Көкпаршы қыз

2718

Сәден қария әңгімешіл кісі еді. Иегін бір сипап қойып сөзін қоздатқанда жаның жылып, амалсыз иіріліп отыра бересің. Қазір де бір қызықты оқиғаны баян етпек сыңайда. Емеурінін аңғарған соң, ағаш түбін қопсытып, арық тазалап жүрген кетпен-күректерімізді жан-жағымызға тастай салып, айнала жайғаса кеттік.

– Кешегі жылдар қазаққа ауыр тиді ғой, ақ пен қызылдың астаң-кестең арпалысы, неміс-фашистермен соғыс, елдегі тап­шылық халыққа оңай тиген жоқ. Қаншама азамат оққа байла­нып, елге оралмай қалды. Со­ның біразын көзіміз көрді. Де­генде, қазағымыздың жаны сірі екен, соның бәріне төзіп, ал­пы­сыншы жылдардан бері қа­рай ғана қарны тоя бастады. Айт­пақшы, қасқа бас патшаның жү­­гері нанын да жеп көрген екен­­біз ғой, –деп бір қойды.

– Сон­шама ауыртпалық, қаншама қиын­шылықтан қазақтың жүні жы­ғылмай шығуына жанының дар­хандығы, ауызбірлігі мен бай өлкесі және де қазақ қазақ бол­ғалы серік еткен көкпары мен домбырасы жанына жалау болды ғой деп ойлаймын. Өйт­кені бұларда қазақтың рухы жа­тыр, жаны осыған мықтап бай­ланған. Бұлар барда қазақ жан­шылмайды, өлмейді.

Бір қы­зық айтайын, соғыстан кейінгі жылдардың бірінде мына Көк­төбенің үстіндегі жазықта үлкен көкпар салымы өтті. Арғы жағы Отырар, бергі жағы Түркістан мен Жаңақорғаннан алмауыт ат пен қолы қармақ небір шабандоздар жиналды-ау.

Айналма көкпар тәмамдалып, салымның өзі де орталанып қалған тұс-тын. Жоғарғы жақтың атақты көртақым шабандозы көкпарды сүйрете додадан сытылып шыға бергені сол тосыннан пайда бол­ған шұбар атты жас жігіт ана­ған серкені тақымына бастыруға іліктірмей, жұлды да кетті. Құ­лақ­шынын алқымынан баса байлап алған екен, кім екенін тани да алмай қалдық. Со күйі зулай шауып бара жатып, көкпарды тақымына баса ытырылып кете барды. Бірен-саран көкпарға қол созғандарға құйқа да тимеді. Әлі көз алдымда бір керемет көрініс еді, шұбарыңның аяқ тастасы сұмдық! Желдей ескен шығар, со күйі бір атқа жеткізбей салым­­ды мәреге салды да кетті. Айна­ла гу-гу. «Ойпырмай, мына бала кім?! Арыны тіптен қатты ғой» — десіп жұрт шуласып жатты. Ал шұбар атты жас жігітті төрт-бес атты тасалап, топ шеңгелге қарай алып кетті. Көкпаршы, бәйге шап­қандардың сондай әдеттері бар, жұрт көзі қадалған ат пен ша­бандозды бөгде көзден алып қашатын.

Араға екі-үш салым салынған соң ақалақшы бас са­лымға 3 жасар өгіз тігілгендігін хабарлады. Бұ жолғы дода тіптен ұзады, өлмей беріскісі келмей тартысып, тырысып жүрген біреу. Айнала шаң, ала қиқу!

Шеттеу тұрған қалың жұртшылықтың арасында құнанымды тепсініп мен де жүрмін. Ана топырға аралассаң, нөпірің таптап кетуден тайынбайды-ау. Бір кезде, «Ал, кетті!» деді бір шал. Доданы жарып, қара қасқа аттылы түркістандық шабандоз шыға бергені сол, баяғы шұбар атты жігіт тағы да килігіп, сер­кені жұлқа тартып, ілді де кетті. Сіл­кілесе-сілкілесе шаршаң­қы­раған кәрі тарланың оған он­шалықты қайрат қыла алмады. Ал енді, манағы шабыс шабыс па, бетін мәреге түзеген соң тіп­тен қара шалдырмады. Созыла аяқ тастағанында байқадым, астын­дағы тұлпары байшұбар екен…

– Байшұбарыңыз қандай ат? – деп сұрады Ермаш.

– Ой, ақымағым-ау, естен шы­­ғарып алғансың ба, Алпамыс батырдың атын Байшұбар де­мей­тін бе еді. Көк, қоңыр, қы­зыл түстің араласуын қазақ со­лай атайды. Қызыл нүктелер ат­тың сауырына қарай майдала­нып, тіптен көбейіп кетеді. Бай­шұ­барың — сол! Тек, сөзді бөле бер­ме!

Кейіннен білдік қой, әл­гі ғаламат шабандозымыз өзі­міздің «Жұмекеңнің баласы» екен. Колхоздың жылқысын ба­ға­тын қыпшақ Жұмабай мен Қыздан апамыз екеуінің төрт қызының екіншісі – Күлбибі! Әке­сі оны жас кезінен ер балаша киіндіріп, жанынан тастамайтын. Үй тірлігінен оқшау, ат үстіндегі жұ­мыстарға қосты. Өзі де тарамыс, қарулы еді. Сол шақта 17-18 жас шамасында болар. Сырт жақтағылар кімнің кім екендін қайдан білсін, ал ауылдағылар білсе де, отағасының көңіліне қарап, «Жұмабайдың баласы» дейді де қояды.

Шардара жақтан ақалтеке тектес ат әкелді деп жүретін жұрт, Байшұбарымыз сол екен. Атты да, баласын да оңашада баптап, топқа салған кезі екен біздің көргеніміз. Кейіннен талай көкпарда салым салып жүрді Күлекең. Жұмекеңнің жа­ны осы баласының үстінде бол­ды, бәлкім бар үміті сонда ма, кім білсін.

Байшұбардан бө­лек тағы бір күрең төбелді қа­тар ұстады. Бұл додаға түсіп, жа­рып шығатын белді жылқы. Қарт жылқышы айналасына өзі­не тәбін шабандоз жігіттерді топ­тастырып, қалың тобырдан бө­лек тұратын-ды. Сәті келген кезде ғана шабандозын көкпарға қосып, аламанды қыздыратын еді.

Несін айтасың, перзенті өңір­дің айтулы шабандозы болды ғой. Байшұбар ат мінген қып­шақ қызы! Мына Нұрманның да доп қуып селтеңдеп жүргені сол қанда бар өнердің жұғыны шығар» — деп Сәден көкеміз әңгі­месін аяқтағандай болды.

«Б­а­лалар, енді орнымыздан тұралық, деректіріміз Әбсеметов келіп қа­лып, көкемізді танытар», деген комендант жиде сапты кетпенін қолына қайта алды…

Нұрмахан Елтай,
Қызылорда облысы
«Егемен Қазақстан» газеті

Мұқаба сурет: Сайд Атабеков

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.