақ, пісіруге көн­бейтін бие сүтінен құрғақ қымыз аламын деп әуреленбеген. Қымыз­дың сақталу мерзімі өте қысқа. Ұзағанда, бес-ақ күн. Қазақтың бесті қымыз деп таңдай қағуы сон­дық­тан болар. Осыдан біраз жыл бұ­рындары бір ғалымдар қымызды алты ай сақтаудың жолын тауыпты-мыс деп даурығысып еді. Оның өн­діріске кірген-кірмегенін білмей­мін. Құнан қымыз, дөнен қымыз деген­дердің өзінен бір шара тартып жі­берсең басың дың ете түседі. Ал бес­ті қымыз арақтай болмаса да шара­быңнан кем емес. Және қымыз де­геніңіз – арақ-шараптай буынды ал­майды. Бойды балқытып, қан­ды қыздыртады. Сондықтан болар, қымызға кеңірдектеп алған жыл­қы­шылар аттан құламақ түгілі, теңсел­мейді де. Ертеден қара кешке дейін жылқы соңынан шаршап-шалдықпай жүре береді. Құдайға шүкір, әлі де даласы кең, жылқысы жетерлік қазаққа қымызды құрғатып не керек, табиғи таза күйінде ішкенге не жетсін! Құрғақ қымызды немістерге беріп, жас қымызды өзіміз іше берейік.
Қазақтың жылқы үшін талай жаугершілікті көргеніне куә болған хакім Абай қазаққа жаны ашып: «Қойныңда ақша, қолда қой, күзетке оңай шошынба?», деді. Абайдың заманында қазақтың қазіргідей жеке мемлекеті де болмады. Ол кезде ұры, зәлім, қулардың қарапайым халыққа күш бермей кететіні де шындық еді. Ал қазіргідей әлемдегі ең үздік 30 елдің қатарына кіреміз деп жүрген қуатты мемлекетіміз барда бүгінгі заманның қуларына халықтың азын-аулақ жылқысын барымталатып қоюға Президентіміз жол бере қоймас. Дегенмен де, бүгінгі заманның қымыз өндірушілеріне мемлекеттік тұрғыдан үлкен көмек керек. Алдымен, төрт аяғынан тең басып жүріп кету үшін тиісті қаржы қажет. Алыпсатарға да кәсіпкер деп қараймыз. Алдымен, шынайы өнім өндірушімен бір бағаны онға, тіпті, жиырма есеге дейін көтеріп жүрген жалған кәсіпкерлердің ара-жігін айыру қажет. Көршілес алып ел Қытай кәсіпкерлерге жағдай жасау арқылы бір жарым миллиард халықты қамтамасыз етіп отыр. Тіпті, кейде бізге сататынын қайтерсіз. Бізге алып көршіден үйрену қажет. Әйтпесе, ұлы ақынымыз Абай данамыздың «Осы қымыз қазаққа» деген өлеңіндегі осыдан бір жарым ғасыр бұрынғы проблеманың әлі де алдан шығып, етектен тартып отырғаны жалған емес. Алдымен, бие сауатындарға жағдай жасау керек. «Алаған қолым береген», дегендей, содан соң олардан сапырып ішер сары қымыз сұрау қажет.

Мейрам ОРАЛОВ,
журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы,
Ақсуат ауылы

«Егемен Қазақстан» газеті (Тақырып өзгертілді)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.