Қазақ жылқысының жеті жоғы немесе Президент Қ.К.Тоқаевқа хат

4201

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Өзіңізге арнап хат жазуға түрткі болған менің жеке басымның немесе тамыр-таныс, құда-жегжат, ағайын-туысымның тішілік базынасы, тұрмыс-тауқыметі емес. Елдік мүдде, ұлттық құндылықтарымызды түгендеу мақсаты деп білерсіз.

Сіз сайлауалды бағдарламаңызда да, Қазақ елінің заңды Президенті атанып, ел алдында ант бергенде де Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының саясатын жалғастыратыныңызды айтқан едіңіз. Осы бастамаңызды негізге ала отырып, өзіңізге арнап хат жазуды жөн көрдім.

Аса қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Менің Сізге хат жазуыма тікелей түрткі болған қазақ жылқысының тағдыры! Қазақ жылқысының жеті жоғы!

Бірінші жоқ – Әлемде «қазақ жылқысы» деген атаумен тіркелген жылқы тұқымы жоқ

Өткен 2019 жылдың соңында Моңғолия ғалымдары америкалық және ресейлік ғалымдармен бірлесе отырып, «осыдан 5-6 мың жыл бұрын моңғол жылқысы әлемде алғаш рет қолға үйретілді, әлемдегі барлық жылқы тұқымдарының негізі қазіргі моңғол жылқысы» деген тұжырым жасады.

Бұл қаншалықты ақылға сиымды немесе тарихи шындық болатынын ғалымдар айта жатар. Бірақ, бізге белгілісі бүкіл әлем 1989 жылы осыдан 6000 жыл бұрын ең алғашқы жылқы қазақ даласында, нақтырақ қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау елді мекеніне жақын жердегі «Ботай қонысынан» табылғандығын мойындағаны. Бұл туралы әлемде талай зерттеу еңбектер жасалып, бес мемлекеттің бірлесуімен «EQUS. Жылқы тарихы» атты үш бөлімнен тұратын деректі фильм түсірілді.

Алайда…

Бастауын осыдан 6 мың жыл бұрын Ботай қорымынан алатын атамзаттың абзал серігі жылқы тарихының бүгінгі парағында 256 түрлі жылқы тұқымы тіркелген. Осы әлемге тараған 256 түрлі тұқымның қатарында «ҚАЗАҚ ЖЫЛҚЫСЫ» деп көрсетіп берер бір тұқымның тіркелмегені қынжылтады.

Біздің бұл олқылығымызды өзгелер тиімді пайдаланып отыр. Сөз жүзінде «қазақ жылқы мінезді», «қазақ пен жылқы егіз», «қазанат пен азаматты бөле-жаруға келмейді» деп күпінгенде үзенгі бауымыз сегіз қабат болады. Алайда, «жылқының отаны» атанған Қазақстанда «қазақ жылқысы» деп көрсетер бір қотыр тайдың болмауы қалай?

Екінші жоқ – Жылқытану институы жоқ

Аса құрметті Президент мырза, бұған сенбеуіңіз мүмкін. Бірақ институт былай тұрсын, біздің елде Жылқытану кафедрасы жоқ. Елімізде ауыл шаруашылық саласында белді-белді Жоғары оқу орындары жетерлік. Әр ірі қалада бір Агротехникалық университет бар десек те болады. Жылына мыңдаған ветеринар білім алып шығады. Алайда олардан еш пайда жоқ. Себебі жүйесіз, нақты берілмеген білім, ешқашан өз жемісін бермейді.

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды, алайда әлемде «Қазақ жылқысы» деген жылқы тұқымын қалыптастырып, шығыра алмай отырғанымыздың өзі осы жүйесіз, мақсатсыз берілген білімнің көрінісі.

Иә, бір жылқы тұқымын селекциялау үшін кемі 25-30 жыл керек десек, біз үшін енді 2050-ді күткеннен басқа амал жоқ.

Қазақстанда 125 жылдан астам тарихы бар «Қазақ тұлпары» (Қостанай) жылқы зауыты барын елдің бәрі біледі. Бірақ ол мекеменің аты бар да, заты жоқ. 125 жылда «Қостанай жылқысы» деген бір ғана тұқым шығарды. Соны малданып әлі жүр.

Қазақтың етті-сүтті бағыттағы «жабы типі», «мұғалжар», «көшім», тұқымдары өсіріліп жатыр. Бірақ бұл тұқымдар елішілік қана деңгейде қалып отыр.

Жылқы тұқымын асылдандыру, сапа, зерттеу, жылқытану саласымен түбегейлі айналысатын Жылқытану институтын ашпайынша әлемдік дәрежеде «Қазақ жылқысы» деген тұқым шығару ісі сол айтылған күйі қала береді деп ойлаймыз.

