Аман СЕЙТХАНОВ. Қамыттың ізі…

3945

(Қысқа әңгіме)

Ол қалады екен… Қанға сіңбесе де мойында қалады.. Қанша қоңданып кетсе де түк түбінде жасырынып тұрады… Сенбейсіз бе, ұстап алып сипаңыз. Саусаққа сезіледі.

Қылқұйрық тұқымы дейсіз бе? Қамытты көрген кезде… оқыранады. Әлде бір заманды еске түсіріп… Дырау қамшысы бар егесін де ұмытпайды. Тірсегін тілмесе де тіршілігіне әбден пайдаланған.

Жүгенін сыпырып, жөніне қоя берсе де, өз бетімен талай жыл жайылса да… Құру-құру естілсе құныперен бері шабады. Үйренгені емес, үйретілгенінен…

Шөпті бырт-бырт үзгенімен осы бейбіт жайылыстың да шегі бар екенін жадында ұстап қалған…

Жылқы табиғатын түсінетін кісі ағасы сыртқа сапарлап бара жатыр. Таудан түскен беті осы. «Қашанғы игілік есігінен аттауға именесіз, екі құлынды биені сатып та барып келетін жер ғой», — деп балалары әрең көндірген…

Іш пысты ма, ұшақтағы газеттің бірін қолға алды. Мынау әлгі спортты жазатын басылымы ғой. Беттерін бетке тақап, ішін көзбен сүзді. Міне, қызық! Айқарада таныс бейне! Ел кісісі жолықты. Жолыққанда, сұхбаты жарияланыпты. Сырттай естіген. Тәуелсіз елдің тәуір деген бизнесмені. Түкірігі жерге түспейді. Бұрын бір одақта өмір сүрген елдің баласы екен, сұхбат алған. Газет те сол елдікі…

Өзгеге бас ұрып, өзгені биік қойып, өзін төмендетіп, барынша тілші көңілінен шығуды ойлайды-ау… Жоқ. Бұл оның нақты ойы, шынайы түсінігі. Білгені осы. Жеке көш бастап кетуге үйренбеген. Сұхбат арқылы тағы біреулерге жағынып қалатын пиғылдан жат. Шын ниет. Күмәнсіз, таза көңіл. Ол осылай қабылдайды. Осылай түсінеді. Анау жұртты сонша мойындайтыны, сонша көшбасшы санайтыны, тіпті өзі тамсанған бір спортшысын жеке күтіп, жеке жарылқағанын, оның елші екенін анық байқағанын, сол келгелі сорлап тұрған шаруасының зорайып шыға келгенін айтып әбден ағынан жарылыпты…

Газетті алдыңғы орындықтың қалтасына атып ұрды…

Есіне кері ат түсті. Езу тартты. Саусағы сезіп еді…

A.SeytkhanovАман Сейтхановargymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.