Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ: Тимеңдер менің арғымағыма!

6553

Қымыз

Ала-көбе,
Ағаш күбі күрпілдеп,
Саумал исі сана түбін түртіп жеп.
Құмырсқадай қышқыл бөліп көмейің,
Қымыз болып ашиды ойың біртіндеп.

Күрпілдеген саумал беті быж етіп,
Тас қорада табаныңнан сыз өтіп –
(Найзасына бас сүйеген батырдай)
Піспек ұстап,
Күбі құтын күзетіп.

Танауыңды қытықтаса хош исі,
Қиялыңды көктемгі оймен көсейсің.
Әз Анамның омырауынан аңқыған,
Аңсап жүрем дүниенің осы исін.

Ал өлген соң,
Құтты болса қабірім,
Боз жусанның тарта сауып тамырын.
Қымыз ішіп жатар едім жайланып,
Жұмақ деген менің марқа мамырым!

Қымыз аңқып ұшқан қаздың қаңқылы,
Айыр құйрық қымыздық бар тал түбі.
Мен қазақ боп қайта туам жыл сайын,
Тамырыма қымыз құю арқылы.

Жылқыда

Керең түнді түрткілеп, шырқын алып,
Айдалада жүруші ем жылқы бағып.
Әндетемін тау-іші «әгу-айлап»,
Әтірінен гүлдердің бүркіп алып.

Боз дала да боз бала мекеніндей,
Қиялдарға ілесіп кетемін кей.
Кеуде тұста бір үміт үркектейді,
Жаңа туған құлынның секеміндей.

Ессіз ем ғой, онда мен кісі ме едім?
(Енді өмірді басқаша түсінемін!)
Ауылдағы аруға алаң болып,
Жапан түзде жылқыша кісінедім.

Қиял күрең жортады, пысқырынып,
Қайда бастап барады ұшқыр үміт?
Қара айғырдай қызғаншақ болып барам,
Көз алдымда ана бір сұсты жігіт.

Шұрқыраған жылқымен жастық кетті,
Асау күндер байырғы бастықты, өтті…
Тұяғынан жылдардың тас бұрқырап,
Жүрегімді сол ару тас қып кетті.

Арғымағым 

…Тимеңдер менің арғымағыма,
Тағдырым тұлпар салды бағыма.
Жаяулап емес, құлдардай өңшең,
Тәңірдің атпен бардым алдына.

Қаһанға ғана сай ғұрып қылып,
Жерлеген жұртым қайғырып тұрып.
Қаратабанды соңыма тастап,
Кеткенмін жерден сәйгүлік мініп.

Дәуренім өтті, әттең, білемін,
Барлығып қалды-ау, ақ тер күреңім.
Тарт қолыңды, тексіздің ұлы,
Тарихыңа да атпен кіремін!..

Ағам Қанағатқа

Салған құрық қыл мойынға түскесін,
Қоңыртөбел тулап берді, күшке сын.
Қос құлағы – ін күзеткен суырдай,
Қарғиды кеп, қалқан етіп құс төсін.

Құрықбауға мен де келіп қол салдым,
Кісінеген күлкісі бар сол шалдың.
Көкпардағы көк серкедей желпілдеп,
Қыл ұшында еңку-еңку жер шалдым.

Қоңыртөбел тулай берді сүйреп кеп,
Шу асауды шайқы қандай үйретпек?
Алақаннан жалын шықты аздаған,
Жанарымнан соқыр жаңбыр құйды ептеп.

Жабылған соң бір асауға мұрат қып,
Құлап жүріп, құлаттық. Шал күледі:
«Қазақпын деп айтпаңдар,
Күштерің жоқ бір аттық».

Кекесіннен шекем менің сынардай,
Әйтсе де көп көңіліме кіді алмай.
Ерлік деген атқа мінген кез емес,
Жүрген кезің – дедім, — оған міне алмай.

Қарғып мінді ағам асау құр атқа,
Жұлдыздай боп зымырайды бір ақпа.
Шал жібіді: — Мынау пері ағаңда,
Жүз жылқының жыны бар, — деп, — бірақта.

Атекем Оралға!

Сізді көрсем,
Қасқайған тасты көрем,
Ат үстіне қонғаны тасқын өлең.
Қасқыр көзің шыныдай ұшқындайды,
Қайғырып жүрсің бе екен қасқыр егем.

Білеу-білеу білегің құрық алған,
Талай қырда өткеннің жыры қалған.
Өксігіңді қайтемін, өкси алмай,
Кеудеңе кеп кермектей тұрып алған.

Қамбар ата жебеген, жылқы пірі,
Іші өлген сұмдар бар, сырты тірі.
Күллі ессіздің ғұмырлық əңгімесі,
Атамның айта салған бір пікірі.

Алп-алп басса алпамса тұлға қандай?
Айдарынан жел ескен, сырма маңдай.
Басың сүйеп отырсың, аңыз болған,
Болмысыңды болбыр шақ ұрлағандай.

Тас жастанған, түн қатып бала кезден,
Қыдырды көп көрдің бе, дала кезген?
Қалай аман қалғансың, арызшыдан,
Қалай аман қалғансың ала көзден?

Сізді көрсем,
Заңғар бір тауды көрем,
Бір сəтің жоқ сақалын сауды деген.
Таудан туған тау болам мен де түбі,
Бала қыран отырмын баулып өлең!

 

zhanat-zhanhashЖанат Жаңқашұлы, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.