Әбдірейім ӨМІРОВ: Қамшы мен қазақ

6933

(Әңгіме)

Белгілі бір мерзімдік басылымның редакторының кабинетіне басына түлкі тымақ, үстіне түйе жүнінен жасалынған жеңіл шекпен, аяғына қазақша етік киген, өрілген қамшысын екі бүктеп қолына ұстаған шымыр денелі, ширақ қимылды ақсақал еркін басып, кіріп келді. Жігерлі жүзіне ерекше сұс беретін уытты да отты көздеріндегі ерекше бір ойлылық ақсақалдың жасының бірталайға барып қалғанына меңзегенімен, нарттай нұрлы келбеті, жас барыстай жеңіл де кербез қимылы, əжімсіз кең маңдайы, қоладан қашап қондырғандай қалың қастары мен сəл қайқылау иілген ұп-ұзын кірпіктердің астынан кейде жып-жылы нұр себелеп, кейде мұз тоңдырып қарайтын қос жанарындағы сəл ғана үп еткеннен тұтана кеткелі тұрғандай сезілетін қуат ұшқыны, иегін көмкере дөңгелетіп, сəнмен тегістеп қойған қою бұйра сақалы бұл кісінің кəрілік деген ауылға əзірге ат басын бұра қоймағанын білдіргендей. Ақсақал өзінің киім киісімен де, ерекше түр-тұрпатымен де, жаңа ғасырда, жаңаша өмір сүріп жатқан алып қаладағы заман талабына сай жабдықталған мына кабинетке ғасырлар қойнауына сіңіп, жоғалып бара жатқан тап-таза қазақы болмыстың, ерекше бір өрлік пен дархандықтың лебі мен келбетін көшіріп əкелгендей еді. Ақсақалға ере кірген хатшы қыз, келген кісіге сүйсінісін жасыра алмай, таңырқай қарап тұрған бастығына:

— Ағай, мына кісі мені тыңдамай кіріп кетті, — деді, кінəлі үнмен жыламсырай сөйлеп. Редактор, хатшы қызға түсіндім дегендей басын изеп, қолымен бара бер деп ишара жасады. Сөйтті де столының ар жағынан бері шығып:
— Ассалаумағалейкум, ағасы, — деп, қос қолын амандасуға бейімдей созып, ақсақалға қарай асыға ұмтылды. Ақсақал:
— Уағалейкумассалам, бар бол! — деп редактордың қолын қысып амандасты. Бейтаныс ақсақалдың көмейден күмбірлей төгілген даусы да, кең алақанының қарымы да батырға лайық түр-тұлғасына сай болып шықты. Редактор қолының сүйектері сықырлап, сынып кетердей қатты ауырып қалғанын сездіріп алмауға тырысып, жұмыс столына қарай бұрылды:
— Қош келдіңіз, жоғары шығыңыз, ағасы, — деді орындықты меңзеп. Ақсақал орындыққа жайғасып, отырған соң:
— Қадам жеткен жерге бəле жетпесін! — деп, бата жасады. 
Ақсақалдың қарсысындағы орындыққа барып отырған редактор жігіт:
— Келіңіз ақсақал, қал жағдайларыңыз жақсы ма, үй-іші , бала — шаға аман ба, — деп, бастырмалата бір сұрап алып, хатшы қызды шақырып шəй əкелдірді.
— Аллаға шүкір, аманбыз, өздерің амансыңдар ма? 
— Аманшылық. Жүріп жатырмыз. Тіршілік қой, əйтеуір. Таңның атысы, күннің батысы бір бітпейтін.
— Балам, тірі кезіңде, тірлігің бітпегені дұрыс. Тірлігің біткен күні — сенің де біткенің. Сондықтан тірлігіңнің барына, тірілердің қатарында жүргеніңе шүкіршілік жаса. — деді ақсақал.
— Иə, Аллаға шүкір, аға, шүкір! 
Ақсақал, бұйымтайыңызды айта отырыңыз, не шаруамен жүрсіз?
— Бұйымтайым, өткен жолы жорналдарыңа мақала жазып едім. Оны баспаймыз деген хат келді. Соның себебін білгелі келдім. 
Редактор хатшы қызға орынбасарын шақыруды тапсырды.
Көрші кабинетте əзір отырған орынбасары, көп күттірмей, тез келді. Ол кіріп, амандасып болған соң:
— Мына ағаның жазған мақаласын не үшін баспадыңдар? — деп сұрады редактор. 
— Өйткені ол мақалада зорлық -зомбылықты насихаттайтын сөздер бар екен. Сондықтан біз оны баса алмаймыз.
— Маған мақаланы алып кел. Орынбасар мақаланы алып келіп, редакторға беріп, шығып кетті. Редактор мақаланы оқып шығып:
— Аға, мына жерде ініңізді қамшымен ұрғаныңызды жазыпсыз.
— Иə, жаздым.
— Міне сол сөздеріңіз зорлықты насихаттау болып табылады. Егер ол сөздерді алып тастасаңыз, онда басамыз.
— Қарағым, бұл жерден қандай зорлық көріп отырсың?
— Аға, мына жерде ініңізді қамшымен сабағаныңыз зорлық емей не?
— О заман да бұ заман, інісін ұру зорлық болады дегенді қайдан шығардыңдар?
— Ағасы, сіз оны жəй ұрған жоқсыз, қамшымен ұрдыңыз ғой!
— Ал, сөйтсе не бопты?
— Қамшы ол қару ғой.
— Қаруы қалай?
— Солай. Ол — қару. Сосын ұру адамға зорлық жасау болып табылады.
— Ей, сендер де! Сен өміріңде таяқ жемедің бе ? 
— Жедім.
— Ал , енді не деп отырсың?
— Аға, ол бала кезімізде төбелескенде, кейін боксқа қатысқанда жедім. Ол қамшымен сабау емес қой.
— Əп-бəрекелде! Міне, өз сауалыңа өзің жауап беріп отырсың. Жұдырық, шапалақ немесе таяқ жеу мен арқаңа қамшы тию екеуінің жер мен көктей айырмасы бар. Себебі қамшы — биліктің белгісі. Ол — тəрбиенің құралы.
— Түсінбедім. Қандай биліктің?
— Еркектің əйелінің, ағаның інісінің алдындағы, əкенің ұлдарының алдындағы билігінің белгісі. Өмірінде бір рет арқасына қамшы тиіп көрмеген еркек жетіскен күйеу, арқалы аға, ілтипатты іні болып жарытпайды.Қамшы — еркектің бойында намысты, жігерлілікті, шыдамдылықты оятатын бірден бір құрал. Ал əйелін жұдырықтап, шапалақпен, не басқа əдіспен қанша төмпештесе де, еркек ол əйелге билігін жүргізе алмасы анық. Ал арқасына қамшы тиген əйелдің сайтаны бірден басылады. Сайтандары қайта қозғанша жіптіктей болып жүреді.
— Сонда сізді əкеңіз қамшымен сабайтын ба еді?
— Менің əкем, ешқашан қолымен мені, немесе əйелін ұрған емес. Ашуланса, төрде ілулі тұрған қамшысын алып келіп, тартып-тартып жіберетін.
— Қамшыны əкелемін дегенше қашып кетпейсіз бе? 
— Қайда қашамын?
— Далаға. Ащуы басылған соң қайтып келмейсіз бе? 
— Қашсаң, онда таяқты көбірек жейсің ғой. Саған қызық айтайын.
— Айтыңыз.
— Алғаш үйленген кезім. Бір күні əйелім айтқанымды істемей, қарсы келгенінде, жағынан шапалақпен тартып жібердім. Қайдан келіп қалғанын білмеймін арқама əкемнің қамшысы сарт ете қалды да: «сен, əкеңнің көзінше қатын ұруға жарап қалдың ба? » деген əкемнің даусына қосылып, қамшысы жон арқамды тағы да осып өтті. Сонда əкенің көзінше əйел ұрған көргенсіздік екенін түсінгенмін. Ол кезде жасым 22 де Алматыда оқитынмын. Ертесіне Алматыға баратын поезға отырдым. Түнде мінгендіктен ертесіне түске қарай оянсам төменде үш орыс жігіті əңгімелесіп отыр екен. Əңгімелері бала тəрбиесі жайында. Мен төменге түскен соң біреуі «мына жігіттен сұрайық» — деді. Содан біреуі:
