Атты тур. Үшінші күн. Едіге би ат суарған өзен
23 маусым, жексенбі. Біздің сапардың үшінші күні басталды. Таудың таңғы ауасы жанымызды сергітіп, кешегіден де ерте ояндық.
«Бұл жер тегіннен тегін Жаушоқы аталмаған. Бабаларымыздың тұлпарының тұяғы ұлан даланы дүбірлетіп тұрған сол бір заманда бұл жер алқапқа қараулы қарайтын, қарауылшоқы болған екен. Содан болар, қандай затқа, жер-суға атау қоюда қателеспеген бабаларымыз бұл жерді Жаушоқы» атап кеткен екен» — дейді Қарағайлы ұлттық табиғи паркінің мамандары.
Бүгін Дмитрийдің орнына National Geographic Qazaqstan журналының журналисі Дәурен Сәдуақасов біздің қатарымызға қосылды. Ал Жаушоқыдан Алғабасқа дейін бізді Елтай есімді орманшы бастап жүрді.
Жаушоқы, Орташоқы, Едіге, Елтай қатарлы өңірлердің алқабын басып өтетін сапар Сілеті өзенін өрлей жүреді.
Ақмола, Қарағанды, Павлодар секілді үш облыстың түйіскен тұсында орналасқан осы бір тау аңғарын бабаларымыз бекер Бұйратау атамаса керек. Алыстан қарасаңыз иен жезықта бұйраланып жатқан тау сілемін бір көргеннен-ақ өзіңіз де Бұйратау дейтініңіз кәміл.
Едігенің жазығында біз Нұр-Сұлтан-Ерейментау автогрейдерін кесіп өтіп, Едіге өзенінен ат суардық.
Кезінде «Едіге ауылы» атанып, бертін әйгілі Елтай Ерназаровтың құрметіне «Елтай ауылы» атанған бұл ауылдың шетінде Едіге бидің кесенесі тұр.
Едіге биге құран бағыштап, осы жерде түскі ас іштік. Едіге-Елтай ауылының тұрғыны, зейнеткер Манап Әдірешов бізге Едіге би туралы айтып берді.
«Едіге 17-18-ғасырлардағы дала ақылгөйі болған адам. 14 жасында билікке араласып, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен би болған екен. Бұл кісі туралы толықтай зерттеген адам – Мәшһүр-Жүсіп Көпеев. Сол кісінің жазуына қарағанда Едіге жай ғана би емес, жай ғана ақылгөй емес, көріпкел, әулие болған. Қазақта «тектінің ұрпағы екен» деген сөз бар. Бүгінге дейін ұлтымыз талай тектісінен, тектісінің ұрпағынан айырылып қалды. Ал бұл кісінің ұрпағы үзілген жоқ. Атақты Шәкен Айманов, Олжас Сүлейменов, т.б. әйгілі адамдар осы Едігенің ұрпақтары. Тағы бір айта кетерлігі, әйгілі Әз-Тәукенің «Жеті жарғысын» әзірлеуге атсалысқан 90 бидің бірі осы Едіге Төлебайұлы» — дейді Үздік өлкетанушы Манап Әдірешов.
Елтайдан шығып, Бұйратаудың бір сілемі Қарағайлы сайды өрлеп, Бұйратаудың сағасындағы Алғабас ауылына ат басын тіредік. Орман шаруашылығының аядай бөлмесінде әнімен де сәнімен де, шайымен де, етімен де қарсы алған ауыл тұрғындары бізді алыстан ат арытып ағайыны келгендей күтті.
Негізгі меже – Бұйратау табиғи қорығы болғандықтан, Алғабастан да аттандық. Енді Алла жол берсе, қоналқаға дейін 20-25 шақырым ғана жер бар. Сұлусарының сылқым аяңымен сыдырта жүріп Қарағайлы сайды да қайқайдық.
Жол көрсетіп келе жатқан Елтай сай ортасындағы орманға келіп тірелі, жолды айналып өту керек деді. Берік Ақылбеков ағамыз айналып өтудің алыс екенін айтты. Амалсыз, жетегіміздегі Ақжал сарыны қысқарта ұстап, ағаш-ағаштың арасымен Сұлусарыға қамшы бастық. Алла абырой бергенде, қарағайлы орманның келесі шетіне аман-сау шықтық, біздің жолымызбен басқалар да өтті.
Осы жерде, бұрын аса биік тауға шығып көрмеген Жасұлан әнші аздап алаңдады. Бұл жағдайды жазықта өскен, алғаш рет тауға шыққан адамдар түсінеді.
Сонымен, Бұйратаудың сағасындағы, бұған дейін кездескен өзендердің ішіндегі ең жіңішкесі, әрі ең тереңіне жолықтық. Осы жерде айта кетейік, өзеннің атауын ешқайсымыз білмейді екенбіз. Біссімілдә деп ат салдық. Ат бауырынан келер жіңішке айрықтың екі жағы жарлауыт, батпақты екен. Бұған дейін де жыра-жықпыл көрсе тартынып, жетелемесе өтпей келген Жасұланның Қоңыры бұл жолы да қырсықты.
Серік балуан Шалқасқамен тақымға салып, жетелемек болғанда, Қоңыр су ішінде жығылды. Әрине, дене жарақатын алған ешкім жоқ, дегенмен, күн кешкіріп, әрі жаңбырдың бұлты торлаған кез еді, Жасұлан аздап суықтап қалды.
Біз де Бұйратаудың бөктеріндегі қоналқаға жетіп, ат ерін алып, асқа отырдық, жаңбыр да жауып кетті. Сол жауғаннан таң атқанша сіркіреген жаңбыр жердің лайсаңын шығарды.
Ертеңгі сапар Бұйратау – Қызылтас – Әлкей Марғұлан ауылы болып, 45 шақырымға созылады. Бүгін осы экспедициядағы ең ұзақ 60 шақырымға созылған жолды артқа тастадық. Расымен, жер де, жол да, уақыт та ұзап кеткен секілді…
Құрметті оқырман, 21-29 маусым аралығында өткен «Киелі Қазақстан» экспедициясының күнделік-барысын атпен жүрген уақытта интернет желісінің және байланыстың нашарлығына байланысты Нұр-Сұлтан қаласына жетіп алған соң беріп жатқаным үшін журналист ретінде кешірім сұраймын. Дегенмен, сапар барысын толықтай оқитын боласыздар (автор).
Алғашқы күннің қорытындысы мен екінші күннің қызықтарын осы жерден оқыңыздар.