Ат үстінде үзілген ғұмыр немесе Күңгейбайдың сұр жорғасы

8647

Қос жолаушы

Көктемнің мизам шуағы жадырағын бір күні: қос салт атты сыбай-сылаң жүріспен өзенді бетке алып ылдилап келе жатты. Ши барқыттан тігілген көнетоз қоңыр шапанды егделеу жолаушы оң қапталында қанаттас келе жатқан қу томарға қонған қаршығадай атқа отырысы мығым, үшкіл көз, терең қабақ жасымыс жігіт ағасына жаймен бұрылып:

— Ей, Күңгейбай сенің жылқыларың екі күн бұрын Көктастың өткелінен су ішіп, Қызбелге қарай қайқайғанын ана төбенің үстінде тұрып көрдім. Әлгі жортуылшы Жантық тамырың берген сушыл алаяқ атың үйірден бөлініп қалған ба, жылқының ішінде болмады.

— Алақыстай үйірлескен мал қалай бөлініп қалады? – деді, таңданысын жасара алмаған Күңгейбай. – Кешеден бері өзен тасып жатыр алаяқ атты аралда қамалған жылқыларын шығарып алу үшін біреулер ұстап отырған шығар солай емес пе, Қыдырхан құда! Көпті көрген кәрі құдасы мырс етіп күлді де:

— Сенің құйрық-қанатың алаяқты ұстап мінетіндей жүрек жұтқан кім бар дейсің?. Бұл сөзді естіген Күңгейбай болымсыз езу тартты. Жолдасын көз қиығымен бағып келе жатқан Қыдырхан ақсақал сәл жымиып, көңілі тасып риза болғанда Күңгейбайға айтатын сөзі «ай, залым-ай» деді де, астындағы атына қамшы басып жортақылатып ілгері озды.

Қыдырхан қария арғы-бергі тарихтан хабардар көзі қарақты адам. Әсіресе, жүйрік сынына жетік, өзі оташы, жылқы ауруларын емдейтін өнері де бар. Бес жыл бұрын қысы-жазы байлауда тұратын  Әбзәли молданың жүйрік күреңі қар-суы аралас жусанның топырақты түбірін жеп қойып, қартасына құмқата байланып шоңқиып отырып қалғанда, осы Қыдырхан шал Бақылықтың тауынан арша алдырып, күреңді қайнатылған аршаның суымен үш күн суарып, белін жазып, сауырын көтерген сәтте тік ішегіне суырдың сұйық майын жіберіп, байланған қатасын түсіргенін Күңгейбай өз көзімен көрген еді. Содан бері атқұмар азамат қариядан бір елі қалмай атбегілік құмарын үстемелеу үстінде-тін…

****

kungeibai

Күнгейбай Ташабайұлы

Қос жолаушы Қобда өзенінің шеткі айырығына жетіп, аздап ат шалдырды. Биыл көктем ерте шыққандықтан болар өзен жиектеген жасыл майса қой жұларлықтай көктепті. Қыдырхан қария шапанын шешіп, жеңілдеп алды да, дәреттеніп намазын оқыған соң:

— Ей, залым, атқа отырайық! Биыл су қатты тасыған екен, орта өткелден өте алмасымыз хақ. Жоғарғы айырыққа барайық, — деп, орнынан тұрды. Жолаушылар жоғарыдағы екі айырықтың бергі жіңішке суынан  өтіп, келесі  кең өткелдің тасты жиегіне жете бергені сол еді, арғы жағадан бір үйір жылқыны біреулер қиқаулап қуалап лекітіп әкеп суға түсірді. Жоқ іздеген қос жолаушы қарсы алдынан шыға келген үйірлі жылқыны көріп, тізгін тартып  бергі жағада күтіп тұрды.

Дене тұрқы добалдау қою жалды құла айғыр бастаған үйір тай-құлындарын ағыстың өр жағына ығыстырып, іріктелген сақа жылқылар оларды қорғай ағынға қарсы тізбектеліп өзенге түсті. Тасыған судың күрілі мен тасқынды жарып күрс-күрс аршындаған жылқының дүбірін қызықтап тұрған  қос жолаушының көзіне үйірдің соңында асау толқынды қақ жарып жүзіп келе жатқан сұр тай оттай басылды.

