Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ: Ат қайда Ақбақайдай шаппай желген…

8907

Қазақтың классикалық әндерінде табиғат сыры өз алдына, аңғарған кісіге адам сипаты да сыңғырлап тұрады. «Ат қайда Ақбақайдай» деп басталатын осынау бір ән кейде жар таңдап жүрген жігітке айтылған сабақтай сезілетіні бар. Әуелі әннің атына байланысты бір ауыз айта кетелік.

Бақайды тек аша тұяқтыдан көріп үйренген көз жылқының жұмыр тұяғынан бақай таба алмай әуреленсе керек, «жылқыда бақай бола ма?» деген бір сауал да қойылған. Әрине, болады. Шаша мен тұяқтың ортасын бақай дейді. Жылқының асығы өзге малдың асығына ұқсамайтыны секілді бақайы да ұқсамайды, жұмыр болады.

Енді әнге келейік.

Ат қайда Ақбақайдай шаппай желген?

Қыз қайда құдашадай көзі күлген?

Алыстан ат терлетіп келгенімде,

Айтқызбай сөз мәнісін өзі білген.

Осы шумаққа аз-кем аял жасайық. Желгеннен шапқан жақсы емес пе, шаппай желгенді несін мақтап отыр деген сұрақ тууы мүмкін. Алыс жолдың жолаушысына шынымен де Ақбақайдай ат керек екен. Шапса шалдығып қалады, аяңдаса жете алмайды. Күні бойы зар желіс, сар желіс, сау желіске салып отырғанда белі босамайтын, қарқыны қайтпайтын желісті жылқы некен саяқ болады. Ал, бір қызығы, осы шаша мен тұяқтың ортасында ағы болатын ақбақай – жылқының өз алдына бір тұқымы, оның негізгі ерекшелігі желісті болатындығы туралы жазушы Серік Байхоновтың «Алтай асу» романында жазылған екен. Онда жылқы тұқымын іздеп жүрген Пржевальский тарихта Мырзаш батыр деген атпен қалған Зайсан өңірінің тумасы патшалық Ресейдің көзімен қарағанда «бандит» Мырзашты жолбасшылыққа ертеді. Жолда іші пысқан қазақ «ат қайда Ақбақайдай шаппай желген» деп әндетпей ме! Сонда Пржевальский қасындағы аудармашыдан «анау не деп келе жатыр?» деп сұрайды. Тілмәш әннің бірінші тармағын аударғанда әлгі орыс «менің іздеп жүрген жылқым осы емес пе?» деген екен. Бұл «Ақбақайдың» затына байланысты айтылар әңгімеге қосымша, жолай айтылған сөз болған соң желдіртіп өте шықтық. Әйтпесе, романнан үзінді келтіре отырып кеңінен тарқатуға болар еді. Әннің атына байланысты сөзді осы жерден қаңтара тұрып, затына байланысты әңгімеге көшейік.

Жоғарыда бұл әннің жар іздеген жігіттерге сабақ болардай салмағы бар екені туралы айттық қой, ендеше, сол сөзімізді ары қарай сабақтайық.

Көз – көңілдің айнасы. Көңіл – кісі болмысының көрінісі. Әдетте «көз алдамайды», «көз өзгермейді» деп жатамыз. Біресе бұлттан шыққандай жарқылдап, біресе бұлт жапқандай қайта түнере қалатын айнымалы аласапыран мінезді емес, жайдары болмысынан жазбайтын күлімкөз аруды желісінен танбаған Ақбақайына салыстыра мақтаған жігіт оның сөз мәнісін айтқызбай білген артықшылығын да айта кетеді. Бұл да әйел затының ішінде ердің басын сыйлайтын биік парасаттылары санатында болатын қасиет. Ол әсте кіндік айналасында айтылған сөз емес. Сонымен қоса бұл әннің бірінші шумағының төртінші тармағын «шын ғашық шақыртпай-ақ өзі білген» немесе «шақыртпай еш адамға өзі келген» деген секілді өзгерістерге ұшыратып, әркім әртүрлі айтып жүргенін де айта кеткен жөн. Тіпті, бұл мәтін «Ақбақайдың» толық нұсқасы емес, кейіннен қосылған сөздер бар деп те айтылады. Біздің мақсатымыз ән мәтініндегі алтын сөздердің бетіне қонған шаңын сүртіп қою болғандықтан, оның бәріне дәйек келтіріп сөз ұзартпадық.

Енді әннің екінші шумағына келейік. «Мыс та алтын, жез де алтын, алтын да алтын, Адамға сөз болмайды айтылмайтын». Иә, біз мысты да, жезді де алтын деп жүрміз дейді. Өйткені көп адамда оларды бір-бірінен айыра білетін қабілет жоқ. «Адамға сөз болмайды айтылмайтын» деп бұл сөздің қызға, жарға қатысты айтылып тұрғанын тағы бір ескертеді. Текті мен тексізді, асыл мен жасықты айыра білмеген соң жүзі жылтыраған анау қызды да, мынау қызды да мақтай береміз дейді. Содан кейін «сыртынан жүзін көріп қызыққанмен» деп келеді де, (жүзін дегенді өңін немесе жүз қызға қызықсаң да деп түсінуге де болады) «табылмас нағыз алтын ааууу, сәулем-ааау жарқылдайтын-ай, аха ха ха хау арман-ай» деп әуелетеді ғой алтын жарға қол жеткізген азамат! Міне, баяғының жігітінің жар таңдауы! Бұл тұрғыда ақын Бердібек Құржықаев деген ақынның:

«Сұлулықты зерттейтұғын мектепті,

Бітіргеннің білімі де шеп-шекті.

Бұл заманның бұлғақтаған мырзасы,

Қыз таңдауда Төлегенге жетпепті» — деп келетін өлең жолдары болушы еді, бұл өлеңнің де кейінгі қызтанымас қылжақбасқа кейіген, бұрынғы көкірек көзі өткір, нағыз ер жігіттің көңіл таразысына риза болған қазақы көңілден туғаны айтпасақ та түсінікті. «Табылмас нағыз алтын жарқылдайтын…» -дейді-ау! «Ақбақайды» шырқаған азаматтың салған әнінің өзі қандай қызға сөз салу керектігін аңғартып, ер жігіттің жар таңдаудағы таудан биік талғамын әйгілеп тұрғандай…

ularbek-nurgalymҰларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!