Қазақстанда жылқы мұражайын ашуға не кедергі?

1306

Белгілі этнограф ғалым, тарих ғылымының докторы Ахмет Тоқтабайдың елімізде жылқы мұражайын ашу туралы бастама көтеріп жүргеніне оншақты жылдың жүзі болды. Бірақ бұл бастаманы Алматы мен Астанадан ешкім қолдай қойған жоқ. Ғалымның ұсынысына құлақ асатын Үкімет те жоқ. Әзірге ұлтжанды қалталы азаматтар да кездеспей тұр…

ЖЫЛҚЫНЫҢ ОТАНЫ – ҚАЗАҚСТАН

Бұрын «жылқының отаны қай мемлекет?» деген сауалға келгенде әлем ғалымдарының пікірі әртүрлі болатын. 1981 жылы сол кездегі Көкшетау облысының аумағынан табылған Ботай-мәдени қорығынан шыққан жылқы сүйегі мен құмыра тәрізді қыш ыдыстар түбіне жағылған қалдықты зерттеген Англия, Жапония, Германия, Ресей ғалымдары бұл жәдігерлерді энеолит дәуіріне жатқызған. Яғни біздің заманымызға дейінгі IV мыңжылдықта, осыдан 6 мың жыл бұрын қолға үйретілген жылқы сүйектері мен қымыздың жұғындысы екенін дәлелдеген. Қорымнан қазып алынған 15 тонна жылқы сүйегін зерттеген ғалымдар оның қазіргі қазақ жылқысының тегімен 99,9 пайызға дәл келетінін  анықтаған. Осыдан кейін әлем ғалымдары жылқының отаны қазақ даласы деген тұжырымға тоқтайды. Ал белгілі грек ғалымы Сократ «Скифтер қашып бара жатып соғысқанда, қуып бара жатқаннан кем түспейді», деп атты жауынгерлердің пайда болуы скиф-сақтардың еншісінде екенін айтып кеткен. Қытайдың ертедегі жазба деректерінде атты жауынгерлері бар ғұндар мен сақтардан қорқып, қыздарын соларға соғыс ашпауының кепілдігі үшін бергені жазылған. Ал орыстың Александр Вилькинс атты жаратылыстанушы ғалымы «Қазақ жылқысы арқылы біз орыстар жылқыға қолымыз жетті» деп шындықты мойындаған. Орыстың генералы Иван Бабков: «Қазақтар казактарға қарағанда тамаша шабондоз, жақсы жауынгер. Оларға тек қару жетіспейді, егер де қарулары болса, олар біздің емес, біз олардың айтқанымен жүріп, айдағанына көнер едік» деген пікірін жазып қалдырған.

ӘЛЕМНІҢ 30 ЕЛІНДЕ ЖЫЛҚЫ МҰРАЖАЙЫ БАР

«Енді мұның бәрін неменеге термелеп жазып отырмыз?» деген сауалға келсек, қазақ жері жылқының отаны бола тұра неге осы төрт түліктің төресін ғылыми түрде зерттеп, оның жүйрік, етті, сүтті тұқымдарын көбейтпейміз? Жылқы тұқымын асылдандыруды неге ғылыми түрде жүргізбейміз? Әрине, әйгілі ақын Ілияс Жансүгіров

«Құлагер» поэмасымен жылқыға жырдан ескерткіш тұрғызды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел бастама көтеріп, Астана-Көкшетау күре жолының бойында Ақан серінің Құлагеріне арнап қоладан мүсінін де орнатты. «Ал енді не жетпейді?» дегенде ойымызға республикалық деңгейде жылқыға арналған бір кешенді мұражай орнату керектігі оралады.

