Бақытбек БӘМІШҰЛЫ. Қызыл ат

10309

                  Белая-лошадь-2 Қызыл ат

Жүрісін жырға қосқан қырық ақын,
Көрген жан көз айырмай қызығатын.
Сегіз жыл сері өмірге серік болған,
Оралдың қазығыма, Қызыл атым.

Өтті өмір өлең оқыр қырып ақын,
Мұрт басып, сақалды алып, қырынатын.
Бұрымды бойжеткендер ары барып,
десе де
Қарамайын бұрылатын.

Тұлпарым, жан жолдасым, Қызыл атым,
Әптігі басылған шақ қымыз-ақын.
Кез емес баяғыдай, дүбіріңнен,
Дүрлігіп қызды ауыл қырылатын.

                         Дұға

Тоқтадық қас жартастың іргесіне,
Дырдудың қызықпай-ақ жүлдесіне.
Баяғы ауылдаспен бірге өткізген,
Бір минут татиды екен үр кешіне.

Қалқадан сатып алған енесін біз,
Түртпеген тұра қызып, көбесін біз.
Кеңестен кеңес өрбіп ақырында,
Қызыл ат жайлы болды кеңесіміз.

Кенеттен ауылдасым тына қалды.
(Бәлкім ол мені нақтап сынап алды).
Сонан соң құздың нұсқап биік басын,
Қайқайды күртілдетіп сына қарды.

Кенезе қардың ағы жібітеді,
Бір гәптің барын сездім түбі тегі.
Олдағы жылқы десе жанын беріп,
Жақсы атқа жарын сатар жігіт еді.

Боялып Бұлғынның бай сиясына,
Байымақ балбырап күн ұясына.
Аппақ бас анадайдан жарқырайды,
Қойылқан мұзарт шыңның қиясына…

Отырдым басты сылап біраз уақ,
Бойымды үйірген-ай, дуа-қуат.
«Бақытбек, қызыл атың осы,– деді,
Дұға қыл, дәметеді, бұ да Аруақ!».

                    *Емелті

Жақсы адамға жалғанның кедергісі,
Аз болмайды жалығар кемел кісі.
Көптен күткен оңаша тыныштыққа,
Келеді де тұрады кенелгісі.

Тыныштыққа келген бір кенелгісі,
Кеткен іздеп оны бір кемел кісі.
Жеткен жері Бұлғынның бойындағы,
Бөрте бөктер, тастақты Емелтісі.

Елден ерек кім екен ерік алған?
Құтқармаған оны да бөрі – жалған.
Құрық жетпес сырына
Бір обаның,
Тасқа айналып басында ері қалған.

Ерді көрдім кәдімгі қайқы басты,
Аялдадым қасына қайғы басты.
Жол ортаға келгенде аты өліп,
Ағызды ма осында қанды жасты?

Соқты боран ішімде азандатқан,
Әлде біреу адамды арандатқан.
Әлде жолда жығылды қара арғымақ,
Ажал оқтан бағыттап адамға атқан.

«Алтындаған» ауыр ер, «күмістеген»,
Тастан қашап қай заман кім істеген?
Басын құшып Ақандай қалды-ау, байқұс,
Сұм дүние ащы уын кім ішпеген.

Қаншама күн жалықпай басқан оттан,
Хас шебер кім болды екен асқан топтан?
Кім болса да Емелті Көк байрақты
Көшпендіден қалған із тастан соққан.

(*Емелті – жер атауы, «ер-тұрман» деген мағына береді)

                Ат бәйгесі

Ат дегенде қазақтың жаны бөлек,1371809986_bezymyannyy
Ар жолында намысын жанып өлед.
Ат жалында ержетіп, құлағында,
Ойнап өстім сырына қанып ерек.

Байлау, баптау – бек өнер – ат жарату,
Ұйқы күлкі көрмей күн асқар асу.
Аттың ащы терінің дәмін татып,
Ат дегенде ақылды жалт қарату…

Сөзге сараң ат қосқан еһіленіп,
Қайтеді бір арманын екі бөліп.
Әлсін-әлсін көз қырын атқа тастап,
Қас-қабағын бағады мекіреніп.

Аспан астын алады қандай ұран,
Айтып әке аз ғана мән жайынан.
Аттандырды жел тоқым, атқа жеңіл,
Баласының бір иіскеп маңдайынан.

Бала мінген құнанды қосарға алып,
Оңнан, солдан көмбеге жосар халық.
Бір төбеге сиыспай, биікке өрлеп,
Үлкен Қура басынан тосар барып.

Айнал соқтап қасында қостағаны,
Анау қырға қадалып тостағаны.
«Ат бәйгелі болсын» деп қауқылдасар,
Қосқаны да бәйгеге ат қоспағаны.

Дүкен қызар гу-гу-гу көмбе басы,
Жүрек лүп-лүп іркілген көзге жасы.
Қай аруақ бұл күні аунап түсіп,
Қай атаның домалар өрге тасы.

