«ЭКСПО кубогі»: Аламанда Атыраудың «Желқанаты» топ жарды

7602

Ат жарысының қызығы аламан бәйге. 25 шақырымға созылған аламанға 32 ат қатысты. «Қазанат» атшабарының айналым көлемі 1,8 шақырым ғана. Сондықтан да жүйріктер 14 айналым жасады. Осы орайда Астанадай алып шаһарға тым құрығанда айналымы 3 шақырым болар бір ипподромның керек екені көрініп тұрды.

Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесіне ат спорты түрлерінен «ЭКСПО КУБОГЫ» өтті. «Қазанат» атшабарында өткен доданы 5 мыңнан астам халық тамашалады. Ипподромға симай қалды десек артық айтқандығымыз емес.

Сонымен бәйгемізді таратайық, 5 атқа жүлде берілген аламанның алыстығы 25 шақырым. 32 ат жарыс жолына шығып, 14 айналым жасады.

І орын: Атырау облысынан келген «Желқанат» жүйрік 25 шақырымда топ жарды. 10 млн теңге мен «ЭКСПО кубогін» қанжығасына байлаған «Желқанаттың» шабандозы – Олжас Қойшыбай, иесі – Д.Мырзаханов, бапкері — Б.Шымырбаев.

ІІ орын: Алматы облысынан келген «Тасқын» атты күрең айғыр. Е.Байбатыровқа тиесілі «Тасқынның» шабандозы – Диас Жұмаш, бапкері – С.Арынов. Қанжығасына 5 млн байлаған «Тасқын» жақында ғана Алматыда өткен «Ұлы дала ойындарының» аламанында топ жарған болатын.

ІІІ орын: Ибрагим Бөбекбайдың тақымында тулаған «Бұйражал» аламанның үздік үштігінен көрінді. Алматылық Ә.Назарбаевқа тиесілі 4 жасар жирен айғырдың бапкері Б.Бөбекбай. Жүлдесі – 2 млн теңге.

Аламанның жүлде берілер бес жүйрігінің алғашқы төрттігін Ә.Назарбаевтың тағы бір сәйгүлігі түйіндеді. Ақжол Жұматайдың тақымында тулаған «Қозыкүрең» қанжығасына 1 млн теңге бар. Бапкері – М.Доспергенов.

Аламанның тізгін ұстатқан алғашқы бестігін ақтөбелік «Алтынқазық» атты сәйгүлік аяқтады. 32 екі жүйріктен 25 шақырымдық жолды толық басып өткен осы 5 сәйгүлік қана. «Алтынқазық» мәре сызығын итбүлкекпен жүріп кесті. Н.Досымовқа тиесілі торы жүйріктің бапкері – Н.Табылдиев, шабандозы – Жанат Бигелді. «Алтынқазықтың» қанжығасында 500 мың теңге бар.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!