Алмас Темірбай. ЖАЛҒЫЗ АТ. ТҮС. ЖЕР…

3137

(поэма)

І-бөлім. ТҮСІМДЕ

Қиналсам…
Неге түсіме жылқы кіреді?!
Омырауы терге шылқып жүреді,
Жүздеген шақырым шауып келгендей,
Біздің ауылды тауып келгендей…

Орманнан асып, жолдардан асып,
Таулардан асып, жондардан асып,
Ұры-қарыдан аман келген бе,
Арғымағым-ай, маған келген бе?!

Ақбозат болса – иесі қайда,
Бозайғыр болса – биесі қайда?
Соңынан ерген құлыны қайда,
Ол неге жалғыз, үйірі қайда?!

Кісендеген бе, шідерлеген бе,
Далаға еркін жібермеген бе?!
Жағында қамшы тыртығы тұр-ау,
Кім екен ұрған жылқыны мынау?!

Жылқыны ұрған Біреу кім екен,
Жеріңнен қуып жіберді ме екен?!
Жайлауың жоқ па жайылатындай,
Жеріңнен кім ол айыратындай?!

Тұлпарым жаудан қашып келгендей,
Тулақтай арып-ашып келгендей.
Қатып қалыпты жағында қаны,
Ырсиып тұр-ай қабырғалары…

Күмбір де күмбір кісінеуің-ай,
Тіліңді қайдан түсінемін-ай?!
Тесік өкпелі, кең көмейім-ай,
Әттең-ай, әттең, мен не дейін-ай?!

Баурыңа қатқан теріңді жуайын,
Апарып көлге шомылдырайын.
Құйрық-жалыңды тарап берейін,
Тұяқтарыңды қарап көрейін.

Жануарым-ай, жұпарың қандай,
Жұтамын, Алла-ай, құмарым қанбай.
Қаныма сіңген ғажап бір иісі,
Жылқының иісі – Азаттық иісі!

Армандарымның ақ қанатындай,
Ақбозатым-ай, қап-қара түн-ай.
Қап-қара түнде шапқан атым-ай,
Ақбозат мінсем, бақ қонатындай!

Түн ортасында терлеп оянам,
Күбірлеп неге сөйлеп оянам?!
Жастығым терге шылқығанын-ай,
Жылқы-жаным-ай, жылқыларым-ай!

Жастық шағым ба жылқы дегенім,
Жазылмай қалған, мүмкін, өлеңім?!
Мен үшін жұмбақ – кісінегені,
Күреңбай болса, түсінер еді…

ІІ бөлім. ӨҢІМДЕ

Түсіме жылқы кіреді неге?!
Үйірсіз, саяқ жүреді неге?!
Жалғыз ат, мүмкін, Азаттық Рухы,
Аттан айрылған Қазақтың Рухы?!

Көп еді балшы-көріпкел елде,
Түсімді дұрыс жорып берер ме?!
«Ақбозат» еді-ау боз аттың аты,
Атақты Балуан Шолақтың аты!

Ақбозат маған неге елестеді,
Елі оның біздің ел емес пе еді?!
Туған жылқы ғой Арқа жерінде,
Көкшетаудағы Ортақ елінде?!

Ұмытып оны кеткем, расында,
Біздің ауылда өткен ғасырда,
Нығметжан-Тәшен байлар болыпты,
Халқына қорған, айбар болыпты.

Нығметжан қазы – рудың көсемі,
Тәшекең қажы – діннің шешені.
Он жеті мыңдай жылқысы болған,
Қырық бес жігіт жылқышы болған.

Үзілмей біздің ауылдан қонақ,
Жиі келетін Балуан Шолақ.
Балуан батыр ән салады екен,
Нығметжан күтіп, қарсы алады екен.

Шақырып елден ең тәуірлерді,
Шырқайды «Ғалия», «Сентябрьлерді».
Армандағаны – жүйрік ат екен,
Қай жерден жылқы бұйырады екен?!

Боз айғыр асау, үйірде жүрген,
Байтал-сойталдан биыл бөлінген.
Қозы көш жерден көзі шалыпты,
Балуан жаяу өзі барыпты.

Құйрықтан бұрап, сүйреткен дейді,
Жүген-құрықсыз үйреткен дейді.
Әр мінген сайын ширығатындай,
Әдемі, аппақ цирк атындай.

Балуанға қатты риза болыпты,
Нығметжан атты сыйға беріпті.
Тұлпар мен әнші бауыр басыпты,
Екеуін солай Тәңір қосыпты.

