«ЭКСПО кубогі»: 2400 метрлік ұшқыр бәйгенің жүлдегері — Солтүстік Осетия

5835

Астанада «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесіне ат спорты түрлерінен «ЭКСПО КУБОГЫ» сарапқа салынды.

Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромында өткен бәйгені тамашалауға жиналған халықта есеп жоқ. Елдің, әсіресе астаналықтардың ат бәйгесін сағынып қалғаны көрініп тұр.

Жарысқа еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан құнаны бар, жорғасы бар, ұшқыры бар 150-ден астам ат қатысты. Мұнан бөлек, РФ, Қырғызстан, Өзбекстан мен Польшадан қатысушылар келді.

Жарыс бағдарламасы бойынша аламан бәйге – 25 шақырым, топ бәйге – 15 шақырым, жорға жарысы – 7 шақырым, құнан бәйге – 7 шақырымға созылды. Ал дыз етпе, ұшқырлар екі топқа бөлініп, 2400 және 1800 метрге шапты. Ұлттық ойын түрлері аламан бәйге, топ бәйге, жорға аттар жарысы, құнан бәйге бойынша жүлде қоры – 36 млн теңгені құрады. Ал, ұшқыр аттар жарысында берілген сыйақы қоры – 63,6 млн теңге. Сома жүлдегерлер арасында 5-ші орынға дейін берілді.

Сонымен 2400 және 1800 метр қашықтыққа шапқан жүйріктердің суырылып алға шыққан жүлдегерлерін таныстырып өтейік. Өзбекстан, Қырғызстан, Солтүстік Осетия, Башқұртстан, Дағыстан қатарлы оншақты елден келген 16 сәйгүлік бақ сынаған 2400 метр бойынша:

І орын: Солтүстік Осетиядан келген «Гри д Асье» атты боз жүйрік. Ат иесі – Т.Тигиев, бапкер әрі шабандозы Т.Сатаров. «Гри д Асьенің» қанжығасында бүгінгі күннің бас бәйгесі – «ЭКСПО кубогі» және 50 мың доллар.

ІІ орын: Қырғызстаннан келген «Коммандер холл» атты 6 жастағаы жирен айғырға 20 мың долларды қанжығасына байлады. Ат иесі – М. Рахымбаев, бапкері – Б.Долотбеков, шабандозы – Д.Болотбеков.

ІІІ орын: Қазақстандық «Кумания» атты күрең айғыр. Қ.Ақсақовқа тиесілі 4 жасар сәйгүліктің шабандозы – М.Швачов, бапкері – П.Карабельников. «Куманияның» қанжығасында 15 мың доллар бар.

Алғашқы төрттікке башқұртстаннан келген «Палуан» атты сәйгүлік ілінді. 10 мың долларды қанжығалаған күрең айғырдың иесі – Х.Идиятуллин, бапкері әрі шабандозы – Э.Сулайманов.

«Палуаннан» кейін Польшадан келген «Даурия» атты бедеу бесінші орынға тұрақтады. «Дамис» жылқы зауытына тиесілі сәйгүліктің бапкері – Н.Табылдиев, ал шабандозы – Р.Усманова. «Даурияның» қанжығасында 5 мың доллар.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жүлдесін сарапқа салған бәйге түрлерінің шымылдығын ашқан 2400 метрлік ұшқыр бәйгеге барлығы 16 ат қатысты. Бұл бәйге түрін халықаралық деңгейде өтті деуге әбден негіз бар.

Шараның ұйымдастырушылары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы», Астана Әкімдігі, Алматы облысының әкімдігі және «Қазақстанның бәйге түрлері қоғамы». Әлеуметтік серіктес – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.

Ат бәйгесін тамашалауға халық қалаулылары, әкімдер және жалпы ат сүйер қауым қатысты.

argymaq.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.