Дүниежүзілік Аударыспақ федерациясы құрылды
«Думанмен қыздыратын дала тойын,
Бұл да бір дәстүрге енген тамаша ойын» деп Ақылбек Манабаев жырлағандай, аударыспақ – қазақтың қанын қыздырып, делебесін қоздыратын ұлттық ойыны.
Ат үстіндегі айқас – ойын болғанымен, шын мәнінде, ұлттық тәрбиенің қайнар көзі. Көзін ашқаннан аттың жалына жармасқан ауыл баласы шапшаң қимылды, атқа мығым отыруды жастайынан бойына сіңірген. «Керқұла атты Кендебай» ертегісін, Ақан серінің «Құлагерін», Кенен Әзірбаевтың «Көкшолағын» құлағына құйып өскен құймақұлақ жеткіншектің аттың сырына әбден қанығып өсуі таңсық емес. Жаугершілік заманда да қолына найзасын алып, қылышын ұстап, елін, жерін қорғаған ұлдарымыздың білекті де жүректі, намысты болып өсуінің түп-тамырында осы құндылықтар жатқаны айқын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайда:
Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек» дей келе, «Қазақтың тағы бір ерекшелігі – көне дәуірден бері келе жатқан өмір салты. Өзге елдер бізді көшпенділердің ұрпағы ретінде біледі. Бұл да – халқымыздың басты брендінің бірі. Келесі жылы менің шақыруыммен Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл қадам ұлттық спортты дамыта түсуге зор мүмкіндік береді. Сондықтан байрақты бәсекені жоғары деңгейде өткізуіміз керек – екенін тілге тиек етіп, ұлттық спортты дамытудың маңызына тоқталған.
Алматыда Дүниежүзілік Аударыспақ федерациясы құрылып, өз жұмысын бастады. Он елдің өкілдері қатысқан федерацияның штаб пәтері Алматы қаласында. Дүниежүзілік Федерацияның президенті болып ҚР Аударыспақ федерациясының президенті, «Аtasu Group» компаниясының басшысы Марат Жұман сайланды. Алматының әсем табиғаты аясында Дүниежүзілік Аударыспақ федерациясының алғашқы съезі өтіп, өзекті мәселелер талқыланды.
Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов съезге арнайы қатысты.
Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Еліміздің ұлттық спорт тарихындағы маңызды күндердің бірі. Ұлттық спортымыз аударыспақ ойынын әлемдік дәрежеге көтерер сәт туды. Ресей, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия мемлекеттерімен бірлесе аударыспақ спортын дамытып, дүниежүзіне танытамыз. Баршаңызға белгілі, келесі жылы елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Көшпенділер ұрпағы саналатын біз бұл шараны өте жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да жіті назарында. Көшпенділер ойындарын тиісті дәрежеде өткізу мәселесінде Ұлттық спорт қауымдастығы өзіне қарасты федерациялармен бірлесе жүйелі жұмыстарды бастап кетті. Бүгінгі Дүниежүзілік Аударыспақ федерациясының құрылуы соның дәлелі деп білемін. Осы орайда, аталған спорттың дамуы мен өркендеуінде тынымсыз еңбек етіп жүрген ҚР Аударыспақ федерациясының президенті Марат Жұман мырзаға ерекше алғысымды білдіремін! – деді Исламбек Төлеубайұлы.
Дүниежүзілік Аударыспақ федерациясының президенті жұмысына жаңадан кіріскен Марат Жұман жоспарларымен бөлісіп, жауапкершіліктің екі еселенгенін айтты.
Алматының төрінде бас қосып, аса маңызды іс-шараға жиналдық. Осы маңызды басқосуға дәстүрлі ат спортын дәріптейтін елдерден келген өкілдерге, сондай-ақ Ұлттық спорт қауымдастығына өз ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі жиынымыз қазақ елі үшін, ұлттық спортымыз үшін тарихи күн. Әлемнің алпауыт бірнеше мемлекетімен бірлесіп, ат үстіндегі күрестен Дүниежүзілік федерациясын құру арқылы ұлттық спортымызды жаһанға көрсетеміз деген жоспарымыз бар. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Болашақта Федерацияға мүше елдермен бірлесе аталған спорттың дамып, өркендеуіне күш саламыз, – деді Марат Қожаханұлы.
