Жылқыда өт бар

15830

Жылқыда өт жоқ, құста сүт жоқ
/Халық мақалы/

Қарында өңделген қойыртпақ (жын) жеке-жеке үлеспен ащы ішекке өтеді. Ащы ішек үш бөлімге — ұлтабар ұшына (жіңішке ішекке), аш ішекке, мықын ішекке бөлінеді. Ащы ішекте қоректік заттар ең соңғы өнімдерге дейін ыдырап, денеге сіңеді. Мұндай күрделі үдерістердің атқарылуына ішек қуысына ферменттерге бай ас қорыту сөлдерінің бөлінуі және ішектің кілегейлі қабығының құрылымдық ерекшеліктері әсер етеді.
Ащы ішек ас қорыту жолының ең ұзын бөлігі. Оның ұзындығы жылқыда 20 метр шамасында, ал сыйымдылығы ас қорыту жолы сыйымдылығының 20-30 пайызын құрайды. Ащы ішек қуысына өт, ұйқы безінің сөлі және ішек сөлі құйылады. Осы сөлдер құрамындағы ферменттер әсерімен ішек қуысында белоктар — амин қышқылдарына, көмірсулар — моносахаридтерге, майлар — глицерин мен май қышқылдарына ыдырайды. Аталған өнімдер ас қорыту жолының осы бөлімінде денеге үлкен қарқынмен сіңеді. Оған ішектің кілегейлі қабығының құрылымдық ерекшеліктері мүмкіндік береді.

zhylkynyn-otiБауыр (печень), (hepar) – организимдегі ең ірі ас қорыту безі.
Бауырдың ас қорыту үдерісіндегі рөлі. Бауыр — ас қорыту жүйесінің ең ірі безі, паренхималы мүше. Оның негізін бауыр бөлікшелерін түзетін бауыр торшалары құрайды. Әрбір бөлікшелер ішінде қан капиллярларының торы орналасады. Бауыр торшаларынан өт капиллярлары бастау алып, онда осы торшаларда түзілген өт бөлінеді. Капиллярлар тоғыса келіп өт өзекшелерін, олар өз кезегінде бауыр өзектерін құрайды. Бұл өзектер бірігіп, жалпы бауыр өзегін, ал ол өт қабы өзегімен бірігіп, өт өзегін түзеді. Өт өзегі ұлтабар ұшына ашылады.
Бауырда өт толассыз түзіледі, себебі өт бауыр торшаларының түзіндісі ғана емес, бөліндісі де болып табылады. Өттің құрамында ас қорыту үдерісіне қатыспайтын холестерин, лецитин, холин, дезоксихолин, литохолин, өт пигменттері (билирубин, биливердин) сияқты зат алмасу өнімдері де болады. Ал, ішек қуысына өт тек ас қорыту үстінде қорек қабылдаумен байланысты бөлінеді. Қоректену аралығында өт өт қапшығында жиналады.

Жылқыда, түйеде, бұғыда, кептерде, егеуқұйрықта өт қабы болмайды, оның рөлін бауыр өзегінің кеңіген жері — өт цистернасы атқарады. Сондықтан организмде өттің екі түрі болады: бауыр өті және қапшық өті. Олар бір-бірінен негізінен физикалық қасиеттерімен ерекшеленеді. Қапшық өті қоюлау, қоңырқай келеді де, оның тұтқырлығы мен тығыздығы бауыр өтімен салыстырғанда жоғары болады. Оның себебі өт қабынан судың едәуір мөлшері кері сорылады. Қапшық өтінің құрамында 85% су болса, бауыр өтінде бұл көрсеткіш 97,5% құрайды. Қапшық өтінің сутектік көрсеткіші 5,5-6,5, тығыздығы 1,035-1,045, ал бауыр өтінде бұл көрсеткіштер тиісінше — 7,4 — 8,0 және 10,10 — 10,15. Жылқы бауырында өт қапшығы болмайды. Сол бөлігі латеральды және медиальды бөліктерге бөлінеді. Бауыр өзегі ұлтабар ұшы пилорустан 10-12 см қашықтықта ашылады. Бауыр құрсақ қуысының оң жағында 16-шы қабырғаға, ал сол жағында 7-12 ші қабырға тұсына дейін созылады.
Ас қорыту үдерісінде өт маңызды рөл атқарады. Өт ұйқы безі сөлі мен ішек сөлі құрамындағы ферменттердің әрекетін жандандырады, оның құрамындағы өт қышқылдарының тұздары майларды эмульсиялап, олардың қорытылуын жеңілдетеді, майлардың ыдырау өнімдерінің сіңуін қамтамасыз етеді. Өт ішек қимылын күшейтіп, қарыннан өткен қышқыл жынды бейтараптайды, ішек қуысында ферменттер әрекетіне қолайлы жағдайлар туғызады, майда еритін А, Д, Е, К дәрмендәрілерінің сіңуін жеңілдетеді.
Тәулігіне жылқы — 5-6 литр өт бөледі.
Бауыр зат алмасу үдерісінде де маңызды орын алады, тосқауылдық (барьерлік) қызмет атқарады. Бауырда гликоген жинақталады, амин қышқылдары күрделі биохимиялық өзгерістерге ұшырап, жылу түзіледі, зат алмасу үдерісінің барысында түзілген уытты заттар (аммиак, индол, фенол, скатол, крезол т.б.) залалсызданады.
Демек, қорытындылай келгенде айтпағымыз не?
Бауырдың негізгі қызметі азықтың құрамындағы майды қорытуға қатысады. Жылқы жануарында өт бар, тек өт қабы болмайды. Өт болмаса, онда ас қорытылмайды, май эмульсияланбайды, ішек қимылы баяулайды, дәрмендәрілер жақсы сіңбейді және т.б. Жылқыда, өт қабы болмайды, оның рөлін бауыр өзегінің кеңіген жері — өт цистернасы атқарады. Организмде өттің екі түрі болады: бауыр өті және қапшық өті. Жылқыда бауыр өті болады.

Пайданылған әдебиеттер тізімі:

1. Несіпбаев Т.Н. «Жануарлар физиологиясы».- Алматы: 2005ж.
2. Несіпбаев Т.Н. «Адам және Жануарлар физиологиясы» Алматы: 2015ж.
3. Жаңабеков К., Жаңабекова Г.К «Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы» Алматы: «Сөздік – Словар» 2005 ж.
4. Исхан Ж.Ж. «Жылқы шаруашылығынның приактикумы» Алматы: 2016ж.

Khairat I.Қайрат Исхан
argymaq.kz

2 comments

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.