Керемет көрініс! Ағыны атан түйені шайқайтын асау толқынмен сұр тай балықтай ойнайды кеп! Тіпті тасқынмен арпалысқан үйірді елең қылар емес. Өзімен өзі. Жалпақ судың ағыны баяу дәл ортасына келген сұр тай құндыздай сырғып жүзіп келе жатты да, мойынын созып жіберіп, судың ішінде ақбалықтай аунады. Тайдың мына қылығына жолаушылардың есі кетіп қарап қапты. Жануардың әлі толыспаған майдасұлу сауырынан сырғыған толқындар сылқ-сылқ күліп, ойнақши аунап, таңғы қылаңда шашыраған күн сәулесіндей әп-сәтте ағынға сіңіп ғайып болуда. Су бетінде қалқыған сұр тай жағаға жақындады. Ол үйір өтіп шыққан жайдақ өткелдің аузына соқпай төментіндегі тік қабаққа тұмсығын тіреп аз-кем аялдады да, секіріп жағаға шықты. Түгі жұмсақ қоян құлағын алмакезек қайшылап, кеңсірігін көтеріп, кең танауын делдитіп алды да, тұлабойы дүркіреп сілкінді. Одан кейін таң-сәріде оянған бозторғайдың үніндей шырылдай кісінеп, жылқының соңынан жеп-жеңіл лыпып шауып кетті.

Мұндай кереметке алғаш рет куә болған Қыдырхан қария атының басын кері бұрып сұр тай кеткен жаққа ұмсынды да қалды. Сәлден соң есін жиып қасындағы серігі Күңгейбайға қараса ол да сұр тайдың соңынан көзі жасаурап телміріп тұр екен. Қыдырхан қария Күңгейбайға бір қарап, ұзап бара жатқан сұр тайға бір қарап… бар айтқаны: «Ай, залым-ай, сен де біліп қойдың ба?» болды.

Сұр тайдың саудасы

Сол күні жолаушылар алаяқ атты Әбілқайырдың ауылынан тауып алып, үйлеріне қайтты. Ел сушыл атты аралдан жылқы шығару үшін үйірден ұстап қалған екен. Бірақ,  Күңгейбайдың көз алдынан сұр тайдың сұлбасы кетпей қойды. Жатса-тұрса ойлайтыны сол тай.

Кешікпей өткендегі жылқының ізімен үйірді іздеді. Үйір өзеннің арғы бетін мекендейтін ұранқайлардікі екен. Тез тапты. Жылқышыдан, «Мына сұр тай кімдікі?» деп сұрады. Жылқышының сөзінен түсінгені: сұр тай Додыға деген адамдікі, ол кісі төңкеріске дейін лама болған, қазір шағын дәулеті бар қарапайым малшы әрі жүйрік баптайтын атбегі.

Күкең сол екпінмен Додығаны іздеп кетті. Оның ауылы өзеннің арғы жағында жақын маңда екен. Аман-сәлемнен соң жайланып жөн сұрасты. Аты Алтай-Қобдаға әйгілі жортуылшы Күңгейбайды Додыға да сырттай таниды екен, ол күміспен көмкеріп, асыл тасты оймалай қашап жасаған насыбай шақшасын қонағына ұсына отырып:

— Өзінен атағы бұрын жүретін атбегі Күңгейбай сен болдың ғой, жасың неше де шырағым? — деп, сауал тастады. Додығаның нені білгісі келгеніне Күкеңнің анық көзі жетпесе де шынын айтты.

— Туған жерім Алтай беті. Күңгейті текшесінде туыппын, жылым – жылқы, жасым – қырық бесте. Додыға қолындағы лама кезінен қалған тәсбісін бір-бірлеп айналдырып есептеп көрді де: – Жаңаша есеппен 1895 жылы туған екенсің, — деп бір қайырды. – Рас жасың қырық бесте екен… Шәй ішілді. Дәм қайырған соң Додыға:

— Ал, Күңгейбай бұйымтайыңды айт! – деді. Күкең ойланып жатпастан:

— Ана жылқы ішінде жүрген сұр тайыңды маған сат!

Додыға селк етіп басын көтерді. «Жоқ» — деді: — Бұл тай  атақты бурыл айғырдың тұқымы. Енді Күңгейбай селк етті. – Рас айтасыз ба? Додыға жөптегендей басын изеді.

