Марқакөлден атпен өткен қыз

14363

1960 жылдары Шығыс Қазақстан облысы, Күршім еліндегі 80-нен асқан Әлекей апамыздың бастан кешкендерін естуге құмар едім. Себебі Әлекей балғын кезінен бастап жорыққа шығып, барымташы атанып, жылқы айырған шабандоз жортуылшы болған. Бір барғанымда Әлкей апа әңгімесін бастады.

— …Менің үйдегі кезім. Жас мөлшерім он жеті шамасы ғой деймін. Әлібек ағайыма еріп мөлшері он төрт жасымнан жорыққа шыға бастадым. Ол жанына өзінен басқа үш ер азаматты ертеді. Мен бесінші адаммын. Әсіресе жазда, ел жайлауда болғанда, жылқыны Сіздің елден ұрлап алады да, біздің арғы жағымыздағы Қаратай елінің ұрыларына апарып береді. Олар ағайыма басқа жылқы айдатады. Ол мал бізге сіңеді, өз малымыз болып кетеді. Сол кезде осы өткелден өтетінбіз. Осы тұста солтүстік жағымызда Марқакөл бар. Жолды оның күнбатыс жағынан көреміз. Ұры әрине, тура жолмен малды айдап қашпайды. Ұры аз жүретін даламен, тоғай арасымен қашады. Біздің жолымызды өзіміз ғана білеміз. Қуғыншыны адастырмаса, ол несі ұры. Мен бұл жолдарды түнде жатқа біліп жүре беремін.

Бұл бір ұмытылмайтын жорық. Елден келіп сіздің маңнан мол жылқыға кез болдық. Ай сүттей жарық. Жылқыны қуа жөнелдік. Осы маңға келіп аялдап, ішіндегі екі атты ұстап Әлібек маған жетелетті. Жобасы, жүйрік аттар сияқты. Қалған жылқыларды өздері айдап қаперсіз келе жатқанда, артымыздан қуғыншының дүбірі естілді. Тіпті тақап қалды. Олар көп сияқты. Басқалары жылқыны қуып. Басқа жаққа бұрылды. Мен тура Теректіге тарттым. Марқакөлдің жиегіне жетіп, қалың тоғайды паналағым келді.

Бұл күз кезі, түннің жартысы мөлшері. Менің өз атым қашса, құтылады. Қуса, жетеді. Жетектегі аттардың шабысы мандымады. Қуғыншы менің ізіме түсті. Ай жарық. Таң атты. Бір топ қуғыншы маған жақындап келеді. Дегенмен, арамыз алыс. Бірақ қуа берсе, жетуі күмәнсіз. Екі ат та маған ұнады. Тастап кетуге қимай келемін. Күн шығып, қуғыншының жүрісі үдеді. Мен Марқакөлдің шетіне келіп тірелдім. Көлді жиектей қашсам, қуғыншы ұстап алады. Көп ойланатын уақыт жоқ. Өлім мен тіршілктің арасы. Қолға түскенше суға батайын, не өтейін деген шешімге келіп, көлдің арғы бетіне қарай үш атпен жүзе жөнелдім. Арғы шетіне тақағанда аттың аяғы жерге тиді. Біраз демалып ары жүріп едім, біраздан кейін ат қайта малтыды. Жағаға аман-есен өтіп шықтым. Тоғайға аттарды байлап, аттың ерін алып тоқымымды жайып, өзімнің еркекшора киімімді шешіп, қыз киімімді киіп жатқанда, қуғыншылар өзеннің арғы жағасына келді. Мөлшері оншақты адам. Мен қыз болып, жағада тұрып, оларды қол бұлғап шақырдым. Олар мені, мен оларды анық көріп тұрмыз. Үш аттың ізі көлге түскенін көріп тұр. Аттар тоғай ішінде, жасырын. Мені – қызды көреді. Оның үстіне мен қолымды бұлғап шақырып тұрмын. Олар маған кел деп қолдарын бұлғайды. Күн арқан бойы көтерілгенде мен от жағып, шай қайнаттым. Олар енді менен күдерін үзіп, еліне қайтып кетті.

