Жұбан Молдағалиев: Ат дүбірі

8135

Бәйге

Тұңғыш бәйге есімде,
Жеті жасар баламын.
Жалпақ дала төсінде,
Құйын болып барамын.

Жанарымнан жас парлап,
Жел көзімді теседі.
Торы тозаң аспандап,
Баспалдағын төседі.

Үзеңгілер қағысып,
Ұшып кете жаздаймын.
Ер қасына жабысып,
Қарасыннан жазбаймын.

Алғаш ұзақ жол көрдім,
Оқтай алыс атылған.
Қарақшыға соң келдім,
Жылап түстім атымнан.

2

Және бір күн жадымда,
Жас өспірім жігітпін.
Періп кетем жалынға,
Жарға соққан үмітпін.

Тағы түстім бәйгеге,
Бір жүлдеге иемін;
«Қыз қууда» әйгілі,
Бір сұлуды сүйемін.

Сүюді де, апыр-ау,
Балға қосқан у дейді.
Қалып қойма қапыда,
Әйел жұрты қу дейді.

Міне шықты балғын қыз,
Үкілі аты ойқастап.
Екі бірдей жалынбыз,
Жалынымыз айқаспақ!

Жанарын-ай, жанарын,
Суырғандай жүректі!
Жалт етіп бір қарады,
Тастап өтті бір өртті.

«Шүу» деді қыз жөнелді,
Дүрсе қойдым соңынан.
Арманым да сол енді,
Айым туса оңынан.

Аттың асып басынан,
Ұмтылып қол созамын.
Бір құшуға асығам,
Жұтып келем тозаңын.

Жұлдыз боп ол ызғиды,
Жете алмадым арманға.
Кілт оралып қыз қуды,
Меже жерге барғанда.

Оқсатпадым қашып та,
Өлсем еді өйткенше!
Қыз бар болғыр машықтау,
Қамшы ойнатты өткенше.

Қояр емес қыз қырғын,
Тотым десем, сотымдай.
Алаулады қызыл күн,
Қызарған бет отырдай.

3

Ол күн енді алыс күн,
Жылдар өтті жалғасып.
Таттым дәмін жарыстың,
Атқа шауып алғаш мен.

Өмірдің де сол заңы —
Бәйгеге түс, сынға түс.
Озған алмақ олжан,
Сайыстарға мың қатыс.

Өлең де бір тентек қыз,
Қыз қуу ғой өнер де.
Жете алмасақ, әнтекпіз,
Жетсек қана көнер де.

Бір жылап, бір қамшы жеп,
Мен бәйгеге үйрендім.
От-суыңа салшы деп,
Мен өлеңге үйлендім.

Өмірде бір із қалса,
Сал бәйгеге лайым.
Өлең сұлу қыз болса,
Өлгенімше қуайын.

Ат дүбірі

Дойыр соғып
Сойыл соғып,
Көз шығарып, бас жарған.
Жай түскендей
Жай түстенбей
Сөз шығарып, тас жарған.
Бабаларым тірілгендей боламын,
Естігенде ат дүбірін, қатты бір үн.

Тітірентіп
Түтін ертіп,
Есік ашып ескі елес.
Нар құлаған,
Зар жылаған,
Елестеп сол кескілес.
Өліктерге сүрінгендей боламын,
Естігенде ат дүбірін, қатты бір үн.

Мұнар таулар
Доғал таулар,
Серуендер мен шеруден,
Шөгіп қалған
Бөгіп қалған
Іркес-тіркес керуен
Тұяқтардың тозаңдары деп білем,
Естігенде ат дүбірін, қатты бір үн.

Сан сағалар,
Сай-салалар,
Мұхит, теңіз арнасы,
Бұлт жармасқан
Тұлпар басқан,
Ойпаттардың ордасы —
Тұяқ қазған қазандар-ау деп білем,
Естігенде ат дүбірін, қатты бір үн.

Көк ормандар,
Көп ормандар,
Арғымақтың жалындай.
Ақша бұлттар,
Қатпар-қатпар
Терге шомған жабудай,
Қарап тұрып мен осылай сезінем,
Естігенде ат дүбірін, қатты бір үн.

Мың-мың жылдар,
Миллион сандар
Белін басты жылқының,
Адаммен бір,
Заманмен бір
Ол көрді өмір жұлқуын.
Шып-шытырман ой қиялға кезігем,
Естігенде ат дүбірін, қатты бір үн.

Ойқой, халық
Атой салып,
Ер қасына ту қадап,
— Сүйінші! — деп,
— Сыйыншы! — деп,
Октябрьде уралап,
Лап қойғаны қалай еске түспейді,
Естігенде ат дүбірін, шатты бір үн.

Өткеннің де
Көктемнің де
Бұл далада саны жоқ.
Малшының да
Аңшының да
Аттан бөлек жаны жоқ.
Бүркітші де ұшып тұрып «құс!» дейді,
Естігенде ат дүбірін, тәтті бір үн.

Әйгі жерде,
Бәйгелерде
Ат оздырып, қыз қуған,
Желдей зулап,
Селдей шулап
Жарыстарда түз туған.
Ұғасыңдар тұлпар жайлы жыр сырын,
Естігенде ат дүбірін, қатты бір үн.

«Мал» деп өлген
Малмен өрген
Ұлымын ғой даланың.
Бұл күнде де
Нұр күнде де
Естігендей боламын,
Қазақтардың жүрегінің дүрсілін,
Тыңдағанда ат дүбірін, тәтті бір үн.

zhuban-mЖұбан Молдағалиев, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.