Алғашқы съезге артар жүк те ауыр, салмақ да зор. Себебі қай кезде де істің бастауы оңай шаруа емес. Басқосу барысында бірыңғай ойын ережелері бекітілді. Негізгі ережелер қазақтың ұлттық спорты – аударыспақтан алынды. Спортшылардың салмақ дәрежелері қабылданып, алда өтетін жарыстардың күнтізбелік жоспары түзілді. Халықаралық ойындарды әділ өткізу мақсатында міндетті түрде VAR (бейнебақылау) қойылу міндеттелді.
Қырғызстан өкілдері жаңа бекітілген бірыңғай ойын ережелері бойынша алғашқы әлем чемпионатын осы жылдың қыркүйек айында Ыстықкөлде өткізуді ұсынды. Бұл бастаманы қатысушы елдер бірауыздан мақұлдады.
Еліміздегі аударыспақ ойынының жай-күйі қалай, онымен арнайы айналысатын қанша спортшы бар екені кез келгенімізді ойлантатыны рас.
Ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриевтің айтуынша, елімізде аударыспақпен айналысатын 5-6 мыңдай спортшы бар екен.
Қазақстан бойынша орта есеппен 5-6 мыңдай спортшы спорттың осы түрімен айналысады. Ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында тұрақты түрде чемпионат өтіп тұрады. 13 ұлттық спорт мектебі, 8 спорттық клуб жұмыс істейді. Жастар мен ересектер арасында өткен чемпионаттың әрқайсысына 200-ден аса спортшы қатысты. Жасөспірімдер арасындағы чемпионатымыз тамыз айында өтпек. Спортшы мен ат мәселесі аударыспақ спортында да қолға алынған. Арнайы ат дайындалады. Ұлттық ойын түрінің әдіс-айласы көп, соның негізінде арнайы жаттықтырушы мамандар жұмыс істейді. Спортшы мен ат мықты болғанда ғана жеңіске жетеді. Басқа спорт түрлеріне қарағанда, ұлттық ат спортының ерекшелігі де осында, ойынға екі спортшы қатар шығады. Ат та спортшы іспетті. Спортшы адам да, спортшы ат та бір-бірімен байланысын түсінгенде ғана ойын өте тартысты өтеді. Ал халықаралық федерацияның құрылуына келсек, Ұлттық спортты Үкімет тарапынан қаржыландыратын жалғыз мемлекет – біздің ел. Басқа мемлекетте қаржыландыру мәселесі өте қиын. Сондықтан спорттың осы түрін дамытуға мүмкіндігіміз зор. Еліміз тыныштық, бейбітшілік, тұрақтылық кепілі, сондықтан, аударыспақ ойындарының бізде өткенін көбі қалайды. Штаб құрылғаннан кейін оның жауапкершілігі де бар. Басқа мемлекеттер де штаб құрғысы келеді. Алайда жан-жақты сенім орнамай, ондай қадамға бару қиындау. Жеке мемлекеттердің Аударыспақ федерациялары бар, бірақ халықаралық деңгейдегі федерацияны құрып, жұмыс істету оңай емес. Мемлекеттердің барлығының күткені осы халықаралық федерация болатын, ол күнге де жеттік, ары қарай арнайы бекітілген жоспар бойынша міндеттер аясында жұмыс істейміз, – дейді Нұркен Байбөриев.
Қырғызстаннан келген қонақ, федерацияның жауапты хатшысы Орозбек Тойгонбаев қырғыз елінде аударыспақ ойыны жақсы дамығанын, арнайы бағдарламаға енгізілгенін айтты.
