Жеңіс ӘБДІБЕКҰЛЫ: Өзге ұлттар ат тағалауды Еуропадан үйреніп жүр

zhenis

Қытайлық kazakcnr.com сайтында Арзыгүл Әбдешқызының шабандоз, атбегі Жеңіс Әбдібекұлымен болған сұхбаты жарық көрді. Аталған сұхбатта ат спортының кедергіден өту түрі бойынша Қытай мемлекетінің неше дүркін чемпионы Жеңіс Әбдібекұлы ат спорты жайында өзекті әңгіме өрбіткен.

«Мен 1968 жылы ҚХР Іле қазақ автономиялы облысының Моңғолкүре ауданында туғанмын. Бұл аудан Қытай мемлекеті «Тұлпар мекені» деген атақ берген жер. Алғашқы үлкен аламанға 1983 жылы Ішкі моңғолия автономиялы өлкесінің орталығы Хух-хото қаласына өткен жарыста қатыстым. Сол жолы ат спорты бойынша кедергіден өту бәсекесінде бас жүлдені қанжығаладым. Осыдан бастап ат спортының талай аламанында сынға түстім. Жалпы ат спорты, әсіресе кедергіден өту түрінің қиындығы көп. Мұнда адам мен жануардың бір-бірімен сәйкесуі, ұштасуы, бірігіп әрекет етуі керек. Тілсіз жануардың бабын табу, ойын оқу оңай болмаса керек. Мен 33 жыл ат спортын серік еткен уақытымда өзіме үш жақсы тұлпарды жолықтырдым. Алғаш тақымыма түскен, баптаған тұлпарым өзімнің туған жерім Моңғолкүре ауданының сәйгүлігі болды. Оны 1985-1992 жылдары спорт жарыстарында міндім. Мемлекеттік жарыстарда 2-3 орындарды осы тұлпарым алып берді. Екінші рет өзіме серік болған тұлпарды 1991 жылы Қырғызстаннан таңдап сатып алдым. Бұл сайгүлік Қытайдың мемлекеттік жарысында бас жүлдені қанжығалады. Ал 2000 жылы Мәскеу қаласына барып сатып алған тұлпарым да Қытайдағы жарыста алтын олжалады», — дейді Жеңіс Әбдібекұлы сұхбатында.

Бүгінгі күні өзінің ат спортындағы ұзақ жылдар бойы жинаған, саралаған мол тәжірибесін жастармен бөлісіп, шәкірт тәрбиелеуге, ат баптауға ден қойған Жеңіс Әбдібекұлы ат спортына қызығатын қазақ жастарына өз кеңесін айтқан. 

«Қазір Қытай елі ат спортын дамытуға мән беріп отыр, бір ғана Бейжің қаласының өзінде 200-ден астам ат спорты клубы жұмыс істейді. Қытайдың басқа да ірі қалаларында осы шамада ат спорты клубтары бар. Мені қазір Лияуниң өлкесінің Шынияң қаласындағы кәсіптік ат спорты клубы арнайы шақырып, жұмыс беріп отыр. Сол қалада бізден басқа 20-дан астам ат спорты клубы бар. Қытайда мен секілді бала күнінен ат жалында өскен, жылқының болмысын түсінетін, ат спортын өміріне серік еткен тәжірибелі маман, атбегілер өте аз. Сондықтан елдегі осыншама көп ат спорт клубтары үшін шабандоз да, атбегі де, басқа мамандары да жетіспейді. Көбін шетелден шақыртып жатады. Десе де жылқы жүрген жерде қазақтың да жүруі заңдылық секілді. Жоғарыдағы аталған ат спорты клубтарында қазақ азаматтарының да жұмыс істеп жүргенін көріп қалам. Бірақ әліде болса саны аз. Бізге қарағанда бұл салада моңғол ұлтының азаматтары көп жүр. Ұлтымыздың жастары осы мүмкіндіктерді жақсы пайдалануы керек. Бәйге аттарына міне білумен бірге, оларды баптауды және ат тағалау өнерін меңгергені абзал. Тіптен, жылқы ауруларын емдей білесе де артық болмас еді. Бұлардың барлығы ат спортындағы қажетті мамандықтар, бүгінгі күні сұраныс тудырып отыр. Мәселен бұрындары ат тағалау қазақтың күнделікті өмірінде екінің бірі атқара беретін қарапайым шаруа болған. Ал бүгінгі күні сол ат тағалауды үлкен өнер, мамандық деңгейіне көтеріп, өзге ұлттар, қытай азаматтары Еуропа елдерінен, Германиядан арнайы барып оқып келіп жүр. Қытайдың ішкі қалаларында бәйге аттарын қыздырып басып тағалау 1500 юаньға (72 мың теңге), жай тағалау 1000 юаньға (48 мың теңге) бағалануда», — дейді шабандоз, атбегі Жеңіс Әбдібекұлы.

inform.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>