Серікбол Қондыбай. Жылқы туралы миф

3253

Жылқы – арғықазақтың болмысында да, оның рухани дүниесі мен дүниетанымында да ең басты универсал сипатқа ие тіршілік иесі. Жылқы туралы талай әңгімелер айтылды, оған талай мың өлең жолдары арналды, ғылыми еңбектер де жазылды. Сондықтан да қазақтың тіршілігіндегі, тарихындағы, мәдениеті мен әдет-ғұрпындағы, салт-дәстүріндегі жылқы малының алатын орны жөнінде көсемсіп, жаңа теңеу, жаңа эпитет, жаңа метафора ойлап шығаруды қажет деп есептемейміз. Бізге керектісі – қазақ және оған туыстас басқа халықтардың тілі мен фольклорлық материалдарын, Далалық Еуразияның тарихынан, археологиясынан, өнерінен белгілі мәліметтерді, сондай-ақ бүгінгі мифология ғылымындағы жылқы мифологиясынан белгілі болған ақиқаттарды пайдалана отырып, арғықазақтағы «жылқы мифологиясы» немесе «жылқы культі» туралы орнықты түсініктер жүйесін қалыптастыру. Шама-шарқымыз жеткенше осы мәселенің бетін ашып көреміз.

«Жылқы мифологиясы» деген ғылыми тақырыптағы сауал туғызып жүрген басты мезет – «жылқы культінің негізін қалаған – үндіеуропалықтар» деген, бүгінде ғылыми аксиома ретінде ұсынылып жүрген догма. Осы қисын бойынша жылқыны қолға үйреткендер де, осыған байланысты мифтік жүйені қалыптастырғандар да тек үндіеуропалықтар болып шығады да, түркілер мен моңғолдар сияқты көшпелі халықтар тек солардың сарқытын қарабайыр деңгейде пайдаланғандар болып шығады. Осындай қорытындыны өз ғұламаларымыз да қайталайды, мәселен, Әлішер Акышев өзінің «Искусство и мифология саков» деген сүбелі еңбегінде мифологиядағы жылқы малына қатысты жаттанды пікірлерді айтады:

В скотоводческой аксиологии индоевропейцев лошадь была важнейшим животным. От них, впервые освоивших коня, многие имена, коневодческие термины и мифы об этом животном восприняли народы континента; тюрки, монголы, китайцы, др.

Осындай қисынды айтардағы келтіретіні – археологиялық материалдар мен үндіиран мифологиясының күні бүгінге дейін ұмытылмай жеткен мұралары. Мәселен төрт атты жегіп алып жүретін Митраны huaspa/suaspa, «асыл аттарға иелік етуші» деп те атайды, күнтекті медиатор-тәңіриелердің көпшілігі, ведалык Варуна мен Сурья, Яма мен Ушас, Ашвин егіздер, Агни, Индра, авесталық Митра, Ахурамазда, Йима, Веретрагна, Хварна, Тиштрйя, кушандық Ірооасро мен соғдылық Brwsp-ның параллелі – «дені сау аттардың қатын-қожайыны» — Дрваспа тәңірие аттармен (жылқылармен) байланысты.

Солай-ақ болсын, бірақ үндіиран, үндіеуропа тілді делінетін халықтардың мифологиясында бар жәйттерді біз түркі халықтарының мифологиясынан да тауып отырмыз ғой. Бұл жерде «кім алды, кім берді?» деген сауалға жауап бергенде осындай біржақты жауап беруді ақиқат деп есептеуге болмайды емес пе?

Мен де нақ осы сауалдарға төтесінен жауап бере алмаспын, өйткені оған кедергі келтіретін субъективті себептер (бастысы – автордың өзін қажетті ғылыми, фактологиялық ақпаратпен толық қамтамасыз ете алмауы) бар, дегенмен қолда бар материалдар негізінде жасалған қорытындыларымның өзі болашақта осы тақырыпта ізденіп, «жылқыны бірінші болып қолға үйреткен кім және жылқы мифін қалыптастырушылар кімдер?» деген сауалға жауап тапқысы келгендерге көмегін тигізер деп үміттенемін.

Жылқының қолға үйретілу уақыты бір деректерде б.з.д. 4-мыңжылдықта, екінші біреуінде б.з.д. 3-мыңжылдықта деп көрсетіледі (соңғы кеңестік энциклопедия бойынша), қолға үйретудің бірнеше оңаша (дербес) ошағы (Дон мен Днепр аралығында, Оңтүстік Сібір, Орта Азия далаларында) болған деп шамаланады.

