Есімі елге ұран болған «Албанкер»

2479

Не шешен ғұламалар өткен тарих,
Қан төгіп, маңдай терін еткен сарып.
Кешегі қан қақсатқан зар заманда,
«Қази мен Шаушекейлер» өткен ғарып.

Жер қайысып жататын қоңыр белім,
Төскейде жылқы баққан аптал ерім.
Тұлпарлы Бақалық пен Шиліөзекте
Әйгілі аты шыққан «Албанкерім».

/Әбдікерім Ақаев/

 Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Қытайдың Іле қазақ облысында «Албанкер» деп аталған дарабоз сәйгүлік болды. Жануардың шабысы көрген жанның көкірегін қуанышқа бөлеп, намысты қоздырған көрінеді. Иесі – Қосқұлақ ішіндегі Бөртенің Тәттібай атасынан тарайтын Мұқанбек Қапалбайұлы. Әкесі Қапалбайға мың жылқы, екі мың қой біткен, өз дәуірінің дәулетті шалқыған байының бірі екен.

Сол Мұқанбектің Қазақстаннан апарған кер айғыры болыпты. Осы айғырдан қашқан қулық қара бие 1911 жылы Текес ауданының Шиліөзек ауылына қарасты Ащылыақсай деген жерде құлындайды. Туа сала, көк тайғақ мұзда ойнақ салып жылқышыларды таңғалдырған кер құлын жазда бие байлағанда жерді өзінің құлағы көрінетіндей қылып қазып, соған түсіп жатады екен. Кер құлынның осындай қылығын көрген Мұқанбек қария: «Әй, кер құлын, өлсең кеттің, өлмесең бір жерден шығасың-ау!» – деп тай күнінен бастап қолтығын сөгіп, құнанынан бастап ат жарысқа салады. Дөненінде сұлулап (піштіріп – Argymaq.kz) жайлауға қоя беріп, қанын толтырады. «Бестінің бетін қайтарма» дегендей, беске шыққанында жақын аралықтағы бәйгелерге қосып, ұзақ шабысқа әдеттендіре бастайды.

Несіпқан Мұстафақызының айтуынша, 1987 жылы 80 жаста қайтыс болған әкесі Мұстафа 7 жасында құнан бәйгеде «Албанкерге» мінген шабандоз екен. Осыған қарап, Мұстафа марқұмның 1907 жылы туғанын, атқа мінген 7 жасын қосқанда 1914 жылы бәйгеде шапқанын байқауға болады.

Мұқанбек ат баптаудың көптеген құпия сырын білген екен. Жүйрікті қыста шөпке байлап, азырақ сұлы немесе арпамен жемдейтін Мұқанбек қария атты қыстан етті шығаратын көрінеді. Көктемде көк жетілген кезде жайылымға қоя беріп, қазысын жаңа шыққан көк арқылы ыдыратқан соң ­жаратып, бәйгеде сынайды.

Мұқаңның ат баптауында өзіне тән жүйелі қағидалары болған. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, кері атты баптауда, алдымен семіз кезінде өзі мініп, ақырын жүріп, бірнеше күн ішін тартқызып, ақырын терлетіп, суытады. Бұл баптау әдісі шамамен 10-15 күнге жалғасады. Күн қызған кезде салқын жерге байлап, қоңырсалқын тартқанда азырақ оттатқан соң бірталай жерге мініп, ат бусанғаннан кейін суытып, 1-2 сағаттың ішінде тері дегдігенде қайта отқа қойып, 1 сағат жайылған соң суарып, сұлы немесе арпа беріп, 1 сағат мөлшерінде қаңтарып байлап қояды екен.

Мұқаң қарияның ойынша, сұлы қазысын алып, аттың етін сауырына жинап, кейпін сұлу қылып көрсетеді әрі жүні жылтырай түседі. Сондай-ақ қазысынан арылмаған атты бәйгеге қосса аз жүгірген соң іші қызып, ұзаққа жүгіре алмай, тер басып, тоқтап қалады. Бір қызығы, Мұқанбек қария атты жалдың үстіне шығарып оттатып, аз мөлшер күнгейге жайса, аздан соң теріскейден шөп тістетеді екен. Мұқанбек Қапалбайұлының туысы Оразақын Сатыбалдыұлы осы жайында:

– Күнгейдің шөбі күшті болса, теріскей жақ жасық келеді. Екі жақтан тең оттағанда дүмбілез болады. Күнгей шөбі атқа ауыр келеді, бәйгеге түскенде ауырлап, жүгіруіне кедергі болады. Ал теріскей шөбі жасық болғандықтан онымен ат үздіксіз оттаса, аттың дене қуатына ықпалы болады, аттың әл-қуаты азайып кетеді, – дейді.