Үшінші жоқ – Жылқы шаруашылығына қолдау жоқ

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз білесіз әлемде Жылқы министрлігі бар бірден-бір мемлекет – Түркіменстан. Түркімендер ахалтекесін әлемдік брендке айналдырды. Бізге жылқы министрлігінің керегі жоқ, алайда жылқы шаруашылығымен айналысатын шаруаларға нақты қолдау көрсетілсе.

«Құлан» бағдарламасы бар. Алайда ол тиімсіз және бір елдің жылқы шаруашылығы үшін бір ғана бағдарлама аздық етеді.

«Құланның» тиімсіздігі – біріншіден: тек етті-сүтті тұқымды жылқыға, оның ішінде биелерге ғана берілетіндігі, екіншіден: жылдық пайыздық мөлшерлемесінің көптігі (16 пайыз).

Қазіргі кезде асыл тұқымды айғырдың бір басына 100 мың теңге көлемінде субсидия беріледі. Екінің бірі асыл тұқымды айғыр сатып ала алмайды. Екіншіден, оның өзі етті-сүтті бағыттағы жылқыға ғана төленеді.

Ал қымыз шаруашылығы бойынша 1 литр қымызға 60 теңге субсидия беріледі. Еліміздің ұлттық сусыны болуға әбден қабілетті, денсаулыққа аса пайдалы, диеталық тағам ретінде әлем мойындаған бабалар сусынын өндірушілерге мемлекет тарапынан нақты қолдаулар болса. Мысалы, қымыз өндірушілерге субсидияны көбейтіп, қымыздың нарықтағы бағасын тұрақтандырып, халық жаппай тұтынатын сусын деңгейіне жеткізудің нақты тетігі жасалып, бұл іс жүйеге қойылса.

Төртінші жоқ – Жылқы бар, жылқышы жоқ

Бұл жылқы шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің жанайқайы деп ұқсаңыз да болады. Белгілі жылқытанушы ғалым, қазақтың «мұғалжар», «көшім» жылқыларының негізін қалаушы Серікбай Рзабаев бір сұқбатында тура осылай деген еді.

Құдайға шүкір, қазір қазақ даласында 2,8 млн (2019 жылғы есеп бойынша) жылқы бар.

«Жылқыны жылқы тұяғынан да қатты адам баға алады» дейді дана халқымыз. Тіпті, «Ұлың ынжық болса – жылқы бақтыр, ұлың тентек болса – қой бақтыр» дейтін де біздің қазақ. Алайда, бүгінгі күні жылқы бағатын «жылқы тұяғынан да қатты» бақташы табу қиямет.

Кәсіпкер бар жағдайын жасап, басына баспана, астына машина, киім-тамақ, жалақысымен беруге дайын, бірақ жылқышы жоқ.

Сол себепті, бұл кәсіппен айналысушыларды ынталандыру үшін мемлекет тарапынан тек осы жылқы бағуға бейілді азаматтарға жағдай жасаудың, оларға түрлі қолдаулар көрсетудің қажеттілігі анық сезіліп отыр. Мысалы, жылқышының ақылы оқудағы баласының оқу төлемін азайту; жылқышы болам дегендерге мемлекет тарапынан арнайы үстемеақы төлеу; жол жүру ақыларын жеңілдету т.б. деген секілді.

Бұл еліміздегі жылқы шаруашылығының дамуына, жылқы басының көбеюіне өте үлкен көмек болар еді.

Бесінші жоқ — Қазақстанда жылқы музейі жоқ

Бұл аса өзекті мәселе деп ойлаймын. Себебі Қазақ халқы кешегі көшпенділердің заңды жалғасы және соны сақтаушы санаулы ұлттың бірі. Бабаларымыздан қалған мол мұра, жүз мыңдаған жәдігердің тамтығына тамсанып қалдық.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Өзіңіз де еліміздің әр өңіріне барған кезде алда-жалда музейлеріне бара қалсаңыз, қазақы ердің қаңқасы, тот басқан үзеңгі, шіріген терлік, құрысқан құйысқан көретініңіз анық. Бұл менің еліміздегі музейлерді кемсіткенім емес, көзге көрінетін шындығы осы.

Осының барлығын түгендеп, Қазақстанның шынымен «жылқының отаны» екенін әйгілейтін бір музейдің керек екенін мойындауымыз керек. Белгілі жылқытанушы ғалым, этнограф Ахмет Тоқтабай: «Егер Қазақстанда жылқы музейі ашылса, ішін жәдігермен толтыруға өзім қолғабыс жасар едім» дегені бар. Ал өзіңіз жақсы білетін, Ботай қорымынан, Берелден табылған алтын тұлпарлардың жаңғыртпалары еліміздің әр музейінде тарыдай шашырап жүр. Осының барлығын бір орталыққа жинап, алыс-жақыннан келер туристерге, қадірлі қонақтарға мақтанышпен көрсететін кез келді.

