Набижон Жураев: Өзбекстан көкпардан ІІ Әлем чемпионатына қызу дайындалуда

3189

Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының Астанада өткен конгрессінде Өзбекстан Улак-Кукпар федерациясының құрметті президенті Набижон Жураев 2019 жылдың қарашасында Ташкентте өтетін ІІ Әлем чемпионатына дайындық барысы жайлы айттып берді.

— ІІ Әлем чемпионатына дайындық қалай болып жатыр?

— Иә, барлығыңыз білетіндей, осы жылдың соңында біз Көкпардан ІІ Әлем чемпионатын өткізуге дайындалып жатырмыз. Біздің жоспарымыз бойынша еліміздің астанасы – Ташкент қаласында өтетін болады чемпионат. Бүгінге дейін чемпионатқа қатысуға 10-нан аса мемлекет өтініш беріп отыр.

Қазір ел құрамасы жаттығу үстінде. Негізгі құрам да, облыстық командалар да қызу дайындық жасап жатыр.

WhatsApp

— Оған дейін наурызда халықаралық турнир өтетінін естіп жатырмыз…

— Әлем чемпионатына дейін біз екі халықаралық сайыс өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Оның алғашқысы – осы наурыз айында Самарқанда өтсе, екіншісі – қыркүйекте Өзбекстан кубогы өтеді. Ал өздеріңіз білетіндей, желтоқсанда ІІ Әлем чемпионатын өткізетін боламыз.

— Қазандық мәселесін нақты айта кетсеңіз?

— Бұл мәселе көптен бері көтеріліп келе жатқан. Дегенмен Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының Астанада өткен конгрессінде жаңадан бекітілген ережеге сай, Өзбекстанда өтетін Әлем чемпионаты қазандықсыз, яғни шеңберге ойналады.

Nabizhon

— Қырғыз ағайындар қазандыққа ойнаудан бас тартпай келеді. Бұған не дейсіз?

— Менің жеке пікірім, қазандыққа ойнау қаншалықты қызық болғанымен, соншалықты қауіпті. Атқа да, адамға да обал. Екеуінің де өміріне қатерлі. Қаншама көкпаршылар қаза болғанын айтпағанның өзінде, мүгедек болып қалды. Аттарда да солай. Жақсы, жаңадан шауып, төселіп келе жатқан аттар мертігіп қалып жатты. Сондықтан да өз басым қазандыққа ойнауға қарсымын.

— Қалай ойлайсыз, Әлем чемпионатында қай елдің, қай команданың бағы жанады?

— Әрине, Қазақстанның, Қырғызстан мен Өзбекстанның командалары әрқашан алда келеді. Бұл жолғы чемпионатта да осы үш команданың тартысын тамашалайтын боламыз. Әзірге нақты мына елдің көкпаршылары топ жарады деп болжам жасаудан аулақпын, дегенмен осы үшеуінің соңғы үштікке қалатынына сенемін.

— Айтпақшы, көкпаршыларды атпен қанымдау мәселесі қалай шешіледі?

— Негізі Өзбекстан тарапының барлық команданы атпен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Дегенмен, Қазақстан мен Қырғызстан өз аттарымен келетіндіктерін айтты.

— Әңгімеңізге рахмет.

Ескерте кетейік, 2019 жылы қараша-желтоқсан айларының бірінде (нақты уақыты қосымша хабарланады) Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтетін көкпардан ІІ Әлем чемпионатына Қазақстан тарапы өз атымен баратынын ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы диреторы Рахат Жақсыбай да растады.

Ержан Жаубай, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.