Ақбоздың, міне, тарихы сондай,
Іш тартып тұрмын танитын жандай.
Балуан бабамның саңлағысың ба,
Ақбоздың, әлде, аруағысың ба?!

Тарихтан бері оралайын ба?
Толғайтын сырым көп ағайынға.
Адамзат аспас асудан асып,
Ақбозат келді-ау ғасырдан асып.

Ақбозатым-ай, аппақ атым-ай,
Жылқыға деген махаббатым-ай!
Бәйгеге қоссам баптап атымды-ай,
Төккен теріміз ақталатындай!

Азанда, ертең ауылға кетем,
Жылқыны, елді сағынған екем.
Кетсем бе қашып қаладан мына,
Жексен ағама, Қарағандыма?!

Атқа мін, бауырым, атқа мін, досым,
Саған бір өтініш айтқаным болсын!
Атқа мінбесең – жақының күлер,
Мойныңа, сонсоң, қатының мінер…

Атқа мінбесең – рухың қашады,
Еңсеңді езіп, ұйқы басады.
Атқа мінбесең – тақымың босар,
Қойныңнан, сонсоң, қатының қашар.

Тақымың босар, ашылып ауың,
Басыңа т…шар басынып жауың.
Жігіттер, бәрің атқа мініңдер,
Бапта жүріңдер, сапқа кіріңдер!

Қайда жүр жылқы мінетін бала?
Жақсы көреміз біз етін ғана!
Жылқыдан қашып, «Асау» дейміз де,
Қазы-қартасын асап жейміз бе?!

Таусылар, бір күн қазы-қартаң да,
Жемқорлар көп қой, қазір, ортаңда!
Еліңді Ресей қосып ала ма?!
Жеріңді Қытай басып ала ма?!

Атқа қоныңдар, аттан, қазағым,
Жауым жоқ деме, сақтан, қазағым!
Бір-бірін сырттай сатқан қазағың,
Отыз жетіде атқан қазағың!

Жігіттер, бір-бір жылқы мініңдер,
Қазақтың рухын сілкіндіріңдер!
Құлагер тектес жылқымыз – ғажап,
Ел емес пе едік ұлтымыз – Қазақ?!

Байдың астында – Байшұбарларың,
Отыз жыл, міне, жалшы болғаның…
Көштен қалды ма Тайбурылдарың,
Өспей қалды ма тай-құлындарың?!

«Қазақ» дегеннен садаға кеткір,
Даламды көздеп Дәу-аға кеп тұр!
Бұл дала менің жұртыма керек,
Мен түгіл, мынау жылқыға керек!

Қаптаған байдан қайырым болмай,
Жылқы қырылды жайылым қалмай.
Биелер неге құлын тастайды?!
Табиғат сараң, сырын ашпайды?

Жылқы жайлайтын жер қалды ма екен,
Жерін ойлайтын ер қалды ма екен?!
Билеп тұрғандар жарты қаланы,
Ауылдың жерін тартып алады!

«Біреудің жері ол, жақындамаңыз!»,
Жақындата ма әкім-қараңыз?!
Етегін жайып жатыр қаламыз,
Өлсек, көрді де сатып аламыз…

Заман туып тұр бірігетіндей,
Рухымыз қайта тірілетіндей.
Іш-іштен тағы бөлінбейікші,
Ішкиім құсап сөгілмейікші!

Жемқорлар мынау жеу үшін жүрген,
Қамқорлар қайда, елі үшін жүрген?!
Жемі үшін жүрген үй қораздары-ай,
Миды жемеші, мидараздар-ай!

Бос жиын өңшең, шаруаны шешпес,
Балуан бабамның аруағы кешпес.
Отыз жыл бойы отырдың, жетер,
Креслодан, көке, көтіңді көтер?!

Қазақы аттар-ай, қазанаттар-ай,
Ат мінбей кеткен азаматтар-ай.
Рухымыз жүнжіп, жынданамыз ба?
Біреуге ертең құл боламыз ба?!

ЕР бар ма қазір мақтанатындай,
ЖЕР бар ма қазір ат шабатындай?!
Бақсыз қалдық па, Ерсіз қалдық па?!
Атсыз қалдық па, Жерсіз қалдық па?!

Ерлер азайды атқа мінетін,
Ездер көбейді артқа кіретін!
…Осы ма менің көретін түсім?!
Қалды ма Елде сенетін кісім???

Алмас ТЕМІРБАЙ, Көкшетау қаласы.
Argymaq.kz

Суретте: Алмас ТЕМІРБАЙ мен Адай жылқысы.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!