Жылқы музейі жайлы айтылғанда белгілі журналист, жазушы Сәдібек Түгелдің көптен бері жүзеге асыра алмай келе жатқан музей-кешенін де айта кеткен абзал. Ал ұзақ жылдар «Қазақ тұлпары» зауытын басқарған жылқытанушы ғалым Нәбидолла Кикебаев бізге берген бір сұқбатында: «Қазақ тұлпары» зауытының ескі ғимараты әнтек Қостанайда орналасқан, әйтпесе Елорданың іргесіне әкеп жылқы мұражайына айналдырып жіберетін-ақ нысан» дегені бар еді.

Алтыншы жоқ — Жылқы туризмі жоқ

Бұл да еліміздегі орны үңірейіп тұрған сала. Осынау Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасын жайлаған ұланғайыр даланы кешегі бабаларымыз қазақ жылқысының күшімен иеленіп қалғаны ақиқат. Бізге жеткен жыр-дастандарда тұлпар тұяғымен жазылған тарихымыз айқын көрініс тапқан. Ал осы даланың көркін, кербез сұлулығын, асқар тау, аққан бұлағын, айдын шалқар көлі мен көргеннің көзі талар апайтөс алқаптарын неге біз атты туриз арқылы дәріптемейміз? Неліктен осы уақытқа дейін бабалардан қалған айрықша дәстүр – атқа міну мәдениетін қайта қолға алмай, оны жандандыра алмай отырмыз?

Иә, салт атпен сапарға шығып, өз шамасы жеткен жерге дейін барып жүрген азаматтар бар. Алайда оларға да мемлекеттен, тиісті мекемелерден қолдау болуы керек.

Жылқы туризімі қазіргі кезде ең сұранысқа ие сала. Ол ат спорты немесе көкпар тартып, аламанға ат қосу емес. Ол – осы сайын даланың төсінде салт атпен саяхат жасау.

Өткен жылы астаналық Берік Ақылбеков деген азаматтың бастамасымен Елордадан Баянауылға дейін 500 шақырым жолды атпен жүріп өттік. Сол сапарда АҚШ-тың Чикаго қаласынан келген Дуглос Ларсон есімді азамат бізбен бірге жүрді. Сол жігіт: «Мен қазақ даласының кең-байтақ екенін білуші едім, бірақ осыншама ұланғайыр деп ойламаппын» — дейді. Бұл бір ғана мысал. Егер елімізде жылқы туризміне мемлекет таратып қолдау болса, бұл Қазақстанның ішкі және сыртқы туризміне айрықша үлес қосар еді.

Жетінші жоқ – Елбасы айтқан «Атқа міну мәдениетіне» қолдау жоқ

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Жоғарыда айтылған алты жоқтың жоқ болуына тікелей осы «жетінші жоқ» әсер етіп отыр. Өзіңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының алғашқы қырын «Атқа міну мәдениетінен» бастаған болатын. Онда не айтылғанын қайталап, уақытыңызды алмай-ақ қояйын.

Ал Сіз сайлауалды бағдарламаңызда да атап көрсеткендей, қазір де Елбасы саясатын жалғастырып келесіз.

Сондықтан да бұл іске жанашыр ел азаматы ретінде «Атқа міну мәдениетін» дамытуға, жоғарыдағы алты жоқтың орнын толтырып, жоғымызды түгендеу үшін Сізден осы жетінші жоқтың орнын толтыруды қолға алуыңызды сұраймын!

Егер Елбасы айтқан «Атқа міну мәдениетін» қалпына келтіріп, еліміздегі жылқытанушы ғалымдардың басын қосып, жылқытану институтын құрып берсеңіз әлемдегі 256 жылқы тұқымының қатарына «ҚАЗАҚ ЖЫЛҚЫСЫ» деген тұқым да қосылар еді. Сондай-ақ, жылқы шаруашылығына қолдау болып, жылқышының да жағдайы жақсарар еді. Жылқы музейі ашылып, еліміздегі жылқы туризмінің дамуына негіз қаланар еді.

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен осы хатым арқылы  Сізге бар болғаны жылқытекті қазақтың жылқы малына қатысты ойындағы арман-мақсатын жеткізуді ғана көздедім.

Сіз Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің басшысы – ел сенімін арқалаған ең жоғарғы лауазымды тұлға ретінде бұл мәселеленің де шешімін тауып, елдің жоғын түгендеп береді деп сенемін!

Сізге деген зор құрметпен

Argymaq.kz ұлттық-танымдық

порталының бас редакторы Ержан Жаубай

1 comment

  1. «Қазақ жылқысының жеті жоғы». Президентке жолданған хатқа министрліктер шала жауап берді — Арғымақ Ұлттық танымдық порталы 9 Ақпан, 2021 at 21:05 Ответить

    […] болса, осыдан біраз бұрын «Қазақ жылқысының жеті жоғы немесе Президент Қ.К.Тоқаев…» деген мақала жариялаған болатынбыз. Сол мақалаға […]

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.