Бурыл айғыр  жайлы Күңгейбайдың да естігені бар. Жортуылшы досы Жантық сонау хақас-тыбадан ат алдырып, ұшқан қаздың қанаты талатын Хөленбұйырдан жылқы қудырып, мына жағы Қарашардан жорға айдатқан жойдасыз ер еді. Бурыл айғыр осы Жантықтың жылқысы-тын. Болды бітті. Сұр тайдан айырылмау керек… Күкең, «сат та, саттың» астына алып, жатып кеп жабысты. Ақыры Додыға ел-жұртымен ақылдасып ертең жауабын беретін болып келісті.

Күңгейбай кеткен соң барлық ұранқай бір үйге жиналып, ақылдасты. Сұр тайға Күңгейбайдың көзі түсті. Бұл берсе қолдан, бермесе жолдан алатын адам, енді не істейміз?! Амал біреу. Әуелі, оның атақты сушыл алаяқ атын сұрайық, оған қоса төрт кесек ақ киіз  және бір ат ауыздығына байласын деген шешімге тоқтайды. Бұндай қымбат бағаға бір тайды Күңгейбай сатып ала қоймас…

Ертеңінде тал түсте уәде бойынша салып ұрып Күкең келеді. Ұранқайлар келіскен тоқтамды бағаны айтады. Күкең күлмің-күлмің етіп, дереу ірге де жатқан жылқыны иіріп жіберіп, сұр тайға сарт еткізіп шалма тастап, ноқталап алады да:

— Мен саудаға келістім! Бәрің үйге жүріңдер! Қонақ болып келіскен дүниелеріңді алып қайтыңдар!

Ертеңінде қонақтарын аттандырған Күкең тайдың иесі Додығаға өзі қалаған алаяқ атты, оның сыртында ақшалай төрт жылқының құнын және өзінің басында тігіп отырған үйінің 10 кесек ақ киізін сыпырып беріп, еріп келген әйел-балаларына алты лақты ешкі, бірнеше еркек қойды айдатып, сұр тайды жетектеп бала-шағасымен жалаңаш қоста қалады. Ағайындары «Күңгейбай бір тайға бар малы мен басындағы үйін сатып далада қалды» деп,  ашуланыпты.

 Жүйріктен жорға шығару

Жылжып жылдар өтеді. Кешегі сұр тайды Күкең құнаннан дөнен шығарында үйретіп, бас білгізіп, қинамай мініп, түседі. Бесті шыққанға дейін мәпелеп бағады. Күн озған сайын сұр аттың пошымы түзеліп, келбеті толысады. Мінезі сондай кең, астынан өтіп жатсаң іш жимайды. Иесінің ымын тақымнан сезеді. Көзінің қарасынан ағы үлкен, басында қырым ет жоқ, қоймойын, төрт тұяғы тең біткен. Желдеп жайылады, судың тұнығын қуалап ағысты өрлей сүзіп ішеді. Оттағанда көкқұрақты қомағайлана қарбытып, дәл түптен қауып орады. Жетекшіл, ботадай елпек, жүргенде сүрініп-қабынып апырақтамайды, жар астынан жалп етіп жапалақ көтерілсе де, селт етіп сыр бермейді. Омыртқасы шығыңқы, кең сағақты,  тұсарлық сіңірі жуан, кеудесі тұтаса біткен кең, арқасы түзу әрі ұзын, ұшасы обалы, сауыры күрт құлди, жауырыны үлкен қиыс тұрпатты, омырау еті салқы, қолтық бітімі қысаңдау, жіліншігі сом, бақайы жатаған жазық, шашасы қылшықты… Қысқасы, сұр атта жүйрік жылқыға тән сын-сипаттың бәрі бар.

Сұр аттың сипатына көңілі толған Күңгейбай оны алты жасына дейін бәйгеге қоспады. Тек анда-санда қашаған қуып бауыр жаздырып,  шабысын жетілдіргені болмаса. Бірде Қобда өзені тасып, елдің жылқысы аралда қамалып қалады. Баяғыдай үйір жылқыны судан алып шығатын алаяқ ат жоқ. Күкең сұр жүйріқтің ақылын сынап көрмек оймен, тасыған өзеннің жағасына әкеліп, ер-тұрманын сыпырып сауырына бір салып қоя береді. Иесінің ымын түсінген жануар түпсіз дарияны бұйым көрмей арғы жағаға жүзіп барып, арқырай кісінеп қамалған жылқыны бастап аралдан аман алып шығады.

