Түркістан ҚАЙЫСБАЙҰЛЫ. Ат баптау — атадан қалған асыл өнер
Жүйрік ат пен ән-жыр қазақ халқының қос қанаты, «алты күн аш қалсаң да атыңды сайла» деп, атты қанат қылған қазақ халқы тарихи керуен жолдарын тұлпар тұяғымен тоздырған. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» дегендей, таңдалған саңлақтарды бабына келтіре баптауының өзі үлкен өнер. Қазақ халқы «жүйрікте де жүйрік бар, бабына қарай жүгірер», «ат шаппайды, бап шабады», «бақ шаппайды, бап шабады», деп жүйрік атты баптаудың қаншалықты маңызды екендігін қортындылаған. Бабына келмеген ат ерен жүйрік болса да даяшыға ілінбей жарым жолда қалып, қарығы тарқамай арманда кетеді.
Бәйге атын құлын кезінде баптау
«Ат болатын құлынның мүшесінен белгілі» деп, атбегілер бәйге атты құлынынан таңдап баптайды. Енесін еркін емізіп, тай, құнан кезінен бастап баулиды. Қанжілік қып шаршатпай, бабымен бағады. Құнан шыққанда қолтығын жаздырып, жер таныту үшін құнан бәйгелерге қосып шабысын байқайды. Бәйге боларына көз жеткендерін мүшел жасы дөненінде піштіріп қоя беріп, қаны толтырылады. Бабында пішіп қоя берілген дөнен ет алып, бойына күш жинап тез жетіледі. Бесті кезінде қолға ұстап баптап, қара жарыстарға қосып «шаң көрсетеді».
Бесті – аттың толған кезі, қазақ «мінсең бесті мін, аянбай ат басады» деуі содан. Бесті аттың өзі «бестімде бәйгеге қос, келмесем басымды кес» деп, серт етеді дейтін тәмсіл бар. Алты жастан бастап жүйрік аттар бабы келсе сығайланып, бәйгеден көрінеді.
Бәйге атты күйімен ұстау
Ат бәйгесі үнемі бола бермейді. Бұрынғы кезде де, қазір де бәйге көбінесе жаз бен күзде өткізіледі. Сондықтан бәйге аты жылына бір рет бәйгеге қосылудан басқа уақыттарында бос бағылады. Дала жайылымында немесе қолда бағылсын, бәйге атының күйін семіз де, арық та емес, бір қалыпта ұстау керек. Бәйгеге қосылатын атты көбінде көктемгі қар суында қоя беріп, күздің басы тамыз айының аяқ шенінде қолға ұстап бапқа келтіреді.
Ұсталған атты күніне 5-6 сағат мөлшері кешкі салқынмен тақырлау жерге арқандап бағады. Күн көтеріле қораға немесе ағаштың саясына байлайды. Күйіне қарай алғашында күн аралатып суарылады, еті қатқанда күніне таңертең және кешке екі рет суарылады, суарғанда ат суды ішіп бірінші рет басын көтергенде суаруды тоқтатады. Әр күні 15-20 шақырым жерге аяңдатып, бусандырып отырады.
Осылайша бәйге атты жаратып, етін аудармай қара ет бабымен бағып, күзгі қыстау сонысына қоя беріп, қыста қолдағы шөпке байлап бағады. Дағдылы, бәйге аттарын қыста ара-тұра қарлы тебінгіге қоя беріп, аяқ-қолындағы зорықты қарға сорғызып, жеңілденгенде қолға ұстап бағады. Егер бәйге атының еті ояз, арықтау болса, онда оны бір мезгіл жемдеп, жаз басында мамыр айынан бастап 30-40 күн қоя беріп, еті көтерілгенде қолға ұстап баптап, «жілік майын шынылайды».
Егер бәйге аты қыста жемде тұрып еті өте семіз болса, онда жаздың мамыр айнан бастап 20-30 күн қоя беріп, көкке аунатып, көк тістету арқылы етін жайдырып, майын таратып, қазысын арылтып, аяқтарын бір мезгіл көк шалғынға соқтырғаннан кейін қайта ұстап баптайды.
Бәйге атын жарату
Ат бәйгесі көбінде ел жайлаудан түскен кезде болады. Кейде жайлау үстіндегі үлкен той, дабыралы астарда оздырылады. Ал қазіргі заманда ат жарыстары жаздың әртүрлі маусымында жарыс майдандарында бола береді. Өңірлік ат жарысы күні бұрын хабарландырылады, әр орынның дәмелі болған бәйге аттарын күні-бұрын бабына келтіру, баптау дайындықтарын жасайды.