Келер жылы біздің елге Шақабай құда келді. Қайтарында: Күркебай, Шақабай, Ыбырай біздің үйде болды. Біз керейден келген қонақты Қобының құмының терістігімен шығарып салдық. Марқакөлді жағалап, былтыр мен өткен жерге келдік. Шалғынның үстіне дастарқан жасадық. Менің былтырғы әңгімем сөз болды. Көлдің ені бір шама. Ел сенбейді деді Жәкем. Шақабай: «Адам ерлікті істейін деп істемейді. Оны өмір өзі істетеді. Әлекейді өмір өзі итермеледі осы сапарға. Аман өтті. Мен сенемін. Бұл жүректіліктің белгісі», — деді… Менің үлкен ағайым Жәнібек, одан кейінгі ағайым Әлібек. Төрт қыз бармыз. Қыздың ішіндегі ағаларыма еріп, жорыққа шығып жүргені мен ғана. Өзгесі жалпы ауыл әйелдері болды. Мені үлкен ағайым бір ауқатты ақнайман ішінде қойсары отбасына ұзататын болды. Болашақ күйеуімді бұрыннан білуші едім. Азаматшылығы аз жігіт еді. Бармаймын деп ағама қарсы келе алмадым. Қалыңмалын алып та үлгірді. Мен үйдің жылқысына иемін. Тиетін күйеуім өз жылқысына ие. Маған сенің байыңмын деп ерекше осқыра қарайды. Жылқы ішіне келіп, өзінше маған нұсқау да береді. Әлі ұрын да келген жоқ. Сол кезеңге жеткізбей, ажырассам деп жүрмін. Бір күні құдай сәтін салды. Маған келіп: «Сен енді жасауыңды дайында. Еліңмен таныс. Мен саған отбасына келген соң, жылқы жайғызбаймын. Ұқтың ба?» — деді. Жанымда өзіміздің төрт жылқышы тұрған. Сөзін аяқтай бергенде, қамшының астына алып сабай бастадым. Менімен қамшыласуға күші жетпейтінін білетінмін. Қамшыласуды батыр ағамнан үйренгенмін. Ол қашты. Мен қудым. Алдыма салып айдап отырып, ауылына әкеліп, дәл үйіне енгіздім. Жұрт бізді көрді.

— Әкең Досқа үлкен сәлем! Мен оның ынжық, ақымақ баласына қатын болмаймын – деп ат ойнатып, ауылды басыма көшірдім. Шегіндім де жылқыма оралдым. Кешке болған оқиғаны тура батыр ағама айттым. Екі құда келісіп малдарын қайтарысып, бітімге келді. Арада бір апта өтпей, қарабас руының Ақжарқын деген момын, байсалды адамына қашып кеттім. Артынан құдаласып, татуласты. Қайда барады қыз бен жігіт бір сөзден шықса… Мен Ақжарқыннан Оспан, Атантай, Қалқатай деген үш ұл сүйдім. Ақжарқын үйге, малға, балдарға ие болады. Мен жорыққа шығуымды тоқтатқам жоқ — деп аяқтады бағанадан бері алдындағы қымызынан ұртап қойып әңгіме соғып отырған кеюана әңгімесін.

Ахмет Тоқтабайдың «Амазонкалар» атты мақаласынан алынды

5 comments

  1. Ербол 14 Тамыз, 2014 at 04:14 Ответить

    Сәл қатесін қарап, сөйлемін жүйелеп, дұрыстап жазсаңдаршы… Олпы-солпы бере салыпсыңдар! Қанда керемет оқиға қор болып тұр.

  2. admin1 14 Тамыз, 2014 at 09:03 Ответить

    Ербол, рахмет, ескертпеңізге! Бірақ бұл Ахмет Тоқтабай ағамыздың кітабында дәл осылай берілген. Өзгертуге, редакторлауға құқымыз жоқ қой.

  3. Еркін 14 Тамыз, 2014 at 15:08 Ответить

    Арғымақ порталы шынымен көпшіліктің көңілінен шығуда. Қазақ пен жылқы болмысын ашуда осындай мақалалар жиіп жазылып жатса керемет қой. Жазар көп болсын!

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.