Лақай-қоңыраттардың көкпар атын суыту өнері

6240

Маған әңгіме айтып отырған кісі – Насыролла Бейсенбайұлы. Ел Нарша ақсақал дейді. Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының Қыраш ауылында тұрды. Менің – түпнағашым. Алпысыншы жылдары Тәжікстанда тұрған, сондағы көкпарға қызу араласқан, одан өзіміздің Шардара ауданының Қызылқұм жағында қой бақты. Ақырында Қаратау мен Сырдағы атамекенге жайғасты ғой. Великпен шерулетіп жүрген сапарларымда баяндаған толғауы еді.

– Мен саған лақай-қоңыраттардың ат баптауын айтып берейін. Біз де – қоңыратпыз ғой – деп бастады әңгімесін Нарша ақсақал.

– Бірақ олардың киім киісі де, ат баптауы да бізден бөлекше. Әлі күнге өкіметтің киімін кимейді. Өздері қолдан тігеді. Шеттерінен шебер өздері. Бастарына шалма орайды. Біз сәлде дейміз ғой. Ал түрлері де, тілдері де – осы өзіміздің қазақша. Бір қызығы, олар өздерін өзбекпіз демейді, тәжікке болса да қоспайды, тәжіктің тілін түсінбейміз ғой, мұсылман дегенмен, бөгде жұрт. Таңғаларлығы, жаңағы лақайлар қазақпыз да демейді, қоңыратпыз дейді. Ара-кідік кей сөздері болмаса, таза қазақша сөйлейді. Туасы, олар – кәдімгі өзіміздің қазақ қой – дейді ақсақал өзімсініп.

– Ай, шіркіндердің еңбекқорлығы! Әсіресе, ат десе ұйқы бетін көрмейді екен. Ат бағу – сол қоңыраттарда. Қырық күн шілдені есептеп отырады. Шілде түскен күні атты қораға кіргізеді. Жерді терең қып қазып, сол жерге қояды. Үстін ашық қалдырады. Не тамға. (Оңтүстік қазағы үйді кейде там деп те айтады.) Азанда, күн шықпай, атты жабулайды. Жабулағанда, төрт тұяғы мен тұмсығы ғана ашық тұрады. Басқа жерін орап тастайды. Үш қабат-төрт қабат жабумен. Біз айтамыз; «Мынау ыстықта аттардың өкпесін күйдіріп өлтіресіңдер ғой» деп. Біреулер таңқалады. Біреуіміз әлгілердің ісіне сыртынан күліп жүреміз. Ал олар өздеріне сенімді. «Жоқ. Ат бір терлегесін, кейін, желменен мұздай тер болып, ат рахаттанып тұрады, сендер оны білмейсіңдер» – дейді. Күн батқанда, далаға шығарып, байлайды. Жабуын алып тастайды. Азанда, күн шықпай, қайтып жабулайды. Жемін бере береді. Күші бар жақсы аттар отыз кіләға дейін жейді екен. Жемін түгел жемей, жемін жеуді азайтса, сол күннен бастап, жемді азайта береді. Сөйтіп өзінің жейтін мұғдарын ап келеді. Екі кілә бола ма, үш кілә бола ма. Сонымен, осылайша атты қырық күн байлайды – деп бір тоқтады Нарша қарт.

Айта түссе екен деп мен отырмын тамсанып.

– Қырық күннен кейін атты таң асыруға шығарады. Шығарғанда, кейбір ноқетек секілді, ер-тоқым сала сап, ана жаққа шауып кетпейді. Атты жұқа жабулап, тартпасын бостау қып тартып, ұзын қаңтарып, ия ешекпен жетектейді, ия жаяу жетектейді. Екі-үш күнге шейін оны мінбейді. Анау жерге, барып қайтады. Ертесіне онан ұзаңқырап барып қайтады. Ертесіне онан да ұзаңқырайды. Сөйте-сөйте, үш-төрт күннен кейін атқа мінеді. Мінгенде, қатты жүрмейді, шаппайды. Жай жүріп алып келеді. Әуелі бір шақырым жүрсе, ертесіне бір жарым шақырым жүреді. Оның ертесіне – екі шақырым. Атты осылай жайлап суытады. Қырық күн! Қырық күн байлайды, қырық күн суытады. Сосын, қырық күннен кейін, бас-көз демей, күздей, қыстай көкпарға салады. Көкпардан көкпар! Сонда ол аттардың жалы құлағынан асып тұрады. Ол ат ақсамайды. Іші қызба болмайды – дейді қарт көкпаршы өзі де талай ат суытса да лақайлардың ат суытуына таңданысын жасыра алмай.

– Күн де, кешке дейін шауып-шауып, сілелеп келген ат, азанда ойнап тұрады. Сонда бір ақсақалдан естідім: «Мына жүні былай жабысып тұрса, ол ат – ат болмайды. Демек, олар түнімен ұйықтамайды. Атты тарайды, үстін сылап-сипайды».

***

– Айтайын дегенім, соларға күлгендерді Арын көкеміз тыйып тастады. «Өнерді үйрен. Үйрен де, жирен» деген. Онан да үйреніп алыңдар» дейтін. Атты күтудің қандай сыры бар, кімнен не көрді, не естіді, ол кісі бірден үйреніп алатын. Емдеудің де неше түрлі жолын білуші еді.

Жазықтағы көкпар мен таулы жерде көкпар шабудың әжептәуір айырмасы болады. Адам үшін де, ат үшін де. Бірақ Арекең екеуіне де мәттақам еді. Лақай-қоңыраттардан да озып, олардың өзі ақырында көкемізді айналсоқтап, жол-жоба, ақыл сұрайтын болды. Сондайдағы бір сөзі есімде қалыпты: «Өзін өзі суытатын аттар да болады. Десе де адам қолы араласқанға не жетсін!» деп отырушы еді – деп әңгімесін аяқтады Насыролла Бейсенбайұлы.

Темірхан Момбекұлы-Түркістан,

«Қазақ» әңгімесінен қысқартылып алынды

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.