****

Осы жылдың жазында ел-жұрт күтпеген оқиға болды. Ауылдың алды жайлауға шығып, Бақылық сайын өрлей шашырып, алды Китіңқараның басына барып қонып жатты. Бірақ Күңгейбай өзіне қарасты бірнеше үймен көктемде мал төлдететін Шікітай бұлақтың басында отырып қалды. Жай отырған жоқ сұр атпен бірге аяқ жетер жерге әйгілі қашаған кер дейтін тұлпарды Қарқара-Тес жақтан алдырып, екеуін қосарымен оқтаудай етіп жаратты. Жылқылар әбден іш тартқан соң, таңмен таласа шығыстан арайлап атқан күннің шапағына шомылдырып байқаса, қос жүйріктің сауыр жүні жылтырап, таң нұрымен бірге құбылып тұр екен. Бұл толық бабы қанғандығының белгісі.

Ертеңінде Күкең ат құлағында ойнайтын бірнеше азаматты шақырды. Әуелі, қашаған керді босатып жіберіп, Анық дейтін құрдасына шалмалатты. Кер аттың арқан тартысы сұмдық — бұған дейін ешкім оны тақымдап тоқтатып көрген емес. Бұл жолы да солай болды. Кер ат ышқынып тартқанда Анықтың тақымындағы қайыс арқан майдан суырған қылшықтай сусып кетті.

Арқанды сүйреткен қашанған кер Шікітайдың мидай жазығында бауырын жазып жөнелді. Дәл осыны күткендей Күңгейбай да сұр атына отырды. Шу жануар!

Кең дала… бірі қашып, бірі қуған қос тұлпардың шабысын сол күні Алтайдың ақбас шыңдарына дейін таңдана тамашалады. Қос тұлпардың дүбірінен сол күні Жаматы шыңына ұя салған мұзбалақ қыранның балапаны шошып оянды.  Кең жазық, маң дала шаңға бөкті…

Әлден соң қос тұлпардың еті қызды. Қашаған кер көзкөрім жерде кетіп барады. Күкең «бисмиллаһ» деп тақым қысты. Адамнан есті жануар сұр жүйрік «сұрағаның осы ма» дегендей, алға қарай атылды. Қашаған керді өкшелеп жетіп барды. Бұрын мұндайды көрмеген қашаған кер тіке шаппай жасқанып дереу кілт оңға ойысты. Дәл осы сәтте Күкең жердегі сүйретілген қайыс арқанды қамшының ұшымен іліп алды да, арқанды тартпай іркіп ұстап бірдей шабыспен қашағанға ілесіп отырды.

Қатар шабыс шай қайнатымға созылды. Сәл тыныстаған қашаған кер енді үдемелі шабысқа көшті. Қолында іркіп ұстаған өрмелі арқан сұр тұлпармен Күкеңде салып келеді. «Енді кешігуге болмайды». Бұл Күңгейбайдың күбірі. Дереу арқанның артылған бөлігін жинап, ұшын екі қабаттап тақымынан өткізіп, тұйығын ердің артқы қасынан өткізді де, оны қамшының сабымен тиектеп, мықтап бекітті…

Қос тұлпар маң даланы шаңға бөктіріп әлі зулап келеді. Күкең бар дауысымен айғайға басты. Айғайды естігін қашаған кер тіпті құтырына шапты. Сұр тұлпар қалмай ілесті. Дәл осы сәтте Күңгейбай сұр тұлпардың тізгінін қағып-қағып жіберіп, бар күшімен солқ еткізіп ауыздығын тартты. Ақылды жануар иесінің әмірін екі етпей төрт табандап күрт тоқтады. Бірақ ағындап келе жатқан қашаған кер оған қараған жоқ бар күшімен сұр атты жерден жұлып әкетті. Шаңмен бірге көкке көтерілген сұр жүйрік арқырай кісінеп жіберді. Күкеңнің де күткені осы еді тәңірден «Аллалап» пәрмен тіледі. Жерден жұлынған сұр ат он-жиырма метрдей қалықтап ұшып бір сәтте төрт аяғымен дік етіп жерге түсті де, қашаған керге енді жорғалап ілесті. Күкеңнің көзінен жасы сорғалып «арманыма жеттім-ау» дегендей қонышындағы кездігін суырып алып, тақымдағы арқанды шорт қиды да, қашаған керді жайына жіберді. Бұрынғы сұр жүйрік, қазіргі сұр жорғасын тайпалтып Қызбел тауынан аса соққан Қобданың қоңыр желіне төсін керіп Күкең кең дала да маңып бара жатты.