Мәселен, әлемнің 30 елінде тек жыл­қыға, тағы 30-дан астам елінде жылқыға жанама түрде арналған музейлер бар екен. Көршіміз Ресейдің өзінде арнайы жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, бірнеше жылқы мұражайлары бар. Сонымен қатар, жылқымен иппотерапия жүргізіп, емдеу шараларын жасайтын медициналық орталықтары да жұмыс істеп тұр. Онда аутизм, ДЦП дертіне шалдыққан балаларды емдейді. Сахалар қымыз туралы заң қабылдаса, Ресейде қымыз өндіретін 80-нен астам шағын өндіріс орындары жұмыс істеп, 48 шипажайы өз ем шараларына бие сүтін пайдаланады екен. Ал Жапония, Англия, Испания, Германия, Франция секілді елдерде жылқы музейлері әлдеқашан ашылған. Мәселен, ең көне жылқы мұражайы 1911 жылы Францияның Сомюре қаласында ашылған. Онда қазіргі таңда 1400 жәдігер бар. Соның 1000-ы жылқы тақырыбындағы кітаптар болса, оның ең көнесі 1558 жылы жарық көрген кітап екен. Сондай-ақ 100 ертоқым мұражай төрінен орын алған. Осындай ерекше мұражайдың бірі Парижден 40 шақырым қашықтықта орналасқан көне Шантильи қорғанында орналасқан. Оның ерекшелігі сол – ондағы жәдігерлердің бәрі тірі жылқылар. Асыл тұқымды ақалтекелерден бастап, кішкене пони жылқылары да бар. Бұл мұражайдың және бір ерекшелігі, онда арнайы ат қорада немесе алаңқайда аттарға мініп қыдыруға да болады. Әрине, қосымша қызмет құнын төлей отырып.

Ең жас жылқы мұражайы 2011 жылдың 18 мамырында Слове­нияның Липице қаласында ашылған. Бұл мұражай жылқы зауытының жанынан ашылғандықтан да мұнда липи­циандық жылқы тұқымы туралы танымдық сабақтар өткізеді. Литвада 1978 жылы ашылған тәжірибелік жылқы мұражайы агроном Пятраса Васинаускасаның бастамашылығымен ашылған. Бұл нысан бүгінде туристік орталыққа айналып отыр. Айта берсек, әлемде осындай сан түрлі бағытты ұстанған мұражайлар жетерлік.

ҚОШАНКӨЛДЕГІ  ЖЫЛҚЫ МҰРАЖАЙЫН  КІМ АШҚАН?

 Мұндай игілікті істі Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Қошанкөл ауылының азаматтары 2016 жылы қолға алып, айналасы екі, үш айдың көлемінде еліміздегі алғашқы жылқы мұражайын ашады. Осы Қошанкөл ауылының әкімі Ернар Аққалиұлының айтуынша, бұл іске мұрындық болған жергілікті «Ауыл айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жұмағалиев болса оған жәрдемдесіп, үлес қосқан ауыл азаматтары екен. Әсіресе ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Меңдіхан Халықұлы Алматы мен Астанаға дейін барып, мұражайға жәдігерлер жинаған. Бүгінде мұражайға «Сәйгүлік» деген ат беріп, елуден аса жәдігерлер жинақталып, аудандық мәдениет басқармасынан бір штат бөлініп, экскурсавод маман жұмыс істейтін болған. Сол кездегі аудан әкімі Нұрлан Бекқайырдың айтуынша, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту ретінде жылқы музейін ашқан. Одан кейін аудан, облыс әкімдеріне ұсыныс жасап, экскурсавод маманға штат бөлдірген. Бұл іске аудандық мәслихат депутаты Гүлфия Көшбаева, атбегі Аманжол Қажығалиев бастаған азаматтар үлес қосып, жәдігерлер жинаған. Қазталов ауданына барған қонақтар мен аудан, облыс тұрғындары бұл мұражайға арнайы барып, ондағы жәдігерлерді тамашалайтын болған.

МҰРАЖАЙДЫҢ  ҚАЙДА БОЛҒАНЫ ДҰРЫС?

Бұдан нені байқаймыз? Егер ниет болса, бір адам көтерген ұсынысты оншақты адам қолдап, көмектессе, жылқы мұражайын республикалық деңгейде ұйымдастырып ашуға болатынын байқаймыз. Оны Алматы немесе Астана қаласынан ашу қажет екені және даусыз. Өйткені осы екі қалада ел тұрғындары көп шоғырланған. Сондай-ақ еліміздің өзге аймақтарының тұрғындары да қолдары босағанда қыдырып немесе жұмыспен осы екі қалаға көп барады. Яғни жылқы мұражайы осы екі қалада ашылса, оның игілігін еліміз азаматтары мен туристер көбірек көруіне мүмкіндік туады. Бұл жөнінде осы мәселені көтеріп жүрген этнограф ғалым Ахмет Тоқтабайға хабарласып, пікірін білген едік.

– Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз қазақ ұлттық аспаптарының керемет музейін ашты. Бүгін де оған әлем таңғалады, себебі бір ғана саладан музей ашу деген – қиын, сонымен қатар бұл мәдениетіміздің соншалық бай екендігін паш ететін іс. Қазақ жылқысының музейін ашуды қолдайтын адам, құзырлы орындар табылса, мен ол музейдің қанша бөлмеден, қандай экспонаттан тұруы керек, бәрін қамтитын концепциясын да түзіп қойдым. Бүкіл Қазақстан, қала берді, Моңғолия, Қытай, басқа да елдерді аралағанымда кімнің қолында қандай жәдігер барын жадыма түйе жүрдім. Соның бәрін жинақтап, музейді ашуға, жабдықтауға бас-көз бола алар едім. Мемлекет қолдаса, не болмаса, қаржылы азаматтар қолдау көрсетсе, мұның күллі әлемді таңғалдыратын музей болатынына 100 пайыз кепілдік бере аламын. Менің ойымша жылқы мұражайы Алматы мен Астана қалала­рының бірінде орналасуы қажет. Ел азаматтарынан бөлек осы екі қалаға шетелдік қонақтар да, туристер де көп келетіні белгілі. Біздің бай тарихымыз бен жәдігерлерімізбен өзгелер де танысып, білсе бұл өз кезегінде туризмнің дамуына да үлес қосатын бір жол болмақ.

Ахмет Тоқтабай, тарих ғылымының докторы, этнограф:

 Ертоқымның өзінің 15-тен астам түрі бар

– Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз қазақ ұлттық аспаптарының музейін ашты. Бүгінде оған әлем таңғалады, себебі бір ғана саладан музей ашу– қиын, сонымен қатар мәдениетіміздің соншалықты бай екендігін паш ететін іс. Қазақ жылқысының музейін ашуды қолдайтын құзырлы орындар табылса, мен ол музейдің қанша бөлмеден, қандай экспонаттан тұруы керек, бәрін қамтитын концепциясын да түзіп қойдым. Бүкіл Қазақстан, қала берді, Моңғолия, Қытай, басқа да елдерді аралағанымда кімнің қолында қандай жәдігер барын жадыма түйіп жүрдім. Соның бәрін жинақтап, музейді жабдықтауға бас-көз бола алар едім. Мемлекет не болмаса, қаржылы азаматтар қолдаса, мұның күллі әлемді таңғалдыратын музей болатынына 100 пайыз кепілдік бере аламын. Менің ойымша,  жылқы мұражайы Алматы мен Астана қалаларының бірінде орналасуы қажет. Ел азаматтарынан бөлек осы екі қалаға шетелдік қонақтар да, туристер де көп келетіні белгілі. Біздің бай тарихымыз және жәдігерлерімізбен өскелең ұрпақ та, өзгелер де танысып, білсе бұл өз кезегінде туризмнің дамуына да үлес қосатын бір жол болмақ. Жылқы мұражайы деген еліміздің бір брендіне айналуы керек. Оған мүмкіндігіміз жетеді. Жылқы театры, жылқымен ойналатын 40 түрлі спорт түрі, ертоқымның өзінің 15-тен астам түрі бар. Жылқыға қатысты тарихи танымдық, ғылыми, көркем әдеби кітаптар, жыр поэмалар жетерлік бізде. Осының бәрін жүйелеп, бөліп қойсақ, Алматы мен Астанадан бір-бір жылқы мұражайын ашуға әбден болады.

Ержан Жаубай, «Арғымақ» сайтының редакторы:

Мұражай ашсақ, жәдігермен толтыра аламыз

– Жалпы елімізде жылқы мұражайын ашу жөніндегі ұсыныс көптен көтеріліп келе жатыр. Бірақ осы мәселе республикалық деңгейде жүзеге аспай-ақ келеді. Оралдан 400 шақырым ары Қазталов ауданындағы Қошанкөл ауылынан екі бөлмелі жер үйдің бір бөлмесінен сол ауылдың азаматтары 2016 жылы жылқы мұражайын ашып, оған «Сәйгүлік» деп атау берді. Бірақ оны сол ауданға барған бірлі-жарым қонақтар болмаса, көпшілік көре бермейді. Ал біздің алты мың жылдық тарихы бар, әлемдегі 256 жылқы тұқымының түп отаны ретіндегі жеткен жетістігіміз осы ғана ма? Бізде жылқыға қатысты жәдігер деген жетеді. Алматы мен Астана қалаларынан екеуін ашсақ та, жәдігермен толтыра аламыз. Өкінішке қарай, жалпы билік, Үкімет, Спорт және мәдениет министрлігі де, Ұлттық спорт федерациясы да бұған бір көңіл бөліп, басшылық жасауды қолға алмай-ақ қойды. Біздің жылқыға қатысты жәдігерлеріміздің біразы «Эрмитажда», Мәскеудегі Ломоносов атындағы мұражайда тұр. Солардың көшірмесін де алуға болады. Қолымыздағы бар жәдігерлердің өзі жетіп артылады. Ахмет Тоқтабай ағамыз да жылқы мұражайының тұжырымдамасын, жәдігерлер тізімін жасап, құзырлы орындарға ұсынды. Мен өзім де Ұлттық спорт федерациясының басшысы болып тұрған кезінде Бекболат Тілеуханға ұсыныс жасадым. Ұлттық спорт мұражайын ашайық деп. Егер оны ашсақ, міндетті түрде бір залы өз-өзінен жылқы мұражайына айналар еді. Жазушы Сәдібек Түгел ағамыз «Құлагер» ескерткішін өзі бас болып орнатқан кезде соның жанынан ашу жөнінде ұсыныс айтты. Жылқы мұражайының архитектурасын, сметасын жасап, тиісті орындарға ұсынды, ол да қолдау таппады. Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, жылқытанушы ғалым Нәбиолла Кикебаев ағамыз «бұрынғы Қостанай жылқы зауытының ғимараты қазіргі таңда бос тұр, соны жылқы мұражайына айналдырайық» деді. Ол да қолдау таппады. Әйтеуір біздің Үкімет ұлттық дүниеге келгенде кегежесі кейін тартып тұрады ғой. Менің ойымша, енді бұған Президенттен пәрмен ғана керек сияқты. Біздің Үкімет Президент тапсырма берсе ғана орындайды ғой өзі. Қасым-Жомарт Кемелұлы бір ауыз тапсырма берсе, айналасы екі-үш айда ол мұражай ашылар еді. Алматы мен Астанадағы орталық мұражайларда жылқыға қатысты қаншама жәдігер тұр. Аймақтардағы облыстық мұражайларда да жетерлік. Ат әбзелдерін жасайтын аға буын да, жас шеберлер де жетерлік. Бәрін жұмылдырса, жылқы мұражайының жәдігерлері толығар еді. Ботай-мәдени қорығынан жылқыға қатысты қаншама жәдігер табылды. «Берел» қорығынан табылған жылқыға қатысты жәдігерлерді де, өзге алтын бұйымдарды да археолог-ғалым Зейнолла Самашов Астанадағы орталық мұражайға өткізді. Осылардың бәрін жылқы мұражайына топтастыруға болады. 

Жер шарындағы 250 тұқымнан тарайтын 70 миллион жылқының шыққан жері, яғни тараған өлкесі қазақ даласы екенін бүгінде бүкіл әлем мойындады. Жылқының жасына байланысты ғана жиырма шақты атау болса, ат әбзелдеріне қатысты елуден астам этнографиялық атаулар тіркелген екен. Әлемде үш Олимпиадада жүлде алған атақты Абсент те Жамбыл облысы Құлан ауданындағы кезіндегі «Луговой» жылқы зауытынан шыққанын бүгінгі ұрпақ білмегенмен, аға буын ұмыта қойған жоқ. Қазақтың арғы-бергі тарихындағы батырлар мен хандар мінген қаншама сәйгүліктер болды. «Қозы Көрпеш, Баян сұлу» жырында Қарабайда 90 мың жылқы болғаны айтылады. Ал халқымыздың этнографиясына көп үлес қосқан Шоқан Уәлиханов арғын ішіндегі қуандық Сапақ байда 18 мың, қаржас Азнабайда 25 мың жылқы болғанын жазған. Жылқыға қатысты мұндай деректер мен тарихты тізе берсек жетеді. Қорыта айтқанда, осы бай жәді­гер­лерімізді жүйелеп, жинап, жылқы мұражайын ашатын уақыт жетті. Біз «Жаңа Қазақстанды» құрғанда осындай игілікті істерді жүзеге асыруға тиіспіз.

Нұрболат Абайұлы,

«Ана тілі» газеті

Comments are closed.