Қас жүйріктей ширығып ерікпесе,
Құлақ түріп дүбірге елікпесе,
Қойып жерге ат десе ішкен асын,
Қазақ-қазақ бола ма желікпесе.

…Тіл және сақ жоқ талас ұлт арманы,
Таймас тағдыр тағалы ұлтарғаны.
Бір тұқымы тағының қазақ екен,
Тұла бойы тулаған тұлпар қаны….

Тағат бітті. Таусылды қыжыл, шыдам.
Аударылып ат қайтты Құжыртыдан.
Жер қыртысын қопарған зымырандай,
Көтерілді аспанға қызыл тұман.

Құжыртыдан ат қайтты атқан оқтай,
Қарашада қамысқа жаққан оттай.
Жер солқылдап алқапты өртке орап,
Бара жатыр жел соқпай, боран соқпай.

Диірмендей айналып дала жүзіп,
От үстінде отырған бала – жүзік.
Ытқып шыққан топ шоқтай қалың өрттен,
Бес ат кетті әп-сәтте қара үзіп…

Жері қатты Бұлғынның жоны бұдыр,
Ор, жыралы, тастақты жолы күдір.
Бара жатыр құйрықты жұлдыз ағып,
Алма кезек тұяқ, тас жонылып дүр.

Қағыстырсаң үзеңгі зейнет үркіп,
Тізгініңді қағады бейнет іркіп.
Көңіл құштар өмірге ұлы аламан,
Көмбе –арман,
Жол – тағдыр,
Бәйге – тірлік.

Келешекке кемелді етер үлгі,
Ертеме кеш еңіреп жетеріңді.
Еске салып қапталдап қабырлардан,
Желеп-жебеп аруақ көтерілді.

Құйғытып-ақ, барасың, барасың-ау,
Бұғанасы қатпаған баласың-ау?!
Бетің сипа, дұға қыл өткендердің,
Әлі жассың білмессің бағасын-ау.

Қас-қағымда қағанақ жарғаныңды,
Ұмытасың қуалап арманыңды.
Жөнелесің жел аяқ ол да жүйрік,
Шашқаныңмен жеткізбес бар малыңды.

Алпыс екі тамырдан тамшылап тер,
Қанат –ынта, ат – білім қамшылап көр.
Аман өтсең қилы бір қопсаңдардан,
Қоймайды-ау, өкшелеп қалтырақ кер.

Ақ жазықтай жастық шақ әу дер жердей,
Құныперен ұшасың заулап желдей.
Жылт етіп бір жарықтай жанып өшкен,
Қалай өтіп кеткені білінбейді.

Аузымен құс тістеген арқа жазып,
Айлы түндер барады қалқам ауып.
Шыдамын шын жүйріктің сынайтұғын,
Өрің алда атыңа арқаланып.

«Өрге салса шын жүйрік өршеленер»,
Қайқайғанын Қураны көрсең егер.
Басқан жері ойылып келе жатыр,
Көрің осы жазмышқа көнсең егер.

Бұл жалғанда жолыңның бәрі сынақ,
Тауысармыз ғұмырды жарысып нақ.
Жұлдызша аққан бағана сәйгүліктер,
Келе жатыр тізіліп қарысып-ақ.

…Атып тұрды ел кіргендей қақпаға доп,
Ешқайсысы тәртіпті сақтаған жоқ.
Қура басы ұлар шу болды-кетті,
Жауға жаяу шапқандай қаптаған топ.

Көз ұшынан көрінді аттың шаңы,
Рас болса жалғанда Хақтың бары,
Сақта мына, сақтай гөр, ессіз жұртты,
Шыққалы тұр, шыққалы сақтың жаны.

Жатыр біреу міңгесіп бір кісіге,
Даяшы жүр ақырып мың кісіге.
Қырғын соғыс…
Біреуді біреу түртіп,
Бүйірінен жармасты дүрбісіне.

– Кеткен екен құбылып түр өңі де,
Серінпілдің «Шұбары» бүреді ме?
Он жеті жыл Бұлғында ағалаған,
Бердіханның алдыңғы ат «Күреңі» ме?

–Аяғының қарашы тастасына,
Маңғарасын көрсетпес басқасына.
Мынауыңның шабысы бөлек екен,
Солтанханның шоң «Құла қасқасы» ма?

– Бір орнында қалшылдап тұрмап еді,
(Бір ащы у ішімді тырнап еді).
Ағайынды Зайнолда, Байзолданың,
«Ай айдары», әлде анау «Тырна көгі»?!

…Кім озғаны шарт емес, кім қалғаны,
Болашаққа баратын ізгі арманы.
Бәйгі емес, бәрінен қымбаттысы,
Өшпейтұғын артында із қалғаны.

581939_103481049797611_1874924756_nБақытбек Бәмішұлы

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.