Мейлі қай мезгілде болсын бәйге атын баптауға күйіне қарай 30-60 күн уақыт кетеді. Қазылы семіз атты жаратып, бабына түсіру үшін 60 күн уақыт, ал шұғыл жаратқанда 35 күн кетеді. Тарихта жайлаудың көк шалғынында жүрген жүйріктерді шұғыл жағдайда одан да қысқа уақытта шабыс күйіне келтіретін бапкерлер де болған.
Мысалы, Шіңгіл ауданының Шағанғол ауылында Әбен деген әрі сыншы, әрі ат бапкері болған. Сол кісінің айтуына қарағанда, жайлаудағы семіз атты бәйгеге қосу тиіс болғанда оны көлге тоғытып, қант беріп іш майын ағызып, бір жұма сазға арқандап қазысын ыдыратып, бабына келтіріп бәйгеге қосады екен. Міне, мұндай шұғыл баптауды барлық адам біле бермейді, бұл ерекше ыспар, әйгілі бапкерлер ғана істей алатын баптау өнері.
Бәйге атының терін алу
Бәйге атының терін алу өз алдына бір өнер. Бәйге атын баптаудың маңызды сатысы мынадай. Ат баптауда оны әр күні аяңдатып, желдіріп, тұла бойын ауырлатқан ащы терін шығарып, бабына келтіру керек. Терін алуда артықша қинап, етін ауыртып алудан, орынсыз жабулап үздіктіруден сақтану қажет. Тер алуда ат көп терлемейтін күйге келгенде тоқтатылады. Тәжірибелі атбегілер аттың терін алғанда әр реткі ат терін жалап, дәмін татады. Тердің түсі мөлдір су сияқты, бөтен дәмі болмағанда ащы тері шығарылды деп бағалайды. Бұл оның бабына келіп, бәйгеге қосуға жарайтынын білдіреді.
Бәйге атын сынау
Атбегілер атты бірнеше жақтан сынап көреді.
Біріншіден, жалпы рухани күшіне қарайды. Бабына келген бәйге аты байлаулы тұрғанда шекесінен қарап, кербез басып оқыранып тұрады. Ат байланған діңгекті шыр айналып, құйрығын денесіне тигізбей оқшау ұстайды, ұзаққа қарап, елеңдеп, қарауылдап саңлақтанады.
Екіншіден, құмалақтағанда құмалағы құрғап жартылай түседі, аттың жаңа құмалағын қолына алып, қысып көргенде су шықпаса, «қу тезек болыпты, бабына келген екен» деп санайды. Егер тезегін сығып көргенде бірнеше тамшы су шығып ылғал болса, онда әлі де бабына толық келе қоймаған деп жалғасты баптайды.
Үшіншіден, тұнық тері алынғандығын сынайды. Атбегілер бәйгеге қосылатын аттың терінің дәмін татып көреді. Егер су татыса, онда ащы тері шығарылып, тұнық тері алынған екен, ат бабына келген екен деп топшылайды.
Атты бәйгеге қосар алдындағы дайындық
Ат бапкерлері ат бәйгесі ертең болады деген күні бәйге атының ноқта-жүгенін алып, жылқыға бос қоя береді де, сыртынан қауымдап бағады. Байлауда тұрып іші пысып, әбден зеріккен ат жылқыға қосылған соң еркін ойнақтап, аунап, бойын жазады. Жылқылардың іңір-таңғы жусауында жусап жатып ұйқысын қандырады. Осыдан тәңертеңгі жылқы өре бастағанда қайтадан ұстап, біраз суарып, от шалдырып байлап қояды. Осылайша ат бәйге алдында жақсы тыныққан болады. Кейбір бәйге атын бәйге алдында желе аяңдатып, тезектетуді де, идіруді де әдетке айналдырған. Бұл да бәйге алдындағы көңіл бөлуге тиісті істер. Атбегі немесе аттың иесі бәйге болатын күні бәйге атының қасында болып, аттың жалпы күй-жайын толық бақылауы, аяқтарын, тұяқтарын, тағаларын қадағалап тексеруі, шығып тұрған шегелер болса ұшын майыруы, босаған тағаларды мықтап тағуы керек.
