Ертең бәйге түрлерінен «ЭКСПО кубогі» өтеді
Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесіне ат спорты түрлерінен «ЭКСПО КУБОГЫ» өтеді.
Ат жарысы ертең 11-маусымында сағат 10:00-де Астана қаласының «Қазанат» ипподромында (Астана-Қосшы тасжолының бойында) басталады. Шараның ұйымдастырушылары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы», Астана Әкімдігі, Алматы облысының әкімдігі және «Қазақстанның бәйге түрлері қоғамы». Әлеуметтік серіктес – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.
Жарысқа еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан шабандоздар қатысады, сондай-ақ, РФ, Қырғызстан, Өзбекстан мен Польшадан қатысушылар келеді деп күтілуде.
Жарыс бағдарламасына аламан бәйге – 25 шақырым,
топ бәйге – 15 шақырым,
жорға жарысы – 7 шақырым,
құнан бәйге – 7 шақырым,
2400 және 1800 метрге ұшқыр аттар жарысы (гладкие скачки) өтеді.
Ұлттық ойын түрлері аламан бәйге, топ бәйге, жорға жарысы, құнан бәйге бойынша жүлде қоры – 36 млн теңгені құрап отыр.
Ал, ұшқыр аттар жарысына қойылатын сыйақы қоры – 63,6 млн теңге. Сома жүлдегерлер арасында 5-ші орынға дейін бөлініп беріледі.
Жарыстың үзіліс кезінде «Сайыс» (джигитовка), «Теңге ілу», «Жамбы ату», «Қыз қуу» сияқты ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдер ұйымдастырылады.
Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында 18 ауқымды спорттық шара ұйымдастырады. Еліміздің өңірлері де спорттық жарыстардан қалыс қалмайды. Халықаралық көрме аясында Қазақстанның 14 облысында 20-дан астам спорттық сайыстар өткізіледі.
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында өтетін ат спорты түрлерінің бағдарламасын мына жерден көруге болады.