Өзбекстанда көкпардан ІІ Әлем чемпионаты өтпейді

983

Қазіргі әлемді дүрліктіріп тұрған коронавирусқа қатысты наурыз айында Өзбекстанның Ташкент қаласында өтеді деп белгіленген көкпардан ІІ Әлем чемпионаты өтпейді.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай мәлімдеді.

«Өткен жылы Өзбекстан көкпардан ІІ Әлем чемпионатын күзде өткіземіз деген. Алайда, өздеріндегі бір жағдайға байланысты биылғы наурыз айында өткізетінін хабарлаған болатын. Сол бойынша біз де жұмыстар жасап, чемпионатқа баратын құрамды белгілеп, дайындық жұмыстарын бастаған болатынбыз» – дейді ол.

Оның айтуына қарағанда, Өзбекстан тарапы Әлем чемпионатын әзірге өткізбейтінін мәлімдеген.

«Кеше Өзбекстан тарапы ресми хат жіберді. Онда коронавирусқа қатысты көкпардан ІІ Әлем чемпионаты өткізілмейтінін айтқан. Бұған дейін де ауызша хабарлаған болатын. Өздеріңіз білетіндей, қазір шекаралар жабылып жатыр. Оның үстіне, спортшылар аттарын да ала келулері керек болады» – дейді Рахат Жақсыбай.

Халықаралық, әлемдік деңгейдегі сайыстарға қатысуды шегере тұру мәселесі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан да тапсырылған.

«Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған арнайы штабтың шешімі бойынша бірінші жарты жылдықта коронавирус қаупі бойынша үш санатта көрсетілген (ҚР Бас санитары Жандарбек Бекшиннің арнайы қаулысы бойынша – Е.Ж.) елдерге және өзге де шет мемлекеттерде өтетін жарыстарға спортшыларды жібермеуді сұраған министрлік. Осыған байланысты Ұлттық спорт қауымдастығының 2020 жылғы Күнтізбелік жоспарына біраз өзгеріс енгізілді» – дейді атқарушы директор.

Естеріңізде болса, өткен жылы Өзбекстан 2019 жылдың қыркүйек айында көкпардан ІІ Әлем чемпионатын өткізетінін хабарлаған болатын. Алайда түрлі себептерге байланысты чемпионатты 2020 жылдың наурызында өткізетіндіктерін мәлімдеген еді. Осы жолғы шегеруде ала шапанды ағайындар нақты қашан өтетінін айтқан жоқ.

baq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!