****

Сол күні Күңгейбай сұр жорғаны таңасырып байлады. Ертеңінде бұлақтың таза суына шомылдырып тұлабойын тозаңнан арылтты. Үлкен ұлы Манақайды жіберіп жайлаудағы елден екі саба саумал алдырып, жорғаны суарды. Алты жасар жүйріктен шапқын жорға шығарған Күңгейдің атағы ауылдан асып, аймаққа тарады.

Осы оқиғадан кейін Күкеңнің басқа дүниемен шаруасы жоқ тек сұр жорғасын айналшықтап шықпайды. Ары-бері жүргізіп көріп, ізін қарыстап өлшейді. Сондағы айтатыны: жорғаның төрт аяғы әлі тең түспей тұр, әрі аяқ тастасы бес қарысқа жеткен жоқ.

Жаз өтті, күз келді, қыс түсті. Күкең сұр жорғаны баптауға кірісті. Алдымен Әлдеш деген ұстаға тай беріп сұр жорғаға арнап жеңіл әрі маңдайы бүршікті таға соқтырады. Жер қатқан соң сұр жорғаны тағалап мұздың үстінде жүргізіп жаттықтырды. Желтоқсанның аяғы қаңтардың басы — ай толған күні түнгі жарықпен Күкең жорғасын Ащыкөлдің қатқан мұзына салды. Жалпақ айдынның ортасында ай тағалы сұр жорға айдың сәулесіне шағылысқан өз көлеңкесімен өзі жарысып, ой шіркін, тайпалып сала берді. Сөйтіп, төрт аяғының жорғасы тең шықты. Осылай сұр тұлпар төрт аяғы тең тайпалған, төкпе жорға болып шыға келді.

 Маршалға сыйлық һәм жер аңсаған жорға

Қобда қазақтарының тарихындағы ең бір елеулі оқиға 1940 жылы қазіргі Бай-өлке аймағының орнауы еді. 1950 жылы аймақ орнауының 10 жылдық мерекесі тойланды. Мерекеге үкімет басшысы келіп қатысты. Ол кезде тойдың сәні — бәйге мен жорға жарысы. Жорға жарысына көрші үш аймақтан 60-тан астам жылқы қатысқан екен. Үкілеген жорғаларды Қарасайдың аузынан жіберіліп, 25 шақырымдағы Сарыкөлден ұстаған. Осы жарыста Күңгейбайдың сұр жорғасы алдына ат түсірмей жеке дара келеді.

Жарысты тамашалаған үкімет басшысы аймақ әкімдеріне ұсыныс айтады: «Құрметті қазақ ағайындар, сіздер ана сұр жорғаны мемлекет басшысы маршал Чойбалсынға сыйласаңыздар!». Аймақ басшылары: — Әрине, ұсынысыңыз орынды, бірақ, біз жорғаның иесімен сөйлесейік, келіссе одан сатып алуды ойластырайық, -дейді.

Бұл хабарды естіген Күңгейбай: «Сырты түкті, іші боқты бір тайды патша сұраған екен, басы бүтін текке бердім мә, алыңыз»- деп, үкімет басшысының қолына сұр жорғаны күмістеген ер-тұрманымен қоса ұстатып жүре береді (суретте).

Көп кешікпей орталықтан арнайы машина келіп, сұр жорғаны Ұлан-батырға әкетеді. Астана тұрғындары мен студенттер арда Алтайдың құлынын қала ішінде сап түзеп, салтанатпен күтіп алған деседі. Бірақ, Алтайдың арда құлыны астанаға үйірлесе алмайды. Маршалдың жайлы ат қорасында тұрып туған жерін аңсайды. Дүркін-дүркін танауын көтеріп ауа сорады. Өзінен өзі жарайды. Содан бір күні ат қорадан қашып шығады. Алтайды бетке алып тартып отырады. Сұр жорғаның қашқанын білген бір топ жылқышы солдат артынан түседі. Ақылды жануар күндіз тығылып, тек түнде жүріп отырған сияқты. Бізге белгілісі сұр жорға 1700 шақырым қашықтықты жортып өтіп, туған жеріне тірі келгендігі.