— Сені əкең ұра ма? — деп сұрады. 
— Жоқ, ұрмайды.
— Міне, көрдің бе, — деді əлгі жігіт. — Өйткені сен оның өзін сабап тастауың мүмкін. 
Жиырма екідегі жігіттің əкемнен таяқ жедім дегені ұят болар деп отырған мен, көйлегімді шешіп, арқамдағы қамшының тіліп кеткен іздерін көрсетіп: 
— Міне, күні кеше əкеме қарсы келіп қалғаным үшін жеген таяғымның ізі, — дедім.
— Сонда сен əкең ұрғанда қарсыласпадың ба?
— Жоқ бізде əкеге қарсы келуге болмайды, керек болса қолынан ұстауға болмайды. Екіншісі: 
— Міне, бұларда үлкенге қарсы келмейді. Біз балаларымызбен бірге отырып сыра, арақ ішіп, темекіні бірге шегеміз. Сосын ол бала бізді қалай сыйласын?! Міне, қазақтардың данышпандығы, — деді. 
— Сонда қыздарды да қамшымен ұратын ба еді? 
— Қарағым , сен өзің қазақсың ба? Қай атаңнан көріп едің, қыз баланы əкесінің ұрғанын?! Қыз балаға əкесі қол көтерсе, ол үйден бақыт көшеді. Қызды анасы тəрбиелейді. Егер қызы əкесіне қарсы сөйлейтін болса, онда шешесі тексіз, көргенсіз болғаны.
— Мына көрші орыс халқы ұл — қыздарын ременмен ұрады ғой. 
— Ременнің қазақшасы қалай аталады, білесің бе? 
— Белдік.
— Дұрыс, белдік. Бірақ оның қазақша атауы — ышқырбау. Сол ышқырбаумен тəрбиеленген қыз бала болашақта қандай əйел болады деп ойлайсың?!
— Иə, мынауыңыз қисынға келеді екен. Соңғы кезде ышқырына ие бола алмай жүрген қыздардың көбейіп бара жатқандығы да рас-ау! — редактор жігіт ақсақалдың əңгімесіне өзінің еріксіз еріп кеткенін сезді. 
— Ал өз дəстүрінен жерінген халық құрдымға кетіп, ұлт ретінде жойылып кетуі анық.
Қамшы үйді жын-сайтаннан, түрлі жамандықтан қорғайды. Сондықтан атам қазақтың үйінің төрінде қамшы ілулі тұратын болған. Сенің төріңде ілулі тұрған қамшы бар ма өзі? Үндемейсің. Төріңде əр түрлі суреттер ілулі тұрған болар! Редактордың көз алдына үйінің төрінде ілулі тұрған қымбат картиналары мен бірге əйелінің, балаларының өзіне қарсы сөйлеп жатқан кейіптері елестеп кетті.
— Мен мұны неге айтып отырмын?! — деді ақсақал сөзін сабақтап: — Неше түрлі жынданып кеткендердің молдалар қамшымен бір тартқанда жыны бірден басылады. Неше түрлі асау жылқыларды қамшымен тартып жібергенде, жуасып сала береді. Міне қамшының қасиеті. Ал сендер … еее, жарайды. Сөзімді қор етіп қайтейін?! 
Редактор ойланып отырып қалды. Бала кезіндегі бір оқиға көз алдына келіп тұра қалды. Бұл ата-анасының бес қыздың ортасындағы жалғыз ұлы болатын. Əрине, еркелік те жетерлік еді. Бір күні бір бұзықтығына ашуланған əкесі қамшысын алып, мұны ұрайын деп келіп қалғанда, анасы марқұм шырылдап келіп:
— Құдайдан тілеп алған жалғыз балаға қалай қолың көтеріледі?! Одан да үйреніп қалған мені ұр, — деп, араға тұра қалды. Сол кезде əкесі:
— Ə, көксоққан ақымақ қатын, балаң еркек емес, ез болып өсетін болды-ау! Қап, Құдай-ай! — деп, қамшысын іргеге лақтырып жіберіп, шығып жүре берген-ді. Содан қайтып əкесі бұған қамшы көтерген емес. Редактор басын көтергенде, ақсақал шығып кеткен екен. Орнынан ұшып тұрып, сыртқа ұмтылды. Жүгіріп шыға беріске жеткенінде, əлгі кісі сыртқы үлкен есікке жақындап қалған екен.
— Ағатай, тоқтаңызшы, датым бар, — деп айғай салды. Ақсақал ошарыла бұрылып:
— Айт, — деді.
— Ағажан, құлдығыңыз болайын, мені қамшымен бір тартыңызшы, — деді.
— Неге? Сені не деп ұрамын?! Фойеде тұрғандар мына екеуінің əңгімесін еріксіз таң қала тыңдады.
— Əкем ұра алмай кетіп еді. Əкем үшін ұрыңызшы, — деді жігіт. Қария қамшысын көтеріп редактордың арқасынан тартып -тартып жіберді. Есік алдында тұрған күзетшілер көмекке ұмтыла берген еді, жігіт оларды қолымен жасқап, тиып тастады. Ақсақалға бұрылып: 
— Аға, сізге көп рахмет! Əңгімеңіз жорналдың келесі санына міндетті түрде шығады. Əзірге сау болыңыз. — деді де, кабинетіне бет алды. Кабинетке кірген соң, жүргізушісін шақырып, «базардан жақсы қамшы əкел» — деп, жұмсады да, «бүгіннен бастап төрімде қамшы ілулі тұратын болады» — деді көздерінен от ұшқындап. Сонан соң, жұмыс столындағы əкесінің суретіне мақтанышпен мейірлене қарады:
МЕН ЕНДІ САҒАН ЛАЙЫҚ ҰЛ БОЛАМЫН, ƏКЕ!

abdreim-oƏбдірейім Өміров, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.