Жылқы малының қолға үйретілуін алғашқы болып жүзеге асырған территория ретінде бүгінгі орыс-украин далалары аталғанымен, ғылыми ортаның бұл қисынға толықтай ден қоймағандығы белгілі. Тарихшы С. Әжіғалиев Дон мен Днепр алабындағы ежелгі «шұңқыр мәдениетінің» ареалының энеолиттік тұрақтарындағы жылқы сүйектерінің пайыздық үлесінің басқа мақұлықтардікіне қарағанда молырақ (55,7%) болғанын негізге алып «жылқыны қолға бірінші болып үйреткен осы тұс» деген болжам жасалғанын атап көрсете отырып, бұл болжамның әлі де болса толық қолдау таппағандығын жазады. Бірақ осындай болжам жасаудың арты үлкен тұжырымға ұласты.

За пределами южнорусских степей культ коня распространяется значительно позднее, и появление его всюду, где это может быть установлено по письменным памятникам, связано с приходом или влиянием индоевропейцев.

С.Әжіғалиев осы және осы үлгідегі тұжырымдардың жасалуын Қазақстан сияқты дәстүрлі жылқылы аймақтардың энеолиттік кезеңінің археологиялық тұрғыдан аз зерттелуімен сабақтастырады. Яғни басқа жерлердегі археологиялық ізденістердің аз болуы әлгіндей, бір жақты тұжырымдар жасауға мүмкіндік берген. Тек соңғы жылдары ғана зерттеле бастаған энеолит заманының Ботай тұрағынан (Солтүстік Қазақстан) табылған жылқы сүйектерінің көптігі және олардың пайыздық үлесінің өте жоғары болып (90-95%) шығуы, басқа да жаңалықтар әлгіндей болжамдар мен тұжырымдарға күмәнмен қарауға мүмкіндік береді. Яғни жаңа археологиялық табыстар күндердің күні «жылқы малын бірінші болып қолға үйреткендер – қазақ даласының ежелгі тұрғындары» деген (бүгінгі қазақ тілді зерттеушілеріміз, әуесқой тарихшыларымыз, ақын-жазушыларымыз осындай тұжырымды, ешқандай ғылыми айғақтар келтірмей-ақ, бұрыннан айтып жүрген) ғылыми болжамның расқа айналуы да мүмкін. Ал әзірге мен үшін кімнің, қай жерде, қашан бірінші болып үйреткенін анықтау мәселесі маңызды емес (кейбір мақалаларымда осы мәселеге соғып өтетінімді есепке алмағанда), оның үстіне, жылқы малын алғашқы болып үйреткен қазақ та, орыс-украин да далалары емес, мүлде басқа жақ болып шығуын алдын ала жоққа шығаруға болмайды. Арғықазақтың жылқы мифологиясын зерттеуде әзірге осы болжам мен қарсы болжам аясы да жарап жатыр.

Жылқы малымен байланыстырылған сенім-нанымдар мен ғұрыптар комплексі, олардың бастапқы магиялық сипаты жөнінде шолу материалдары бар. Мұндай магиялық әрекеттерді, А.Тоқтабайдың айтуына қарай, былайша топтастыруға болады.

  1. Жылқы малы әйелді босандыру шараларына қатыстырылады.
  2. Жылқы емдеу шараларына қатыстырылады.
  3. Жылқы баланың қырқынан шығарылуы шараларына да қатыстырылады (үзеңгі астынан құндақтағы баланы өткізу; асыл тазы, төбет иттерді де үзеңгі астынан өткізген).
  4. Тұлпар тұяғының ізін «періштенің ізі» деп түсіну, тұяқтың ізі түскен топырақты емдік-сақтамдық мақсаттарға пайдалану, тастағы тұлпар ізіне «табыну».

Бұл – тек жылқыға байланысты сенім-нанымдардың кейбірі ғана, жалпы жылқыға байланысты таным-түсініктер дербес энциклопедия етіп жинақтауға жетерлік. Мен тек мүмкін болған ат мәселелерін ғана мифологиялық тұрғыдан қарастыратын боламын.

(Жалғасы бар)

Серікбол Қондыбай,

Argymaq.kz

Фото: Жеңіс Кәкенұлының «Арбау өлең» картинасы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.