Қазақтың «Бақ шаба ма, бап шаба ма?!» дегеніндей, асылдан туған кері құлынға Мұқаңның бабы сәйкесіп, бүтін Іле, Байынқол өңіріне танылған жүйрік шығады. Осылайша, жүйрік ат елдің мақтанышына айналып, Іле өңірінде өткен дүбірлі тойларда, ас-нәзірлерде өткізілген аламан жарыстарда бас бәйгені бермеген. Құнанынан атақ-даңқы алыс-жақынға кеңінен таралып, шашасына шаң жұқпайтын дарабоз жүйрікке айналады.

1914 жылы Текестің атақты Қаражон жайлауында бір бай қызын ұзатып, той жасайды. Бәйгеге Өртекестегі Қызайдың Жолболды руынан шыққан Елдахмет атты бай екі телқоңыр ат әкеледі. Мұқанбек құнаннан дөненге шыққан кератты осы бәйгеде сынау үшін қосады. Екі аты да бәйгеден келмеген әлгі бай дауласып, жарысты қайта өткізеді. Алайда екі телқоңыр да Албанкерге жете алмайды. Бәйгеге тігілген бір кілем, бес жылқы, 50 метр кездемені Албанкер осылай алған екен. Сол кілем бүгінге дейін Құланбектің баласы, Көдектің отбасында сақтаулы тұр.

Сөйтіп, кер аттың даңқы Текестен асып, Іле өңіріне таныла бастайды. Тіпті «Албанкер» деген атауды меншіктегені сонша, атқа мінген бала бәйгеде: «Албанкер! Албанкер!» – деп ұрандап шабатын болыпты. Аттың даңқы шығып жатқан сол жылдары Нөкежан бай Мұқанбектің ауылына қымыз ішуге келеді. Екеуі жайлаудың дөнен қымызына қызынып отырғанда, Нөкежанның көзі атағашта тұрған кері атқа түседі. Мұқанбектің даңқы шыққан кері атын қайтсем алам деген ойға кетеді. Бірақ Мұқанбек те Нөкежанның қолқасына оңайдан құламайды. Нөкежан:

– Әй, Мұқанбек! Пенделікке барғалы келдім, бір қолқаны салғалы келдім. Берсең кері атты алғалы келдім, – деп сөз бастағанда, Мұқанбек:

– Берген жомарт па, жоқ алған жомарт па? Шынымен алғың келсе менің де азғантай бұйымтайым бар. Құланбек деген балам ер жетіп қалды, сенің Әпше қызың бойжеткен екен, маған келіндікке бер, кері атты ал! – деген екен. Көктің суы қымыз желігімен екі бай уәделесіп, келіседі.

Арада біраз уақыт озады. Бірақ Нөкежан бай атты алғанмен, қызын Мұқанбекке келіндікке бермейді. Дауласып, Нақысбекке келеді. Нақысбек екеуінің дауын естіп: «Бітер істің басына, жақсы келер қасына, екеуің уәделескенде мен жоқпын. «Түйме түйе болмайды, түйе түйме болмайды. Кісі малына көз салған, өз малына ие болмайды» деген бұрынғының сөзі бар. Нөкежан, атты қайтар! Не болмаса қызыңды бер!» деген екен. Нөкежан: «Нақысбек ақалақшы туысына тартып, дауды әділ шешпеді» – деп, Дәрубай ақалақшыға барғанда, Дәуірбай: «Әй, Нөкежаным, Нақысбектің алдына бардын ба? Ол не деді?» – деп сұрайды. Нақысбектің шешімін айтады. Сонда Дәрубай: «Тура Нақысбектің шешімі, не атты бер, не қызды бер!» – деген екен. Кейін келе Нөкежан қызын беріп, Албанкерді біржола алады.