****

1953 жылдың күзі. Күңгейбай ауылы Қанқұдықты жайлап келіп, Дөші де  күзеп отырған. Кешкесін ағытқан биені көкадырға қарай беттетуге аттанған  жылқышы адыраңдап қайта шауып келді, еңкілдеп жылап келеді. Апақ-сапақта ат арқандау үшін қораны айналып бара жатқан Күңгейбай:

— Қарағым, не болды? – десе, жылқышы: — Әне, әне сұр жорға!!! Өзі жылап тұр. Күкең жарықтық бұған түкте таңданбапты «біліп едім… үш күн бұрын сұр жорға түсіме кірді, арқырай кісінеп мені иіскеп тұрды…» дейді де, ақырын аяңдап құр сүлдерін сүйретіп, тірі тулаққа айналған атқа барады. Ол да иесін танып, ұмтылған болады бірақ… жануардың қос танауынан сары су сорғалап сол жерде жығылады. Атақты сұр жорғаның енді мал болмасын Күкең білді. Адамдарды шақырып қу тулақты қақпайлап қораға әкелді. Сол бір айлы түнде Күкең сұр жорғасының басын құшақтап ұзақ отырыпты. Таңға жақын жануар соңғы рет кең тыныстап, Алтайдың ақбас шыңдарына қарап жатып үзіліпті.

Ат үстінде үзілген ғұмыр

Атбегі Күңгейбай Ташабайұлының дүниеден өткен сәтіне осы жолдардың авторы менің де куә болған жайым бар. Бұл 1986 жылы мамыр айының 11 күні болатын. Кезекті демалысымды алып туған ауылыма келдім. Күкең үйі біздің бас жағымызда еді, таңертең «Күңгейбай дүниеден өтті» деген хабар келді. Жерлеу кезінде Күкеңнің екінші ұлы Тілегенді  жолықтырдым.Тікеңе көңіл айтып, қазаның қалай болғанын сұрадым.

Тілегеннің айтуы бойынша, жарықтық өтетін күні түске таман тұрқы есік пен төрдей, түйе сауырлы қарагер жорғасын ерттеп мініп, кемпірі Ажар анамызға «маңайды бір шолып келейін» деп жүріп кетеді. Көршілері  — Өкімет, Қуандық, Махметтерге барып, «мен жақында көшемін  аман болыңдар» деп қоштасады. Көршілері Күкеңді «жайлауға көшетін шығар» деп, ойларында ештеңе жоқ, қош айтысып қала береді. Жарықтық сол бетімен Құстыда егін салу үшін трактормен жер жыртып жатқан шаңырақтағы кіші ұлы Кеңшілікке барады.

Қарияның қарагер жорғаны тайпалтып келе жатқанын көрген егіншілер мен ұлы таңданып қарап тұрады. Мынау 90 жастағы адамның жүрісіне ұқсамайды… Ақсақал сол екпінмен орылған атыздың жиегіне келіп тоқтайды. Жамырай сәлем берген көпке «уағалейкумассаламын» айтып, баласы Кеңшілікке тағы бірдемелерді түсіндіріп болып, ат үстінде тұрған күйі ауыр күрсінген үн шығарды. Содан кейін қимыл жоқ. Қарагер жорға да  қозғалмайды. Кеңшілік «әке, әке, әке» деп айғайласа жауап қатпайды. «Ақсақалға не болды» деп жер жыртып жүрген жігіттер жүгіріп барса, Күңгейбай қарияның ғұмыры табаны жерге тимей, ат үстінде үзілген екен. Сол жерде көпшілік әйгілі жортуылшы, асқан атбегі қарияның аяғын үзеңгіден шығарып, жансыз денесін қарагер жорғаның үстінен түсіріпті.

P.S. Қазақта, «су сүзілмейді, ұрпақ үзілмейді» деген ескі сөз бар. Осында айтылғандай, Күңгейбайдың Манақай, Тілеген, Кеңшілік атты үш ұлы болды. Бәрі аман-есен жүріп жатыр. Енді осы азаматтардың балалары, яғни, Күкеңнің немерелері қазір ұлттық спорттан олжа салуда. Айталық, 2015 жылы Астана қаласында өткен Асау үйретудан І республикалық ашық турнирде бас жүлдеге ие болған Жеңісбек Манақайұлы мен екінші орын иегері Асылбек Кеңшілікұлы және 2016 жылы қыркүйек айының 10 күні тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесіне арналған «Астана жұлдызы» атты республикалық турнирде асау үйретуден бірінші орынды иеленген Өмірбек Тілегенұлы…  осы 3 жігіттің үшеуі де Күңгейдың туған немерелері.

beken-khairatБекен Қайратұлы

Егемен Қазақстан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.