Сіздерде аударыспақ, бізде «Ер еңиш» деп аталады. Бұрындары аударыш дейтін, кейін ақсақалдар ақылдасып, «балуанды сынау үшін жігіттердің мықтысы таңдап алынып, ерлер атқа мініп, ерегіске түседі, ең мықтысы жеңеді, сондықтан «Ер еңиш» деп атаған дұрыс деп мақұлдадық. Ер еңиш 2014, 2016, 2018 жылдары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енді, спорттың бұл түріндегі жарысты жоғары деңгейде өткіздік. Біздің елде спорттың бұл түрі қанды қыздырады. Бұдан бөлек, Қырғызстан чемпионаты, Федерацияның Президент кубогы өтіп тұрады. Әр облыста федерацияның облыстық президенттері, еңбегі сіңген спорт шеберлері бар. Менің байқағаным, аударыспақ қазақ пен қырғызға жақын, өзге елдерге қарағанда осы екі елде жақсы дамып келеді. Бұл спорт түрі ең мықты жігітті, ең мықты жылқыны сынайтын ойын, кім жеңсе соның даңқы аспандайтын аламан. Аттың құлағында ойнаған елміз, ат пен ердің ең мықтысын айқындайтын спорт түрі – аударыспақ. Жанымызға жақын спорт болғандықтан, федерация жұмысын бәріміз ілгерілетіп, қолдауымыз керек. Биыл І Әлем чемпионатын Қырғызстанда өткізіп берейік деп өзара ақылдасып, ұсыныс айттық, бұйырса, қыркүйекте аударыспақ Ыстықкөлде өтеді, – дейді Орозбек Тойгонбаев.
Татарстаннан келген өкіл, Ресей Федерациясының Көкбөрі және ұлттық спорт түрлері одағының және Дүниежүзілік ат үстіндегі күрес федерациясының вице-президенті Фарид Набиуллин ат үстіндегі күрес – ата-бабадан келе жатқан ойын болғандықтан спортшылар баба ойынының түп-тамырына оралып, тарихын тереңдететін, рух сыйлайтын ойын – аударыспақ деп санайды.
Ежелден келе жатқан ұлттық ойындарымызды әлемдік деңгейде насихаттап, бүтін дүнияға көрсетуіміз керек. Осындай зор миссиямен Қазақстанда ұшырасып, әр елден келіп, бүтін дүния федерациясын құрдық. Бұл біздің халықтарымызды жақындастырып, достастырады, сондықтан мұндай халықаралық одақ өте қажет деп санаймын. Аударыспақтың бізде екі нұсқасы бар, бірі ермен, екіншісі ерсіз. Татарстанда һәм Россия бойынша ерсіз аударыспақ ойналады, оның да көптеген әдіс-тәсілі, мүмкіндігі бар. Сіздердің нұсқаларыңыз – дәстүрлі жол екен, бұл бабалардан қалған ойын. Оны насихаттап, әлемге көрсету керек. Сондықтан екі нұсқаның да келешегі бар деп келістік, – дейді Фарид Набиуллин.
Қазақстандағы Аударыспақ федерациясының бас директоры Сұлтан Хандуллаевтың айтуынша, аударыспақ ойыны бойынша елімізде көш басында Оңтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облысының ойыншылары тұр, осы екі өлкеден аударыспақ спортынан ең көп шеберлер, чемпиондар шыққан.
Басты мақсатымыз – Аударыспақ федерациясының бөлімшелерін әр өңірде ашып, клуб құрып, жас ұрпақтың қызығушылығын арттыру, құлшынысын дамыту. Барлық өңірде өкілдеріміз, бас бапкерлер, тренерлер бар, тек жұмысты әрі қарай жандандыруымыз керек. Қазір қауымдастықтың басшысы Исламбек Салжанов бастап, облыстық, аудандық әкімдіктермен тығыз қарым-қатынас орнатып жатырмыз. Аударыспақ федерациясы өзімізді өзіміз қаржыландырамыз, оны президентіміз де айтты. «Жалғыздың үні шықпас, Жаяудың шаңы шықпас» дейді ғой. Жалғыз өзіміз бүкіл Қазақстанда аударыспақ спортын көтере алмаймыз, сондықтан іске жұмыла кірісіп, әкімдіктермен бірлесе жұмыс атқаруымыз керек, – дейді Сұлтан Ұланұлы.
«Ана тілі» газеті