Талай-талай бәйгеге салып, Албанкердің даңқын аспандатады. Дәл осы кезде, Нөкежанның Шетбақалық деген жерде малы қыстауға сыймай, малын Жұлдызға отарлатады. Жұлдыздың сол кездегі байы Доңғаржап, Нөкежанның отарлатқан малының шөп ақысы үшін Албанкер атты алған екен. Ол атты Күнестің сол кездегі ақалақшысы Мақсұтқа береді. Мақсұтқа келгеннен кейін де талай жарыстарға қатысады. Ең соңында Мақсұттан Доңғаржап қайтарып алады.

1925-1932 жылдар аралығында Доңғаржап той жасап Іледегі дүйім елді түгелімен тойға шақырады. Осы тойға, Текес өңірінен Нақысбек ақалақшы бастаған, бөрте Үрімбек атқосшысы қостаған 30-ға жуық жақсы-жайсаң ел ағалары қатысады. Бір күн бұрын ат айдалып, ертесі бәйгеге қосылған аттың 500 екендігі, ат бәйгесі басталғандығы, аттың алды көмбеге жақындап қалғандығын той асабасы жария етеді. Бір кезде сахнада отырған жақсы-жайсаңдардың алдынан қолында қара орамалы бар бір бала бәйге аттың үстінде «Албанкер! Албанкер!» – деп айғайлап өте шығады. Дәл осы кезде Нақысбек ақалақшы: «Е, жаратқан, Жаппар ием! Әруағыңнан айналайын! Сені де Құдай бекер жаратпаған екен. 80 белдің бергі жағында қалмақтың сахарасында ұран болып шақырылғаның-ай, менің қанжығама бір нәрсе байланғалы тұр екен», – деп күбірлепті.

Бірінші аттың бәйгесіне аталған сарыбас атан түйенің үстіне кілем жауып, түйенің басын жібек ноқтамен ноқталап, кілемнің үстіндегі Қашқари қоржынның екі басын үлкені жамбы, кішісі тайтұяқпен толтырып, түйені жерге қағылған 60 сантиметрлік алтын қазыққа әкеліп байлаған екен.

Бір кезде той асабасы айғайлап, 1-ші бәйгеге той иесі келіп Албанкердің жолын алсын дегенде, Нақысбек ақалақшы: «Әй, той иесі Доңғаржап, атың бәйгеден келгені рас. Көзбен көріп отырмыз, бәйгені де алғалы отырсың, атың бәйгеден келгенде үстіне мінген балаң «Албанкер! Албанкер!» – деп ұрандап, сонау үйсін тау баурайында жатқан Албан елінің әруағын шақырғаны қалай? Одан да моңғол өз нәсіліңнің әруағын шақырсаң болмай ма? Сондықтан Албанкердің жолына келген жолдықты менің қанжығама байлайсың ба? Қалай, жүйелі сөзге жүгінер болсаң, айтарым осы» – деген екен. Доңғаржап табан астында жүйеге жығылып, Албанкердің жолын Нақысбектің алдына тартқан екен дейді.

Албанкерді ең соңғы көрген куәгер, Үш аймақ төңкерісі көсемдерінің бірі Ысқақбек генералдың хатшысы Жетен Диханбайұлы деген кісі. Генералмен бірге кеткен Жетенді артынан арнайы іздеп шығып, Жұлдызға барғанда, қасында 2-3 күн болған Тілеміске айтыпты: (Жетен мен Тілеміс бір туған). «Бір бай қалмақтың үйіне тамаққа түстік, аттарды мамағашқа байлаған соң, киіз үйдің арт жағында көзге оғаш көрінген ақ матамен қоршалған дөңгелек қора секілді ішіндегі өлік пе деп қарасам, қартайған Албанкерді сетерлеп қойыпты. Көрген кезде көзімнен жас шығып кетті. «Жануар тірі екенсің ғой!» — деп маңдайынан сипадым, біраз уақыт үнсіз тілдескендей болдық» — деген әңгімесін бауыры Тілеміске айтыпты.

Тілемістің өз аузынан бүгінде көзі тірі 75 жастағы Алматы қаласының тұрғыны Жақып Тұрғанбекұлы қариядан естідік.

Тілеміс қарт, 1960 жылы туған жерге оралып, 1990 жылы Жамбыл ауданының Ақтерек ауылында қайтыс болған.

 Жақып ОРАЗАҚЫНҰЛЫ

«Ана тілі» газеті

Мұқаба сурет: Жеңіс Кәкенұлының картинасы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.