Мұғалжар жылқысының қысқаша тарихы

18665

1960-1970 жылдары профессор Ю.Н.Барминцевтің басшылығымен және Қазақстанның белгілі жылқы танушылары: М.Н.Борисов, Б.Х.Садықов, А.И.Беляев, П.А.Федотов, М.Н.Нечаев, А.И.Иманғалиев, В.П.Черепанова, В.Т.Белокобыленко, А.Е.Жұмағұл, С.С.Рзабаев, К.Д.Бахтыбаев, Б.Н.Бардин және т.б. ғалымдардың күш-жігерімен ХХ ғасырдың 20-жылдары жаңа бағытта ˗ өнімді жылқы шаруашылығы басталды.

Қазақстанның селекционер-ғалымдары қазақтың көне жылқысы жабы типін сұрыптау арқылы көпжылдық ғылыми селекциялық-асылдандыру мақсатында 1998 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 30-қарашадағы №156-бұйрығы бойынша Мұғалжар жылқы тұқымы апробацияланды.

Мұғалжар жылқылары таза тұқымды өсіру әдісі арқылы және базалық шаруашылықтарда селекциялық табындарда қазақ жылқыларын жетілдіру негізінде шығарылды.

Тұқымды шығару жұмыстары 1929-1930 жылдары жылқы табынын жетілдіру мақсатында, Ақтөбе облысындағы № 52 «Эмбі» (қазіргі уақытта «Мұғалжар» АҚ) жылқы зауытынан бастау алады.

Мұғалжар тұқымын шығаруды, жергілікті қазақы жылқының ең үздік жабы типті айғырларын тұқымдық және өнімдік қасиеттеріне қарай тиянақты іріктей отырып, Қазақстанның әр аймағына тарата, таза тұқымды мал өсіру әдісімен көбейтіп, жетілдіру нәтижесінде қол жеткізілді.

Қазіргі таңда мұғалжар тұқымының ішінде өсіру ортасына және өнімдік деңгейіне байланысты төрт генетикалық типке бөлінген жылқылары өсіріледі.

Мұғалжар жылқысының «эмбілік» және «қайыңдылық» деп аталатын тұқым типі, «сарыарқа» және «құландылық» зауыттық типі бар.

Мұғалжар жылқы тұқымы күй талғамайды, құбылмалы ауа райына төзімді, денсаулығы мықты, мол өнімді, күшті келеді. Сондай-ақ қатал ауа райы жағдайының өзінде өсіп жетіле береді. Жайылымда қомданған мұғалжар жылқыларын сойса 55-60% ет пен май түседі. Ал биелерінен тәулігіне 14-16 литр сүт шығады.

Айғырларының тірідей салмағы 480-550 кг, биелерінікі 450-480 кг, 2,5 жастағы төлдері байталдары 360-390 кг, ал құнандары 380-405 кг тартады. Жүз биеден алынатын құлын саны 80-95%.

Ақтөбе облысындағы Эмбі совхозының 1954 жылы Бүкіл одақтың ауыл шаруашылық көрмесінде 1-дәрежелі диплом алған Золотник деген айғыр арнаулы сынақ кезінде тәулігіне 264 километр жол жүрген.

Мұғалжар жылқысы 17 зауыттық аталық іздерден тарайды, олар: эмбі, қайыңды типіне жататын –

Буркут (1929 жылы),
Писатель(1928 жылы),
Заур (1929 жылы),
Зубр 46-59,
Бархат 15-57,
Баз 114-60,
Парадно 175-54
Бау 208-96,
Бекзат 187-91,
Палуанторы 136-91.

Сарыарқа (2009 жылдан бастап — Қожамберді) типіне жататын –

Маупас 9-55,
Мескер 98-62
Мейман.

Құланды типіне жататын –

Паток 131-64,
Залив 136-65,
Арал-9-94
Құлан 77-95.

Сонымен қоса мұғалжар жылқысының 17 аналық ұясымен ғылыми жұмыс жүргізіледі.

Олар Ақтөбе облысының асыл тұқымды шаруа қожалықтарында қайыңды және эмбі типті жылқылары, Қарағанды облысы Шет ауданы «Шолақ Еспе» жылқы зауытында Сарыарқа (2009 жылдан бастап — Қожамберді) типі, Қызылорда облысы Арал ауданында ЖШС «Құланды» жылқы зауытында құланды типі өсіріліп жатыр.

