Жылқының ас қорыту ерекшелігі – 260 литр сұйықтық

8606

Жануарларда ас қорыту жүйесі ауыз қуысынан басталып, тік ішекпен аяқталады. Жылқыда сілекей тек азық жеген кезде ғана бөлінеді. Соған қарамастан жылқы тәулігіне 40-50 литр сілекей бөледі.

Қарын мөлшері дененің бітіміне, қоректену ерекшеліктеріне байланысты. Жылқы қарыны бір бөлімді күрделі, оның өзіне ғана тән құрылымдық ерекшеліктері бар.

Қарынның жалпы сыйымдылығы 10-15 литр. Қарын қимылы әлсіз, баяу атқарылады. Жылқыда қарын сөлі толассыз бөлінеді, тіпті 2-2,5 тәуліктік ашығудан соң да сөл бөлу қарқынды болады. Сол себепті де жылқы тәулігіне 10-30 литрге дейін қарын сөлін бөледі.

Қарында өңделген қойыртпақ (жын) жеке-жеке үлеспен ащы ішекке өтеді. Ащы ішек үш бөлімге — жіңішке ішек, аш ішек, мықын ішек болып бөлінеді.

Ащы ішек ас қорыту жолының ең ұзын бөлігі. Оның ұзындығы 20 м шамасында, ал сыйымдылығы ас қорыту жолы сыйымдылығының 20-30 пайызын құрайды.

Жылқы бауыры — ас қорыту жүйесінің ең ірі безі.

Бауырда өт толассыз түзіледі де, қоректену кезінде өт, өт қапшығында жиналады. Жылқыда өт қабы болмайды, оның рөлін бауыр өзегінің кеңіген жері — өт цистернасы атқарады. Жылқы тәулігіне — 5-6 литр өт бөледі.

Жылқының ұйқы безі — аралас безге жатады.

Ол ас қорыту үдерісінде маңызды рөл атқарады. Ұйқы безінің сөлі толассыз бөлінеді де, азықтандыру үстінде оның бөліну қарқыны күшейеді. Жылқы тәулігіне 7,5 — 8,5 литр ұйқыбезі сөлін бөледі.

Жылқының ішек сөлі.

Ішек қабырғасында орналасқан бездерден толассыз бөлінеді. Тәулігіне — 10- 15 литр ішек сөлі бөлінеді.

Жылқының жеген азығын 1 кг-ға шаққанда тәулігіне шамамен химус (сұйықтық) мөлшері — 260 литрге жетеді.

Жылқы жалпы ішек қуысына тәулігіне – ас қорыту бездерінің 190-200 литр сөлін бөледі.

Тоқ ішек үш бөлімнен тұрады.

Олар бүйен, жиек ішек және тік ішек. Жылқыда жиек ішекті қарта деп атайды. Оның жалпы ұзындығы жылқыда — 6-9 м, ал сыйымдылығы ас қорыту жолының жалпы сыйымдылығының — 40-60% шамасын иемденеді.

Рацион құрамындағы белоктың 39% тоқ ішекте қорытылады.

Бүйеннің сыйымдылығы қарынның сыйымдылығынан 2-2,5 есе көп, 32-37 литрге дейін жетеді.

Жылқы бүйенінде (құрт қарында) азықтың қорытылуына онда өніп-өсетін микроорганизмдер (инфузориялар, бактериялар, ашытқылар) ферменттері де көп ықпал етеді. Осы микроорганизмдердің әрекетімен бүйенде сүт қышқылды ашу үдерісі жанданады, демек азық құрамындағы клетчатка ыдырайды. Рацион құрамындағы клетчатканың — 40-50%-ы тоқ ішекте қорытылады.

Жылқы қартасының ұзындығы 6-9 м, сыйымдылығы 100 литрге дейін жетеді.

Ішекте қимылдың бірнеше түрі кездеседі. Олар толқынды (перисталтикалдық), тербелмелі (маятник тәрізді), ырғақты сигменттеу және қарсы толқынды қимылдар.
Ас қорыту жолында қорытылмаған қорек қалдығы тоқ ішек бойымен жылжып, қоюланып, тығыздалып, нәжіске айналады. Дефекация – нәжіс бөлу күрделі рефлексті түрде жүреді.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,
доцент Қайрат Исхан.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.