Әдетте бәйге атына дене салмағы 35-40 келі шамасындағы 9-15 жасар, неғұрлым жылқыға үйір, ат құлағында ойнайтын, қағылез, жүректі, шыдамды, үнемі атқа шауып жүрген желтақым балалар таңдалғаны оң. Шабандоздар атқа шапқанда қаққан қазықтай сіресіп, шалқалап отырмауы, қайта ауаны жарып, екпінмен кетіп бара жатқан жүйрікке қолайлық жаратып, еңкейіп алға ұмтылып отыруы керек.
Атты қалыптан артық екі бүйірінен тепкілемеу, тек тақыммен, қамшының ұшымен ғана демеп отыруы керек. Қамшының бүлдіргесіне жұмсақ таза шүберек байлап алып аттың көзіне құйылған терді ауық-ауық сүртіп отыруы, ат басын еркін ұстауы, тек көмбеге таяғанда барлық күшін жұмсап шабуына демеуші болуы керек.
Бәйгеден келген атты дереу тоқтатып дем алдырмай 1 де 2 сағат жетектеп, аяңдатып жүргізіп, қанын таратып, суытып, терін басып байлап, таң асырып барып отқа қоюы керек. Өйітпегенде аттың аяғына оңай қан түсетін болады.
Бәйге атының азығы
Қазақ атбегілері бәйгеге баулыған атты тек бәйгеге қосардың алдындағы бапталуына емес, оның жайшылықтағы бағу бабына да ерекше мән береді. Жайылысқа беталды қоя бермейді. Кез-келген жем-шөппен азықтандырмайды. оның да өзіндік тәртібі, заңдылығы бар, сондықтан төмендегі жағдайларға көңіл болген жөн:
1. Бәйге атын қажетті мезгілде көкке аз аунатып, шалғын шалдырудан тыс, басқа уақыттарда күйі қалпты болғанда көк тістетпеген жақсы, өйткені жаңа шыққан көк шөпті жегенде, көкке көбеңсіп, шымыр еті босаңсып, көбікке айналады. Сондықтан бәйге атын көбінде құрғақ шөппен бағу керек.
2. Күніне бір килограм сұлы немесе арпа беріп отыру керек. Бәйге аты үшін сұлы жеңіл жақсы азықтық, ол аттың қазы майын көбейтпей, қара етін сақтап, қызылын сыртына тептіріп сүйегін жақсартады. Жемді күндіз немесе мініп жүргенде бермеу керек. Жем көп берілсе, әрекет аз болса аттың аяғына жем түсуі мүмкін. Кейбір тәжірибелі адамдар атқа жоңышқаны көп беру пайдасыз екенін айтады.
3. Баптаған бәйге атын жеті күнде бір рет биенің саумалы мен немесе сиырдың шикі сүтімен қандыра суарып отырған жақсы дейді атбегілер, сиыр сүті жеңіл, сіңімді келеді. Ақылгөй қариялармен көне көз атбегілер тарихта аты қалған Марғабылдың Қара қасқа аты, Бастаубайдың Сар аты, Бейжіңкер, Жібек жирен, Мәмидің Тор тоқалы, Қарағұлдың Ақтаңгері, Буратайдың Көк шұбары қатарлы бәйге бермеген жүйріктер бие саумалы, сиыр сүтімен суарылып, сұлымен жемделіп, қыраттағы қырықпа шөпке арқандап, бапталған екен. Сондықтан да осы сәйгүліктердің бабы келіп, азықтандырылуы жарасып, үлкен ат бәйгелердің барлығында алдына қара салмай, бәйге алып отырған деген әңгімелер күні-бүгінге дейін халық арасында аңызға айланып, ұрпақтарға жетіп отыр.
Міне, бұл менің бәйге атын жарату, баптау туралы ел аузынан жиған-терген материалдарым. Ат әуесқойлары аз да болса пайдаланса деген ізгі тілегімді білдіре отырып, баяшат заманымыздағы баянды саясат ұлттық өнерімізге құрмет етіп отырғанда, ұрпақтарымыздың жадында қаларына сенімім кәміл.
Түркістан Қайысбайұлы. zhebe.com
(Суреттер ғаламтордан алынды)
Я, қазақ елі жылқы десе ішкен асын жерге қоятыны, яғни жылқы десе қазақ, қазақ десе жылқы еске түсетіні бәрімізге мәлім. Қазіргі жастарымыз атқа міну, бәйгеге шабу, ат жарату деген салттардан мүлдем алшақтап бара жатыр. Мінсең көлік, дертке дауа, жесең ет, ішсең пайдалы сусын екенін барлығымыз ұмытпасақ екен деймін!