Қайыңды және эмбі типті жылқылардың ғылыми селекциялық-асылдандыру жұмысын селекционер-ғалым С.Рзабаевтың жетекшілігімен және шәкірттері ғылыми асылдандыру жұмысын жүргізеді.

Сарыарқа (2009 жылдан бастап Қожамберді) типті жылқылардың ғылыми селекциялық-асылдандыру жұмысын академик И.Н.Нечаев жүргізген, кәзіргі таңда шәкірті Ғ.Бақтыбаев асылдандыру жұмысын жүргізеді.

Құланды типті жылқылардың ғылыми селекциялық-асылдандыру жұмысын селекционер-ғалым А.Е.Жұмағұл жүргізген, кәзіргі таңда шәкірті А.Тұрабаев асылдандыру жұмысын жүргізеді.

Бұл жылқылардың генетикалық құрылымдары анықталып, одан әрі оларды жетілдіруде жоспарлы асылдандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Аталған барлық типтің ішінде құнды тұқымдық айғырлардан бастау алатын, ата-тегінің шежіресі анықталып қаланған ұрпақтарынан зауыттық аталық іздері қалыптасқан және оларды ары қарай жетілдіруде.

Мұғалжар тұқымды жылқының конституциясы:

Шомбал, қарны жуан, мойны жуан имек келген етті, басы орташа, жақ еті жақсы жетілген, шоқтығы онша биік емес, белі аздап қайқылау, көкірегі кең, сауыры түсінкі, аяқтары қысқа, былтығыр, сүйекті, тұяқтары кішілеу, берік, жалқұйрығы қалың, түктері берік-жуан, шашалы, қалың, қатты қарды тебіндейді, күй талғамайды, құбылмалы ауа райына төзімді, өсіп жетіледі, денсаулығы мықты, мол өнімді, күшті болады.

Бүгінгі уақытта мұғалжар тұқымды жылқылардың негізгі топтары Ақтөбе облысының бірқатар аудандарында, атап айтқанда «Жансая» ШҚ, «Қазақ Асылдары» ЖШС және де басқа көптеген шаруашылықтарда күтіп-бағылып, асылдандырылып өсірілуде.

Аталған «Жансая» жылқы шаруашылығынан шыққан таза тұқымды мұғалжар жылқыларының 20 басы Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында орналасқан «Елім-ай» ЖШС жылқы шаруашылығының жылқыларын асылдандыруда. Жалпы Ақтөбе олысынан тараған мұғалжар тұқымдары мен Қарағанды облысынан шыққан Сарыарқа (2009 жылдан бастап Қожамберді) типті жылқылары Еліміздегі жергілікті қазақ жылқыларын асылдандыруда айтарлықтай нәтиже беріп отыр.

Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйініне келсек, төмендегі ғылыми патенттер тізімі асылдандыру жұмысының оң нәтижесін негіздейді.

Нәтижесінде барлық өнімді бағыттағы жергілікті жылқы тұқымдарын жеткілікті түрде селекциялық-асылдандыруға мұғалжар тұқымы мүмкіндік беретіні айқындалды.

Мұғалжар жылқы тұқымның тұқымдық айғырлары өз қасиеттерін Арал өңірінің шөлінде, Бетпақ дала желінде, Шығыс Қазақстанның биік тауларында, Орталық Қазақстанның сары аязында төзімді екендігін дәлелдеді. Ресей Федерациясының Саха-Якут, Башқұрт елінің жергілікті табынды жылқыларын жақсартушысы ретінде де көзге түсті.

Селекциялық-асылдандыру жұмысын жақсарту, «Мұғалжар» жылқыларының бағалы гендік (тектік) қорын сақтау болашақта кең ауқымды нарық қажеттіліктеріне және Қазақстанның жылқы шаруашылығын дамытуға жауап беретін өнімділігі жоғары, өнімнің сапасы жақсы тұқымдарды өсіруге және қалыптастыруға мүмкіндік береді деп есептейміз.

Бұған дейін қазақтың көшім тұқымды жылқысының қысқаша тарихын жазғанымызды естеріңізге сала кетейік.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,
доцент Қайрат Исхан.

Argymaq.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.