Кенесарының ерінде жасырылған алтын

3200

Мен тарихшы емеспін. Бұл туралы жазу ойымда да жоқ еді. Оған себеп болған мына жайт. Егемендіктің елең-алаңынан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті ғой. Міне, содан күні бүгінге дейін төменде сөз болғалы отырған тақырып жөнінде жүздеген мақала шықты. Бірақ солардан біз білетін бір дерек қағыс қалып келе жатқандай. Қазір не көп, газет-журнал көп. Мүмкін, кезінде ол солардың бірінде жарық көрген де болар. Көзімізге түспей қалған да шығар. Олай болған жағдайда ғафу өтінеміз. Десек те, ондай ой салатын дүние жарияланып кеткеннің өзінде оны қайталап айтудың, сөйтіп оқырмандарға тағы да еске салудың еш артықтығы жоқ дер едік.

…50-жылдардың аяғы мен 60-жылдардың басында радио, теледидары жоқ қиырдағы қазақ ауылдарында қызықты оқылатын 3-4 кітап болды. Олар: «Қазақ ертегілері» мен «Батырлар жыры» және Тұрмағанбет Ізтілеуов аудармасындағы «Рүстемдастан» мен ақын Жамбыл Жабаевтың толық шығармалар жинағы еді.

Колхоздың күзгі жиын-теріні бітіп, қыстың ұзақ түнге созылатын айлары басталғанда, ел кешке бір үйге жиналатын. Сөйтіп, соғым еті піскенше олар самауырдағы шайды сораптай отырып, мектеп оқушылары, біздерге жоғарыдағы кітаптарды рет-ретімен оқытатын.

Кезек алғашқы аптада «Батырлар жырына» келсе, келесі жетіде «Рүстемдастанға», одан әрі қарай «Қазақ ертегілері» мен Жамбыл атамыздың жинағындағы ақындар айтысына ауысатын. Осылайша 1963 жылғы қарашадан наурызға дейінгі қыста 4-сыныптың 2-3 баласы аталарымыз бен әжелерімізге аталмыш жинақтардың алғысөздерінен бастап, соңғы беттеріндегі алфавиттік анықтамаларға дейін түк қалдырмай оқып бергеніміз бар.

Мына қызыққа қараңыз! Сол кітаптардағы деректердің бірі арада 30 жыл өткенде, яғни, еліміз егемендік алған кезде есімізге түспесі бар ма?! Ол – жыр алыбы Жамбыл бабамыздың «Сыздыққа» деп аталатын өлеңі және жинақ соңындағы сол туындыға берілген түсінік. Онда былай делінген:

«…1884 жылдар шамасында Сыздық Кенесарыұлы Қырғыз еліне келген. Олар үй тігіп, мал сойып, құрметпен қарсы алған. Қырғыз, қазақтан Орман ауылына 17 ақын жиналған. Солардың ішінде Жамбыл да болған. Қырғыз ағайындар басында әкесінің кегін қуып келді деп Сыздықтан сескеніп, қысылса да соңынан райласып сөйлескен. Сонда Сыздықтың айтқаны мынау еді депті Жамбыл хатшысы Ғалиға:

– Мен сендермен шабысқалы келгем жоқ, табысқалы келдім. Сен де туысқанымсың. Жан ашуы үстінде әкемді өлтірдің деп кінә қояр жайым жоқ. Жалғыз-ақ тілегім: әкемнің сүйегін бер – аталарыма қосайын, алтын жүзігін бер – қолыма салайын, сарықасқа ерін бер – астыма мінейін, бұйымтайым осы, – дейді.

Қырғыз ағайындар Кенесарының алтын жүзігі мен сарықасқа ерін береді де сүйегін тауып бере алмайды. «Он бір жыра» деген жерге көмілген екен, білетін адам өліп қапты деп жауап береді.

– Қап, болмас! – деп отырды да Сыздық сарықасқа ердің басын қанжармен қақ айырып шауып, жіліншік-жіліншік алтындарды алды. «Әкемді өлтіруін білсеңдер де алтынын алуды білмеген екенсіңдер. Уақасы жоқ, бұйырған нәсіп қой!» деп қалтасына салды дейді. Жамбыл «Сыздыққа» деген өлеңді сонда айтыпты. Ақынның аузынан жазып алған әдеби хатшысы – Ғали Орманов».

Енді оқырмандарға өлеңді таныстырайық. Онда мынадай жолдар бар:

«Сәлем бердім алдияр,
Орын бердің қасыңнан.
Сен бір қалған көз едің,
Кенесары асылдан.
Сыздық атың жайылды.
Бұл өңірге жасыңнан.
Айбатыңды көргенде,
Дұшпандарың бас ұрған.
Даңқыңды естіп жүруші ем,
Шартарапқа шашылған.
Ақжүзіңді көрген соң,
Енді мауқым басылған.
Ауылға жүр, қонақ бол,
Атан алып, ат мініп,
Ағайынға беріп қол,
Аттанарсыз, Сыдеке,
Ата жолы деген сол!
Арнап келіп алғаның,
Алтын жүзік, сарықасқа ер.
Атаңыздың аруағын,
Сыйлайды екен бір тайпа ел,
Екеуінің қалғаны –
«Он бір жыра» деген жер».

Мұндағы назара аударатын нәрсе – «Он бір жыра» деген жер аты. Ол өлеңде де, оған берілген түсінікте де қайталанып тұр. Оны бізге жеткізген Сыздық сұлтанның 1884 жылғы Қырғыз еліне келген сапарына куәгер, сондағы болған оқиғаны көзімен көріп, бар әңгімені құлағымен естіген Жамбыл ақын. Ал айтқан – соның алдындағы жағдайдан хабары бар қырғыздың сөз ұстаған қариялары. Айыпты болып отырған олар Сыздық сұлтанды алдай алмайды ғой. Білгендерін жеткізген.

Егемендік пен тәуелсіздіктің лебі есе бастаған 90-жылдардың басында Алаш ардақтыларының аттары ашық айтыла бастады емес пе?! Міне, сол кезде жұртшылық арасында Кенесары ханның басы мен сүйегін іздеп табу жөнінде қуатты қоғамдық пікір өріс алғанынан ел жақсы хабардар. Сонда осы жолдардың авторы Ғылым академиясына барып, екі үлкен ғалымға жоғарыдағы өлең мен түсінікті апарып көрсеткені бар. Олар мұны елеп-ескеретіндіктерін айтып, уәде берген. Бірақ жұмыстары көп болды ма, дерек аяқсыз қалды. Содан бергі уақыт аралығында Кенесары ханның қолға түсіп, көз жұмған жері Тоқмақ төңірегі, Кекіліктау мен Алмалы аумағы, Борды сайы деп айтылып, жазылуда. Жерленген жері де сол маңайда деген жорамал жасалуда. Ал «Он бір жыра» ауызға алынбайды. Біз бұл үшін ешкімге ренжіп немесе біреуді кінәлаудан аулақпыз. Ойымызда жоғарыдағы өлең мен оған жазылған түсініктегі дерек ескерілсе, зерттеушілердің есінде болса деген өтініш, тілек қана бар.

Жанболат Аупбаев,

«Ана тілі» газеті

Басты сурет: Баяндин Әбдіғанидың картинасы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.