Атбасарда жабағы үйрету эстафетасы өтті (ФОТО/ВИДЕО)

2872

Алып келген тайлары айдалаға безіп кетті

Кеше Атбасар ауданы Радионовка ауылында жабағы үйретуден «Тай атқа, ат мұратқа жеткізер» атты дүбірлі сайыс өтті. Сайыс қызық басталды. Атбасар даласының жазығына жиналған бірнеше ауылдың тұрғындары өздерінің сайысқа қатысар балаларының тілеуін тілеп тұр еді.

S90315-194723

Ортаға алып келген жирен тай үстіне кенедей жабысқан баламен бірге айдалаға безіп кетті. Оны басқа аттармен қуып жетіп, қайырып алып келген еді. Қызық онымен бітпеді. Келесі тайды ат таситын көліктен түсіреміз деп барған жігіттерді шу асау тайлар кеуделеп қағып, олар да кең далаға бұғалықсыз лағып кетті. Жұрт аң-таң. Енді қайттық деп тұрғанда «Алтын дән» ЖШС директоры Қуаныш Байзақов ортаға шығып, жүріңдер, біздің жылқы шарбақта 200-ден аса тай мен құнан жүр. Шетінен шалмалап ұстап, міне беріңдер деді. Жұрт 2 шақырым жердегі жылқы шарбаққа ағылды.

Шарбақтың ішіндегі шалшыққа жалп етті

Atbasar1

Шарбаққа барсақ, іші еріген қардың суы, лай-лай, шалшық-шалшық екен. Соған қарамастан балалар қуып жүріп қолға түскен тайлардың жалына жармасып мініп жатыр. Әнеу бір тақымы бостау бала екен жылқы тезегі мен қар суы араласқан шалшыққа жалп ете түсті. Үсті су-су. Соған қарамастан қайтадан мінем деп ұмтылып жүр. Халыққа қызық керек у-шу, балаларды қызықтап әлек. Барлығы 18 бала қатысқан байқау үш жарым сағатқа созылды.

S90315-194621

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылған «Атқа міну мәдениеті» арнайы жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған бұл байқау бұдан бұрын Зеренді, Біржан сал ауданындарында өткен болатын. Бірақ, абырой болғанда ол аудандардағы байқау қардың қалың, күннің суық кезінде өтіп, ондағы балалар бұлай батпаққа құламаған еді. «Рухани жаңғыру» Өңірлік жобалық кеңсесі мұрындық болған байқау көрермен қазақтың делебесін бір қоздырып, арқаландырып тастады.

Atbasar3

Міне, кешегі ат базары болған, Ұлы Жібек жолының бір торабы, Балуан Шолақ Ақбозатын тапқан тарихы терең Атбасарда осындай қызық та тартысты жарыс өтті.

Ересектер арасында да асау үйретуден жарыс өтеді

Atbasar2

Байқау қортындысы бойынша «Ең жас қатысушы» атты арнайы номинацияны Борисовка ауылының тумасы Кенжілхан Мирас иеленді. Үшінші орын Сепе ауылының баласы Елепаев Мирастың қанжығасында кетті. Екінші орын Атбасар ауданынан келген қатысушы Пішенбаев Маратқа бұйырды. Ал, бірінші орынды Тимашовка ауылынан келген Росс Кирилл жеңіп алды.

S90315-194509

Сонымен, аудан тұрғындары жығылған балаларды жұбатып, жеңімпаздарды қошеметтеп, қазақтың ұлттық спортының жанашыры, «Алтын Дән» ЖШС басшысы Байзақов Қуаныш Рүстемұлына, Ішкі саясат бөлімінің басшысы Рахимов Нұржан Бектұрғанұлына, ұлттық спорттың өкілі, көкшаршы, аудан имамы Ақылбек Сүйінбекұлына, «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестікгітің төрағасы Сайлау Доскенұлына алғысын айтып жатты. Осы игі бастама жалғасын табу үшін ауыл имамы Ақылбек жазда құнан, бесті асауларды үйретуден ересектер арасында жарыс өткізсем деп ел алдында ұсыныс тастап еді, оны ауданның көкпар командасын қаржыландырып отырған Қуаныш Байзақов қолдаймын, көмектесемін деп уәдесін берді.

QairatҚайрат Сейтқазин,

Ақмола облыстық «Рухани жаңғыру»

бағдарламасының Өңірлік жобалық кеңсесінің менеджері argymaq.kz 

(Фотоның сапасы үшін кешірім сұраймыз!)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!