Ипподром аумағында құрылысқа жол жоқ!

3344

Шымкент қаласының тұрғындары ипподром аумағында құрылыс жүргізуге келіспейтіндерін жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Шымкент қаласындағы орталық атшабардың орнына көпқабатты тұрғын үй салынатыны жайлы айтылған болатын.

Ипподром аумағында құрлыс жүргізуге қатысты тұрғындар талабы төмендегідей:

Біз, Шымкент қаласының тұрғындары Конституция және ҚР заңдарымен берілген табиғи құқықтарымызды қолдана отырып, қала ипподромы аймағында BI Group компаниясы жүргізіп жатқан үлкен тұрғын үй кешенінің құрылысы жобасын тоқтатуды талап етеміз.

Жоспарланған тұрғын үй кешені Бас жоспардың бөлігі ретінде құрылыс және сәулет саласының тәуелсіз мамандарымен және сәйкес сараптамалық ұйымдармен талқыланған жоқ. Осылайша, заңмен белгіленген тәртіп бұзылды.

Айтылмыш аудан ҚР Үкіметі бекіткен Шымкент қаласының Бас жоспары бойынша демалыс аймағы және парк аумағы болып табылады. Сондықтан мұнда тұрғын үй кешендерінің құрылысын жүргізу Бас жоспарды және басқа да құқықтық құжаттарды тікелей бұзу болады.

Сондай-ақ бұл аймақ соңғы жылдар ішінде қала тұрғындарының ең ұнамды демалыс орнына айналды. Мұнда танымал болып үлгерген қала тұрғындарының демалыс орындары орналасқан: дендросаябақ, этносаябақ, хайуанаттар бағы және Наурыз алаңы. Тұрғын үй кешенінің құрылысы ауданның сәулет жарасымдылығын бұзады. Біз осы мәселеде компания мен ықтимал сатып алушылардың мүдделері қала тұрғындарының мүдделерінен жоғары қойылып тұр деп санаймыз.

Бұл аймақ шаһардың теріскейіндегі ерекше өкпесі болып табылады, сондықтан тұтас миллиондық қала үшін экологиялық маңызы зор. Аймақтың экологиялық ахуалына келтірілген зиян өз кезегінде бүкіл қалаға ауыр зардабын тигізуі мүмкін. Біз, қала тұрғындары бұл ауданда қандай болмасын құрылысқа қарсымыз.

Бұдан бөлек, біз бұл құрылыстың жақын маңда орналасқан қазірдің өзінде тұрғын үй кешендерінің құрылысы жүріп жатқан Шымсити ауданында орын алғаны жөн болар еді деп санаймыз.

Өкінішке орай, шаһарымыздың құрылыс және сәулет Департаменті әлі күнге дейін мамандардың үндеулеріне елеңсіз болып, қала жұртшылығымен конструктивті қарым-қатынас құра білмеді.

Жоғарыда айтылған жайттарға байланысты біз – Шымкент қаласының тұрғындары бұл аймақта тұрғын үй кешенінің құрылысы жобасын және басқа қандай болмасын құрылысты тоқтатуды талап етеміз. Сонымен қатар, біз қала басшылығынан осы аумақты қала тұрғындарына арналған демалыс немесе парк аймағы ретінде пайдалануын сұраймыз.

Және де біз қала Әкімінен қала тұрғындарының бастамашыл тобын қабылдауды және конструктивті келіссөздерді бастауды сұраймыз.

Шымкенттіктер осы мәселеге қатысты петиция жариялады. Петицияға қол қою үшін мына сілтемеге өтіңіз.

Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы қаласындағы орталық ипподромды да жабатыны туралы шу шыққан болатын. Артынша ол нысан мәдени мұралар тізіміне  енгізілді.

Argymaq.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.